• Ақпарат
  • 16 Наурыз, 2023

Ұстаздар үлгісі

Алматы қаласында асық ату және бесасықтан дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында жарыс өтті. Жарыс бұрын Алматы қаласы спорт басқармасын ұзақ жыл басқарған, қоғам қайраткері Ізбасар Оразбақұлының рухына арнап ұйымдастырылды. 

Бесасық жарысына сегіз ауданнан сегіз қыздар командасы жиналса, асық атуға да сегіз ерлер командасы қатысты. Жарысты ұйымдастырушы қаладағы №87 мектептің мұғалімі Асан Қанапияновтың айтуынша, бұл жарыс бұдан кейін жыл сайын дәс­түрлі түрде өткізілетін болды. Жалпы асық ату мен бесасықтың ереже­сін ұлттық спорт федерациясы бекіткен. 
Төрешілер жарысқа сол ережеге сәйкес бағалау жасады. Асық ату жарысы бойынша бірінші орынды Ерлан Нүсіпбаев бастаған Жетісу ауданының командасы алса, екінші орынды Әуезов ауданының командасы еншілесе, үшінші орынды Алмалы ауданының командасы иеленді. Ал бесасық бойынша бірінші орынды Әуезов ауданының командасы иеленсе, екінші орынды Жетісу ауданының командасы еншілесе, үшінші орынды Нау­рызбай ауданының командасы алды. Жарысты ұйымдастырушылар жеңімпаздарды мақтау қағаз, медаль және кубоктармен марапаттады. 
– Ізбасар Оразбақұлы ағамыз өмір бойы спорт саласында еңбек еткен адам. Ұзақ жыл Алматы қаласы спорт басқармасын басқарды. Бұқаралық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін мектеп оқушылары арасына енгізген азамат.Сөйтіп, ұлттық спорттың дамуына үлес қосты. Бүгінде оқушыларымыз ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз болып жүр. Оқушыларды спортқа баулу үшін дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің өзі спортшы болып, үнемі формада жүру керек. Сол үшін де біз мұғалімдер арасында осындай жарыс-тарды жүйелі ұйымдастырып тұрамыз, – деді жарысты ұйымдастырушы Асан Қанапиянов. Шындығында жарысқа қатысқан мұғалімдер сымдай тартылған, қимылдары да ширақ, ұршықша үйіріліп тұр. Тіпті кейбір спортшылар сөреден атып бір асықты шығарған соң, одан ары шеңбер бойынан асық атуды жалғастырып, жеңіске жету үшін керекті сегіз асықты бірден шығарып, тиісті ұпайларын жинап жатты. Олардың оқушыларына істерімен үлгі болатын ұстаздар екені көрініп тұрды.

Н.АБАЙҰЛЫ

656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы