• Ақпарат
  • 16 Наурыз, 2023

ЕСКЕРТКІШТЕР ЕЛІНЕ АЙНАЛМАЙЫҚ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 13 наурыз күні, Премьер-министрдің, Мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңесте елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы сөз болды. Президент ұлттық бірегейлік мәселесін де көтерді. Ол өз сөзінде: «Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. 
Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюсть орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ» – деді. Мемлекет басшысының тарихқа қатысты көтерген осы мәселесі, зиялы қауым тарапынан қызу қолдауға ие болды. Сондықтан төменде бірнеше пікірді ұсындық.  

Темірхан МЕДЕТБЕК, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Елдің көкейіндегі сөзді айтты

Өте орынды көтерілген мәселені қолдамай болмайды. Бұған дейін Президент адал еңбегімен емес, бармақ басты, көз қысты жолмен байыған оли­гархтар туралы айтқанда да разы болғаным бар. Иә халықтың байлығын өзіне қайтару керек. 
Осы жолы да елдің көкейіндегі сөзді айтты. Егер отыз жылдан бері ілгері басқан аяғымыз кері кетіп келсе, басқа емес, рушылдық пен жершілдіктің кесірі. Қолына билік тие қалса, руластары мен жерлестерін жинап алатын әдет барлық саладағыларды шырмауықтай шырмап алған. Сосын жемқорлық басталады. Бастығын сатпайтын «адал» орынбасарлар іске кіріседі. Ең аяғы ауыз суға, жолға бөлінген ақша, әр қол қоюшы өз пайызын алатындықтан, ауылға жетпей желкесі қиылады. Біреу бір қызметке командасымен барды деген сөз –  түйені түгімен, пойызды составымен қылғыту басталғанын білдіреді. 
Ол, ол ма, қалай Тәуелсіздік алдық, солай әркім өзінің ата-бабасын ұлық­таумен айналысып кетті. Әрине, ұлттық деңгейдегі тұлға болса, қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Бірақ дәріптеуге тұратындығы дәлелденбеген адамдар туралы өтірік аңыздар ойлап табу кімге керек? Ол бір немесе бірнеше адамға ғана қажет болуы мүмкін. Текті жерден шыққанын айтып, мақтану үшін. 
Өз салам бойынша айтсам, талантты ақын не жазушы бәлен жыл кітабын шығара алмай жүреді. Ал қолдан жасалған батырлар мен қайраткерлер туралы кітаптар баспаларда үйіліп тұрады. Мен әрине, жекеменшік баспаларды түсінемін. Оларға күнкөріс керек. Ақшасын төлесе болды, шығара береді. Ал  жаңағы кітап, ат төбеліндей сол рудың адамдарына ғана керек. Тіпті солардың өзі әлгі көпірген аңызға толы кітапты оқитындарына күмәнім бар. 
Сондықтан Президент айтқандай тиісті мекемелер жұмыс істеу керек. Тұлғалығы дәлелденбеген адамдарға ескерткіш қоюға, көше атын беруге ономастика комиссиялары рұқсат бермесін. Сонда өтірік құлаш-құлаш мақала жазуға, кітап шығаруға аз да болса тосқауыл пайда болады. 
Қысқасы, Тәуелсіздіктен кейін де ұлт ретінде ұйысып, біртұтастануымызға дәл осы рушылдық, жершілдік кедергі келтіріп келеді. Яғни бұл қазақ қоғамын жайлаған дерт. Оны жеңуге талпыну қажет.

Берекет Кәрібаев, ҰҒА академигі:

Тарихшылардан құралған комиссия керек 

Президент біздің рухани өмірі­міздегі өте маңызды мәселені көтеріп отыр. Соның бірі – ауылдық, аймақтық дәрежедегі, тіпті одан да төмен тұлғалығы анықталмаған адамдарға, зерттеулер жүргізбей-ақ ескерткіш қою, көше атын беру секілді келеңсіздіктер. Бұл ретте ономастика комиссияларының жұмысын күшейтуді айтты. 
Мемлекет басшысының сынынан қортынды шығару үшін меніңше мынадай шаралар қолданған жөн. Кез келген тарихи тұлға, қай кезде өмір сүрмесін, біріншіден ұлттық деңгейдегі тұлға ма, әлде аймақтық не ауылдық көлемдегі белгілі адам ба, соны анықтап алу керек. Егер ХVIII ғасырдағы Қабанбай немесе Бөгенбай, Сырым Датұлы секілді тұлғалығы дау тудырмайтын батырларға, қай жерде де ескерткіш қойып, көше атын беру орынды. Президент мұны айтып отырған жоқ. Аймақтардағы рулық, тайпалық деңгейдегі дәріптеулердің орынсыздығын сынады. 
Сондай-ақ кеңес дәуірінде қуғын-сүргінге қатысы бар адамдарды дәріптеу кең орын алғаны белгілі. Сол үрдіс әлі жалғасып келе жатқанын ескертті. Енді не істеу керек, деген мә­селеге келсек. Әрине, республикалық, облыстық, аудандық ономастика комиссиялары бар. Одан тыс, қоғамдық негізде тарихшылардан құралған комиссиялар құру қажет. Қоғамдық ұйымдардан, жеке адамдардан бір адамның есімін есте қалдыру туралы өтініш түссе, тарихшылар маман ретінде, нақты, әділ пікір айтуы тиіс. 
Дегенмен кеңестік дәуір де – біздің тарихымыз. Толықтай жоққа шығара алмаймыз. Кеңес өкіметіне қызмет еткенімен, ұлтына адал болып өткен Ілияс Омаров, Темірбек Жүргенов секілді тұлғалар болды. Олар аз да емес. Социалистік Еңбек Ері атанған қарапайым еңбек адамдары бар. Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиевтерді қалай сызып тастай аламыз? Маңдай терімен шыққан адамдар ғой. Ұрпаққа үлгі бола білді. Сондықтан тұлғалықты анықтау үшін тарихшылармен қатар, қоғамдық ғылымдар өкілдерінің пікірлері де ескерілуге тиіс. 
Ұлтына адал қызмет еткендер қалуы тиіс. Ауылдық, аудандық деңгейдегі белгілі адамдар болады. Олар да еңбек етті. Жанын берді. Бірақ та, асыра сіл­теуге болмайды. Өз деңгейінде баға­лануға тиіс. Қазір де қара басын ғана күйттеп жүргендер бар. Мың жыл бұрын да сондайлар болған, бола да береді. Оның барлығын тарих өз елегінен өткізеді. 

Р.S. Онсыз да кеңестен қалған қалың қола мүсіндерді не қорыта алмай, не жорыта алмай отырған жоқпыз ба? Социалистік кезеңнің сере қарындай сол мүсіндер бақтар мен скверлерде әлі сіресіп тұр. Енді қолайсыз, идеологиялық тұрғыдан қауіпті сол «қола тұлғалардан» құтылатын кез жетті. Түйіндей келгенде,керексіз ескерткіштер еліне айналмайық.

929 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы