• Ақпарат
  • 16 Наурыз, 2023

Талғат Айтбайұлы, жазушы: «Әділетті Қазақстан» дәуірлесін!

Наурыз – жалпы түркі тілдес халықтардың ортақ жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күні деп аталатын мереке. Астраномия ғылымы бойынша алып қарағанда да күн мен түн теңеліп, одан кейін күннің ұзара бастайтын мезгілі.Биология ғылымы бойынша да жер көктеп, тал-терек бүршік жарып, мал төлдеп, ақ молайып, адамзатқа береке ор­найтын уақыт туады. Мұны бұрынғы ата-бабаларымыз ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молаятын, тіршіліктің жаңаратын, өмір­дің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі деп атаған. 
Бұл күні әдетте жасы үлкен кемеңгерлер кішілерге бата береді. Жастар таң шапағын күтіп, сол кезеңде ауыл ақсақалдарының, ақылгөй басшылардың батасын алуға асыққан. Наурызда жастар ақсақалдардан, беделді кісіден «Наурыз – батасын беріңіз» деп бата сұрайтын дәстүр болған. Бұрын әлдебір себептермен араздасып қалған адамдар болса, ауылдағы үлкендер наурыз кезінде оларды татуластырған. Араздасқан ағайынның басы қосылған. Кім бірінші болып татуласуға қадам жасаса, соған бақ-береке орнайды деген сенім болған. 
Біздің елімізде де «Жаңа Қа­зақстан» құрамыз деп ниеттеніп, соған қадам жасап жүрміз ғой. Наурыз мерекесінің алдында мәжіліс, маслихаттар сайлауы өткелі тұр. Халқымыз белсенді болып, елге, жерге, отанымызға шынайы жаны ашитын, отаншыл, патриот азаматтарды сайлайық. Өз тағдырымыз өз қолымызда екенін ұмытпайық. Елімізді, ұлтымызды ұлықтайық. Наурыз мейрамы құтты болсын! Бабаларымыздан мирас болып қалған наурыз батасын халқымызға, жастарға, Ана тілінің оқырмандарына арнаймын.

Наурыз бата

Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай!
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай!
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз!
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей!
Аллаһу акпар!

817 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы