• Ақпарат
  • 16 Наурыз, 2023

Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші: Ұлттық дүниелерге көбірек мән беремін

Жаңа жылдан әрбір қазақ­стан­дық, әрбір отбасы, ата-әжелеріміз, көп балалы аналарымыз, сәбилер, жалпы әрбір адам жақсылық күтеді деп ойлаймын. Өйткені бұл мұсылмандардың ерекше ұлы мейрамы деп есептеймін. Жылына бір келетін, біздің нағыз жаңа жылымыз енді басталады. 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Мен елімнің амандығын тілеймін.
Биылғы жаңа жыл қазақтың 22 наурызы ерекше болады. Өйткені «әділетті Қазақстан, жаңа Қазақстан» деп ауыз толтырып, сеніммен айтамыз. Сайлауға да, қазір сеніммен баратын болдық. Көп нәрсе орындалып та жатыр, әлі де орындалады деп ойлаймын.
Бұл наурыз ерекше мереке мен үшін. Міндетті түрде жаңа көйлек алып киемін. Ұлттық дүниелерге көбірек мән беремін. Шашыма шолпы, ұлттық әшекейлер тағамын. Осылай наурыз қалыпты қуанышты күнге айналып келе жатыр. Қыз-келіншектеріміз ұлттық киімді көп киетін болды, әжелеріміздің киімдерін қазір жастар киіп жүр, қандай керемет. Ұзын жең көйлек, жағасы бар, етегі бүрмелі көйлектерді көргенде қуанамын. Қазақи дүние көбейіп келе жатқан сияқты. 
Енді тілімізді жөндесек.. Қоғам­ды қазақы дүниеге айналдырсақ деп ойлаймын. Біздің жас балапандарымыз, балабақша, мектептің көбейіп, көбірек қазақ тілін үйренсе дейміз. 
Өзім наурыз көже жасаймын, оған ерекше дайындаламын. Жеті дән, жеті зат болу керек қой, кейде мен одан артықтау саламын, 9-11-ге дейін барады. Үлкен ықы­ласпен, үлкен жүрекпен дайындаймын. Менің көжем отбасыма, туыстарыма, немерелеріме қатты ұнайды. Ерекше дәмді болу үшін сәл ашыңқыраған қымыз құямын, ол әдемі дәм береді. Құрамы көбірек болған сайын, дәм­дірек бола түседі. Сүр етті арнайы алып қоямын, қазының да сүрісін саламын. Көп қайнатып, еттің жұмсақ болуын қалаймын. Кейде тіпті қойдың құйрығын ұсақ қып турап жіберемін, ерекше дәмін шығарады. Жеті шелпек пісіріп, үлкен кісілерге шәй беріп, Құран оқытатын кездер болады. Ол енді жұмыстың бабына қарай. Кейде қолымыз тимей көп жүгіріп кетеміз. Салт-дәстүрді жақсы көремін, бәрін де сақтауға тырысамын. 
 

831 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы