• Руханият
  • 06 Сәуір, 2023

Күзге ғашық ақын

Әсілі, лирика шіркін ақынның бір сәттік күйін бере алатын әсерлі шығарманың өзінен төгіліп жатпай ма. Ал оның биік шыңы – махаббат лирикасы. Ол өлең ғана емес, ол – ақынның ішкі дүниесі, буырқанған сезімі. Оқырман өлеңді неғұрлым терең түсінсе, соғұрлым ақынның рухани әлеміне саумалдап бойлай береді. Махаббат, қай жаста болсын, жан баласын толғандыратын сезім ғой: ананың балаға сүйіспеншілігі, баланың сүйікті ойыншығына ауған ықыласы, жігіттің қызға оянған махаббаты... Ғашық болған қызына арнап ақынның бәрі жыр жазған, ал Бауыржан Әліқожа асыл сезімге былай деп баға береді: 

Мен өзіңнен таппағандай миятты,
Алқалы аспан жұлдыздары жиі ақты...
Алматыға бүгін қалың қар түсті,
Саған деген ақ сезімім сияқты!

Қара тасты қақ жарып шыққан көкке ұқсаған немесе ерте көктемде қасат қарды теуіп шыққан жауқазындай қайран махаббат жаныңның белгісіз бір түпкірінен кенет жарқ етіп оянып, тау сілеміндей бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табуға ұмтылса... Мұны кім, қалай түсіндіре алады? Жүрегің оған ынтызар!.. Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы ешкім жауап беріп көрген жоқ, мұндай сұрақты қоюдың да қажеті шамалы. Оған жүрек қана жауап бере алар. Ал сол сезім жауапсыз қалса, не болады? Сезіміңе суық жауап берілсе, не болады? Оны біз ақын өлеңінен көреміз: 

Қардай аппақ, қардай суық, айнам-ау,
Өзегімді өртеп жатыр қайғы алау. 
Көзі күлген періштеге тән бе еді
Сезімінен, өз үнінен тайғанау...

Махаббатым сол кіршіксіз ақ қардай,
Соқыр жанның табанына тапталды-ай.
Кірлегесін құдіретіңнен не қалмақ,
Бу боп ұшып еріп кетші дақ болмай.

Жыр соңында жас жігіттің ақ қардай ақ сезімі қандай күйге түскенін көріп, көкірегің қарс айырылады: 

Жүрегіміз соққанменен «Өмір!» деп,
Біз тағдырға арта аламыз не міндет,
Алматыға бүгін қалың қар түсті,
Саған деген сезімімді кебіндеп...

Бала күніңнен айналадағы ажарды ақын­дық сезіммен қабылдай алсаң, ол – саған құдіреттің берген сыйы. Бастысы, есейе келе соны жоғалтып алмау. Шығармашылық процесте бұл – түсініксіз дүние. Себебі бір нәрсені жазу үшін қалам мен қағазды қолға алу жеткіліксіз, – дейді. Шабыт құсы қонуы керек екен, қонса, оны жіберіп алмауың керек екен. Шабытты тудыратын – әрине, сұлулық. Жан сұлулығы, тән сұлулығы, табиғат сұлулығы, тағы сондай қаншама ажарлы әлем... Ақын Бауыржан Әліқожаның өлеңдерін оқып, пейзажды лирикасына үңілсеңіз, оның күз мезгіліне, күз сұлулығына жиі ат шалдыратынын байқайсыз. Рас-ақ, күз жарықтық – сарғайған тоғай, сары дала... жылдың ең бір философиялық мезгілі ғой. 

Жаз да өтеді, ертең-ақ күз келедi,
Қайтқан құстың мұңдантып тiзбе легi.
Кең өмiрдiң iшiнен таппағанда
Өлеңiмнiң iшiнен iзде менi.

немесе:

Жоғалды сол бір бал күндер,
Тұр ма еді соған күз жылап...
Біреулер бәлкім тағдыр дер,
Жасадық қолдан біз бірақ.
немесе:

Осы болды-ау саған жайсыз тиген күз,
Мезгіл мұңы серігіңе айналмақ.
«Өзімді емес, өлеңімді сүйген қыз»,
Адасқанға қона қойсын қайдан бақ?

Дүниенің сарғайып сары түске, айналаның сұрланып сұрғылт түске айналғанына қарап, сіз мәңгілік туралы ойланасыз. Ғұмырдың қамшы сабындай шоп-шолақ екенін сезесіз... Күз – сабалақ жаңбырлы күндерде арман құшағына, мұң құшағына кіретін, сабырлы шақ. Күз – қолшатырдың астында қоңыр күйге түсетін сағыныш. Көкірекке жыр құйылатын мезгіл. Осындай шақтағы хәлді Бауыржан «Аңсар» деген өлеңінде тамаша жеткізе білген:

Шырайлым-ау, шырмай берді елесің,
Түнде түстен, күндіз естен бір шықпай.
Неге мені айналдыра бересің,
Ақ апамның қолындағы ұршықтай.

Сенбесеніз, сенсеңіз де көкем-ау,
Не екенін де енді білдім шөлдеудің.
Өмір деген тым басқаша екен-ау,
Бұрын қалай ғұмыр кешіп келгенмін.

Пәк сезімді еркін ұшқан құс делік,
Мұң торына түсірмесін абайла.
Бір әдемі жатқандаймын түс көріп,
Мені оятып алмаңдаршы, жарай ма?

Ақынның күзді күні тал басындағы құспен сырласып отырғаны да өзгеше күйдің бейнесі:

Сездіріп ызғар барын күз де жетті,
Сарғайтып жіберіпті-ау сыз желекті.
Сидиған қара талға құс қонып тұр,
Талайы туған жерден түзге кетті.

Жазған-ау, қалдың ба екен жараланып,
Сұрқыңнан мұңлы әуеннің тарары анық.
Жетісіп жүрген жоқпын мен де сендей,
Бүрісіп неге отырсың дара қалып?!

Лирика – өрнегі ғажайып, өзегі құпия, сырлы әлем. Сіз лириканың құпиясына енгіңіз келеді, сіз тым құрыса жабықтан сығалап жұмбақ зертхананы көргіңіз келеді, мың да бір бояуды ойнатқан суреткерден бірдеңе сұрауға асығасыз. Өкінішке қарай, жауап жоқ. Ақынның тілі жұмбақ, бірақ сіз музаның тереңіне үңіліңіз, құпияны сонда ғана сезе аласыз.
Қыздың мұңы... үзілген жапырақтар,
Жан-жүйемнің үздің-ау бір тамырын, – дейді ақын. 

Ал туған өлкенің суреті ақынның бүлкілдеген алпыс екі тамырында соғып жатыр. Қыздың мұңы, қызарған күн, Сырдың суы, сырлы сезім... Ақын табиғатты түрлі-түсті бояумен сырлап жатпайды, көңілдің пернесі түсіріп алған суретті ғана береді. Суға шапшып атылған ақ шағала көз алдыңа келе қалады. Тораңғылдың таң алдында сиреген жұлдыз секілді селдіреп қалғанын көре қоясыз:

Қызыл күн көкжиектен барады аунап,
Шалқып жүр шағалалар шабақ аулап.
Сап-салқын сұлу Сырға сүңгігенде,
Жаныңнан мұң іргесін салады аулақ.

Сол құстар бір құлдилап, бір әуелеп,
Билейді мың құбылта сірә, бөлек.
Атылған суға шапшып ақ шағала,
Көзіңе сурет болып тұнады ерек.

Тоғайым ық болатын боранды күн,
Дегенге сенбеуші едім оранды мұң.
Сиреген таң алдында жұлдыздайын,
Селдіреп қалыпты ғой тораңғылың.

Лириканың әуелі музыкаға байланғаны мәлім. Ал поэзия мен музыка – егіз ұғым. Сұлу­лық жағынан, үйлесім жағынан. Шығарма гармониясын қондыру үшін суреткердің жаны музыка әлеміне енеді. Музыкалық көңіл-күй жоқ жерде поэзия да жоқ. Қалай болса да, поэзия ұялаған ақынның жұмбақ жаны – сыңсыған сазға толы, салалы әлем:

Заңғарлықты паңдықпен тұғыр еттің,
Құйды нөсер... бірі ме ең мұңы көптің?
Аспан, неге жылайсың ағыл - тегіл,
Солай ма еді жазуы құдіреттің?!

Күмбірлеген кеудеңе саз ба сіңген?
Үйлесімің барында тозбас іргең.
Жағал-жағал осынау тіршілікті,
Тазалайын дедің бе көз жасыңмен?!... 

Ал мына бір жолдарда Бауыржан ақынның жан түпкіріндегі уылжыған үміті, аяулы арманы, өмірлік кредосы жатқан сияқты, біз осыған сүйіндік: 

Ізгілікпен қақпасын сүюге ашқан, 
Жаратылыс – жаза алмас қиын дастан. 
Басын қосқан сұлулық, көркемдіктің, 
Тіршілік-ай, мың бояу қиюласқан! 

Соны жырлап биіктен түспейді ақын, 
Шамырқанған шабыттың құс дейді атын.
Бар сезімін шуақты шумаққа орап, 
Болашаққа жолдайды хұсни хатын. 

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, 
ақын, халықаралық «Алаш» 
әдеби сыйлығының лауреаты 

4699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы