• Руханият
  • 06 Сәуір, 2023

Түптамыр тұлға

«Қазақтың бас кітабы» атанған роман-эпопеяның қатпар-қатпар көркемдік қабаттарына ендігі ұрпақ та ұдайы ынтыға зер салады. Уақыт көшінде көзден таса болып бара жатқан ұлттық берекесін, замандар қыспағында жоғалтқанын үміт үзбей іздейтін бір бағыты – осы шығарма. Кикілжіңі көп қиын күндерінде жанын шүберекке түйіп, әлемдік озық үлгілермен үзеңгілес, ұлт тағдырын тербеткен үздік туынды жазуға бойына сеніп кірісіп, шалқар сезімталдықпен, сезгіш сергектікпен, далалық дана санамен ойдағысын орындап өткен Әуезов романындағы аяулы ұлтжандылық түптамыр тұрғысында тыншытпайтын, жоталы, кең алқаптар әрдайым алаңдатады, өзіне шақырады. «Абай жолы» сан мәрте қастерленіп, бағасы берілгенімен, жаңа дәуірдің дүрбісімен өткенді «тергеп», «тексеру» нәтижесінде «көзден таса» қалған, көлеңкеде бұққан бой көрсетеді, бас көтереді.

Құнанбайдың мызғымайтын, босаңсымайтын «қаталдығында» бой тасалаған ұлттық қасиеттер – суреткер Әуезовтің тұлға сомдаудағы әлемдік көркемдік үдерістегі даусыз дара табысы. Бес шешеден тараған бауыр, бала, туыстың, төрт әйелдің, қала берді бар Тобықты, бар қазақтың қамы, абырой, ары тұтасып кеткен бір тұлға. Аталық, әкелік, ағалық, отағасылық, бауырлық, ағайындық сынды іргесі шайқалмаған институттар, өнеге мектептері қазақтан өзге жұрттың еншісіне бітсе біткен де шығар, бірақ дәл Құнанбай жасаған қазақ ортасының қастерлі шындығы болып көркемдік жазыққа шыққандығы бейкүмән.
Роман эпопеядағы заман ағысы аяу-сыз тоғытып алып бара жатқан жеке тағдырлардың ортақ күйі, бүлінген елдік тұғырдың ортақ таңбасы бір басына тоғысқан орталық тұлға Құнанбай бейнесі бағын ашқан суреткерлікте өмірлік, тарихи негізден мол, жомарт енші иеленді. Эпопеяда бас кейіпкер – халық. Ол халықтың жай күйі, жан күйі – отарлық езгі. Азғындатып, арандатып елді қалпынан бұзған – сол. Ел қасіреті, алынған жер, таланған мал, тапталған ар тұтастығында зорайған ауыр зардап ұлттың азаттығынан айырылуы.
Әлем әдебиетінде «Абай жолы» осыны қапысыз қасірет бейнесіне көшіруімен жоталы. Эпопеядағы жұлын сарын билікке талас, жерге талас, жан ашуы – мал ашуы ғана емес. Қазақты бұзған әлеуметтік әділетсіздікке үкім. Бальзак кейіпкерлерін негізінде жеке бас қамы, ақша, құлқын жетектеп жүреді. «Абай жолында» бағытын жо­ғалтқан жұрттың бейберекет бақыт­сыздығы тұтасқан. Бұл тұста Мұхтар Әуезов кім-кімнің де «озық» үлгісінен сытылып шығып, тыңға түрен салады. Отар елдің шыны ыдыстағы балықтай соқтықпалы тар дүниедегі жанталасын көз алмай қадағалайды. Кеңістік кең жайлаулардағы бүлік, бүлінген өмір. «Қалың Шыңғыс, қатпарлы бөктер бұл күндерде пәлелі бөктер екені анық. Абай соны ғана біледі» (70-б.). «Пәле қуысу» жеке бас кикілжіңнен емес «у ішсең руыңмен» болып ұстасудан өріс алған. Дала қазақтарының ру болып, әулет болып арпалысқан итжығыс күрестері, текетірестері ірі, кесек, тұтас.
Шығармада Құнанбайды ұдайы әрекет, іс, сөз үстінде көреміз. Дала өмі­рінің қауымшыл дағдысында жазушы көркем тұлғаны жалғыз қал­дырмайды, оқшауламайды. Оқу­шысын кейіпкерімен ашық-шашық оңаша жолықтырмайды. Шым-шым сәттерде сараң ғана сыр аңлатып кетіп отырады.
Бастан аяқ орталық тұлға – Абайдың өзі көптің, ұлттың бір бөлшегі. Абайдың алғаш көпке танылуы көпшілік ортада – суреткер ырқымен кейінге жылжыған Бөжейдің асында өтті. Ол осында қалыпты өмір дағдысында бой көрсетіп, көзге ілінді. Жазушы кейіпкерінің қай-қайсысын да ортадан ұзатып, аулақ­татып әкетуге ден қоймайды. Сол ай­наласымен, алыс-жақын ағайын, қалың қазағымен тұтасқан қалпын, индивид культі орнықпаған заманға тықпаламайды. Абай алысса да, сол мыңымен бірге. Таңы солармен атып, күні солармен батады. Шығарма нұсқасындағы бұлжымай тұғырланған халық, ел бейнесі, елжандылық елжіреу сезімі сарқылмай сәуле жаяды.
Әуезов қаламы бүге-шіге, көр жерді тықпаламай-ақ кесек қимылдар, ірі әрекеттерді бой тасалапты жататын өмір күйінің керек-жарағын тұтас қамтиды. Құнанбай әр сәтте сыртқы жұрт ығысқан сипатын бекіте түсер сөз үстінде, тапқыр айтқыштық үстінде ашыла түсіп отырады. Жазушы оның кесек тұлғасын қапысыз әр қырынан, небір шалт сәттерде көңіл орнықтырған әмбебап қалпымен бекітіп, кейіпкеріне іш тартуы сезілмей қалмады. Кісінің ішін сөзге аштырып кетіп отыру дағ­дысында Әуезов және бір оқшау суреткерлік олжасын көлденең тас­тайды. Абай, Құнанбай ортасында бәрі сөз тапқыш. Айтқыш. Сыйымды сөзуарлық.
Қилы кетісу, қажасу, араздасуда жазушы шынайы жан күйігін, өк­пелі, өксікті құбылыстарды ағайын, адам арасында болмай тұрмайтын кикілжіңдер шындығынан, ар сөзіндей екпінінде алады. Құнанбай – әрекет ұйытқысы. Таусылу, кетісу, серпілу, бо­саңсу. Қодар өлімі. Шыңғыстауды алу. Мұсақұл шайқасы. Қарқаралы, Омбы сапары... Романда әрекет жағ­дайға таңулы. Жағдайды, жер та­ласын, ел таласын туындатып отыр­ған отарлық мүдде. Мүдделер тоғысында құйыс­қанға қыстырылып, бағы тайған кісілік құндылығы. Әуезов шығар­маларында әрдайым алдыңғы шепте қолдан тықпаланбаған, баянды адамшылық негіздер тұрды. Саясат, қоғам аясында адамның атам заманғы қастерлі кісілік мазмұнын төгіп-шашатын қайырсыз қасіретті Әуезов қазақ жағдайында түгендеп ашып кетті.
«Король Лирде» Глостер жара­тылыстың заңдары бұзылып жатыр деп таусылатын. Шекспир сескенетін жалпыадамзаттық мәңгілік уайым­мен ХІХ ғасырдағы қайраңдап қалған қазақтың бақытсыздығы. Қор­ған­сыздығы. Бір Тобықты бір-біріне сойыл алып жүгіріп, қан болып, кісі өліп жатса – бір Олжай. Қапысыз бақытсыздық. Қайғы бұлты Шыңғыстаудың үстін қаптаған, бар қазақтың кең дүниесін басқан кезең еді.
Сол өмір жайлау-қыстау кеңістігінде ұдайы ұласып, жалғасып жатады. ХІХ ғасырдағы дала стихиясын көрсетуінде жазушы әдеби үдерісте Бальзакқа тән машық есебінде аталып отыратын типтік ахуалға «бір қаратып» алып барып, оқушысын бір қайырып алып жазу дағдысында қалам жұмсаған. 
«Абай» романы үш күндік жолдың ақырғы күні, ауыл, әже, аналар ау­ма­ғымен басталып жалғасады. Кең жайлау, иен қыстаудың табиғат құшағында құндақтаған жазғы, қысқы көріністері, тіршілік дағдысы, киіз үйлер, ауыл, қымыз иісі, құрт дәмі, табақ-табақ береке, молшылық ырызығы, таңдайда тұнып қалған қазақ дастарханының таныс тәтті дәмімен жанданып, тыныс алады. Ен жайлау, жарқын дүние уақыт көшімен баяу өтіп кетіп барады. Мәңгіліктің сағымына сіңіп барады.
Мұхтар Әуезовтың ұлтжандылық ұстанымынан ұдайы тайқымай жазу өнегесі даусыз, айқын. Көл-көсір кісілік мейірімін төгіп, шашып, шашыратпай, еміреніп, марқайып жазу. Жалпыадамзаттық ұлы қауымдағы жалғызын – қазақ аталған ұлтын тайғақ кешулерден өткенінде де көзден таса етпейді. Қорған болады. Шідерлеп, тұсап, байлап-матауға мың ұмтылған обыр заманның ыңғайына жығылғандай болып отырып «сыр ашады», сыр бүгеді. «Абай», «Абай жолы» романдарын жазу машақатымен бөліскендей болып отырып, Құнанбайда ұзында өші, қысқада кегі бардай «шүйлігеді». Романда Құнанбай тұлғасы озық көркемдікте, тарихи тұлғаның шынайы болмысынан шым-шымдап сіңіріп, «байқатпай» қастерлеп отыру шеберлігінде әлемдік деңгейде көркем образ болып орнықты. Құнанбай образын Мұхтар Әуезов сол бір далалықтар мүддесін даналықпен заман көшінде ту жықпай дәріптеген ел жақсысының, зәулім батырлар мен сәулелі шешен-көсемдер даңғылынан жазбай өткен өр кеуделі ұлттың жаратылыс мінез болмысын көркем сөзбен және бір тұғырлады. «Абай жолы» романына заман ыңғайында әкелер мен балалар проблемасы басымдау таңылды.
Қазақы ұйыған ғұмыр, әулет, ру, отба­сылық ғұрыпта әкенің Алла бұйырған мәртебесі бұзылмағандығын, елеп-ескеруді енді қажет деп таппа­ған­дай болған шақтар да ел басына бұлт шалғанда сезілген. Сол екпінмен Құнанбай мен Абай арасын ашуға тым ынтық болсақ – ол өз кінәміз. Жазушы осы проблеманың жетегінде Абайды әкеден аулаққа, кетісуге апармағаны айдай ақиқат.
Жазу өнерінде шығармашылық кезеңдердегі «өзгерістер» туралы айтылады. Елін еміреніп, елжіреп, дәл Абайдай сүйген Әуезов қаршадай бала күннен түп етегінен ұстаған елдік мұраттан Абайдан соң, Алаш ардақ­тыларынан ажырап қалғанда қасарысып айрылмай ғұмыр жалғады.
Абайтануын негіздеді. «Абай жолына» түсті. Жиырмаға жетер-жетпесінде ұлт, халық деп, қазақтың сөзін сөйлей бастады. Халқының ілгерілеуіне қажет ақ жүректі екпінді ерлерді көкседі. Жас Әуезовтің ұлтжанды қалпы ұлғайған күніне дейін айнымады да бұлжымады. Қажымайтын отаншыл қалпымен қазақтың жүрегіне кірді.
1917–1918 жылдарда жазылған ма­­­қа­­­ла­­ларының ересек зердесі, елдік ұс­таным аңсары, түпқазық мұраты мен мұндалап, сол тайқымаған қуат-жі­герімен «Абай жолын» ашты... «Абай жолында» Әуезовтің қазақты аялау мұраты көл-көсір мазмұн түзді. Шы­ғармадағы табиғат, ата қоныс құ­шағындағы алаңсыз өмірі бүлінген дала тұрғындарының басыбайлы, басқаға бағынған өмірде тарылу, то­рығу стихиясы қилы адам образдары, тұрмыс жабдықтары, салт-ғұрып, айна­лайын табиғат ана, мал төлдері, аң­шылық, саятшылық құмары, таңдай татитын қазақ дәмі, т.б. он-сан өмір ұшқындарымен жалындайды.
Панасыз елді жұтатып кетіп отыратын жұт көріністерінде жазушының «Абай» романын сәл-ақ бұрын өткен отыз екінің ашаршылығын тіксіне, тітіркене ойға алып отырып жазғанын сезінбеу мүмкін емес. «Әсіресе, Шыңғыс асып, көп елдің күйін көргенде, біртүрлі жат, жаңа дерт тапты. Байқаса, бұрынғы қыруар елдер кішірейіп, бір-ақ уыс болып қалған. Өлкеге сыймайтын малдың орнына оқта-текте көрінетін, шаншылып жатқан бесті-онды ғана қара бар. Малы аз болған соң, талай ауылдар бірігіп кетіпті. Шыңғыс сыртының ен қо­ныстары, мол адырлары, иен жай­лау­лары көбінше қаңырап тұр. Сонымен қатар ел ішінде күңірену көп. Жоқ-жітік, қайыршы көбейіпті. Абайдың өз анасы өлгенде, ел ана да төсек тартып, дертке шалдыққан сияқты» («Абай жолы» 1 том. 1989 «Жазушы», 237-б.)
Жазушы кейіпкерлері сөйлеуінде, сөйлесуінде айтқыш, тапқыш. Ақтілеу ана Зеренің ақ сөйлейтін үлкендігі сол бір жұт тұсында және бір зорайып тұлғаланады. Адамдық негізі – әйел деп, дәл осы романында Зередей, Ұлжандай аналар өнегесін дәріптеуі өзгеше сыйым­ды. Роман көлемді. Сол көлемді ұстап тұрған ұсақ-түйек, қоқыр-соқыр жоқ. Таппайсың. Сырғып өтіп, сәт ­сайын ілгері озып бара жатқан асығыс, шап­шаң өмірдің бір сәті қайтарусыз емес.
Шығармадағы өмір тасқыны саха­ра төсінде баяу жылжып отыратын көштің жойқын қозғалысындай бір­тіндеп ілгерілей береді, іркіліп, аялда­ғанымен тоқтаусыз. Барлығы тартылады. Барлығы қамтылады. Танытып, тауысу суреттеу құштарлығы ел өміріне елжірей еміне төнген жүрек қызуын еселей түседі. Әуезов шеберлігі дегенде көрнекті әдебиеттанушы ғалым Бақытжан Майтанов озық тәсілінің бірі тұйық психологизм екендігіне зер салған. Осында романдағы ойын көп ашпайтын, көбіне үндемей сыр бүгіп отыратын Құнанбай образына тиесілі түйін де басым.
Сәл ғана суреттемеге сан алуан ой ұшығын ұялатып кетіп отыра­тын аң­ғарымпаз сұңғылалық үйішілік күй, шағын штрих-детальдар, Құнанбай айналасы, «Абай ортасы мінез, дағ­дылар, жасырын тартыстар жайлы пси­хологиялық дәйектеме қызметін атқарады» (Б.Майтанов). Құнанбай «өзгермес мінездің өзгеше тосын құбылыстарында» (Б.Майтанов) шы­ғар­мадағы орталық тұлғалар тобында өз оқшаулығымен орнықты.
Эпопеядағы ашу, ыза, кек, есіркеу, елжіреу, еркінсу, торығу, түңілу, жадырау, жабырқау, сүйсіну, сүю күйлері – ортақ күй – Құнанбай басындағы да күй. Бірі басым, бірі бәсең көрініс бер­генімен адам пенденің жан құбы­лыстарының барлығы да осы бір зор тұл­ғаның бойына сыйымды қалыпта ашылып, айтылып кетіп отырады.Зерттеу еңбек, естелік, әдеби сын, мұрағат деректері ауқымында таныла түсіп, «ішін ашатын» Құнанбайдың тарихи тұлғасын білімгерлердің «Абай жолын» арнайы әдебиеттанушылық зерттеу нысаны, білімді бекіту әдісте­месі, көркемдеу тәсілдерін айқындау әдіснамасы тұрғысында әлі де айтылмаған, танылмаған қырла­рында ұғынуы міндетінде осы оқу – әдістемелік нұсқаулық бойынша жүр­гізілетін зерттеу, тәжірибелік, оқыту жұмыстары мамандық бойынша білік­тілік қалыптастырып, шыңдауда өзіндік септігін тигізеді деген ойдамыз.

Қанипаш МӘДІБАЕВА, 
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 
бас ғылыми қызметкері, 
ф.ғ.д., профессор

4888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы