• Руханият
  • 13 Сәуір, 2023

ТҰЛҒАНЫҢ ТҰМАРЫ

Кісілік келбеті, ғалымдық қабілеті мен білігі, ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша еңбегі ерекше. Табиғаты сұлу, ғажап өңірде өмірге келген ғалым жан-дүниесі сұлулыққа толы. Бойына туған табиғатынан дарыған сұлулық пен бірге қайрымдылық, мейірімді серік еткен Кеңес Нұрпейіс, ар-ождан тазалығын жоғары қойып, ғұмырының соңына дейін халқына адал қызмет еткен тұлға. 30 жылдан аса уақыт  академик республика, облыстар, қалалар  мұрағаттарының жақын жанашыры, білікті  кеңесшісі де болған. Алматы облыстық мұрағатымен тығыз байланыста жұмыс істеп, ақыл-кеңес беріп, құнды ғылыми мағлұматтардың жарық көруіне белсене араласа жүріп, республикадағы археологиялық істің дамуына да зор үлесін қосқан. Қазақстанның ХХ ғасыр тарихы бойынша сан алуан құнды құжаттарды тауып, өңдеп, ғылыми айналымға енгізді және Қазақстанда жарияланған 20-дан аса құжаттар жинағының құрастырушысы, редакторы, алғысөзі мен түсініктемелерінің авторы болған. 500-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстардың, соның ішінде жиырмадан аса монографияның авторы. 

1935 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген ғалым, жастайынан ата-анадан ерте айырылып, өзінің де жастай тұл жетім қалып, интернаттан тәрбие алғаны және «халық жауының» ұрпағы екені, әрбір шалт басқан қадамы «қадағалауда» екенін түсініп, сезіне білді. Жас ғалым осындай қауіптерді біле тұра ағалар аманатына адал болған. Оған себеп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі «Алыптар» буынының (Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктері А.Н.Нүсіпбеков, С.Н.Покровский, С.Бейсембаев, А.М.Панкратова, Е.Бекмаханов, Ә.Х.Марғұлан, академияның мүше-корреспонденті Г.Ф.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, тарих ғылымының докторлары Т.Е.Елеуов, А.С.Елагин) ғылыми ізденістерін көріп, әріптес бола жүріп, олардан кейінгі орта буыннан өзіне лайықты орнын алды.
М.Қозыбаев, К.Ақышев, М.Асылбеков, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востров, У.Шәлекенов, Р.Сүлейменов, Т.Балақаев, О.Исмағұлов, Б.Көмеков, К.Байпақов, Ә.Тәкенов сияқты тарих ғылымының болашақ үлкен зерттеушілерімен әріптес болды, қазақ тарихының ғылымы ордасының шаңырағын биіктетті. Небары 28 жасында кандидаттық, 38 жасында докторлық диссертациясын қорғап, қырықтың қырқасына шыға бере профессорлық атаққа ие болып, ердің жасы елуге жетпей жатып Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлық лауреаты атануы жанкешті зор еңбекпен келіп еді.
Зерттеулері 1916 жылы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының, 1917 жылы екі революцияның және 1918–1920 жылдарда азаматтық қақтығыстар тарихына, ХХ ғасырда ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихының, саяси қуғын-сүргін және Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің мәселелеріне арналған. Зерттеудің алғашқы нәтижелері ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алған «Алаш һәм Алашорда» монографиясында көрініс тапты. 
Иә, бұл тақырыпқа келуінің де тарихы тереңде. Бауыржан Момышұлының Алашты зерттеуіне ой салғаны бар екен. Батыр: «Халық жауының» баласы екенсің, бірақ оның ақиқаты Аллаға ғана аян, партия мен совет тарихын академик Ақай Нүсіпбеков екеуің жазып болған шығарсыңдар. Енді Алаш тарихына баруларың керек, ұлт ақиқаты сонда жатыр!», – деп Әлихан, Ахмет, Міржақып туралы аз-кем мәлімет беріп, жол сілтепті. 
Берілген бағыт пен көрсетілген жолдан таймастан Е.Б.Бекмахановтың өмірі мен қызметі, оның қуғын-сүргінге ұшырау себептері туралы жазған зерттеулері, Е.Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғ. 20-40 жылдарында» атты монографиясын талқылаған мәжіліс стенограммасын жеке кітап етіп жұртшылыққа жариялауы, т.т. еңбектері және бізге жеткендері де ұрпақ үшін таптырмас мол мұра, қазына. Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейінгі қиындығы мен ғылымның қым-қуыт тірлігі қатар өрілген жылдардан өткені, сол өткен өмір жылдарынан қалған еңбектері мен жеке кітапханасының бүгінгі күнде елордадағы еңселі кітапхана қорында сақталуы, ізденуші мен оқырман үшін және «Алашорда» автоно­миясының тарихын зерттейтін ғылыми мек­тептің негізін салушылардың бірі» ретінде есігін айқара ашып, үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.  
2017 жылы Алашорданың 100 жылдығына орай «Кеңес Нұрпейісұлының Алаш тарихына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференциясы және академиктің туған күніне орайластырып «Академик Кеңес Нұрпейісұлының ғылым залы» ашылған. Кітапханаға ғалымның үш мыңнан аса жеке мұрағаты мен кітапхана қоры тапсырылған. 
3 008 атау бойынша 3 193 сақтау бірлігінен тұратын құжаттардан, соның ішінде  9 карта, 98 автореферат, 5 диссертация және 329 көркем әдебиеті бар коллекция кітап қорына тапсырылған. Жалпы есепте 2864 кітап бар. Бұл ғасырлар қойнауындағы көп деректерді іздеген жанға нағыз ғылыми орда дерсіз. Көркем әдебиет пен салалалық негіздер бойынша да көптеген басылымдарды оқи аласыз. Өткен ғасырдағы тиым салынып келген тұлғалар кітабынан бастап, өмірдеректерінен сыр шерткен, әр парағына ғалымның қолы тиген, жіті танысып, мұраға қалдырған, өмірінің серігіне айналған сырласы да бола білген жазбалары қалған кітап көп.  
Ғылым мен мәдениет бір күнде туған жоқ. Ол адамзаттың арқасында жетіліп, қазіргі дәрежеге жетті. Адам баласы кітап арқылы адамзат ақыл ойының інжу маржанын бойына жинайды, ұрпақтан ұрпаққа даналығын қалдырады. Бүгінгінің өзекті мәселесі – ірі кітап қорларын жинау болса, оны жүйеге түсіру мәселесі тағы бір іс. Ғалымдардың жеке қорларының өрісі кең, жүйесі жүйелі. Ажырағысыз байланыстар қабысып жатыр. Ойды ойға, миды миға, жүректі жүрекке жалғайтын осы бір бұқаралық пәрменді құрал, бүгінгінің әлеуметтік құбылысы.  
Ғылымға да, мәдени байлығымызды молайтуға да аса қажет. Тілектерді толық өтеуді мақсат етіп қоймаса да, соның негізгі жолдарын межелеуді көздейді. Мұраларды жеткілікті, мұқият зерттеп, кәдеге асыру үшін іздеушінің келгені ләзім. Әр парасында жаны бардай, сізді менмұндалап шақырып тұрады. 

Мөлдір Төлепбайқызы,
ҚР Ұлттық академиялық 
кітапхана қызметкері

4427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы