• Руханият
  • 13 Сәуір, 2023

Жер кіндігі туралы жыр

Ең алдымен, тарихқа сәл шегініс жасайықшы. Өткен ғасырдың 1975 жылының күзі. Нақ осы жылы Ұлы Жеңіске – 30, Байқоңыр ғарыш кешенінің игерілгеніне 20 жыл толып, одақ көлемінде кең сипатта аталып өтті. Сұрапыл соғыстан бойын тіктеген, Отан қоймасына миллиард пұт алтын дән  құйған Қазақстанның даңқы дүние жүзіне жердің тұңғыш серігімен, космос кораблімен, кеңістікке Юрий Гагариндей азаматын ұшырған Байқоңыр ғарыш айлағымен дүркірей жайылған еді. Әу басында әскери қорғаныс маңыздылығына орай аталған нысан өте құпия жағдайда сақталғанмен, бертін келе әлемдегі барлық дерлік БАҚ жарыса жазғаны белгілі. Енді оны сылап-сипап бүркемелеудің қажеті де қалмаған еді. Жасыратыны жоқ, қазақ қаламгерлері үшін ғарыш та соны тақырып болатын. Ғылыми жаңалығы жағынан дүние жүзі қауымдастығының қызығушылығын тудырып, назарын ерекше аударған Байқоңырдың кереметін ең алдымен қазақ, қала берді одақ оқырманына таныстыру міндеті алға тартылды. Республиканың сол тұстағы бірінші басшысы, әдебиет пен өнердің жанашыры Д.А.Қонаев осы бір жауапты істі бұған дейін «Мен қазақпын» эпикалық дастанымен көзге түскен дарынды ақын Жұбан Молдағалиевке сеніп тапсырғаны, жол сапарына қамқоршы болғандығы автордың 1977 жылы жарық көрген «Байқоңыр баспалдақтары» дастанынан айқын аңғарылады. Бұл уәжімізді осындағы «Жібектей өрілген бермеді ой, қыстай тыным, жаздай тыным, білмеймін жыр боп қалай маздайтынын. Соны айтып республика басшысына, әдетім көріп алмай жазбайтұғын... Жол болсын! – деді, басшы бірден қоштап, – Жоқ елдің ақынынан жасырары» деген жолдар айғақтай түседі.

«БАЙҚОҢЫР БОЛСА КОСМОС МЕККЕСІНДЕЙ...»

Сонымен, республиканың сарабдал бірінші басшысынан арнайы партиялық, қаламгерлік тапсырма алған ақиық ақын оңтүстік-батысты бетке алып, Байқоңырға «шүу» деп тартып кетеді. Қоңыр салқын бөлмеде саусағын сорып отырып, жазуды ұнатпайтын Жұбан ағамыз космос Меккесі атанған Байқоңыр космодромын, ондағы соның бойтұмарындай болған «Гагарин үйін» өз көзімен көруді, космонавтика төңірегіндегі әскери мамандар және ғалымдармен тілдесуді, бұйыртса, болашақ дастанның кейіпкерін іздеп тауып, онымен ағынан ақтарыла сырласуды мақсат тұтады. Алла сәтін салып, діттеген мұратына жетеді, жортқанда жолы болады. «Басты кейіпкерім сол өңірдің көнекөз қариясы, жұмысшы табының өкілі, кейінгі жиырма жылда бой көтерген ғарыш айлағының жанды куәгері болса екен», – деген іштей ниет еткен арманы орындалады. Осындай талапқа толық сай келетін Исақұл ақсақалды жолықтырып (қарияның шын есімі – Ишанқұл. Ақын кеңестік идеология қысымымен оны Исақұл деп атаған. Автор), оның отбасында болады. Өмір дерегімен, еңбек жолымен кеңінен отырып танысады. Сырдарияның бойын жайлаған, күй атасы Қорқыт бабаның қобызының са­рыны қалған жерді ғасырлар бойы мекен­деп келе жатқан елдің арғы-бергі тарихымен кеңінен танысады. Аз күнгі іссапарында көремін деген жерлерін көріп, сырласамын деген жандармен сырласады. Болашақта жазылар дастанына лайықты деген деректерді толықтай жинап алғаннан кейін барып, ақбас Алатаудың етегіндегі Алматысына қайта оралады.

 «ЖОҚ ӨЛЕҢ ТОЛҒАҒЫНАН АУЫР ТОЛҒАҚ»

Қызықты қараңыз, таңдансаңыз да өзіңіз біліңіз, 1975 жылдың нәтижесі араға білдей екі жыл салып, 1977 жылы «Байқоңыр баспалдақтары» поэ­масы болып дүниеге келеді. Алғаш рет республикалық «Жұлдыз» журналының №7, №8 сандарында жарияланады. Сол күзде жеке кітап болып шығады. Ал 1979 жылы орыс тіліне аударылған нұсқасы бір топ өлеңдермен бірге «Жалын» баспасынан жарық көреді. Ақын бұл шығармасының сәл де болса кешіктірілу себебін аталған поэмада: «Жоқ өлең толғағынан ауыр толғақ, келмейді кейде оның дауылы айдап», – деп түсіндіреді. Ақын атаулының адымы шамырқанған шабытсыз ашылмайтындығын: «Іздейді көктен шабыт, жерден шабыт, өлеңнің кетпесін деп құсы адасып», – деген бұлтартпайтын дәлелмен жеткізеді.
Хош делік, қазіргі заман, онда да космонавтика тақырыбына алғашқы түрен салған жаңашылдығымен, қазақ даласының өткені мен бүгінгі тарихына терең бойлай білуімен, эпикалық кең ауқымдылығымен, көркемдік шеберлігімен ерекшеленген бұл туынды қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс болды десек, асыра айтқандығымыз емес. Сөзіміз әсіреқызыл да сырғақ болмас үшін аталған поэманың өзге туындылардан ерекшеленетін көркемдік жақтарына аз-кем тоқталайықшы.
Нардың, тіпті оны айтасыз, космос дәуірінің жүгін қалам қуатымен ар, намыс биігіне дейін көтере білген поэма: «Исақұл мен ақын», «Байқоңыр таңы», «Космоста – Гагарин», «Исақұл мен Қорқыт ата», «Бұл жолдың басы бар да, жоқ ақыры» атты бес тараудан тұрады. Діттеген ойымызға жету және дауылпаз ақынның Байқоңыр тақырыбын аспандата көтерудегі мақсат-мұратына қанығу үшін осы тарауларға азды-көпті сипаттама беріп, талдау жасап көрейікші.
Поэманың беташары саналатын «Исақұл мен ақын» тарауын ел сенімін арқалаған ақынның қисынын таба отырып, «Түрксіб шпалдары, бесжылдықтар бүгінгі «Байқоңырдың баспалдағы», – деп тұздықтата жеткізген идеясының ашылар кілті, сатыланып жалғасып кетер баспалдағы десе болады. Ал сол алғашқы бесжылдықтың бел баласы – Түрксіб болат жолының құрылысына қатысып, шпалын төсескен ақсақалдың бірі – 75 жастағы Исақұл қария. Бертінде Мойынты-Шу шойын жолын салуға қатысқан. Төрт жыл майданның өтінде болған. Әлемді таңдандырып, Байқоңырдан ұшырылған алғашқы жер серігі мен «Восток-1» космос кораблінің куәгері. Заңғар көкке тұңғыш рет көтерілген Юрий Гагаринді жүзбе-жүз көрген жан. Өмір дерегі бай, өсіп-өнген өнегелі жан. Ақын қадірменді ақсақалдың образын ашу тұсында «Есімде әр сөзің, бет құбылысың, куәгер бір ғасырға қыр ұлысың. Көрдің сен жер тістеген мешеулікті, жастардың жаңа дүние құрылысын» деп суреттейді. 
Орынды жерінде әңгіменің желісіне берілген автор да ағынан ақтарылып: «Миллионның бір басқышы Бай­қоңырдың, кім білген поэзия толы шы­ғар» деуі арқылы осы бір игілікті істе қаламгер ағайындардың да үлесі бар дегенді қисындатады. Космонавт ата­луының космосқа артық жүк апаруы қиын. Ал есесіне жүрекке сыйған жырды апаруы оңай дей келіп, поэзияның адам өміріндегі алар орнын аспандатады. 
Дастанның «Байқоңыр таңы» тарауы «Апрель. Он екісі. Таң да жуық» деп басталады да, дала қойнынан жарқ етіп атылған бөлек таңнан космос кораблінің ұшуынан хабардар етеді. Ол дегеніңіз, казақ аспанынан шыққан кесек күн еді дейді. Қыраттағы жалғыз тұлға – ғарышқа самғағалы тұрған космос кораблі екендігін жеткізеді. Старт алаңының жанындағы сіріңкенің қорабындай екі үйшіктегі бөлме конструктор С.Королевтің бақылау орны екендігін айтады. Сонау 1961 жылғы 12 сәуір – тұңғыш космос таңының атуы, космос дегеніміз – Королев, сосын Гагарин деген ұғым екенін шегелей түседі. Құлагердің шабысындай шабытқа берілген ақын қызды-қыздымен қиялға беріліп, «Қонады Луноход Айға барып, жетеді корабльдер Шолпанға да» деп адамзат ақыл ойының шарықтап өсе беретініне шүбә келтірмейді. «Доп емес, жер мәңгілік тіршілік ол, дүниеде күш жоқ сені қорқытатын. Жер – Ана, біз, адамзат түлегіміз, үстінде еңбегіміз, тілегіміз» деген ақын адамзат атаулыны жер бесігімізді сақтай білуге шақырады.

«ЖЕР-ЖҮРЕК ӨЛМЕЙДІ ДЕ, СӨНБЕЙДІ ДЕ...»

 «Кеткендей жер қарқырап, тау жарылып, алапат асты-үстіне аударылып» деген автор Исақұл қариямен осы бөлімде қайта табысады. Космос кораблінің заңғар көкке ұшуын ардақты ақсақалдың түйсігімен «Исекең «е» деп мұртын сипап қойды, әкелді не болжамға, қайда көңіл» деп жеткізеді.
Әуе кораблінің ішінде жерге, оның сұлулығына танырқаған Юра, ал жерде көкке көз тігіп, қиялға берілген Исақұл қария тұр. Ақын осы тұстағы тебіренісін: «Секілді адам» деген сөз қайда да, бір-ақ ат, бір-ақ мақтан, бір-ақ міндет» деп жеткізе отырып: «Қуандық қол мен мидың құдіреті үшін, ел үшін, жаңа ерлікке жаршы, адамзат» деуі арқылы толқиды, шаттанады, ризашылық сезімін білдіреді. Адамзат баласының тұңғыш рет космосқа ұшқаны туралы, дүниені дүр сілкіндірген, радиодан жер шарына тараған хабарындағы «Байқоңыр космодромынан ұшты» деуі Исақұлдай тарланның құлағына жағады. Қазақ жерінің аты эфирде аталғанда кеудесінде мақтаныш сезімі оянады. Зулап орбитаға шыққан Гагариннің: «Ғажап!» (Прекрасно!) деп жерге қайран қалуын қалт жібермеген ақын Гагаринге «Космостың тұңғыш жиһангезі», – деп баға береді. Миллиардтаған адам өмір сүріп отырған жерді өмірге, Анаға балайды. «Жер-жүрек өлмейді де, сөнбейді де, жармасса жауыздықтың запыраны», – деп түйінді сөзін айтады. 
Құлашының кеңдігімен, нөсер жауын­дай төкпелігімен, дауылпаздығымен, төкпе жырда құйындата шаба білетін­дігімен қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс ақынның үрдісін жалғас­ты­рушы Жұбан Молдағалиевтің тапқыр­лығы сол – дастанның төртінші бөлімінде бұдан мың жыл бұрын жасаған Қорқыт бабаны тарих сахнасына алып шығады.
Байқоңыр баспалдақтарын қаласқан, еңбектің ащы дәмін, сұрапыл соғыстың зардабын тартқан Исақұл қарияға: «Мен, балам, Қорқыт атаңмын», – деді сол мұңды қобыз – үн» деп іштей тілдестіреді. Ал кейінгі ұрпағының қамын жатпай-тұрмай ойлаған, осы жолда қырық жыл бойы ажалдан қашып жүрген Қорқыт баба іштегі сырын сақтаған лебізінде. «Желмая мініп, ақ таң боп, іздедім бақыт Жерұйық» деп түн ұйқысын төрт бөлгені, әйтсе де «Өлім аш, өмір тоқ екен» деген байламға келгенін де жасырмайды. Бұл кестелі ойды ақын «Керуен жылдар көшеді, ұрпақтар өсіп-өнеді» деп толықтыра, жетілдіре түседі. Келесі бір сәтінде «Байқоңыр сондай бір қазық, сүйемі қазақ жерінің» деген жолдармен ғарыш айлағының қазақ топырағына ірге тепкенін мақтаныш сезімі арқылы білдіреді. Осы тараудағы айтылар ойды «Ұлы елдің алақанында, Байқоңыр жаңа ақиық» деп түйіндейді. 

«БҰЛ ЖОЛДЫҢ БАСЫ БАР ДА, ЖОҚ АҚЫРЫ»

Дастанның «Бұл жолдың басы бар да, жоқ ақыры» тарауы ақиық қазақ ақынының ғарыш тақырыбына арнаған кесек шығармасының түйіні десе болғандай. Негізінен мұнда космосқа тұңғыш адам ұшқан 1961 жылдан кейінгі, 1977 жылға дейінгі аралықтағы Байқоңыр ғарыш айлағының бедерлі бейнесі суреттеледі. 
Автор осы тарауда басты кейіпкер Исақұл қариямен қайта табысады. «Қалды есте қария да – Исақұл ма? Қонаққа тарту болып домбырасы» деп бірінші тараудағы дастарқан басындағы жарасымды отырысты еске түсіріп кетеді. Қазақтың жаны саналатын домбыраға сипаттама береді.
Дастанның аяқталар тұсындағы «Бұл жолдың басы бар да, жоқ ақыры, космосқа мәңгі Адамның қол артты ұлы» деген жолдар арқылы космос тақырыбына арналған беташар дастан енді ғана бас-талды, ол әрі қарай жалғасын табады деген ойды меңзейді. Атамекен жұртының, тау мен тасының ыстық болатындығын, оған қашан да тәнті екенін «Қазақта құтсыз, құнсыз жер жоқ екен, бәтшағар Бетпақта да гүл атады екен» деп туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Ақын аталған дастан, көтерген тақырып табиғатын одан әрі қарай жұмбақтауды артық санап: «Космостан жерді көру арман», – дейсің – қанат қып Байқоңырдың баспалдағын. Берейік мұны ұрпаққа, өрен ұлға-ақ, әйтеуір қазақтың көрері хақ» деп ішкі арманын жайып салады. Ел ертеңіне ақынның сонау 1977 жылдың өзінде алдағы күндерге үміт артып, сәуегейлік танытқаны араға 14 жыл салып шындыққа айналады. Кереметті қараңыз, 1991 жылдың күзінде қазақтың ержүрек батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров космосқа сапар шегеді. Ұзамай-ақ қазақ ғарышкерлері қатарын толықтырған Талғат Мұсабаев ғарыш кеңістігінде Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әнін шырқады. Қазақ ғарышкерлері қатарын енді бір топ дарынды жас толықтырғалы отырғаны да дәтке қуат. Ал 2006 жылдың ортасында қазақтың тұңғыш жер серігінің космосқа көтерілуі елеулі тарихи оқиға болып саналады. Автор аталған дастанын «Космос – ол майданы емес бәсекелі» деген түйінді, салмақты да тұжырымды ойымен аяқтайды, қорытындылайды.

ИШАНҚҰЛ АТА ТУРАЛЫ СЫР

Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев дастанының басты кейіпкері – 75 жастағы Исақұлға қой көзді, еңселі бойлы, кең иықты, құбаша жүзді, саусақтары тобылғы топшысындай, жұдырығы томардай деп сипаттама береді. Жан дүниесінің дархандығын төртеуінің (горком хатшысы, генерал, ақын мен кейіпкер) басы қосылған дастарқан үстіндегі ниет ықыласы мен сөз саптауы арқылы жеткізеді. Прототипі – Ишанқұл Дәулетов Сыр өңірінің төл тумасы. Мағыналы ғұмырын темір жол құрылысына арнаған, құрыш білекті теміржолшы. Әу басында Түрксіб, бертін келе Мойынты-Шу шойын жолын салу құрылысына қатысқан. Кейінгі ірге тепкен жері – Байқоңыр айлағындағы Төретам темір жол бекеті. Аталған бекет Қызылорда облысы Қазалы мен Қармақшы аудандарының дәл ортасына, күй атасы Қорқыт бабасының кілеммен жүзген Сыр Ананың жағасына орналасқан. Жиырмасыншы ғасырдың құрдасы саналатын Ишанқұл қария ел мен жердің тарихына бала жасынан қанығып өседі. Есейген шағында төрт жыл қан майданның дәл ортасында болады. Шойын жолдың бойындағы, онда да Төретам стансасындағы еңбек жолын жалғастырады, зейнеткерлікке шығады. Байқоңыр ғарыш айлағын қалай игерілгенінің жанды куәгері. Алланың берген ризығымен жақсы жасап, жақсы қартаяды. Бәйбішесі Қаншайым екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіреді. Осы екі ұлдың біреуі – Дабыл Дәулетов әке жолын қуып, теміржолшы атанды. Дәулетов Дабыл Ишанқұлұлы (марқұм) кейінгі жиырма жылдың бедерінде ұл-қыздарым алысқа сабылмай, жақын жерде оқысын деген мақсатпен Төретам стансасынан қоныс аударып, Алматының іргесіндегі Қайрат стансасына (Іле ауданы) ірге тебеді. Осылайша Сыр перзенті Жетісу перзенті атанады. Ұзақ жыл Байсерке стансасында бекет кезекшісі болып жұмыс істейді. Бертінде зейнеткерлікке шығады. Тыңдаған құлаққа Дабыл ағаның да Байқоңыр жайлы, жоғарыдағы дастанның жазылу тарихы жайлы айтары, бөлісер сыры мол-ақ еді, әттең... Бір кем дүние. 

ТҮЙІН

Коммунистік партияның кіші ұлттардың аузын аштырмайтын өктем идеологиясы дәуірлеп тұрған тұста мың өліп, мың тірілген халықтың перзентімін, «Мен қазақпын» деп жар салған, кешегі қанға бөккен Желтоқсан оқиғасының күнәһары Г.Колбинге кемшілігін тайсалмай бетіне шыжғырып басқан арынды ақын Жұбан Молдағалиевтің жоғарыдағы дастанында аталған ғарыш айлағына – 68 жыл, тұңғыш адам Ю.А.Гагариннің космосқа ұшқанына 62 жыл толып отырған тұста қайталай ой сарабынан өткізудегі мақсат – майдангер азамат, Жұбан ақын мен оның басты кейіпкері, тарлан теміржолшы Ишанқұл ақсақалдың рухына тағы бір бас ию болатын. Көпшілікке мәлім, 2005 жылы Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен Байқоңыр ғарыш айлағының елу жылдық мерекесі Байқоңыр қаласында жоғары мәнде аталып өтті. Осы достық кездесу тұңғыш жер серігі ұшырылған сәтте де қайталанды. Мемлекет басшылары аузынан Қазақстанның бүгінгі таңда космос державасына айналғаны мақтаныш сезіммен айтылды. Ғарышкерлер қатары бертінде жетісулық Айдын Айымбетовпен толыққаны мақтаныш. 

Қараша ҚАРАМАН, 
журналист
Алматы облысы

 

4553 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы