- Тұлға
- 20 Сәуір, 2023
«КЕҢ ҚОЛТЫҚ, КЕМЕЛ КЕЛБЕТ, ІРІЛІГІҢ...»
Ұлы Абай қара сөздерінде халқына «мұсылман болдың, енді һәм толық адамгершілікке бетбұрыс жасау керек» деп, өз заманында ізгілікке шақырған еді. Ол мұсылмандық көзқарас бойынша адам тек ізгі амалмен, игі істерімен кемелденеді, сол арқылы Жаратушы Иеге жақындай алатынын атап көрсетеді. Адами жоғары қасиеттерді сипаттай келе олардың нақты иелерін Жаратушы Иеге жақындығымен байланыстырып, жалпы мұсылман қауымын төмендегідей жолмен жіктейді: «алды – пайғамбарлар, онан соң әулиелер, онан соң хакімдер, ең ақыры кәміл мұсылмандар». Және де олардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама береді. Хакімдер туралы: «Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс жасауға өз өмірін арнаған адамдар» деп айтады. Сонымен қатар «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым» деген ой қорытады. Ғалымдарға тәнақыл, ғылымды хакімдердің бойындағы адамзаттың пайдасына бағытталған қайраткерлікпен байланыстырады. Ол өзінің «Толық адам» тұжырымдамасындағы: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты қасиеттерді хакімдердің бойынан табады.
Қазіргі кезде қоғамда адамдарды істеген қызметіне байланысты мемлекет, қоғам қайраткері деп дәріптеп жатады. Ал ұлы Абайдың пайымдауынша, қайраткерлік адамның лауазым дәрежесіне емес, оның адамдарға, еліне жасаған жанашырлық еңбегімен өлшенбек. Жалпы мұсылман қауымын жіктеуі де осы тұрғыдан жасалғанын көреміз. Адамның қалың кәміл мұсылмандардың арасынан келесі саты хакімдікке көтерілуі, яғни Жаратушыға жақындауы, лауазыммен емес, ақыл, ғылыммен қатар адамзатқа арналған қайраткерлікпен анықталмақ.
Осы тұрғыдан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, танымал қайраткер Ұлықпан Есімханұлы Сыдықовтың хакімдігі жайында ой бөліссек дейміз.Қаракерей Қабанбай батырдың сегізінші ұрпағы, кіндігін Сыдық атасы балтамен кестірген Тарбағатай өңіріңде дүниеге келген нәрестеге үлкен үмітпен Ұлықпан есімі беріледі. «Кемеге қандай ат бересің, соған сай жүзеді» деген мақал адам баласына да қатысы бар деп пайымдауға болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы орталығында С.Сейфуллин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген жас түлектің таңдауы – болашағы өте зор ғылым саласы кибернетика болып, оны Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептеу техникасы факультетіне алып келді. Емтиханды ойдағыдай тапсырып, өз тобында қазақша мектеп бітірген жалғыз студент атанды. Сол кезде техникалық оқу орнында барлық пәндер орысша оқытылатынына қарамастан, намысқа тырысып, бір жылдың арасында Ұлықпан үздік студенттер қатарынан табылды. Жан-жақты ізденісі, еңбекқорлығы оны өз ортасында танымал етті, 2-курста студенттердің ғылыми конференциясында «Ойлау жүйесін моделдеу» деген тақырыпта баяндама жасап, ғылыми көпшіліктің көзіне түседі. Бұл еңбегі республикалық, Бүкілодақтық бәйгелерде жүлделерге ие болып, оның болашағын анықтады. Сол кездегі философия кафедрасының меңгерушісі профессор Д.Кішібеков көрегенділік көрсетіп, оны аспирантураға шақырады. Және де өзінің ұсынысын: «Сен математиканы, физиканы, әдебиетті, тарихты, дәстүрді, cалтты, бәрін жақсы білетін жігіт екенсің. Бұл өте керемет. Екіншіден, сен техниканы оқыған мамансың. Таза философия оқығандар шеңберден шыға алмай қалады. Әлемде даңқы жер жарған философтардың бәрі басқа мамандықты игергендер. Техниканың аты озып бара жатқан заманда, техника мен руханилықтың арасын зерттейтін маман жоқ, ақылымды тындасаң сен осы салада жұмыс істе» деп ағалық ақылын айтады. Содан бері Ұ.Сыдықов руханият пен техниканың арасындағы проблемаларды бүгінге дейін зерттеп келе жатқан еліміздегі бірден-бір ғалым.
Сол кезде үлкен көрегенділікпен белгіленген ғылымның осы бағыты өз өзектілігін жоғалтпай, керісінше, жылдар өткен сайын маңыздылығын арттырып келеді. Өйткені бір жағынан ғылым мен техниканың қарыштап дамуы адамзаттың өміріне тікелей әсер етсе, екінші жағынан олардың дамуы адамдардың ой еңбегінің нәтижесіне байланысты.Сол себепті қоғамда қандай құндылықтар басым болса, ғылым мен технологиялардың дамуы, оларды пайдалану соған байланысты болмақ. Қазіргі кезде жасанды интеллект, биотехнология, жаңа материалдар, кванттық есептеулер адамзат өміріне болмаған өзгерістер әкеліп, жаһандық деңгейде «Төртінші өнеркәсіптік революция» іске асуда.Осыған байланысты мамандар, ғалымдар адамзат дамуының жаңа деңгейінде адами, рухани құндылықтарды жоғалтпай, озық технологиялармен үйлестертін өркениет дамуының жаңа жолдарын қарастыруда. Өйткені жаңа технологиялар адамзат дамуының қарқынын ұлғайтып қана қоймай, сонымен қатар дұрыс бағытта пайдаланбаса, оның болашағына зор қауіп төндіреді.
Елімізде, жалпы бұрынғы Кеңес көлемінде осындай үрдісті-ғылыми техникалық прогресспен адамзат руханиятының даму заңдылықтарын біртұтас тұрғыдан алғашқылардың бірі болып терең зерделеген талантты ғалым, профессор Ұ.Сыдықов болды.Көрнекті ғалым Ұлықпан Есілханұлының өзіндік ерекшелігі жаһандық үрдісті ұлттық санамен, ұлттық руханиятпен байланыстыра білуінде. Жаһандану кезеңінде әлемдік бәсекеге қабылетті болуға, қауіптерге қарсы тұрып, ұлттық болмысты сақтап қалу үшін ұлттық рухтың қажеттілігін анықтап берді, ұлттың рухани кодын анықтап, ұлттықрухтың қалыптастыру жолдарын ғылыми тұрғыдан айқындады.Оның: «Ғылым-руханилықтың алтын өзегі, түп тамыры, өте киелі саласы ...Рух сана дамуының, өркендеуінің қоғамға ықпал ету деңгейінің ең жоғары деңгейінде туындайды...Рух жалпы адамзаттық құбылыс болғанымен, негізінен ұлттық формада өмір сүреді» сияқты пайымдаулары академик Ұ.Сыдықовты халықаралық деңгейдегі философ-ғалымдар қатарына көтереді.Ұ.Есілханұлы бүкіл әлемді торлаған ақпарат кеңістігінің қоғамға, оның әр мүшесіне, жалпы ұлттық қауіпсіздікке байланысты әсерін жан-жақты, көлемді зерттеулер жүргізіп, ғылыми тұжырымдама жасаған алғашқы ғалымдардың бірі. Ғылымның техникалық бағытымен қатар, гуманитарлық бағытын да терең меңгерген профессор Ұ.Сыдықов осы саладағы пәндерді бұрынғы Кеңес идеологиясынан арылтып, әлемдік сипатта қазақ тілінде «Саясаттану», «Социология» пәндері бойынша оннан астам жаңа оқулықтар, монографиялар жазды. Бұл оқулықтар үлкен сұранысқа ие болып, он мәртеге дейін қайта басылып шықты. Сонымен қатар Қазақстанға «Инженерлік еңбектің социологиясы» деген тың тақырыпты әкеліп, оны техникалық жоғары оқу орындарының оқу бағдармаларына енгізді. Осы бағытта заманауи ғылыми мектебін қалыптастырды. Ол 400 -дей ғылыми, ғылыми-публицистикалық және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы.
Ұ.Сыдықовтың өмір жолына көз салсақ, өз ортасына, ұлтына деген игі, жасампаз істеріне куә боламыз. Оның: «Өз ұлтыңның тағдыры үшін саналы, мақсатты, белсенді іс-әрекетке көшу керек» – деген сөзі өзі үшін өмірлік айнымайтын қағидаға айналғаның көреміз.Студент кезінде еліміздің әдеби мәдени қауымын елең еткізген «Бәйшешек» әдебиет бірлестігін құрып, жетекшілік жасады. Студент құрбыларын ұлттық руханиятқа тарту мақсатында, болашақ мамандардың С.Мұқанов, І.Есенберлин, Р.Бағланова сынды атақты әдебиет, өнер қайраткерлерімен кездесуіне мұрындық бола білді. Аты әлемге әйгілі «Дос Мұқасан» ансамблінің іргетасын қалауда, оның халықаралық деңгейде танымал болуына Ұ.Сыдықовтың алатын орны ерекше. Оның ұлттық мәдениетті, әдебиетті жан-жақты терең білуі ансамбль репертурының қайталанбас ұлттық нақышта қалыптасуына және де танымал әндерге сөз жазуы Ұлықпанды осы топтың рухани жетекшілігіне айналдырды. Студенттер Д.Сүлеев пен Ұ.Сыдықовтың №1 жатақханада темір кереуетте етпетінен жатып жазған «Той жыры» әні әлемдік танымал әнге айналды.
Жиырма тоғыз жасында өзі білім алған факультеттің деканы, кейін проректор қызметін атқарған кезеңде еліміздің болашақ инженер мамандардың жан-жақты терең білім алуына, олардың бойларына биік адами қасиеттерді, таза ұлттық қағидаларды сіңіруге ерекше еңбек етті, оларға өнеге бола білді. Ұлы әл- Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қағидасын берік ұстанған қайраткер басшы оқу, тәрбие жұмыстарын тығыз байланыста ұстап, сапалы мамандар дайындауда қыруар жұмыс атқарды.Жаратылыс-гуманитарлық институтын ашып, оған Ақжан Машановтың атын беруге мұрындық болды. Университетте «Қазақ тілі қоғамын» құрып, оның тең төрағасы, «РАС» (Руханият, Адамгершілік, Самғау) газетінің негізін қалап, бас редакторы болды.Республикалық деңгейде еліміздің рухани дамуына атсалысты. Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, журналист Сағат Әшімбаевпен бірлесіп, Қазақ теледидарында «Жүректен қозғайық» деп хабарлар циклін жүргізді. Академик Д.Кішібековпен және А.Ержановпен бірігіп «Республика өмірінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта телехабарлар циклінің тізгінің ұстады. Қазірде бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің дамуына байланысты өзекті мәселелерге арналған хабарлардың тұрақты қатысушысы және кейіпкері. Бүкіл саналы өмірін Қазақ ұлттық техникалық университетінің дамуына арнаған профессор Ұлықпан Сыдықов қазіргі уақытта ақсақалдар кеңесін басқарады. Әдетте, мерейтой иелері өзі туралы кітап шығарып жатса, Ұлекең өзінің альма-матері, оның көрнекті тұлғалары жайында көлемді еңбекті жарыққа шығарды. Алпыс жылдай осы ұжымда үздіксіз еңбек атқарған Ұ.Сыдықов қара шаңырақтың шырақшысына айналды.
Ұлекеңнің азаматтық келбетіне келетін болсақ, оны халқымыздың біртуар ақыны Темірхан Медетбек өлеңін бір ғана жолымен ашып берген: «Кең қолтық, кемел келбет, ірілігің...». Ал ұстазы, академик Досмұхамед Кішібеков оның адами қасиеттері жайында:«Ол барынша өзін көпшілікке жақын ұстайды. Ешкімге ешқашан дауыс көтеріп, мінез көрсеткен емес. Бірақ әдейі басқаға жағынайын да демейді. Қашанда мәселенің мән жайын әбден анықтамай, шешім жасамайды. Қолына алған, не тапсырылған жұмысқа қашанда тиянақты, істі тап-тұйнақтай етіп орындайды. Өтірікке, мақтануға жаны қас. Мен білетін Ұлықпан Сыдықов міне, осындай жан!». Ұлекеңді студенттік кезден білгендіктен, жоғарыдағы сипаттамаларды толық қолдай отырып, оның шәкірті ретінде өз пікірімді қоссам деймін.Ол біздің деканымыз болды. Жас айырмашылығы алшақ болмаса да, ауылдан, қазақша мектеп бітіріп келген студентерге ерекше көңіл бөліп, қамқор аға бола білді. Әр студенттің жағдайын, мүмкіншілігін етене білуге тырысты, оларды үздік оқуға, игі істерге жұмылдырды.Білікті басшы ретінде факультетті барлық бағытта алға шығарды. Өз ортасына талапты, талантты жастарды жинап, оларды қолдай білді. Кейін, студенттік кезден басталған қарым-қатынас солармен достыққа ұласты.Осы уақытта Ұлекеңнің көптеген бұрынғы шәкірттері, елге танымал азаматтар қазір оның жақын достарының қатарында. Сондай азаматтың бірі, белгілі кәсіпкер Еркін Кошкин достықты місе тұтпай, Есілхан әкейдің келісімімен бірге тумаса да, туған інісі болып аталды. Міне, осындай деректер Ұлықпан Есілханұлының қандай адам екендігін айқындай түседі. Өз басым Ұлекеңді басқа да қасиетімен қатар, оның отансүйгіштік, ұлтжандылық, әділдік, өтірік айтпайтын қасиеттері үшін ерекше құрметтеймін.
Ұлықпан Есілханұлы өсіп-өнген өнегелі әулеттің отағасы. Өз ортасына сыйлы, халқымыздың ардақты қыздарының бірі, жұбайы Нағима Нұрғалиқызымен елу жылдай уақыттан бері қол ұстасып, өмірдің ащы-тұщысын бірге өткеріп келеді. Жанұяда жақсы тәрбие көрген балалары Әсет, Айбек өндірістің әр саласында абыройлы еңбек етуде. Сегіз бірдей немересі әулеттің қуанышына, мақтанышына айналуда.
Ұлықпан Сыдықовтың еңбегі қоғамда, мемлекет деңгейінде лайықты өз бағасын алды және де ала береді деген сенімдеміз. Ол бірнеше халықаралық академиялардың мүшесі, көптеген отандық университеттердің құрметті профессоры, докторы, Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері, Бүкіл дүние жүзі жастары мен студенттерінің фестивалінің, ҚР жастар сыйлығының лауреаты, басқа да, көптеген марапаттардың иегері.
Ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй...» деген ұлағатты сөзі біздер шәкірттері, іні-бауырлары үшін саналы ғұмырын ұлтының дамуына, болашағына арнаған Ұлекеңе арналғандай көрінеді.«Жаратушыға деген жол, махаббат ұлтқа деген жанашырлықтан басталады» деп жазушы Н.Гоголь айтқандай, Ұлықпан Сыдықовтың хакімдік жолы ұлт мүддесінен бастау алып, қазіргі уақытта қең арнада жалғасып жатыр.
Ғалымқайыр Мұтанов,
Қазақстан Ұлттық жоғары мектеп
ғылым академиясының
Президенті, академик
2129 рет
көрсетілді0
пікір