• Руханият
  • 27 Сәуір, 2023

АҢЫЗДЫҢ АСТАРЫ – АҚИҚАТ

Талас Алатауы мен Қаратау аралы­ғындағы Шақпақ бұлағынан бастау алып, Түркістан облысы Отырар ауданының Талапты ауылы маңында Сырдария өзеніне барып құятын Арыс өзені есте жоқ ежелгі заманнан бастап адам баласының құтты мекені болған.Арыс бойында қайнаған өмірдің болғанына, оның 380 шақырымға жуық созылған жағалауында сақталған тарихтың түрлі кезеңіне жататын археологиялық ескерткіштер куә. Әсіресе, орта ғасыр кезінде өзендердің бойы қалалық өркениеттің орталығына айналған. Мұнда шаруашылық, қолөнері мен сауда қатынастары жақсы дамыған қалалар болғаны жайлы қытай, парсы, араб тілдеріндегі жазба деректер де хабарлайды. Жазба деректерде аттары аталатын қалалардың орындары бұл күнде төбелерге айналып, әр ауылдың шетінде мүлгіп жатыр. Оларға жергілікті тұрғындар Ақтөбе, Алтынтөбе, Күлтөбе, Төркүлтөбе деп ат қойып алған. Осы атаулар кездейсоқ ойдан шығарылмаған. Әрқайсысының атына сай мағынасы, өзіндік құпиясы және айтар ойы бар. Сондай төбелердің бірі – Қараспантөбе.

 

 

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты бұрынғы Обручевка, қазіргі Қараспан ауылы маңында, Бадам мен Арыс өзендерінің қосылған тұсында жатқан Қараспантөбе көне қала орны. Бұл бабаларымыз тари­хының жазылмай қалған беттері жайлы құпияны бойына бүгіп жатқан жұмбақ төбе. Қараспантөбе өзінің көлемі мен топографиялық құрылымы жағынан Арыс өңіріндегі ең ірі қала орны саналады. Осы маңдағы бірнеше археологиялық нысандарды біріктірген қарт төбенің бір замандарда осы өңірдің ірі саяси-экономикалық және салалы сауда орталығы бол­ғаны жайлы деректер мен зерттеулер сыр шертеді. Қа­распанның тарихи аты жайлы зерттеуші ғалымдар тарапынан түрлі көзқарастар мен пікірлер айтылып келеді. Қытай деректерінде айтылатын қаңлы мемлекетінің астанасы Бітен (орысша Битян) орны осы Қараспан болуы мүмкін деген де болжам болған. Араб жазба деректерінің мәлім­деуін­ше, Испиджабтан солтүстікке қарай екі күндік жерде Кенидже (Кенджид) округі болған. Бұл өңір моңғол дәуіріне дейін ірі әкімшілік орталыққа айналған. Белгілі шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд айтылған өңір Арыстың ортанғы ағысын қамтыған деп шамалайды. Сол өңірдің бас қаласы (астанасы) Арсубаникет (Саникес, Субаникет, Усбаникет) деп аталыпты. Қала Қараспантөбемен баламалануы археолог ғалымдардың арасында толық мойындалған. Төбеде соңғы кездері жүргізілген зерттеулер де қала тарихы жайлы құнды мәліметтер беруде.

 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 2006–2008 жылдары Қараспантөбе мен оның маңында шоғырланған ескерткіштерге кешенді түрде жүргізілген зерттеулер оның бір замандарда ірі орталықтарға тән құрылыстар мен құрылымдардан түзілген үлкен қала болғандығын көрсетті. Қала дәстүрлі үш бөліктен: цитадель, шаһристан және рабадтан тұрған. Ол ұзындығы 10 шақырымнан асатын қорғаныс қабырғасымен, оның сыртынан қазылған терең ормен қоршалған. Яғни «ұзын қабырғалы» қалалар қатарына жатады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, мұндай «ұзын қабырғалы» қалалар әдетте белгілі бір өлкенің орталығы болған. Қараспантөбеден шығысқа қарай 4 шақырым жерде, Бадам өзенінің биік террасасындағы мүйісте ор­на­ласқан еңселі бекініс орнының жоғарғы жағынан басталатын үлкен оқарық өзен террасасын жа­ғалай шығып, қаланың қорғаныс қабырғасының шығыс шетінен келіп кіреді. Ертедегі қала мен оның егіншілік аймағын сумен қамтамасыз еткен осы оқарық болса керек. Су торабының басын және шығыстан келген жаудан қаланы қорғау міндеті жүктелген әскер бөлімі осы бекіністе тұрса керек. Бадам өзенінің жағасындағы биік табиғи мүйіске орналасқан бұл қамал тұрған жері мен топографиясы жағынан басқа мекенжайлардан ерекше. Бекіністің сыртқы қорғаныс қабырғасы табиғи орға жалғастыра тұрғызылған. Қабырға кезінде қалың және биік болса керек. Оңтүстік шетінің, батыс бұрышы ғана тегіс жермен шектелген. Бекіністің осы шеттен басталған жағы оңтүстік-батысқа қарай 1,7 шақырымнан кейін батысқа қарай тік бұрылып, 5 шақырым кейін қаланың сыртқы қорғаныс қабырғасына барып қосылады. Бекіністің көлемі 150х120 метр. Осындай стратегиялық маңызы бар жерде орналасқан, топографиясы мен қорғаныс құрылыстары ерекше бекіністің қала өмірінде ерекше орын алғаны анық. Жергілікті тұрғындар осы жұртты Төлебайтөбе деп атайды. Ел ішінде «Төлебай батыр» жайлы аңыз әңгіменің бірнеше нұсқалары сақталған. Қараспанның маңындағы Мақташы ауылында тұратын Бостан Тойшыбек қарияның аузынан 2007 жылы жазып алынған «Төлебай батыр» туралы аңыздың мәтіні мынадай:«Ертеде Төлебай батыр Қараспанның ба­сындағы Бадам өзені жағасында орналасқан әскери бекіністе тұрған. Ол өзінің қарамағындағы жүздеген әскерімен Қараспанның халқы мен малын сыртқы жаулардан қорғаса керек. Қас батырды қарсы жау қанша әрекет қылса да өлтіре алмайды екен. Батырға ешқандай қару батпай, оқ дарымайтын болыпты. Амалы таусылған жау айласын асырып өлтіруге әрекет жасайды. Сөйтіп, батырдың әлсіз жерін анықтау үшін тыңшылыққа әдемі әйелді жұмсайды. Ебін тауып Төлебайдың үйіне кіріп алған әлгі әйел оның асын пісіріп, кірін жуып жүреді. Әбден сеніміне кірген ол күндердің күнінде батырдың осал жерін біліп алады. Көңілі көтеріңкі күндердің бірінде батыр сауытының кеуде тұсында бітпей қалған тесік бар, ең қауіпті жері сол екенін байқамай әйелге айтып салады. Әйел бұл мәліметті қожасына жеткізген. Келесі бір жорықта тасада әдейі аңдып тұрған жау мергені батырдың кеуде тұсын нысанаға алып атады. Осал жерге дөп түйген оқтың еркіне көнбей батыр атының басын батысқа қарай бұрып, шаба жөнеледі. Аңғалдықпен айтып қалған құпиясынан келген дерт екенін сезген батыр өзінің ұзаққа бармасын сезіп, қатарласа шауып келе жатқан сарбаздарына қарап, былай депті: «Аттың басын тартпаңдар, мені құлаған жеріме жерлерсіңдер. Егер жау менің жоқтығымды білсе елге шауып, сендерге күн көрсетпейді. Сондықтан өлгенімді ешкімге айтушы болмаңдар», – дейді. Сарбаздары батырдың соңынан еріп шаба береді. Соңғы күшін жинаған батыр жау көзінен жырақтап, барынша ұзаққа кетуге тырысып бағады. Ақыры Арыс өзенінен, сосын Сырдариядан өтіп, құмның орта тұсына жеткен кезде батыр құлаған екен. Серіктері оны сол жерге жерлеп, басына белгі қойып, кері қайтады. Елге оралған соң бұл оқиғаны батырдың жесірінен басқа ешкімге айтпайды. Төлебайдың әйелі батырға сай ер мінезді кісі болса керек, барлық мал-мүлкін айдап, батырдың моласының басына барып, қоныс тебеді. Ол жақта аш қасқырлар көп жүреді екен. Ауылдастары «мына қаңғырған қасқырлар малыңды қырып кетеді, қысқа қалмай елге қайтқаның дұрыс болар» деген ақыл айтады. Бірақ жарына сай қайсар жесір белін бекем буып, сол жерді мекен етіп қала береді. Шынында да аш қасқырлардың үйірлері малды айналып ұзақ жүргенімен тап беруге батпай кері кететінге ұқсайды. Сөйтсе, батырдың рухы малды аралап жүреді екен. Оны көрген ит-құстар малға шабуға батылы жетпей, қайтып кете беріпті. Ал Төлебайдың әйелінің малының басы көбейіп, мол дәулет жинайды. Бір жылдары еліне оралып, жарының басына кесене орнату үшін мол кірпішті түйелерге артып, кері оралады. Сырдан өтіп, құмға жеткенде қатты дауыл тұрып әрі қарай жүру мүмкін болмайды. Сонда әйел көмектесуге өзіне ілескен жерлестеріне қарап: «Сендер жүкті осында түсіріп елге қайта беріңдер, әрі қарай өзім бір амалын тауып апарармын» – дейді. Төлебайдың жарының сырына қанық ауылдастары оның айтқанына қарсы келмей кері қайтып кетеді. Келесі жылы қайта оралған ел ақсақалдары батырдың басына салынған керемет кесенені көріпті деседі. Кесенені кейін де көрген кісілер болған екен бірақ, дәл қай жерде екенін айтып бере алмаған. Екінші нұсқа бойынша Төлебай батырды тек намаз кезінде өлтіруге болатын екен. Батыр қандай жағдайда болса да намазын қаза қылмайтын болса керек. Осыны білген жау оны таңғы намаз кезінде өлтірген. Батыр жерленген жерде қазіргі кезде «Пісте әулие» кесенесі бар деседі. Кесененің маңын пісте ағашы көп өседі екен. Сондықтан ол жерді жергілікті жұртшылық «Пісте әулие» деп атап кетіпті. Энциклопедиялық анықтама бойынша пісте (Pіctacіa. vera) – жаңғақ жемісті, қос үйлі, биіктігі 5–7 метр, ағаш, не бұта екен. Пістенің түзу өсетін бұтағының қаттылығы сондай, одан жебенің сабын жасайтын болған. Сөз соңында айтарым, ұрпақтан ұрпаққа ауызша тарап, жадында сақталған аңыз-әфсаналар қайсы бір заманда өткен шын оқиғалардың желісімен жасалған. Аңыз бен археологияның мәліметтері қайсы бір тарихи оқиғаның немесе нақты мекен мен қалалардың қағаз бетіне түспей қалған сырын ашуға көмектеседі.

Дөкей ТАЛЕЕВ,
Ә. Х. Марғұлан атындағы 
Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, 
тарих ғылымының кандидаты 

 

3557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы