• Ақпарат
  • 27 Сәуір, 2023

Бала құқығы – басты мәселе: Медиа мамандары арнайы ұсыным әзірледі

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Медиа этикасы мен балалардың құқықтарын қорғау» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, медиадағы балалар тақырыбы этикасы жөнінде арнайы ұсыным жариялады. Дөңгелек үстелге халықаралық ұйым өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар, сарапшылар, БАҚ басшылары мен осы салаға қатысты ой-пікір білдіріп жүрген зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына арналған кеңей­тілген кеңесте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейтуді, отбасы құндылықтарын насихаттауға баса назар аударуды тапсырғанын еске салды.

 

 

«Балалардың мүддесі әрқашан бірінші орында»

– Бүгінде бала құқығын қорғау – мәселесі өте өзекті. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз, – деді министр. Себебі соңғы уақытта әлеуметтік желі мен медиадағы бала тақырыбын­дағы этика мәселесі өзекті бола түскен. Айталық, 2023 жылдың басынан бері 18 454 заңбұзушылық фактісі анық­талған. Оның ішінде балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты 2 435 заңбұзушылық анықталған. – Өкінішке қарай, ақпарат құрал­дарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және суицид тақырыбына арналған материал­дардың таралуына жиі жол беріледі. Бұл – этикалық қағидаларды ғана емес, заң талаптарын да бұзу. «Бұ­қаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде ата-анасы және өзге де заңды өкілдері туралы мәліметтерді, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді, зардап шеккен бала туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға тыйым салынады. Біз мұны ұдайы естен шығармауымыз керек, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі. Дархан Қыдырәлі балалар құ­қығын қорғау және олардың ақпа­раттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлемдегі алпауыт компаниялардың өкілдерімен кибербуллинг пен заңсыз контенттің басқа түрлеріне қарсы тұру үшін ортақ жұмыстар басталғанын айтты. «Мәселен, «Тик-Ток» компания­сы­ның Қазақстандағы өкілдігімен бірге нақты нәтижеге жеткізетін жұмыстар басталды. «Тик-Ток» шарттары бойынша, оның пайдаланушылары 13 жастан асқан болуы керек. Егер бала басқа есептік жазбада отырса, платформада баланың 13 жасқа толмағанын жанама түрде анықтайтын және оны блоктайтын алгоритм бар. Сонымен қатар біз ықтимал зиянды мазмұнды бірлесіп анықтай аламыз. Бүгінде «Тик-Токта» қауіпті трюктар мен спорттық контенттер бар екені белгілі. Сондай-ақ отбасылық барометрлер функциясы бар. Қазақстанда өкілдік ашудың жақсы бір нәтижесін осыдан да көруге болады»,– деді министр. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззии-Вейл болса, жиынға қатысушыларды әлеуметтік желілер мен жалпы ақпарат кеңістігі балалардың өміріне, тағдырына өте қатты әсер ететінін ескеруге шақырды. «БАҚ пен әлеуметтік желілерде балалар мәселесін этикалық тұрғыда көрсету маңызды. Балалар туралы хабарлау кезінде балалардың мүддесі, тағдыры әрқашан бірінші орынға қойылуы керек. Сонымен қатар балалардың ар-намысына, қадір-қасиетіне, құқықтарының сақталуына да аса көңіл бөлінуі керек. Біз балалардың БАҚ бетінде болуын шектегіміз келмейді. Керісінше, сол балалардың мәселелері мен істері туралы әртүрлі материалдар арқылы балалар үнінің естілгенін қалаймыз», – деді Летисия Баззии-Вейл. Сонымен қатар ол балалар және жастар, оның ішінде зорлық-зом­былықтан жапа шеккен құрбандар, мигранттар сынды осал топтар туралы хабар таратқанда оның артында кейіпкердің тағдыры тұрғанын ұмытпауға үндеді. Осы ретте барлық халықаралық ұйымдар ұстанатын бірнеше маңызды ұстанымды атап өтті. «Балалар туралы ақпарат таратқан кезде баланың ар-намысы және қадір-қасиеті, құқығы қашан да бірінші орынға қойылып, құрметтелуі керек. Мысалы, бала туралы ақпарат таратқан кезде оның жүзі көрсетілмесе де, аты аталмаса да, оған және оның отбасына, достарына нұқсан келтіретін, олардан кек алатын ақпарат жарияланбауы керек. Сондай-ақ біз мүмкіндігінше әртараптылық пен инклюзияны алға жетелеуіміз керек. Әртүрлі оң және теріс стереотиптерден де аулақ болғанымыз жөн. Мысалы, бір жәбірленушінің оқиғасы туралы репортаж жасаған кезде құрбанның өзін кінәлі етіп көрсететін қандай да бір ақпарат жарияланбағаны дұрыс. Сонымен қатар құрбан мен қылмыскер арасында қандай да бір романтикалық байланыс болғаны жөнінде хабар жазылмауы керек. Ешбір жағдайда қысым болмауы керек, балаға немесе құрбанға кінә тағуға жол берілмеуі керек», – деді ЮНИСЕФ өкілі.

 

 

«Бала құқығын сақтау дәстүріміз бен тарихымызда бар»

Қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай баланың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау қазақтың дәстүрінде бар екенін еске салды. «Халықаралық стандарттарды былай қойғанда, өзіміздің түп негізімізге, қазақ халқының сан ғасырлық тарихына көз жүгіртсек жетіп жатыр. Егер сондағы мәселелерді бүгінгі күнге сәйкестендіре алсақ, бала тәрбиесі мен бала құқығын қорғау ісіндегі халықаралық стандартты қолданудың өзінде өз дәстүрімізді қолданған болып шығамыз. Жәбірлеу, біреудің құқығын таптау, қоғамдағы жағымсыз мәселелердің таралуына бірінші кезекте ақпарат құралдары қарсы тұруы керек. Сондай-ақ балалардың құқығын қорғай отырып, олардың пайдаланатын медиа-ресурстарына да дер кезінде көңіл бөлгеніміз дұрыс. Оған ата-аналар да, басқа да қоғамдық ұйымдар атсалысқаны жөн. Бұл жаппай қадағалау деген сөз емес. Бұл – тәрбие мәселесі», – дейді Дархан Қамзабекұлы. Сонымен қатар спикер бұл адамның ішкі мәдениетіне де қатысты мәселе екенін ескертті. «Бұл мәселе балаларға арналған ақпараттық хабарлар ғана емес, көркем шығармалар мен басқа да мәдени шараларға, фильмдер мен бейнероликтерге де қатысты. Дәстүрлі БАҚ бұрыннан бұл ережелерге сәйкес жұмыс істейді. Бірақ қазір интернет желісіне қосылып кеткендер көп мәселені ескермей жүр. Бұл тек қана заңмен бекітілетін нәрсе емес, әр адамның ішкі мәдениетіне де байланыс­ты. Оны балаларға немесе ересектерге арналған деп бөлуге келмейді, әдеп бәріне ортақ», – деді Дархан Мыңбай.

«Ата-ананың рөлін ұмытпайық»

Көпбалалы ана, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева балалардың медиа саласындағы құқықтарын қорғау үшін ең маңызды алты құрылымға мән беру керек екенін айтты. Айтуынша, ол: мемлекет, қоғам, ата-ана, мұғалімдер, балалардың өзі және БАҚ. «Бірінші кезекте балалардың БАҚ-тың теріс жағынан қорғайтын заң қабылдауымыз керек. Балалардың құқы мен медиа саласында өзін қорғау туралы білім беру бағдарламаларын жақсартуымыз керек. Ата-ананың да атқаратын рөлін ұмытпаған дұрыс.Ата-ана қоғамға және мектепке сүйеніп отыра бермей, өз үлесін қосуы керек. Себебі, тәрбие отбасынан басталады. Кей ата-ана бұл мәселеге беймарал қарайды, балаларына телефонды еркін беріп қояды. Сол үшін мобильді құрылғыларға ата-ана бақылауын қосу керек. Өзім көпбалалы анамын, 11 бала тәрбиелеп отырмын. 12 жыл бойы көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасында өскен балалар мен жетім балаларға көмектесіп келемін. Егер балаларға мән бермесек, олар зиян ақпараттарға ұрынып қалуы мүмкін. Соңғы уақытта балалардың жеке мәселесіне қатысты ақпараттар БАҚ бетіне дұрыс емес тараптан шығып кетіп жатыр. Сондықтан алты құрылым бірігіп, осы мәселені шешуіміз керек», – деді депутат.

«Шектеумен шешілетін мәселе емес»

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі бүгінде әлемнің көптеген елінде кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы ақпарат таратуға заңмен тыйым салынғанын айтты. «Алайда өкінішке қарай, қазақ­стандық БАҚ-та зорлық-зомбылық және суицид тақырыбындағы мате­риалдардың таралуына жиі жол беріледі. БАҚ туралы заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері туралы мәліметтерді, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді, зардап шеккен бала туралы ақпаратты БАҚ-та таратуға тыйым салынған. Біз мұны естен шығармауымыз керек», –деді министр. «Қазақ отбасылары – 2022» социо­ло­гиялық сауалнамасының деректері бойынша, Қазақстандағы ата-ана­лардың басты мәселелерінің бірі – балалардың гаджеттерге, әлеуметтік желілер мен интернетке тәуелділігі болып отыр. Ол 72 пайызды құрайды екен. «Бұл алаңдаушылық орынды. Дегенмен шектеу керек, тыю керек, жабу керек деп емес, басқа жолдарын қарастыруымыз керек. Оның ішінде контент әзірлеу, медиасауаттылықты арттыру, сан мен сапаны көтеру секілді жүйелі жұмыстар қажет. Өйткені жауапкершілікті жасырып қоя алмаймыз», – деді министр Д. Қыдырәлі. «БҰҰ-әйелдер» ұйымы Ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын балалар мен жалпы зорлық-зомбылық құрбандары туралы ақпарат таратқан кезде оларды суретке немесе видеоға тек арқасынан ғана түсіруді ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта құрбандардың жүзін монтажбен бұлыңғырлатып қою тиімсіз, себебі оны арнайы оңай тазартып алуға болады. Сонымен қатар ол баладан сұхбат алған кезде міндетті түрде оның ата-анасы немесе заңды өкілінен жазбаша рұқсат алуды естен шығармауға шақырды. Бұл ретте министр қалам ұстаған қауымның арасында БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының бар екенінен де бейхабар әріптестер аз емес екенін алға тартты. «Өкінішке қарай, балалардың құ­қығын қорғау тақырыбын зерттеу кемшін. Мәселен, Қазақстандағы Z-ұрпақтың психологиясы, психикасы, манипуляцияға төзімділігі, рухани иммунитеті туралы зерттеулер аз. Тіпті, бала құқықтарын сақтаудың арнайы нұсқаулықтары жоқ. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселені де жеке қарастырып, осы бағыттағы зерттеулерді де қолға алу маңызды. Оның ішінде журналистердің біліктілігін арттыру да кезек күттірмеу керек», – деді министр.

«Баланың басына түскен ауыр жағдай тауарға айналған»

Журналист, PhD доктор, Ясауи университетінің профессоры Молдияр Ергебеков қоғам медианы қолданудың этикаға сай жолдары тұрғысынан сауат­ты емес екенін айтты. Оған мысал да келтірді. «Таяуда әлеуметтік желіде мұғалім­нің оқушыны ұрып жатқаны туралы бейнежазба тарады. Сол бейнежазбаны таратқандар арасында «Мұғалімнің істеп тұрғаны дұрыс па?» деген сауал қойып, отқа май құйды. Нәтижесінде, көптеген адам пікірге мұғалімнің әрекетін құп көріп, өздері де таяқ жеудің арқасында адам болғанын жазған. Бұл ойға қосылатындар көп. Бұл «Біздің ауылда бір қайырымды ұры бар, ол өте жақсы адам» деп айтуға ұқсайды. Бірақ біз олай айта алмаймыз. Себебі адам – ұры. Қандай да бір зорлық-зомбылықты ақтауға қақымыз жоқ. Әртүрлі жарнамаларда, кинофильмдер мен телехикаяларда, теледидардағы шоу бағдарламалар мен интернетте айналымға түсіп жүрген, адам құқықтарын бұзатын, әсіресе балалардың құқығын бұзатын лас контенттерге қарсы сезімтал болудың мән-маңызын әлі де болса түсіне алмай жүрміз», – деді маман. Өкінішке қарай, спикердің айтуын­ша, медиа кеңістікте еңбек ететін кей мамандар адам құқықтарын, оның ішінде бала құқықтарын біле бермейді. Білетіндердің өзі осындай оқиғалар көптеп қаралым әкелетіні үшін медиа этикасын саналы түрде бұзып жүр. «Нәтижесінде, балаларға бағыт­талған зорлық-зомбылықтар медиада ашық түрде жазылып, көрсетіліп, айтылып жүр. Баланың аты-жөні, оқитын мектебі, тұратын ауылы мен ауданы ашық түрде айтылып жүр. Басқаша айтсақ, медиа баланың құқықтарын бұзумен қатар, оның басына түскен ауыр жағдайды тауарға айналдырып жүр», – деді Молдияр Ергебеков. Бұл ретте спикер БҰҰ заңнамасы бойынша да, еліміздің заңнамасы бойынша да, 18 жасқа толмаған әр адам – бала болып саналатынын еске салды. Өйткені 18 жасқа толмаған адам физиологиялық және психологиялық тұрғыдан әлі толық жетілмеген. «Олай болса, оқиғада баланың кінәсі бар болса да, тіпті бала қылмыс жасаған болса да, оны қаралауға, оның атын атап, түсін түстеп, көрсетіп, әшкерелеуге құқығымыз жоқ. Оның орнына баланың қолымен жасалған қылмыстың әлеуметтік, мәдени, сая­си және экономикалық себептерін зерттеп, зерделеу нәтижесін қоғаммен бөлісіп, мәселенің шешу жолдарын ғалымдар мен қоғам мүшелерінен, тиісті құзырлы органдардан сұрап, қоғамды бұл мәселе бойынша ағарту – медиа қызметкердің кәсіби міндеті. Сонымен қатар кез келген жантүршігерлік оқиғаның қалай жүзеге асқанын тәптіштеп түсіндіру немесе көрсету де қоғамға писхологиялық әсер етумен қатар, зорлық-зомбылыққа бейім тұлғалардың фантазиясын түрлендіріп, оларды қылмыс жасауға шақыратынын көптеген зерттеулер дәлелдеді. Зерттеуші ретінде айтарым, еліміздегі көптеген медиа органдарда балалар тек қана қайғылы оқиғаға душар болғанда ғана тақырыпқа айналып жүр. Олай болса, бұл медиалар үшін бала – тек қана құрбандық, жәбір көруші»,– деді Молдияр Ергебеков. Сөзін қорытындылай келе ғалым қоғамдағы балалар арасындағы және балаларға бағытталған зорлық-зомбылықты жою үшін әр медиа міндетті түрде балаларға бағытталған және балалармен бірге контент дайындауы керек екенін айтты. Жиын соңында Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі медиа жетек­шілерінен дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдарды ескеру керектігіне мән беруді тапсырып, ортақ ұсынымды бекітті.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

10533 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы