• Ақпарат
  • 18 Мамыр, 2023

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ШАРУА ШАЛАҒАЙЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, 
«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 триллион қаражат бөлуді тапсырды. Ол өз сөзінде: «Жалпы, «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті. Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды» деген болатын. 

Оңтүстік – шаруашылық отаны

Ал кешегі аптада Түркістанда Парламент Мәжілісінің Аграр­лық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев­тың жетекшілігімен еліміздегі көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағы, суармалы егіншілік мәселелері талқыланды. Серік Егізбаевтың мәліметінше, Түркістан облысы респуб­лика бойынша жүзімнің – 76 пайызын, бақша өнімдерінің – 64 пайызын, жеміс-жидектің – 40 пайызын және көкөністің 25 пайызын өндіреді. Яғни республикадағы суармалы жерлердің 25  пайызы осы облысқа тиесілі.
Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының айтуынша, облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеуде, өңірдің 1 миллионға жуық тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен байланысты. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн теңгеден асты. Мемлекет тарапынан «Ауыл аманаты» жобасы аясында биылға 19,8 млрд теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы жобаларын жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру жұмыстары басталған. Дегенмен субсидия бөлінбейтін салалар да бар, осы тұрғыдан шаруалар өз мәселелерімен бөлісті.
Жылыжаймен жан бағып отырған шаруа Данияр Қалтаевтың айтуынша, көкөніс өсіруге мемлекет тарапынан субсидия бөлінбейді екен. Минералды тыңайтқыштар мен силитра қымбат. Оның үстіне биылғы қыста көмір таппай қиналғанын айтады. 
– Біздің бүгінгі таңда өндіріп отырған өніміміз 30-40 млрд теңгенің айналасында. Қазіргі уақытта 15-20 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Енді бұл сала тоқтайын деп тұр. Себебі бізде көмір жоқ. Шұбаркөл көмірін бізге бермей жатыр.Қазір арзан көмірдің болмау себебінен жылыжайға қайта көкөніс егеміз бе, екпейміз бе деген сұрақ туындап тұр бізде. Ал Шұбаркөл көмірін бермейміз, коммерциялық бағамен алыңыздар дейді. Ол баға шаруаларға өте қымбат. Бұл өз кезегінде қымбатшылыққа алып келеді.
Бізге гектарлық субсидиялар алған тиімді, бұрын осы схема бойынша жұмыс істеп келдік. 2018 жылы субсидиялар алынып тасталғандықтан, барлық жылыжай ғимараттарын салу тоқтап қалды. Біз сертификаттаудан өтуге дайынбыз. Біздің ұсыныстарымыз: маусымаралық уақытта көмір болмайды, ал болған жағдайда, оның сапасы нашар. Жылыжай қожалықтарында көмірді алдын ала сатып алуға қаражат жоқ, оны жеткілікті мөлшерде сақтайтын орын жоқ. Мұның бәрі өнімдерімізді бәсекеге қабілетсіз етеді, – дейді Данияр Қалтаев. 

Диқандар банкрот алдында тұр

Расында, еліміздегі диқандар Үкі­меттің жеңілдетілген қаржыландыру бағдар­лама­сынан қол үзген. «Кең дала» бағдарламасы арқылы қаржы ала алмай отыр. Көкөніс шаруашылығы саласының және суармалы егіншіліктің өзекті мәселелері бойынша өткен Мәжілістің Аграрлық мәс     елелер комитетінің көшпелі отырысында депутат Айдарбек Қожаназаров жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалардың, бау-бақша өнімдерін өсіретін диқандарға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілмейтінін айтты.  
– Қазір ең басты проблема – диқан­дарға көктемгі дала жұмыстарын өткізуге қаражат тауып беру. Осы жиын­ның алдында шаруалармен сөй­лестім. Бау-бақша өсіретін, жылыжаймен айналысатын диқандарымыз бүгінде Үкіметтің жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасынан қол үзген, оларға «Кеңдала» бағдарламасымен қаржы алуға мүмкіндік жоқ. Бұл салалар жоғары технологияны және еңбек өнімділігін қажет ететін салалар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Аграрлық несиелік корпорациясы бар болғаны 262 бюджеттік бағдарламаның қаржылық экономикалық негіздемесіне өзгеріс енгізсе жеткілікті. Сонда мәселе толықтай шешіледі. Қазір жылыжай шаруашылығымен және бау-бақшамен айналысатын диқандардың қаржылық жағдайы өте нашар, банкрот болудың алдында тұр. Үкімет қолдауынан күдер үзген кейбір азаматтар бизнесін сатып жатыр. Қаржы ұйымдарының бюрократиясынан шаршаған диқандар барлық өндірісін тоқтатуда. 
Тағы бір маңызды тақырып –  ішкі нарықты қорғау және импорт мәселелері. Қазір контрабандамен келіп жатқан арзан қызанақ пен қияр, онсыз да шаруалардың басына сын болды. Көрші елдерден арзан өнімдер ретінде тіркелген қызанақтар келіп жатыр. Тиісінше, осы бағадан кедендік салық пен төлемдер төленеді. Ал контрабандамен келген көкөністер әлбетте, ештеңе төлемейді. Мемлекеттік органдар ішкі нарықты қорғау үшін шаралар қабылдайтын болсақ баға өсіп кетеді деп қорқады. Баға өспейді, тек алыпсатарлардың пайдасы азаяды. Ең бастысы, контрабандамен келген өнім қазақстандық өнімге айналып диқандардың құжатымен экспортқа шығып жатыр. Егер басқа елде ол көкөністерден ауру туындаса, еліміздің экспорт саласында проблемаларға тап боламыз, – деді Айдарбек Қожаназаров. 
Сонымен қатар депутат шағын шаруашылығы бар диқандар үшін нарықтағы кедергілерді алып тастау керек екенін айтты. Оның сөзінше, көкөніс нарығында пайданың 70 пайызын алыпсатарлар алып жатыр. Бұл өнімнің соңғы құнының өсуіне тікелей әсер етеді. Мысалы, жылыжайдағы 500 теңгелік қияр базарда 1200-1500 теңгеден сатылады. Диқандар егістік жерден өнімін делдалдың талабы бойынша сататын көрінеді. 

Ауыл шаруашылығының мәртебесін көтеру қажет

Депутаттың бұл сөзін «Аман­гелді» корпорациясының құ­рыл­тайшысы Нұрлан Құралов та растап отыр. Дегенмен, ша­руа­ның айтуынша, Түркістан облы­сын­дағы көшпелі отырысқа көп­теген шаруа­лар қатыса алмаған. Кө­терілген мәсе­лелер түпкілікті шаруа­лардың емес, өз есептері үшін ғана жасалған сияқты болып көрінгенін жасырмайды.  
–Бұл жерде жан-жақты қарау керек. Ақша жетіспей жатқан жоқ, субсидия дегенде емес. Мысалы, Асхат Аймағамбетовтың кезінде министр мұғалімдердің статусын көтеруге еңбек етті ғой. Сол сияқты ең бірінші ауыл шаруашылығының мәртебесін көтеру керек. Бұл Ауыл шаруашылығы – Премьер- министрдің бірінші орынбасары деген лауазым болып, сол министрліктен бастау керек. Себебі бұл ауыл шаруашылығы біздің Қазақстанның экономикасын құрайды. Қаншама адамдар осы ауыл шаруашылығына қарап отыр, әсіресе ауыл адамдары. Қала адамдарына да тікелей байланысты. Күннен күнге азық-түліктің қымбаттап бара жатқаны, оның сапасының төмендеп бара жатқаны бүкіл Қазақстан халқының тұрмысына әсері бар. Бұл орайда ауыл шаруашылығының мәні, маңызы өте зор болғандықтан, ауыл шаруашылығы мәртебесін бірнеше есе көтеру керек. Мысалы, қазір шаруашылықта істеп, өнімді өндіреміз, капуста 100 теңге болса, дүкенде, базарда сатылатын бағалары 300-400 теңге, 3-4 есе қымбаттайды, – дейді Нұрлан Құралов.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылы­ғындағы барлық пайданы шаруалар емес, жол-жөнекей делдалдар, алыпсатарлар, саудагерлер көріп отырғаннан кейін шаруалардың көңіл-күйі, жағдайлары ешқашан жақсармайтын көрінеді. Үлкен мекеме құрылса, соған барлық шаруалар басы бірігіп, өнімін өсіріп, қайта өңдеп, сақтап, жұмыс істейді. 
– Байқасаңыз, пияз-картоп маусымында баға 400-500 теңгеге дейін шығып кетеді. Біреулер өндіру керек, біреулер алу керек, сату керек, соның бәрін реттеу керек. Шаруа тек өз жұмысын істеп, өнімді өндіріп беру қажет, болды. Қазір шаруалар әрі өсіреді әрі өзі апарып сатады. Базарға барса, жартысын сата алмай, алып қайтады. Жартысы шіріп кетеді. Сондай бір үлкен қазіргі заманауи технологияларды пайдаланатын, қолы ұзақ, реттеп отыратын мекеме болуы керек. Оған ешкімді қинап кіргізбейді. Мен қосылайын, бірге жұмыс істейік деген шаруаларды қосу керек. Жерін жыртып беру керек, егінін егіп беру керек. Әртүрлі тетіктері бар ғой, мұндай отырыстар ай сайын немесе тоқсан сайын өтіп, жиналыста көтерілген мәселелер қалай орындалып жатыр, несі орындалмай жатыр, бәрін қадағалап отыру қажет. Әйтпесе бізде жиналыста айтылып-айтылып, қалып кетеді. Оның қалай орындалып жатқанына ешкім ешқашан жауап бермейді. Сапаға мән беру керек. Халқымыздың, ұлтымыздың денсаулығы тікелей осыған байланыс­ты. «Ауру – астан» дейді. Көптеген азық-түлігіміз шетелден келген, сапасы нашар. Негізінде өзімізде сапалы өнім өндіріп бере аламыз. Бұл жерде ауыл шаруашылығын көтерсек, көп мәселе шешіледі, денсаулық мәселесі, халықтың әл-ауқаты мәселесі, ел экономикасы деген сияқты. 
Қаржыландыру мәселесіне келсек, біріншіден, диқандардың сауаты жетіспейді. Ол үшін үлкен ЖШС, корпорация, оның есепшісі болу керек. Қаншама жылдық есептері бар, солардың бәрін жинап, реттейтін маман қажет. Қаржылық есебін реттемесе, банктер қабылдамайды. Ал шаруалар мұны істей алмайды. Одан кейін кепілдері жетпейді. Олардың әрқайсы есепші, заңгер жалдап жұмыс істеуге шамалары жетпейді. Жоғарыда айтқан мекеме сол үшін керек деп айтып отырмын, – дейді Нұрлан Құралов. 
Айта кетейік, жоғарыда шаруалар атап өткен «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі науқанды қаржыландыруға 140 млрд теңге қарастырылған, оған 3200-ден астам фермерді қамтып, 2 млн гектарға жуық алқапта егіс және егін жинауды қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ жалпы сомасы 20 млрд теңгеге жуық форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасатын болады. Бұдан бөлек, Азық-түлік корпорациясы ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 300 мың тонна астық көлемінде шамамен 35 млрд теңге сомаға егісті сату және кейіннен қаржыландыру үшін тауарлық несиелер береді.
Дегенмен «Амангелді» корпорация­сының құрылтайшысы Нұрлан Құралов жас шаруаларды бірден несие қамытын кигізіп, тығырыққа тіреуге қарсы. Өйткені шаруашылық деген бәрі бірдей жүріп кете бермейді. Бірінің жолы болып, ісі оңға басса, екіншісі керісінше, банкрот болуы мүмкін. Ондайда шаруашылығы үшін қаншама несиені рәсімдеген шаруаның жағдайына кім жауапты болмақ? 
Біз осы орайда «Қазақстан Фермерлер одағы» қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаевқа хабарласып, мәселені төтесінен қойдық. Бүгінде Мә­жіліс депутаты уақытының тығыз екенін айта келе, «Жалпы фермерлердің сала бойынша қойған талаптары мен сұрақ­тары орынды. Сондықтан ауыл ша­руашылығы саласының дамуына мемлекет тарапынан түбегейлі бетбұрыс жасайтын кез келді» деп қысқа қайырды. 

Қазақстанға аргобанк керек

Біз осы орайда агросарапшы Алмасбек Садырбаевтан еліміздегі шаруалардың жағдайы мен бүгінгі мәселелерін сұрадық. Оның айтуын­ша, шаруалардың жағдайы мәз емес. Елімізде жер мәселесі де, су мәселесі де, қаржы мәселесі де шешілмеген.
– Қазақ бюджеті қазақ елінде тіпті Қырғызстаннан да аз төмен деңгейде қаржыландырылады. Қырғызстанда өз шаруаларын 3 пайыздық несиемен қаржыландырады, ал Қазақстанның шаруалары 6 пайыздан 24 пайызға дейін қаржыландырылады. Сондықтан бұл орайда қазақ шаруаларының есесі кетіп жатыр деп айта аламын. Өкінішке қарай, қуаңшылыққа байланысты да көп мәселелер шешімін таппады. 
Диқандардың «Кең дала» бағдар­ламасы арқылы қаржы ала алмай оты­руының себебі, бұл бағдарлама шаруа­ларға тиімсіз, ыңғайсыз. Көптеген құжаттарды талап етеді. Міндетті түрде Алматы, Астана қалаларында кепіл болу керек. Қаржыландыру саясаты, кепіл саясаты дұрыс емес. Әрине, Президент тарапынан былтырғы жылға 60 миллиардтан 140 миллиардқа дейін осы «Кең дала» бойынша көктемгі егіс науқанына қаржы көлемі ұлғайтылды. Өкінішке қарай, ол өте аз қаражат. Себебі былтыр бөлінген 140 млрд теңгені шамамен 3000 шаруаға бөліп берді. Ол үш мың шаруаға біз орта есеппен бөлгенде 46 млн теңгеден.  Ал бұл несиені алу қарапайым шаруаның қолынан келе алды ма? Жоқ, орта және кіші шаруалар  «Кең дала» бағдарламасы аясының сыртында қалады, – дейді Алмасбек Садырбаев. 
Агросарапшының айтуынша, «Кең дала» бағдарламасы солтүстік өңірдегі шаруаларға икемделіп жасалған. Өкінішке қарай, оңтүстік өңірге уақыты жағынан тиімсіз. Өйткені «Кең дала» бағдарламасын алып, іске қосылғанша мамыр айы болады, ал оңтүстік аймақтың шаруалары ақпан-наурыз айларында өз жұмысын бастап кетеді. Оларға ол қаражат уақытылы жетпейді деген сөз. 
– Бұл мәселені қайтадан қарап жатыр, бірақ оң нәтиже бере ме, бермей ме, белгісіз. Бір өкініштісі, бұл бағдарлама 3000 шаруаның мәселесін шешкенімен, оның сыртында 297 мың  шаруаға жетпеді. Расында, ауыл шаруашылығына жеткілікті көңіл бөлініп жатқан жоқ. Жер-суды айтпай-ақ қояйық, қаржыландыруға келсек, сонымен біз Еуразиялық экономикалық қауымдастықтамыз. Ал мемлекеттік қолдауға келетін болсақ, Ресей Федерациясы өз бюжетінің 12 пайы-зымен мемлекеттік қолдау көрсетеді. Яғни бюджеттің 12 пайызын өз шаруаларын қолдауына жұмсайды. Ал Белорусия болса,  20 пайыз өз бюджетінен шаруашылығын қолдауға салады. Қазақстанда қанша деп ойлайсыз? Біздің еліміз небәрі 4,5-5 пайызын ғана. Қазақ­тың шаруасы тиісті деңгейде қолдау алмағаннан кейін біздің дүкендеріміздің сөресінен осы аталған екі елдің тауар-ларын көріп жатырмыз. Бұл орайда біз ұтылып жатырмыз. Қырғызстан, Ресей, Белоруссияда да Агробанк бар. Қазақстанда жоқ. Біз қазақ елінде Агробанк ашпай, бұл сала түзелмейді», – дейді Алмасбек Садырбаев.

1111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы