• Руханият
  • 18 Мамыр, 2023

ӨЗІҢДІ ТАНЫҒЫҢ КЕЛСЕ, МУЗЕЙГЕ БАР!

Әсел Сарқыт,

«Ana tili»

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 264 музей бар. Орта Азиядағы ең үлкен музей де Қазақстанда орналасқан. Ол – Арқаның төсінде, Астананың төрінде тұрған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Ғимарат Ресейдің Эрмитажы, француздың Лувры және америкалықтардың «Метрополитені» бастаған әлемнің ірі экспозицияларының ондығына енеді. Аса ірі бірегей музей кешені 74 мың шаршы метр жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 мың шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 18 залды алып жатыр. Олар: Астана залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Алтын залы, Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Қазіргі заманғы өнер залы. Мұнда қазақтың төл тарихы, этнографиясынан бастап, жалпы адамзаттың ежелгі және орта ғасыр тарихын қамтитын түрлі жәдігерлер топтастырылған. Жуырда тағы екі зал – «Қолөнершілер орталығы» мен «Палеонтология» залы ашылды. «Қолөнершілер орталығында» еліміздің заманауи шеберлері жасаған үздік сәндік-қолданбалы өнер туындылары жұртшылық назарына ұсынылды.Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлардың көркем үлгісімен жасалған аталмыш орталық келушілер көзінің жауын алды. Онымен қоса, қолөнер бұйымдарымен жақынырақ танысып, ұнаған туындыларды сатып алуға мүмкіндік алды. Ал «Палеонтология» залында Қазақстан аумағынан табылған тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық (индрикотерий), мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарлары мен палеонтологтар мен геологтар тапқан басқа да тіршілік иелерінің қаңқалары жинақталды. Заманауи ақпараттық құралдармен жабдықталған аталмыш орталықты даяр­лау барысында Париждегі Палеонтология музейінің, Лондон қаласындағы Жаратылыстану музейінің, Берлиндегі Жаратылыстану музейі секілді әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлердің тәжірибелері пайдаланылды. Сонымен қатар залдың ғылыми тұжырымдамасын дайындауға танымал отандық және шетелдік палеонтолог ғалымдар тартылды. «Палеонтология залы мен қолөнер шеберлері орталығының ашылуы – Ұлттық музей үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Бірегей экспозиция келушілерге біздің заманымызға дейінгі еліміздің тарихын көрсетіп қана қоймай, отандық палеонтология үшін маңызды орынға айналатынына сенімдімін. Ал қолөнер шеберлерінің орталығы біздің суретшілерімізге ұлтымыздың бай мәдениеті туралы мәлімдеме жасауға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді және жалпы елімізде музей маркетингі пен менеджментін дамытуға қызмет етеді», – деген еді салтанатты шарада Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

«Музей – қойма емес, ғылыми-зерттеу орталығы»

Еліміздегі музейлер ішінде жетекші рөл атқаратын Ұлттық музейде білікті, кәсіби мамандар қызмет атқарады. Олардың ішінде танымал тарихшылар мен археологтар, зерттеушілер, этнографтар, қор сақтау, ғылыми саланы дамыту сияқты музей саласының түрлі сала қызметкерлері бар. Солардың бірі музейдің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасенов. Ол еңбек жолын Алматы қаласындағы мемлекеттік орталық музейден бастаған. Кейін Тұңғыш Президент музейінде қызмет еткен. Қазір Ұлттық музейде Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері және Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің ғылыми жұмыстар жөніндегі бастықтың орынбасары болып қызмет етеді. «Орталық музей – Қазақстан тарихын­дағы ең көне және ең ірі музейлердің қа­тарында. Музей коллекцияларын құру ту­ралы бастама ХІХ ғасырдың 30-жылдары Орынбор қаласында қолға алынған. Кейін Қызылордаға, одан Алматыдағы Кафедралды соборға көшірілген. 1985 жылы Өзбекәлі Жәнібеков министр, Әбіш Кекілбаев министрдің орынбасары болып тұрған кезде музейдің қазіргі ғимаратын салып, бүкіл жәдігерлерді сонда көшірткен. 2005 жылы мен сол музейге жұмысқа кірдім. Музейді ұстазым, этнограф Нұрсан Әлімбай басқарып отырған еді. Ол кісі – осы орталық музейді ғылыми-зерттеу мекемесіне айналдырған адам. Сосын 2005 – 2014 жылдары әлемдік деңгейдегі үлкен жоба «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық еңбек жазып шығарды. Адамдар тарихи ғылыми-зерттеу жұмыстарының бәрі университеттер мен институт қабырғаларында, зерттеу орталығында жүргізіледі деп ойлайды. Музей де сондай ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса алады және айналысуы керек», – дейді Сырым Хасенов. Кей адамдар музейді тарихи заттар сақталған қойма ретінде елестетіп жатады. Алайда Сырым Хасенов бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, бұл жердегі әр жәдігер – көненің көзі, тарихтың айнасы. «Музейді көп адам тарихи заттар жиналған қойма деп ойлайды. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Кейбіреулер тіпті бізден «Сендер музейде қандай жұмыс істейсіңдер? Картиналар мен жәдігерлерді күзетіп отырасыңдар ма?» деп сұрайды. Олай емес. Шынын айтқанда, ғылыми зерттеу жұмыстарының дені осы музейде атқарылады. Мысалы, Эрмитаж, Лувр, Метрополитен музейлері – соның дәлелі. Танымал тарих ғылымдараның докторлары мен ірі тарихшы ғалымдардың дені музейлерде қызмет етеді. Өйткені музей – ғалымдар үшін ірі зерттеу-мәдени орталығы. Сол үшін еліміздегі музейлерде тұрған жәдігерлердің ғылыми каталогын түзіп шығару керек. Олар ғылыми айналымға енетін болса, сол арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстары басталады. Мұндай каталогтар – ғылыми зерттеулерде қолдану үшін таптырмас құндылық», – деді Сырым Хасенов.

 

 

«Жұрт назарындағы жәдігерлер»

Сырым Хасенов ел музейлерінде тұрған әр жәдігер – ұлт тарихынан хабар беретін, ұлттың шығу тегі мен соқтықпалы-соқпалы даму жолын көрсететін бірегей ақпарат екенін айтты. Сол себепті музей сөресінен орын тепкен әр заттың құны мен орны ерекше. Десе де, ол Ұлттық музейдегі құнды әрі бірегей жәдігер ретінде Абылай ханның шапанын, Абылай сұлтанның мөрін, Қазыбек бидің шапанын, кіреуке сауытты, түрлі хандар ұстаған тулардың басын, Абай Құнанбайұлының құтысын атап өтті. «Абылай ханның шапанын 2007 жылы Байдалы бидің ұрпағы Хамза Сәтжанов Президенттік Мәдениет орталығына өткізген. Шапан дегенде, шапанның кішкентай жұрнағы деген дұрыс шығар. Кейін шапанды шебер Тұрсынкүл Жайлаубаева қайта жаңғыртудан өткізді. Қазақтың ауыз әдебиетінде Абылай ханның шапаны мұра болып Уәли ханға ауысқаны, Уәли хан қайтыс болғаннан соң, бәйбішесі Айғанымның шапанды Байдалы биге тарту еткені туралы дерек айтылады. Байдалы би Абылай ханның ең беделді бас биі, ал ХІХ ғасырдың басында Уәли ханның кеңесшісі болған. Дегенмен шетел тәжірибесінде осындай мұраларды музейге қойғанда «болуы мүмкін» деген тіркесті қолданады. Мысалы, Иван Грозныйдың бас киімін музейге қойса, «Иван Грозныйдың бас киімі (болуы мүмкін)» деп жазып қояды. Себебі осындай тарихи жәдігер табылса, сол салаға қатысты мамандарды шақырып, үлкен жиын өткізеді. Сол жерде ғалымдар бір ауыздан жәдігерді шынымен де тарихи тұлғаның тұтынған заты деп таныса, түпкілікті жазылады. Ал ғалымдардың жартысы қолдамаса, «болуы мүмкін» деп жазып қояды. Бізге де осы тәжірибені қолдану керек. Бізде бұл мәселе көп жағдайда қазақшылыққа салынып кетеді», – деді музей қызметкері. Қазыбек бидің шапанынан да тек үлкен жұрнағы қалған екен. Кезінде бидің туыстары оның шетін тәбәрік ретінде қиып-қиып алып кеткен. Тұрсынкүл Жайлаубаева бидің шапанын да сол жұрнағы арқылы жаңғыртқан.

 

«Тұлғалар тұтынған заттың киесі бар»

Киелі адамдардың киесі тұтынған затында да қалатыны рас-ау. Себебі дәл осы Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанын қалпына келтіру кезінде түрлі тылсым оқиғалар болған екен. Шебер Тұрсынкүл Жайлаубаева шапанды алып, қалпына келтіру жұмыстарын бастаймын деген күні көрші кабинеттің жылу беретін батареясы жарылған. Үйіне апарғанда сол үйдің жертөлесінің жылу беретін батарея­сы жарылып, ыстық су терезеден сыртқа атқылаған. Екі жылдан астам уақыт бойы шапанды жасаймын деп жүріп апамыз биден қалған жәдігердің киесі мықты екеніне көз жеткізіпті. Сырым Хасенов мұндай тылсым жағдайдың өз басынан да өткенін айтты. «2014 жылы Ұлттық музейдегі Қазақ­стан тарихы залын жасақтаған кезде жәдігерлерді қоятын сөренің әйнектері қайта-қайта шытынап кете берді. Неге бұлай болды? Өйткені бұл жерде Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, әл-Фараби тұтынған заттар, хандар киген бексауыт­тар тұр. Сосын «Тарих тұғырындағы тұлғалар» экспозициясындағы Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының заттары тұрған сөре де сынып кетті. Сол кезде «Неге музейдің басшылары қан шығарып, құран оқытпайды екен» деп ойладым. Кейін 2020 жылы залды қайта жөндеуден өткізер кезде әріптесім екеуміз құран бағыштап, бата оқыдық. Содан кейін жұмысымыз бір айдың ішінде еш қиындықсыз, жылдам аяқталды. Әлі күнге дейін бірде-бір сөре сынған жоқ. Мен орталық музейде қызмет етіп жүрген кезде де сол жерді күзететін полиция қызметкері түнде Алтын адам тұрған жерде атты адам ары-бері шауып жүретінін айтқан еді. Музей – киелі орын. Бұл жерге таза келіп, таза жүру керек, жұмысты таза істеу керек», – дейді кейіпкеріміз.

 

«Музей – тарихтағы қасіреттің ескерткіші»

Қазақстанда тарихи-этнографиялық музейлермен қатар, белгілі бір тұлғалардың өміріне арналған, тарихи оқиғаларға арналған музейлер де бар. Солардың бірі – «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің» тарихынан сыр шертетін «АЛЖИР» музейі. Ол Астана қаласына таяу жердегі Ақмол ауылында орналасқан. Тарихтағы қан сасыған сол жылдардың оқиғасын музейдің экскурсия маманы Гүлнұр Мейірханова айтып берді. Бұл лагерьде көптеген қазақ зиялы­ларының анасы, жұбайы, қарындастары «Халық жауының» отбасының мүшесі ретінде 5 жылдан 8 жылға дейін тұтқында болған. Он бес жылдың ішінде мұнда жалпы 62 ұлттың 18 мыңға жуық әйелі кезең-кезеңімен тұтқында болған. Алайда тек 8 мыңға жуық әйелдің ғана аты-жөні белгілі. Оның ішінде тек 87 қазақ әйел туралы дерек бар. Олардың ішінде Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Арифа Есенғұлова, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлина, Темірбек Жүр­геновтың әйелі Дәмеш Жүргенова, Жұмат Шаниннің әйелі Жанбике Шанина бар. «Әйелдердің көбін үйінен «тұтқындағы күйеуіңмен кездестіреміз» деп алдап алып шығып, «халық жауының» туысқаны болғаны үшін соттап, АЛЖИР-ге алып келген. Музейдің сыртында тұрған «Ста­линдік вагон» – сол жылдардың айғағы. Оны халық арасында «Қызылша» деп атаған. Ол 1924 жылы астық тасу мақсатында шы­ғарылса, 1937 жылы тұтқын әйелдер тасуға пайдаланылған. Ал айдалған әйел­дердің баласын ешкімнің рұқсатынсыз балалар үйіне алып кеткен. Шыққан тегін ұмыттыру үшін бірге туған ағайындыларды әртүрлі лагерьге жіберген, туған жылы мен аты-жөнін өзгерткен. Балалар үйінде де жағдай мәз емес еді. Айына 40-50 баланың өлімі тіркелген екен», – деп бастады Гүлнұр Мейірханова сөзін. Лагерьде әйелдер түрлі қиыншылық көрген. Күніне 14-16 сағатқа дейін қамыс шабу, мал шаруашылығы, егін шаруа­шылығы, егін ору, арық қазу, саман кір­піштен барак тұрғызу сияқты қара жұмысқа салынған. Оларға ас-ауқат ретінде быламық сорпасы мен қара нан берілген. Тамақтың дәмсіз болғаны соншалық, оны итке тастаса жемеген екен. Әйелдерден тамаққа қатысты наразылық қабылданбаған. Берілген нан кейде шикі, кейде қатты болған. Баласын сағынған әйелдер сондай шикі қамырларға тұз бен су қосып, түрлі ойыншық мүсіндер жасап, гүлдерді қайнатып, оларды түрлі түске бояған. «Жұмыс нормасын дұрыс орындамаған әйелдерге түрлі жаза қолданған. Сондықтан әйелдер егінді қоян жеп кетпеуі үшін өзіне берілген бір түйір тамағын әр түп егіннің түбіне қойып, қоянмен бөлісуге мәжбүр болған. Тамақты жеген қоян егінге тиіспейтін болған. Содан алғашқы жылы көп әйел қайтыс болып кеткен», – дейді экскурсия жүргізушісі. Сонымен қатар тұтқындағы әйелдерге жақындарына хат жазуға жылына бір рет қана рұқсат берілген, жақындарынан келген хатты да жылына бір рет қана әкеліп берген. Соның өзінде күзетшілер хатты әйелдердің қолына бермей, жанып жатқан оттың ішіне тастап жіберетін болған. Сонда әйелдер хатты оттан жалаң қолмен жалма-жан суырып алып, оқиды екен. Қазір мұражайда сондай жартысы отқа күйіп кеткен хаттар мен балалардың анасына жазған хаттарының көшірмесі қойылған. Балалардың хатын оқысаң, олардың да бақылаумен жазылғанын байқауға болады. Себебі балалар анасына «өзінде бәрі жақсы екенін» жазған. Сонымен қатар кей балаларды қорқытып, тырнағына ине тығып, анасынан бас тартқызған. «Ақмол ауылының жанында Жалаңаш­көл деген көл бар. Әйелдер бұл жерде күніне 30-40 бума қамыс жинаған. Кей әйелдер норманы асыра орындаса, ертерек босайтынына сеніп, 70-80 бума қамыс жинайтын болған. Көлдің арғы бетінде Жаңажол деген қазақ ауылы бар. Сол ауылдың тұрғындары қамыс шауып жүрген тұтқын әйелдерге алыстан құрт лақтыратын болған. Алғашында әйелдер оны тас екен деп ойлайды. «Біздің еш жазығымыз жоқ қой. Неге бізді сонша жек көреді» деп жылаған кезде күзетшілер оларға «Сендердің халық жауының әйелі екендеріңді қазақтар да біледі, сол үшін тас лақтырады» дейтін болған. Бұл туралы осы жерде тұтқында болған неміс келіншек Гертруда Платайс өзінің естеліктерінде айтқан. Гертруда сондай бір күндері «тасқа» сүрініп құлап, көз алдында жатқан «тастан» сүт иісі шығатынын байқайды. Ақырын аузына салып дәмін татса, жеуге келетінін аңғарады. Баракқа әкеліп, қазақ әйелдерге көрсеткен кезде ғана ауыл тұрғындарының лақтырып жүргені тас емес, құрт екенін білген. Кейін осы естелік бойынша Раиса Голубева «Құрт – асыл тас» деген өлең шығарған. Сонымен қатар ауыл тұрғындары әйелдер үшін қамыс арасында ет, балық, нан тығып кететін болған», – деп тарихтан сыр шертті Гүлнұр ханым. Лагерьдегі әйелдер күнделікті жұмы­сымен қатар тігін тігумен де айналысқан. Алғашында тігін цехын өздері сұрап, аштырған. Басында өздеріне жұмысқа арналған киім тіксе, кейін майдандағы сарбаздарға арнап киім тігіп жіберген. Кейін кестелеп, түрлі заттар тігетін болған. Оны күзетшілер жергілікті базарға апарып, сатып жіберетін болған. Оны кейін бостандыққа шыққан кезде әйелдер базар сөрелерінен тапқан. «Әйелдер өздері қолдан тұрғызған барактарда тұрды. Бір баракта 250-300 адам тұрған. Әйелдер оны қамыспен жылытқан. Қамыс тез жанып кеткендіктен, түнімен кезекке отырып, от жағуға мәжбүр болған. Сонда барактың ішіндегі ауа температурасы бар болған 6-9 градус арасында болған екен», – деді музей қызметкері. Гүлнұр Мейірханованың айтуынша, лагерьде әйелдерде түрлі зорлық-зомбылық жасалған. Салдарынан осы лагерьде 1 507 бала заңсыз өмірге келген. Олар үш жасқа толғанға дейін баракта анасының жанында болған. Үшке толған соң анасының рұқсатынсыз балалар үйіне өткізілген. Сол балалардың арасында хат-хабарсыз кеткені көп. «Қарағанды қаласындағы Долинка елдімекеніне жақын жерде «Мамочкина моласы» бар. Бұл жерде қанша бала жерленгені әлі күнге дейін белгісіз. Себебі қыстыгүні қайтыс болған балалардың денесін дәліздегі қара бөшкелерге жинап қойып, көктем келіп, жер жібігенде үлкен шұңқыр қазып, бірге көметін болған. Сондай бөшкенің ішіне Бейімбет Майлиннің қызы Гүлсім Майлина да түскен. Аштықтан әлсіреп, талып қалған баланы балалар үйінің қызметкерлері өлдіге санап, бөшкеге лақтыра салған. Кейін дәлізде жүрген тәрбиеші баланың саусақтары қимылдап жатқанын байқап, үйіне алып кетіп, тамақтандырып тірілтіп алған. Әлі дәм-тұзы таусылмаған Гүлсім осылай аман қалған. Кейін медицина факультетіне оқуға түсіп, лагерьге анасын іздеп барған», – дейді Гүлнұр. Музей қызметкері музейдің ашылу тарихын да тарқатып берді. Ақмол ауылы бұрын Малиновка деп аталған. Себебі бұл жерде таңқурай өте көп өскен екен. Кейін белгілі болғандай, оны осы лагерьде қамауда болған әйелдер отырғызған. Бұл ауылды Иван Иванович Шарф басқарған. Ол неміс ұлтының өкілі. Әке-шешесі Қазақстанға жер аударылған. Анасы орман жұмыстарында қайтыс болған. Осы Иван Иванович ауылды басқарып тұрған кезде Жалаңашкөлдің маңайынан құс фабрикасын салмақ болады. Сол кезде құрылысшылар топырақты қазған сайын адам сүйегіне кездесіп, фабрика салудан бас тартады. Оны естіген шетелдік журналистер газетке «Малиновка – адам сүйектерінің үстінде орналасқан ауыл» деген мақала жариялаған екен. Соның нәтижесінде, Иван Иванович неге адам сүйектері көп табылып жатқанын ауыл тұрғындарынан, көнекөз қариялардан сұрастыра келе бұл жерде әйелдер отырған лагерь болғанын анықтайды. Кейін сол кісінің бастамасымен тұтқында отырған әйелдерге хат жолданған. Газетке «АЛЖИР кімнің есінде?» деген мақала жария­лап, кездесуге шақырған. Бұл 1989 жыл еді. Бірақ көп әйел келуден бас тартқан. Себебі, тағы да алдап шақырып жатыр деп ойлаған. Тек жақын маңайда тұратын он бес шақты әйел келген екен. Сол жылы «Жарылған жұлдыз» монументі ашылып, көл маңайында мұсылман және христиан мазарының белгісі қойылады. Бірақ ол жерде қай ұлттың әйелдері жерленгені әлі күнге дейін белгісіз. 1938 жылы ашылған лагерь 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін жабылды. Лагерь жабылғанымен, әйелдердің тағдыры жақсарып кеткен жоқ. Себебі олардың құжатында «Халық жауының әйелі» деген таңба болды. Сондықтан шетелге шыға алмады, жұмысқа тұра алмады. Оларды босатарда лагерьде болған жағдайды «ешкімге айтпайтыны туралы» қолхатқа қол қойдырып барып жіберген. Сол себепті АЛЖИР туралы айтудан көп әйел қорыққан. Тек 2007 жылы ғана Иван Ивановичтің бастамасымен, сол кездегі президенттің қолдауымен осы музей ашылды. Музей қызметкерінің айтуынша, бұл музейде де тылсым оқиғалар көп болған. «2007 жылы ақпан айында музей құрылысы басталған кезде құрылыс жүр­мей қойған. Біресе құйып қойған іргетас құлаған, енді бірде құрылыс техникалары істен шығып қала берген. Кейін мал сойып, қан шығарып, құран бағыштағаннан кейін 90 күн 90 түн дегенде ғана құрылыс аяқталып, музей ашылған. Бастапқы кезде күзетшілер де музейден түрлі дыбыс еститін болған. Бірақ қазір тынышталды», – дейді ол. «Музейден адам аяғы үзілмейді. Тарихтағы ақтаңдақтардың ақ-қарасын ажыратуға, танып-білуге жұрттың ынтасы зор. Шетелдік туристер де көп келеді. Сонымен қатар осы лагерьде тұтқында болған әйелдердің ұрпақтары іздеп келіп жатады. Мектеп оқушылары да үзілмейді. Сол үшін сенбі-жексенбі күндері кезекшілікпен қызмет етеміз. Қазір мамыр айындағы жұмыс күніміз толықтай жоспарланған, экскурсия кестеміз толып тұр», – деді Гүлнұр Мейірханова.

 

 

«Музей қызметкерлерінің жағдайы мәз емес»

Сырым Хасенов музей қызмет­кер­лерінің жағдай мәз емес екенін айтады. «Музей қызметкерлері неге ғылыми-зерттеу жұмыстарымен терең айналыса алмай отыр? Оның бір себебі – баяғы күнкөріс, әлеуметтік жағдай. Әлемде му­зейдегі ғалымдардың әлеуметтік жағдайы жақсы: жалақысы жоғары, бас­панамен қамтамасыз етілген. Есесіне, жұмыс жүктемесі біздікінен аз. Ал біздің елде бұл мәселе қаралмаған. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын мен еңбек жолымды бастаған кезде ғылыми қызметкерлердің жалақысы 60 мың теңгенің төңірегінде болатын. Қазір 140-150 мыңның айналасында. Сол себепті де музейде маман тұрақтамайды. Мықты-мықты мамандар басқа салаға кетіп қалды. Жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы өте төмен. Гардеробта тұратын қызмет­керлер мен жай қызметкерлердің жалақысы 30-40 мың теңге дегенге сенесіз бе? Кезінде Ұлттық музей ашыларда «қызметкерлерге жағдай жасалады», «жалақысы 500 мың теңге болады» дегенді естігенбіз. Басында музей қызметкерлеріне үй салу үшін жер телімдері бөлінген еді. Бірақ ол мәселенің соңы сиырқұйымшақтанып кетті де, үш жылдан кейін жерді тартып алды. Сол үшін Парламентте «Мәдениет туралы» заңды қайта қарап, кітапхана, музей, театр саласына басымдық беру керек», – дейді Сырым Хасенов. Музей қызметкері бұл салада маман тапшы екенін жасырмады. Музейде көбінесе тарихшылар мен филологтер жұмыс істейді. Ал музей саласы бойынша ғылыми атақ қорғаған адам саусақпен санарлық. Иә, тарих пен мәдениет – өте терең, тұңғиық, ауқымды дүние. Оның маңызын бір жәдігермен немесе бір туындымен түсіндіре алмайтының сияқты, бір мақаламен жеткізу де мүмкін емес. Бүгін біз осы саладағы маңызды мәселенің тек бір шетін ағыттық. Оқитын көз, еститін құлақ табылса…

4003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13459

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7797

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7427

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6805

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6754

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6541

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5316

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5308

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы