• Ақпарат
  • 18 Мамыр, 2023

ҚАЙТА ҚАЙРАЛҒАН ҚАЗАҚ БОКСЫ

Ташкент төрінде бес батырымыз жеңіске жетті. Бір-екеуінің жолын төреші кесті. Бір-екеуі өз мүмкіндігінен төмен өнер көрсетті. Бір-екеуі анық жеңілді. Барған жердің бәрінен алтын сыпырып келу мүмкін емес. Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет сыртта өткен әлемдік додадан осынша көп алтын жеңіп алып отыр. Ал бұл жеңістің нарқы қаншалық жоғары? Шынын айтқанда, Ташкенттегі әлем чемпио-наты Париж олимпиадасына іріктеу болмаса да, олимпиялық салмақ болып саналмайтын дәрежелердің бәрін қосқанда жүлдеміз өте қомақты көрінсе де – біз үшін өте маңызды.

 

 

Біріншіден, осыдан кейінгі әлемдік дода енді Париж олимпиадасынан бір жылдан кейін өтеді. Яғни Ташкент додасы – төртжылдықтың басты сыны алдындағы негізгі дайындық. Ташкенттегі жеңістен рухтанған қазақ боксшылары күздегі Азия ойындарында, одан кейінгі екі іріктеу турнирінде олимпиадаға қажетті 7 жолдаманы да жеңіп алуға күш салатыны анық. Мұндай жеңіс бізге өте қажет еді. Естеріңізде ме, 2018 жылғы Азия ойын­дарында Қазақстан құрамы 2 күміс жүлде ғана иеленді. Араға бір жыл салып Екатеринбургте (Ресей) өткен әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетовтің жалғыз алтынын қанағат тұтты. Яғни Токио олимпиадасында алтын-күміссіз қалуымыздың арғы себебі сол олқы табыстарда жатқан жоқ па? Олимпиада алдындағы үлкен жеңіс осы себептен де маңызды. Екіншіден, бұл – бапкерлер құрамының жеңісі. Біз Қазақстан құрамасының жаттығуды қалай өткізіп жатқанын өз көзімізбен көрдік, репортаж тараттық. Сонда бейнесюжет астына жазылған теріс пікірлер тіпті жүрегімізді айнытқан еді. Он пікірдің жеті-сегізі қазақ боксын жерге тығып, бапкерлердің білігін нөлге бағалап, алдағы бәсекелерде төрде емес, босағада қалатынымызды болжап, «ғажап» сәуегейлік жасады. Бірақ бапкерлер бұған назар аударған жоқ. Ең бас­тысы, Мырзағали Айтжанов құрамаға ғылыми топты қайта шақырды. Бүгінгі спорттың ең алдымен, ғылым екенін бас бапкер жақсы сезінді. Оған қоса, АҚШ-та жұмыс істеп жүрген физикалық жаттықтырушыны арнайы шақырды. Нәтижесін көрдік, біздің 13 боксшының ешқайсысы үш раунд аяқталғанша қолдары салбырап, иіні түсіп, шаршы алаңнан кеткенше асыққан жоқ, соңғы секундқа дейін жан аямай айқасты. Кәсіпқой бокс жүгін қатар алып жүрген Марат Жәкиев сияқты маман құрамаға қайта тартылды. М.Құланұлының осы керемет жеңістен кейін де сабасынан шықпай, асып-таспай қорытынды жасағаны қатты ұнады. «Қанша теріс пікірлер айтылса да, чемпионат қарсаңында бізге ең алдымен, бірлік керек екенін айтудан жалықпаған едім. Ташкенттегі жеңісіміз – сол бірлігіміздің арқасы» деді бас бапкер. Иә, сол бірліктің арқасында жеңілген боксшылардың өзі алға жылжыған бауыр­ларына айқайшы, тілекші болды. Сол бірліктің арқасында «Хумо» аренасын өз үйіндей еткен қазақ жанкүйерлері Әнұран үзіліп қалғанына қарамастан соңына дейін шырқап берді. Бұдан артық не керек?! Елдік деген осы емес пе?! Осы бір­лігіміздің берік екенін өзбек бауыр­лар да көр­мей-білмей тұр­ған жоқ, дода аяқ­талған соң, Мыр­зағали бапкерге арнайы шапан жауып, құрметпен шығарып салды. Үшіншіден, әлемдік дода қазақ боксының қаны бүкіл тамырын бойлай жү­гіріп жатқанын аңғартты. Яғни «тек жеңіл сал­мақтылар мықты, басқасы қайда?» деп дағ­дарып тұр­маймыз. «Шыбын» салмақты Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан, орта салмақтағы Дулат Бекбауов пен Асланбек Шымбергенов, ауыр салмақтар керуенін бастайтын Нұрбек Оралбай туымызды көкке көтерді, Әнұранымызды асқақтатты. Дегенмен алаңымыз да жоқ емес. Жүлде жеңіп алған бес салмақ дәре­жесінің екеуі ғана – олимпиялық салмақ. Басқа бес салмақтағы жігіттер бі­рінші, екінші айналымда, соңы ширек финалда сүрініп жатты. Екі жыл бұрынғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов (51 кило) төрешілердің тұсауына тап болды дейік. Бірақ маврикийлік Ричарно Колинге есе жіберген Санатәлі Төлтаевты (63,5 кило) қалай ақтаймыз? Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кило) ежелгі қарсыласы Баһадүр Жалоловтан неше жылдан бері өте алмай жүр. Бұл тіпті дәстүрге айналып барады. Айбек Оралбай әлемнің күміс жүлдегері Әзиз Мұхидинге (92 кило, Италия) жол берді. Екі жыл бұрын Белградта күміспен қуантқан Серік Теміржанов (57 кило) Кубаның жаңа бой көрсеткен мықтысы Сайдел Ортадан анық жеңілді. Демек, бапкерлер құрамы бас ауыртатын мәселелер көбеймесе, азая түскен жоқ. Төртіншіден, тағы бір көңіл тоғай­татын нәрсе – қазақ бокс­шыларының негізгі қарсыластармен терезесі тең, тіпті басым өнер көрсетуі. Өзбек боксшыларымен осы сында біздің оғландар алты рет жолықты. Үш рет жеңілді, үш рет жеңді. Соның ішінде финалда екі рет жеңіп, бір рет есе жіберді. Куба боксшыларымен көрсеткіш –1:1. Сабырхан Йосвани Вейтияны жеңді, ал Теміржанов Ортадан айла асыра алмады. Ресейліктермен ара қатынас – 3:0. Қоңқабаев, Тәшкенбай және Н.Оралбай тиісінше А.Дроновты, Э.Худоянды, И.Хатаевты тоқтатты. Мұның барлығы болашақ үшін керек. Алдағы айтулы сындарда шаршы алаңға тіземіз дірілдемей шығудың көрінбес, білінбес алғышарттары осындай. Тағы бір сүйініш – бокстан ізба­сар­лардың бар екендігі. Екі жыл бұрын ғана Белградта топ жарған ардагер Теміртас Жүсіповты Ташкентте Тәшкенбай жоқтатты ма? Жоқ, ағасының ерлігін қайталап, екінші чемпионат қатарынан бұл салмақтың алтынын қоржынымызға салды. 80 килода Н.Оралбай Белградта ширек финалмен шектеліп еді, бұл жолы алтыннан алқа тақты. Яғни бұл салмаққа Б.Нұрдәулетов қайта оралғысы келсе де, өз елімізде мықты қарсыласы бар деп сеніммен айта аламыз. Ал «келесі жолы міндетті түрде әлем чемпионы атанамын» деп уәде беріп, сол уәде үдесінен шыққан М.Сабырханмен қалай мақтансақ та жарасады. Екі жыл бұрын ол финалда жапон Томоя Тсубоиден ұпай санымен жеңіліп, қатты өкінген-ді. Бұл жолы финалда шаршы алаң иесі Ойбек Жораевті екі рет нокдаунға жіберіп, күмәнсіз жеңді. Біздің білуімізше, Махмұд олимпиялық салмақтың біріне (51 әлде 57) ауысса да бәсі төмендемейді. Дегенмен бәрін бапкерлер шешеді. Қорыта келгенде, Ташкенттегі әлем чемпионаты олқы соға бастаған тұсымыздың кетігі орнына келе бастағанын көрсетті. Күзде Ханчжоуда (Қытай) жалауы желбірейтін Азия ойындарында бокс турнирін Халықаралық олимпиялық комитет бастан-аяқ өзі өткізеді. Демек, Ташкент салтанаты сол жерде ортайып қалмауға тиіс. Ташкент төрінде бес батырымыз жеңіске жетті. Жоқ, алты батыр. Жоқ, жеті батыр. Өзбекстан атынан алтын алған Руслан Абдуллаев бауырымызды (63,5 кило), Қытай атынан 80 килода күміс жеңіп алған Тоқтарбек Таңатқанды неге өзімсінбейік! Айналып келгенде, Ташкент додасы қазақ боксының салтанаты болды!

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

1171 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13075

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7413

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7044

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6418

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6363

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6154

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4938

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 4921

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы