• Ақпарат
  • 25 Мамыр, 2023

СЫР БОЙЫНАН КЕТКЕН КӨШ

Осы кезге дейін Алаш қозғалысының өкілі Серіқұл Алдабергеновтың қоғамдық-саяси қызметін айғақтайтын деректер құпия қорларда сақталып келді. 2020 жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға қатысты жарлығы осы тоңды жібітті. Құпия қорлар біртіндеп ашыла бастады. 
С.Алдабергенов 1917 жылы Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне М.Шоқаймен бірге қатысқан. Серіқұлдың кеңестік билік тұсындағы саяси қызметі барынша күрделі сипат алды. Бірақ Алаш идеясына адалдығы оны 1929–1934 жылдары кеңес билігінің өктемдікпен жүргізген реформалары кезінде көшбасшыға айналдырды. Тағдыр оған Кеңес билігінің қысымынан Сыр бойынан Өзбекстан мен Тәжікстанға жаппай ауған көшті бастатты. 

 

Серіқұл Алдабергенов 1873 жылы қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауда­нындағы №7 ауылда туған. Әкесі Алдаберген қажылық сапарында дүние салған. Сегіз жасында Жөлектегі орыс-бұратана мектебінде білім алған. 1897 жылы Перовск уезі приставының Жаңақорғандағы өкілі – аудармашы болып қызмет істеген. 1915 жылдың соңында Приречный болысының басқарушылығына сайланып, бұл қызметті ақпан төңкерісіне дейін атқарған.
Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде Перовск уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қазан төңкерісіне дейін қызмет еткен. «Қазан төңкерісінен кейін уездік атқару комитетінің төрағасы қармақшылық, уездік басқарманың бұрынғы тілмашы Ералы Қасымов болды. Үш айдан кейін оның орнына ақмешіттік адвокат Құсейін Ибрагимов тағайындалған. Оның орнына большевик Гержод отырды. Онымен бір ай жұмыстас болғаннан соң мен отставкаға кеттім. Бұл 1917 жылдың соңы болатын» дейді өзі. Серіқұлдың 1925–1928 жылдары Қазақ Орталық атқару Комитетінің хатшысы болған Бегаудар Аралбаевпен байланысы жөнінде мынадай дерек кездеседі. Серіқұл уездік атқару комитетінен жұмыстан босаған кезінде оны Шиеліде Уақытша үкіметтің комиссары болып қызмет істеген Б.Аралбаев шақырып, Сырдария облысы қазақтарының атынан Орынбордағы Алаш Орданың съезіне делегат болып баруды ұсынады. Серіқұл ұсынысты қабылдап, Түркістан уезінің қазақтары Имамберді Ержігітов және Мәуленқұл Байзақовпен бірге Орынборға барады және Сырдария облысынан барған Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Осы съезде негізінен Алаш Орда үкіметін құру мәселесі шешіледі. 
Ал Түркістан қаласында өткен съезді ша­қыруға байланысты Ә.Бөкейхан мен М.Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» деген тізімде С.Алдабергеновтің есімі кездеседі. Ал осы съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан төңірегінде туып өскен Садық Өтегенов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықовтар белсене қызмет еткен. Сұрақ-жауаптарында Серіқұл осы съезге қатыса алмауын өзінің сүзекпен ауырып қалғанымен түсіндіреді.
Бірінші Жалпықазақ съезінен бастап көтерілген ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік түріндегі Алаш идеясы Түркістан өлкесіндегі Сырдария және Жетісу облыстарын қазақ еліне қосуға бағытталған. Қазақ ұлтының тәуелсіздік мәселесін қараған 5-13 желтоқсанда, 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысында Сырдария облысынан қатысқан делегаттарының қатарында С.Алдабергенов те болады. Архив қорларынан қолға іліккен тапшы деректердің өзі Серіқұлдың Алаш қозғалысының белсенді өкілі болғанын айғақтайды. Оның қоғамдық-саяси қызметін ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге септігі тиетін тарихи құжаттар Өзбекстан Республикасының және қауіпсіздік комитетінің архивтерінде сақтаулы. 
С.Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітірген Жорабек Есенов (Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың әкесі – авт.) және оның Түркістан мұғалімдер семинариясын бітірген інісі Бабабек Есеновтермен тығыз араласқан. 1918 жылдары Серіқұл мен Жорабек Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істеген. Серіқұл жер бөлімінің бастығы болса, Ж.Есенов уездік милицияның бастығы болған. Жергілікті халыққа өте жайсыз тиген уездік атқару комитетінің төрағасы шовинист И.Гержод (жергілікті халық оны «көржұт» деп атаған – авт.) қызмет істеген жылдары билікке араласқан ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан. 
Тергеушілердің Серіқұлға таққан айыптардың бірі Бұхар Әміріне мыңбасы дәрежесінде қызмет еткені және одан шапан кигені. Осы деректі одан әрі таратып көрейік.
1919 жылдың сәуірінде Жаңақорғанда су шаруашылығымен айналысып, егін ектіреді. Оның бастамасымен 15 шақырымдық Күркіреуік каналы қаздырылады. 1919 жылдың тамызында Қызылқұмға көшіп, Бұхар Әміріне қарайтын Нұратадағы әйгілі жәрмеңкеге қатысады. Нұратада мешітінің мүтәбәлиі Қарақожа атты өзбектің үйінде тұрады. Нұратадағы Әмір Әлімханның басқарушысы Рахматуллақожа датқамен мүтәбәли арқылы танысады. Оған Гержодтың қысымымен қашып жүргіндігін айтады. «Біз Гержодты білеміз. Оның билеп-төстеуіне шыдамай Ақмешіттен біздің өзбектер де қашып келген. Бізде тұра бер, саған ешкім тиіспейді» дейді датқа. Серіқұлдың тағдырын жақсы түсінген бек оның иығына бұқарлық жібек шапан жабады. Осы жібек шапан айыптау қорытындысында Серіқұлға Бұхар Әмірі арқылы Ауғанстандағы контрреволюциялық күштермен байланыста болды деген айыптауға дәлел болады. Серіқұл осы жылдың соңында Гержод тұтқынға алынып, Сібірге жер аударылғаннан соң ғана елге оралады. 
1934 жылы 28 маусымда «С.Алдабергенов қамауға алынып, оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті жергілікті халықтың республикадан тыс жерлерге ауа көшуін ұйымдастырды» деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда КСРО НКВД-ның айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл қылмыстық іс бойынша Алдабергенов Серқұлмен бірге, Созақ ауданының тұрғыны, бұрынғы болыс Исаев Жанәділ де жауапқа тартылған. 
Серіқұлдың тергеу хаттамаларынан оның қашан және кімдердің ықпалымен көшіп кеткені жөнінде дерек кездестіреміз. Ол алғашқы тергеулерінің бірінде 1929 жылдың қыркүйегінде Бегайдар Аралбаевтың келу құрметіне, Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында Нелегковтың үйінде жаңақорғандық бай Сәрсенбай Байдалинов қонақасы бергенін, оған өзінен басқа Нысанбек Торғаев, Алтынбек Мырзахановтардың қатысқанын айтады. Кездесуге қатысушылар шаруашылық науқандары, кулактарды тап ретінде жою туралы пікірлерін ортаға салған. Сонда Аралбаев Қазақстандағы ықпалды адамдарға тыныштық болмайтыны, ерте ме кеш пе, олардың да қуғын-сүргінге ұшырайтынын айтып, Орта Азияға көшуді ұсынған. Ол ұсынысты жөн көрген Серіқұл аталғандардың арасында алғашқы болып ауа көшкен.
Серіқұлмен қатар Шымкент абақтысында тергелген жаңақорғандық Ибадуллаев Саруар ишанның 15 қараша 1933 жылғы көрсетуінде Тәжікстанға ауа көшушілердің арасында қызмет істеген Серіқұлмен бірге Әбдіқадыр Телғожинов, Досымбек және Өтеген Шопановтар аталады. Осы ұйымның атынан Ауғанстанда тұратын Бұхар Әміріне «шетелдік ұйымға көмек ретінде» ұйым мүшелері Тәшім Ержанов пен Әбілхан Тантақов арқылы 20 фунт алтын, 40 фунт күміс,1000 метр таза Түркістан жібек матасы жіберілгенін айтады.
1930 жылдың көктемінде Ташкент қаласында Өтеген Шопановтың ұйымдастыруымен 25 қазақ белсендісі қатысқан жиында Шопанов «Қазақстан үкіметі байлар мен діндарларды жоюға шешім қабылдады, сол үшін де бізге елге қайтатын жол жоқ. Осыған байланысты «Союзтранстағы» Тәжікстан өкілдерімен келістім, олар түйекештер артелін ұйымдастырып, Тәжікстанға өтуді ұсынды. Әр түйеге 50 рубльден төлеймін. Тәжікстанға кетеміз» дегенді айтқан. Осыдан кейін беделді кісілер туыстары мен дос-жарандарын жинап, жаппай ауа көшуге дайындалады. Осылайша Өзбекстанның оңтүстік аудандары мен Тәжікстанға 50-60 мың қазақ шаруашылығы шоғырланды.
1934 жылдың 2 шілдесіндегі сұрақ-жауабында С.Алдабергенов 1930 жылдың тамызында «Голодный степь» стансасында Ө.Шопанов, У.Смайылов, Ө.Қожмұхамедов, Нысанбек, Өмірбек, Оңғарбек Торғаевтардың қатысуымен жиын өткенін, олар «Союзтранспен» 2500 түйе жинауға келісімшарт жасағанын айтып, қолда бары 1000 бас қана болғандықтан, «біз Қазақстаннан ауа көшушілердің жаңа толқынын ұйымдастыруымыз керек болды» деп жауап береді.
27 шілдедегі сұрақ-жауап хаттамасы Серіқұлдың ауа көшуде қазақтың қандай қайраткерлерімен ақылдасқанын анықтауға арналған екен. Серіқұл осы мәселеге қатысты С.Қожановпен ақылдасқан. Кезінде Түркістан Республикасында мемлекет тізгінін ұстаған қайраткердің Өзбекстанда осындай қосалқы деңгейдегі қызметтерде болса да ауа көшкен елге қолынан келген қызметін жасағаны аңғарылады. 
29-30 жылдың қысында ауа көшушілер шағын топтармен Қазақстанның оңтүстігінен Мырзашөлге көптеп көшіп келе бастаған. Олардың тағдырына алаңдаған Серіқұл Ташкентте Ортаазиялық бюрода үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіндегі Сұлтанбек Қожановтан ауа көшушілерді қайда орналастыруға болатынын сұрайды. Сұлтанбек Қожанов барлық қазақ ауа көшушілерінің Ферғана аңғарына шоғырланып, «Союзтаранстың» жүктерін тасымалдау үшін түйе керуендерін ұйымдастыруға кеңес берген. Осы хабарды алған Серіқұл Мырзашөлге шұғыл аттанып, ауа көшушілердің жасырын жиынын өткізеді және С.Қожановтың ұсынысын хабарлайды. Жиында Қазақстаннан Орта Азияға жаңадан ауа көшушілерді тарту мәселесі де қаралып, туыстарын кеңестік биліктің қуғын-сүргіннен құтқарып алу үшін елге ауа көшудің жаңа толқынын ұйымдастыруға адамдар жіберуге келісім жасалады. Осы жиыннан соң Серіқұл Шеріхан Нұрмұхамедов екеуі Қожановпен жолығу үшін Ташкентке арнайы барған. 
Серіқұл Тәжік КАСР Халкомкеңесінің төрағасы Абдраим Хаджибаевпен бірнеше рет кездесіп, келіссөз жүргізген. 1931 жылы Қорғантөбе қаласында Хаджибаев 50-шақты қазақ ауа көшушілерімен жиын өткізеді. Төрағаның кездесуде қозғаған мәселесі – төленетін ақысына қызығып, Мәскеу қаржыландырып отырған «Вахшстройға» ауысып кеткен кірекештерді Тәжікстанның «Союзтрансына» қайтару. Сол жиындағы Хаджибаев «Тәжікстанға Қазақстаннан келгендер «Союзтранстың» республикалық мекемесінің, мемлекеттің қаржысының есебінен келгендер» деген сөзі ауа көшудің стихиялы емес, ұйымдасқан сипат алғанын айғақтайды. Сол кезде Тәжікстанға үкіметтің жоспарлы саясатының нәтижесінде, жаңа жерді игеру мақсатында Орталық Азиядағы барлық республикалардан ауа көшушілер барған. 
Ходжибаевтың 8 наурыз, 1931 жылы Наманган аудандық жер бөліміне «Қазақтарды өз түйе­лерімен қоныстандыруға келісемін. Жолақысы біздің есебімізден, оның үстіне әр шаруашы­лыққа 50 рубльден кредит беріңіздер» деп жеделхат жолдағаны Үкіметтің жанынан құрылған Қоныстанушылар Комитетінің өзге республикалардан көшіп келушілерді жұмысқа орналастыру қызметінің бір ғана дерегі. 
1934 жылдың 28 желтоқсанында ҚАКСР Ішкі Істер Халық Комиссариаты басқармасының тергеушісі Латыпов тергеу ісін аяқтап, С.Алда­бергенов пен Ж.Исаевтың ісін КСРО ІІХК Мем­лекеттік Қауіпсіздік Бас Басқармасының Ерекше Кеңесінің қарауына ұсынады.
Шымкент қалалық түрмесінде жүргізілген тергеудің қорытындысымен, тергеушілер Тәжік­с­­­­таннан тұтқындап алып келген С.Алдабергенов пен Жанаділ Исаевқа 29 қыркүйекте РКФСР ҚК 16-53, 3 бабымен қылмысты деп тауып, айыптау қорытындысын жасаған. Аталған айыпталушыларға тағылған айыптың бірі «Жаңақорған ауданынан 14 319 шаруашылық немесе аудан тұрғындарының 52 пайызы ауа көшіп кетсе, мал басы 95 пайызға азайған, 7 мың пұт астық қоры талан-тараж болған, «Сталин», «Еңбек», «Еңбекші қазақ», «Елтай» колхоздары күйреген». Түркістан ауданында 25 пайыз колхозшылар ауа көшкен, мал басы 76 пайызға азайған, «Үсік тас», Исаев атындағы колхоздар күйреген. Тәжікстанда тасымалданған 50 мың пұт астық, 180 пұт қант пен шай талан-тараж болған, ауа көшушілердің Ауғанстанға жаппай өтуі ұйымдастырылған, шекаралық бекеттерге 10 мыңнан аса қазақ шаруашылығы шоғырланған.
Серіқұл Алдабергенов пен Жанәділ Исаев айып­тау қорытындысында өздеріне тағылған айыптардан тек ауа көшу мен оларды эмиграцияға дайын­дауды ұйымдастырғандарын ғана мойындаған. Осы айыптау қорытындысы негізінде КСРО ІІХК Ерекше Кеңесінің 1935 жылғы 23 наурыздағы хаттамасымен С.Алдабергеновке контрреволюциялық ұйымға қатысқаны үшін бес жылға жазасын өтеу үшін 1934 жылдың 28 маусымынан бастап Красноярск өлкесіне жер аударуға; 1928 жылы Оралға жер аударылып, одан қашып кеткен Ж.Исаевтың жазасын өтеу үшін 1934 жылдың 28 мамырынан бастап бес жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберу туралы шешім қабылданған. Ж.Исаев 22 сәуір 1935 жылы арнайы этаппен Сиблагке, С.Алдабергенов 6 мамыр 1935 жылы кезекті этаппен ІІХК Красноярск облыстық басқармасының қарамағына жіберілген.
Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстарына қорытынды жасайды. Осы қорытынды негізінде тиісті заң актілері қабылданбақ. Ауа көшушілер туралы да үкімет тарапынан құқықтық және саяси баға берілуі керек деп ойлаймыз. 

Х.ТҰРСҰН,
тарих ғылымының докторы,
Ахмет Ясауи атындағы 
Халықаралық қазақ-түрік 
университетінің профессоры

675 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы