• Ақпарат
  • 25 Мамыр, 2023

БЕЙІТІ ҚАЙДА БАБАМНЫҢ, БИІГІ ҚАЙДА ДАЛАМНЫҢ?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде «тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз» деп атап көрсеткені белгілі.

«31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың құтты мекеніне айналды. Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы», – деді Президент Қ.Тоқаев. Осыған орай, осы аптада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Жиында Мемлекеттік комиссияның зерттеу, баспа және архив жұмыстарының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Іс-шарада 2023 жылы саяси қуғын-сүргін тарихына арналған кезекті материалдар мен құжаттар жинағын жарыққа шығару жоспарланғаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар XX ғасырдың 1920-50 жылдары аралығындағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына қатысты материалдарды терең зерттеуге және талдауға арналған ғылыми жобалардың нәтижелерін таныстырды. Бұдан бөлек, комиссия отырысында ғалымдар мен зерттеушілердің ізденіс жұмыстарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған нысаналы қаржы­лан­дыру бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік комиссияның баспа қызметін дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, архив базасын жүйелеу және қорларға біріктіру ісін жалғастыру секілді негізгі бағыттарына қатысты тапсырмалар берілді. Рас, қасіретті жылдардың зобалаңы ұмытылмайды. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің архивтерінде, жабық қорларда әлі де ауқымды зерттеулер жүргізілуде. Құ­зырлы мемлекеттік орган­дармен бірле­сіп, ве­домстволық архивтерді құпия­сыздандыруға және қуғын-сүргін құр­бандарын ақтауға қа­тысты жұмыс жалға­суда. Биыл әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық құжат жарық көрді. Президентке таныстырылды. Биыл да Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифр­ландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.

 

Хангелді Әбжанов, академик:

Кем дегенде миллион адам қуғын-сүргіннің құрбаны болған

– Тоталитарлық қоғам үшін, әсіресе диктаторлық билеушісі бар елде қуғын-сүргін заңды әрі қалыпты жағдай. Қуғын-сүргін большевиктік режим орнағаннан Кеңес одағы ыдырағанша жүріп жатты. Ол қанды-қырғын, құпия, бірде жұмсақ қысым түрде өтті. Ол Мәскеуде қалай жүріп жатса, тура сондай жағдайда Қазақстанда, Өзбекстанда, Украинада да жүрді. Мұның ұйымдастырушы, бастамашысы – партия. Арнайы заң бар. Бірақ қуғын-сүргінді толық әшкерелеуді және ашаршылық құрбандарын толық ақтауды қайта-қайта қолға алғанымызбен, соңына дейін жеткізе алмадық. Мәселен, заң ғылымында қылмысты біле тұра айтпаған адам да қылмыскер саналады. Қуғын-сүргін болғанын біле тұра, соны әшкерелеуге, құрбандарды толық ақтауға келгенде 30 жылдан бері әлі сөзбұйдалыққа салып келеміз.Былтыр «қуғын-сүргінге ұшыраған екі адам да ақталған жоқ» деп өз ренішімді білдірген болатынмын. «Берілген жауапта 311 мың адам ақталды» дейді. Осынша адам ақталса, неге әлі жасырып отыр? Олай болса, сүйіншілеп, толық тізімімен халыққа жариялау керек қой. Жоқ, олар екі адамның атын айтпайды. Бұл – бір. Екіншіден, Сәкен Сейфуллинді, Темірбек Жүргеновті ақтадық.Бірақ оларға қатысты құжаттар әлі күнге құпия белгісімен қаптаулы жатыр. Біз неге оларды құпия сақтаймыз? Адамын анықтаймыз, бірақ құжатты ақтамаймыз. Бұл – қарама-қайшылық қой. Ал қуғын-сүргін жекелеген адамдарды ғана емес, тұтас әулетті де қаусатып кетті.Жүргеновтың әкесі де қуғын-сүргінмен атылды. Екі бауыры Қосжан мен Досжан да қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Те­мір­бек Жүргеновтің өзі де атылды. Бұл – тари­хы­мыздың ең бір қасіретті кезеңі. Әлі сол құр­бандардың алдындағы қарызымыз, парызымыз өтелген жоқ. Қазақстандағы құрбандар саны 130 мың деген цифр шыққан, біз содан айырылмаймыз. Ал мен құжаттарды қарап шықтым, кем дегенде миллион адам қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Құжаттағы санға қол жетпегеннен кейін неше түрлі цифр, аңыз пайда болады. Демек, бізге құрбандарды адам ретінде де, құжат ретінде де толық ақтайтын уақыт келді.

 

 

Құралай Сәрсембина, тарих ғылымының кандидаты:

Әділеттілік толық қалпына келгені дұрыс

Патшалық Ресейдің отарлық сая­саты салдарынан, өз билігінен айырылған халықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайының мүш­кіл болғаны да жұртшы­лыққа мәлім. Кеңестік Ресей ұзақ жылдарға созыл­ған отаршылық қамы­тынан әбден қал­жырап, ти­тықтаған халықтың жағдайын өз саясатын жүр­гізуге шебер пайдаланды. Сонымен, патша­лық Ре­сейдің отар­лау саясатын жал­­ғас­тырған қы­зыл­дар би­лігі ор­нық­қан күн­нен бастап, өзінің қол ас­тын­­дағы халық­тарға реп­рес­сиялық шараларымен танымал болды. Ұлттық бол­мы­сымызға түскен сызаттарды одан әрі тереңдетуге аянбай кірісті. Алайда ұлттық тәрбиенің қуаттылығы хал­қы­мыздың өз болмысынан ажырамауына себеп болды. Ашаршылық, жаппай саяси қу­ғын-сүргін то­талита­ризм­нің табиғатынан туындады. Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық тақырыбы тәуелсіздік алған уақыттан бастап тереңнен зерттеліп келе жатқан тақырыптардың бірі. Танымал тарихшы ғалымдарымыз осы тақырып төңірегінде құнды еңбектерін жариялап, ұлттық сананы көтеруге өлшеусіз үлес қосуда. Мәселен, М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелді, Т.Омарбеков, Қ.Алдажұманов және өзге де ғалымдардың еңбектерінің ғылыми маңызы жоғары. Отандық ғалымдардың еңбектері оқиғаның себеп-салдарын, мәнін, барысын, салдарын толықтай ашып көрсетеді. Қызылдар әкелген қасіреттің ауқымдылығы соншалықты оны толықтай зерттеп шығу да өте күрделі. Қазақстан Президенті К.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңды және саяси тұрғыдан ақтау мақсатында Мемкомиссия құрылып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған категорияларын ақтау ісімен айналысуда. 2022 жылы жарияланған тың архив құжаттары мен материалдарын қамтитын 31 жинақтың да тарихи маңызы зор. Бұл жинақтар ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол ашып, тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіруге атсалысып, тарихи сананың биіктеуіне қомақты үлес қосады деген пікірдемін. Өйткені, жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргізілген репрессиялық шаралар қоғам өмірінің барлық саласын қамтығандықтан, сол зобалаңнан бірде-бір елдімекен, бірде-бір отбасы аман қалмағандығы жұртшылыққа жақсы таныс. Кеңестік саясат ұлтжанды азаматтарды, тіпті қарапайым адамдарды да «халық жауы» ретінде ату жазасына кесіп немесе еңбекпен түзету лагерлеріне айдағанда, олардың отбасы мүшелері, туған-туыс, көрші, таныстарына дейін қудалауға ұшыратты. Жазығы жоқ, өмірдің қатыгездігінен бейхабар, бейкүнә сәбилер «ата-анасы үшін» Ішкі істер Халық Комиссариаты жетімектеріне айналып, «Кеңес өкіметінің балалары» ретінде «қайта тәрбиеленді». Осылайша ұлттың тұтастығы мен елдің бірлігіне сызат түсіп, ұлттың ерік-жігері әлсіреді. Отбасы институтын бүлдіру саясатының түпкі мақсаты да осы еді. Нәтижесінде, бұрын-соңды болып көрмеген, әкесіне баласын қарсы қою, туған анасынан бас тарту секілді адамдыққа жат құбылыстар туындады. Отбасы қоғамның негізгі бірлігі болғандықтан, отбасы арқылы қоғамның даму деңгейін анықтай аламыз. Отбасы жылылығы әйел-ананың жанұяда алатын орнымен тығыз байланысты екені де даусыз. Мұрағаттардағы шаң басып, сарғайып жатқан құжаттардағы «контрреволюциялық іс-әрекеті» немесе «үгіт-насихаты» үшін сотталған әйелдерді жүйелі түрде зерттеу біздің парызымыз. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құқық қорғау органдарының қолымен жасалды. Кеңес мемлекетінің заңдары 1920 жылдан бастап-ақ тоталитарлық жүйенің орнауына жол көрсетті. Кеңестік құқық «биліктен айрылған қанаушы таптарға» қарсы бағытымен ерекшеленді. Кеңестік тоталитарлық қоғам билік тармақтарын бір-бірімен сабақтастыра байланыстырып, сот билігін саясаттың құ­ра­лына, партияның қолшоқпарына айналдырды. Сол арқылы репрессиялық шаралар жүргізілді. Қазақтың ойшыл зиялылары қазақ қоғамындағы дәстүрлі сот билігінің отаршылдық саясат салдарынан, түбегейлі өзгеруіне қарсылық білдіргенімен, мемлекеттік деңгейде жүргізілген саяси қуғын-сүргін шараларына қарсы тұра алмады. Сот билігі өзіндік мәртебесінен айрылған тұста өрескел заңсыздықтар етек алып, адам құқықтары аяққа басылды. Қызын төрге отырғызып құрметтеп, ұлының арқасынан қағып, ер образымен өсірген қазақ рухына, түйіндеп айтқанда ұлттық санаға сызат түсті. Қызылдар билігін жамандау мақсат емес, бірақ тарихи шындық айтылғанда ғана, тарихи таным шеңбері ұлғаятындығы ақиқат. Сол заманның шындығын Алаш зиялылары кезінде талдап та кетті. Ахмет Байтұрсынұлы бейнелегендей: Еркін көшкен Елің қайда? Ел қорғаны Ерің қайда? Тура айтатын Биің қайда? Би бардағы Күйің қайда? Адал көңіл Антың қайда? Жалған анттан Сақтық қайда? Бауыр тартқан Жүрек қайда? Намыс қызған Сүйек қайда? Ер орнына Еркек қалды, Көлеңкеден Үркек қалды. .... Бауыр, жүрек Талас боп тұр. Намыс, сүйек Қалаш боп тұр. Малың алдау, Талауда тұр. Жаның арбау, Қамауда тұр. Тарихшы ғалым Т.Омарбеков: «Зиялыларды қуғындауды геноцид деуге келеді...Қазақтың бетке ұстарларының бәріне, большевик немесе алашордашы болғанына қарамастан оларға қарсы сот ұйымдастырып, арнайы тапсырмамен, бұйрықтармен көзін құртқан. ...Қазақтың ақыл ойы бола алатын адамдардың көзін жоюдың геноцидтік сипаты бар екенін мойындаған жөн, өйткені олардың бәрін «Ұлтшыл» деп айыптады», – деген тарихи тұжырым жасаған еді.

 

 

Досай Кенжетай, философия және теология ғылымының докторы:

Ақтауға қатысты арнайы заң керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін мен ашарлық құрбандарын еске алу күніне орай сөйлеген сөзінде кеңес дәуірі тұсындағы «үлкен террор» мен зұлматтың қазақ халқы үшін болған орасан зардабын атап өтті. Ұлт тарихындағы ауыр трагедиямен сипатталатын бұл қаралы да қайғылы оқиғалар қазақ қоғамын түгел шарпыды, адамдардың санасы мен жүректе терең қатпарлы із қалдырып, жанды жаралады. Жаппай репрессия – «қызыл қырғынның» диірменінен жүз мыңдаған қазақстандық өткен, оның жиырма мыңы «үштіктің», «бестіктің» қаулыларымен өлім жазасына кесіліп, атылып кеткен. Бұл сталиндік режимнің жасаған мемлекеттік терроры құрбандардың басым көпшілігі халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары, олардың арасында, әрине, діни тұлғалар да болатын. Бұл ресми тіркелгені, ал халық жады мен ел аузындағы әңгімелерде қуғын-сүргін қазақ отбасыларының әрқайсысын қамтыған және аштан босып, ауып көшіп кеткендер мен сотсыз атылғандар да баршылық. Контрреволюциялық әрекет деген айып қазақ зиялыларынан бастап, ауқатты адамдардың барлығын «бай, кулак» деп кінәлауға, қарапайым еңбек адамдарын астық ұрлады деген айыпқа ұласты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі – бүгінгі «Әділетті Қазақстан» идеясын нықтау барысында кешегі тоталитарлық жүйеден қалған саяси-идеологиялық нормалардан айығып, құқықтық мемлекетке өтудегі өте маңызды мәселелердің бірі.Өйткені халықаралық адам құқы декларациясына сәйкес, мемлекет өз органдары мен лауазымды тұлғаларының қызмет барысында әр азаматқа қатысты заңсыз қимылмен келтірген залалы үшін жауапты болып, материалдық және моральдық борышын өтеуі тиіс. Ал өткен кеңес дәуірінде «халық атынан» үкім шығарып, билік жүргізген коммунистік партиялық режим миллиондаған адамды жазықсыздан-жазықсыз саяси және діни көзқарастары, шыққан әлеуметтік және ұлттық тектеріне бола қуғын-сүргінге ұшыратқаны белгілі. 1920–1950 жылдар аралығындағы қазақ қасіреті адамзат тарихындағы орны толмас трагедиялық құбылыс. Осындай адамзаттық, ұлттық, өркениеттік қасіретке дауа болатын міндет ол –тарих алдында ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғап, өзара ашық сұхбат құра отырып айығу, өткенге баға беру яғни – реабилитация немесе ақтау болып есептеледі. Сонымен қатар бұл – тарихтан сабақ алу үшін, лайықты құқықтық және саяси бағасын беріп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін ұрпақ алдындағы орасан зор жауапкершіліктен туындайтын мемлекеттік мәселе. Әсіресе, қазіргі геосаяси ахуалды ескере отырып, сарапшылар «екінші реcпублика» деп атап жүрген «Әділетті Қазақстан» үшін, яғни еліміздің тәуелсіз дамуының жаңа белесі үшін өте маңызды қадам екені анық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау акциясы бұрын да болған. Мысалы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16 қаңтар 1989 жылғы «30- 50 жылдар арасындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты қосымша шаралар»; осыған сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Қазақстан Республикасы 14 сәуір 1993 жылғы заңы. Бұл кезекті ақтау акциясы толығымен құрбандар феномені туралы тарихилық пен әділеттілікті орнықтырудағы ең күрделі әрі маңызды қадам болмақ. Жалпы «Әділетті Қазақстанды» құру барысында тарихтың тағылымы бүгінгі заманның сұранысына жауап беруі керек. Сонда ғана одан адам мен қоғамға қандай да бір пайда болады. Жаңа әрі әділетті қоғам орнату шынайы әрі табиғи ұлттық негіздерді заманауи жаңғыртқанда жүзеге асады. Соның барысында зерде сауығып, тәуелсіз сана жаңарады. Жалпы Президент Жарлығын толық іске асыру үшін төмендегідей заң баптары әзірленіп, қабылданса деген ұсыныс бар: – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» туралы заң бабы керек. Себебі кейбір заңнамаларда «сатқын­дық» анықтамасымен атылған, қуғындалған тұлғалардың шыққан тегі мен діни сенімі негізінде осындай статья тағылған. 58 баптың 1-12 аралығы толығымен қайта қаралып, ақталуды қажет етеді. – «Саяси қуғын-сүргін себебінен осы елден мәжбүрлі түрде жер аударылған, көшкен, ауа көшкен босқындар» туралы заң керек. Себебі бүгінгі таңда жақын геополитикалық жаһандық құбылыстың бірі Ауғанстан мәселесінде, қазақ топырағынан ауа көшкен, кейіннен құжатынан, тілінен, мәдениетінен ажырап қалған, тек қана тарихи санамен ғана, ауызша тараған шежірелері мен фольклор деректері негізінде ғана өзі қазақпын дейтін топтар туралы да ойлану керек. – «Сталиндік қуғын-сүргін құрбандары – егемендік жолындағы қаһармандар, тәуелсіздік жаршылары» ретінде арнайы бапқа лайық. Сондықтан ел тарихының үш кезеңі: өткені, бүгіні мен болашағы арасында тұтастық пен сабақтастық белестері ретінде, елдің рухани тәжірибесінде ұмытылмас қабат ретінде орын алуы үшін заңмен бекітілуі тиіс деп есептеймін.

7873 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13460

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7798

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7428

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6806

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6755

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6542

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5317

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5309

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы