• Ақпарат
  • 25 Мамыр, 2023

ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙ: ДОСТЫҚ. СЕНІМ. КЕЛІСІМ

17-19 мамыр күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барып-қайтты. Сапар барысында екі ел арасында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде өзара виза талаптарынан босату туралы келісім қоғам назарын аударып, алаңдаушылық тудырды. Осы ретте Президенттің Қытай еліндегі сапарына шолу жасап, оған қатысты мамандардың пікірін білген едік.

Президент сапарын ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пинмен келіссөз жүргізуден бастады. Кездесу барысында мемлекет басшылары екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 
Президент қазақ-қытай инвести­циялық дөңгелек үстеліне қатысып, Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесті.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты», – деді Мемлекет басшысы дөңгелек үстелде.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптес­тіктің негізі болып келеді.
«Біз мұнай экспортын көбейту үшін «Қазақ­стан – Қытай» мұнай құбырын кеңей­туді жоспарлап отырмыз. Қолданыстағы құбыр­лардың (яғни, «Атырау-Кеңқияқ» және «Кеңқияқ-Құмкөл») мұнай тасымалдау мүм­кіндігін арттыру да өзекті мәселе. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауыты­ның өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Біз бұл салада көптен бері CNPC-мен бірге табысты жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту басым бағыттың бірі саналады. Осы ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісін салу өте маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанына назар аударып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеді. Қытайлық әріптестерді осы саланың инвестициялық мүмкіндігін қарап көруге шақырды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өнер­кәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет екенін атап өтіп, KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын толық қолдайтынын айтты.
«Қытайда электромобиль жасау ісі қар­қынды дамуда. Сол себепті литий өндіру сала­сындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Chery, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды.
«Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық. Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда серіктестерімізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, JD.сom (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD.com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды. Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін (күнбағыс майы, кондитер өнімдері, сусындар) Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының пікірінше, ынты­мақ­тастықты нығайтуға мүмкіндік беретін мол саланың бірі – агроөнеркәсіп. Жуырда Қытайға бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалды. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады. Сондай-ақ соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артты. Сонымен қатар Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр­ғанын жеткізіп, Қытай компанияларын қант өндірісін дамытуға белсене атсалысуға шақырды.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.
«Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыз­дарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серік­тестікті нығайтуға шақырып, оларға «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының артықшылықтарын айтып берді. Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Оған қоса, келешекте China International Capital Corporation (CICC) ұйымы Қазақстанда өзінің аймақтық бөлімшесін ашуды ойластырып жатыр.
Президент сөзінің соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді.
Осы күні Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақ­станның логистика орталығының ірге­тасын қалау рәсіміне онлайн режимде қатысты. Сондай-ақ Президент осы сапары барысында JD.сom электронды коммерция алаңында Қазақстанның Ұлттық павильонын ашты.
Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысы 19 мамырда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде қазақ тарапы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді.
«Географиялық жағдайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаластық», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды. Президенттің айтуынша, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Орталық Азия мемлекеттерін қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығының әлеуетін бірге пайдалануға шақырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Президенттің айтуынша, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты да нығайту керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады.
«Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн. Сондай-ақ автокөлік жасау сияқты ғылымға негізделген салалардың келешегі зор. Қазақстан мен Қытайдың бұл бағыттағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге шыққанын атап өткім келеді. Біз жеңіл және жүк көліктерін (JAC) жасай бастадық. Электромобиль шығару жобасын жүзеге асырдық ( JAC iEV7s, YUTONG және Golden Dragon электр автобус­тары). Осындай автокөліктерді қуаттайтын стансалардың инфрақұрылымы жасалып жатыр. Кеше қытай көліктерін құрастыратын өндірісті іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Елімізде литий, кобальт, никель және басқа да сирек элементтердің мол қоры бар. Біз осы салада жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Қазақстанның бірқатар облысында белгілі қытай көліктерінің өндірісі табысты жұмыс істеп жатыр. Біз қытай компанияларын осы аймақтарда автомобиль кластерін құруға шақырамыз. Біздің Үкіметіміз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін барлық жағдайды жасап, мүдделеріңізді қорғайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент энергетика саласында, соның ішінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар деп есептейді. Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту маңызды екеніне тоқталды, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атап өтті. Сондай-ақ мәдениет және білім ынтымақтастығын және туризмді дамыту мәселесіне де назар аударды. Сонымен қатар Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті. 
Ресми шара аяқталғаннан кейін Орталық Азия мен Қытай басшылары Халық­аралық конференция орталығы­ның алдында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Сонымен қатар Президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысты. Президент консул­дық ғимаратында Қытайға жасаған мемлекеттік сапарын қорытындылап сөз сөйледі.
«Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше. Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жан­дандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ын­тымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәулен Әшімбаев: 

Ұлттық мүддені ескере отырып, әрекет етеміз

Мемлекет басшысының Қытайға сапары, оның ішінде екі ел арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім көпшілік талқысына түскен еді. Осыған байланысты Сенаттың жалпы отырысында спикер Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының Қытайға сапары туралы айта келе, ынтымақтастық барысында ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, әрекет ететінімізді айтты.
«Бізде экономикалық, ең әуелі көлік-коммуникация саласында көптеген бірлескен жобалар бар. Жаңа көлік бағыттарын, атап айтқанда, транскаспийлік бағыттарды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осыған байланысты Қытаймен сындарлы қарым-қатынасымызды сақтау және оны нығайту саясатын жүзеге асыру біз үшін маңызды. Бұл тұрғыда әрине, біздің ұлттық мүдделерімізді және Қытайдың өз ұлттық мүддесін ескере отырып, әрекет етеміз. Елдеріміздің егемендігін құрметтей отырып, біз Қытаймен осындай күрделі қарым-қатынасты дамытамыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат спикері Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанатынын еске салды. 
«Біз Қытаймен, Батыс елдерімен, Ресеймен, мұсылман елдерімен қарым-қатынасты сақтаймыз. Ал бұл көпвекторлы, ұлттық мүд­демізге негізделген саясат ең тиімді, мемлекетіміздің дамуының қажеттіліктеріне сәйкес келеді. Бұл саясат жалғаса береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Серік Нұрмұратов:

Алаңдау – заңды құбылыс

Саясаттанушы Серік Нұрмұратов тарихи көршімен тиімді қарым-қатынас жасау өмір қажеттілігі екенін айтты.
«Қазақ елінде ежелден «Синафобия», яғни «Қытайфобиясы» қоғамдық санада бар екені белгілі. Ол әлеуметтік психологияның терең қатпарларында орналасқан. Міне, сондықтан Қазақстан мен Қытайдың арасындағы саяси байланыстардың болашағына алаңдаушылық білдіру – заңды құбылыс. Дегенмен тарихи көршімен тиімді қатынастар жасау өмір қажеттілігі. «Жеті өлшеп, бір кесетін» қадамдар ұлттық қауіпсіздігіміз үшін орынды», – деді ол. 
Серік Нұрмұратовтың пікірінше, визасыз режимге қатысты қатынастардың паритетті болғаны жөн.
«30 күндік визасыз режім кімге көбірек тиімді екенін ауық-ауық сараптаудан өткізу керек. Қазақстан мен Қытайдың арасындағы алыс-беріс бола бермек, дегенмен ол қатынастар паритетті болғаны жөн. Яғни айына Қазақстаннан Қытайға 10 000 адам баратын болса, онда Қытайдан бізге қанша адам келгені жөн. Осы мәселені анықтаған абзал», – деді сая­саттанушы.

Майя МҰРАТБЕК

742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы