• Ақпарат
  • 25 Мамыр, 2023

Ұйтқиды уақыт дауылы, Оятып ұлттың рухын...

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Заманалар сазына құлақ қойыңызшы: қазақ қазақ болғалы мынау асқақ дүниеде басымыздан не өтпеді? Ғасырларға жалғасқан ұлттың көшінде қуаныш та, қайғы да, зар да, запыран да бар. Ол тарихтың әрбір қадамы ел жадында, жүрегінде. Ол тарихтың әрбір сәті аяулы, қастерлі. Ол тарих, мейлі қандай болса да біздің тарих, ұлттың тарихы, тағдыры. 
Соның бірі – Сталиндік репрессия деп аталған азалы тарих еді. 

Күллі қазақ баласы жыл сайын, мамыр айының соңғы күнінде ­саяси қу­ғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алады. Еске алу – құрбандар рухына құран оқып, ру­хына фатиқа тілеумен шектелмесе керек. Өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдығында құны сұраусыз кеткен, рухы жоқтаусыз қалған құрбандардың арман-аңсары не еді? Олар қол созған биік қандай-ды? Олар жеткісі келген, көргісі келген болашақ ше? Міне, осы тақілеттес сауалдарға жауап бере отырып, өткенге көз салу, болашақта сондай қателіктердің қайталанбауын тілеу күні – саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. 
Алаш зиялылары мен ХХ ғасыр басындағы ұлт кемеңгерлері қазақ деген халықтың өзгелермен терезесі теңесуі үшін әр салада да алапат өзгерістер жасауға ұмтылды. «Қазақ жерінің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы» үшін еңбек етті. Шаршамады, талмады. Абақтыға қамалды. Жазықсыз жалалы болды. Ақыр соңында олардың көпшілігі Сталиндік алып сыпырғыға қидай сыпырылып кете барды...
Академик Мәмбет Қойгелдінің былай дегені бар еді: «Кезінде кеңестік билік қазақ қоғамын, әсіресе жас буын­ды Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлынан алшақтатуға көп күш жұмсады. Қазақ жұрты сөйтіп алданды, рухани тоналды. Ендігі жағдайда қазақ қоғамы Ахаңдар көр­сеткен табиғи арнаға түсіп, өз жолын табуы керек. Олай болмаған күнде тағы да біреудің жетегінде кетеді»...
Тәуелсіздік алған уақыттан бергі қазақ Алаш ардақтыларына қаншалықты жақындады? Олардың арман-аңсарын толық түсініп, зерделеді ме? «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болғысы» келгендердің осы мұрат жолындағы құрбандығы қаншалықты ескерілді?
Бұл сауалдар да осы күні қойылып және жауабы әбден еленіп-екшеліп барып айтылуға тиіс-ті. Ең болмаса осы сауалды әр қазақ өзіне қоя алса және жауабын өзі тауып, соған сай әрекет етсе – бұрынғының құрбандығы бекер болмағаны дер едік.
...Одан бөлек, 31 мамыр – аштық құрбандарын да еске алу күні.  
Аштықтан өлген адамның моласы болмайды. Қазақ даласында сүйегі сөңкеленіп қалған сансыз адамның – аштық құрбандарының да болашаққа айтқысы келген сөзі болғаны анық. Ол сөз, арзу-арман – бүгінгінің құлағына жетті ме? Бейітсіз бабалардың құнын ке­зінде даулай алмадық. Ендігіде ол құн­ның өтеуі не боларын бағамдадық па?
Аштықтан іші бұратылып, жанары өлеусіреген жандардың рухы оянып кеткен күнде де олардың «бір уыс топырағын» тауып бере алмаймыз ғой. Себебі оларға ешкім топырақ салмады, ешкім бет сипамады, ешкім соңғы сөзіне де құлақ қоймады. Ендеше осы бір азалы күні талай құрбанның жүзін жабу үшін желмен ұшып келген туған жердің топырағын да аялап қойған дұрыс-ау! 
Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алатын осынау бір күн – олардың рухы тыншу үшін алақан жаятын сәт қана емес. Бұл күн сұраусыз, көмусіз қалған бабалар арманын қайта тірілтер күн. Олардың сөзін дауыл үйіріп әкетпегенін, қаны текке төгілмегенін өзгенің де, өзіміздің де айқын ұғынар күніміз. Бұл күн – сертке адал боздақтардың рухы тірілген күн.

1301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

29 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы