- Ақпарат
- 25 Мамыр, 2023
Аралға алаңдамаса болмайды!
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов Арал теңізіне қатысты мәселенің күн тәртібінде тұрғанын айтты.
– Қазіргі кезде Солтүстік Арал теңізінің тартылу жағдайы өңір халқын қатты алаңдатып отыр. Кейінгі 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текшеметрге азайған. Яғни үштен бірінен айырылды. Суы тартылған теңіздің орнынан көтерілген тұз бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Салдарынан судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге артқан. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балық жаппай қырыла бастайды. 2020–2021 жылдары Арал ауданының аумағында қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайды, – деді М. Жайымбетов Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, теңіздің тартылуы салдарынан 3 мыңға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтің уақытша тоқтап қалу қаупі бар.
–Теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текшеметр су түсуі қажет. Алайда теңізге судың түсуі, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді. Біріншіден, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлауға қол жеткізу керек. Екіншіден, мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» мәртебесін беруге қатысу маңызды. Себебі Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады.«Қараөзек» арнасы бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текшеметрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспасын қалпына келтіру маңызды, – деді депутат.
Фото: swissinfo.ch
768 рет
көрсетілді21
пікір