• Cұхбаттар
  • 22 Наурыз, 1990

Академик Әбдуәли Қайдаров: «Азаматтық сана қалғымасын»

– Құрметті Әбеке! «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» десек, 1985 жылдың сәуірінен бастап ескен қайта құрудың алтынкүрегі тағдыр теперішін көп көрген қазақ секілді халықтардың да еңсесін көтерді. Өткен жылы ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, мерейіміз бір өсті. Міне, бүгін ел теңдігі, республика дербестігі туралы ашық айта бастадық. Ұлыстың ұлы күні, тек қазақтың ғана емес, күллі Шығыс халықтарының Жаңа жылында ұлтымыздың тарихында тұңғыш рет «Ана тілі» атты газет жарық көріп отыр. Алғашқы сұхбаттасымыз – өзіңізсіз...

– Қуаныш қуанышқа ұлассын! «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» деген емес пе еді Абай атамыз. Жаңа газет жер бетіне игілік нұры жауып, «Самарқанның көк тасы еріген «жыл басында, наурыздың 22-сі күні дүниеге келіп отыр. Жалпы, қазақтың әрбір айының осы күндері біз үшін жаман болып тұрған жоқ. Қыркүйектің 21-ші жұлдызында Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңы қабылданса, қазанның 21-інші жұлдызында «Қазақ тілі» қоғамымыз құрылды. Осы сәтті пайдаланып республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті ретінде, қоғамды құруда, газетті ашуда зор қамқорлық көрсеткен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне, оның секретары Ө. Жәнібековке үлкен ризашылық, рахметімді «Ана тілінің» бетінде жария түрде айтқым келеді.

– Сіз таяуда ғана «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақалаңызда: «Бүкіл республика бойынша «Қазақ тілі» қоғамын құру науқаны ақпан айының соңында түгел аяқталуы керек» деп едіңіз...

– Күні кеше ғана Қарағанды мен Талдықорған облыстарында облыстық бөлімшелер құрылды. Тек Жамбыл облысында ғана «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы әлі өткен жоқ. Бұл облыстағы азаматтардың арқаны кеңге салу себебі бізді ойландырып отыр.

– Сөзіміз жалаң болмауы үшін алғашқы күндерден-ақ үлкен іске бел шеше кіріскен аудандық, облыстық бөлімшелердің кейбірін атай кетсеңіз.

– Ең алдымен тағы бір еске алып айта кетер жайт – біздің қоғамымыз әдеттегідей сатылап, төменнен жоғары қарай емес, керісінше жоғарыдан төмен қарай құрылып жатыр ғой: республикалық – облыстық – аудандық – бастауыш ұйымдар дегендей. «Жүрегі – айна, көңілі ояу» (Абай) азаматтары мол жерлерде республикалық қоғамның құрылуын күтпей-ақ  көптеген ұйымдар ашылып, ынталы топтар қызу іске кірісіп кеткен болатын. Әрбір жергілікті ұйымның ісі, қызметі сол елдегі жұртшылықтың көз алдында ғой. Сонда да республикалық қоғамнан көп бұрын ұйымдасқан, қоғам құрған жезқазғандық, целиноградтық тіл жанашырларын алдымен ауызға алар едім. Гурьев, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе секілді облыстық бөлімшелеріміз де ерекше қимыл көрсетуде. Мәселен, Ақтөбе облыстық «Қазақ тілі» қоғамы мен облыстық «Коммунизм жолы» газеті бірігіп өздерінің «Тіл тағдыр» атты газетін де шығарып үлгеріпті. Көлемі біздің республикалық газетімізбен бірдей, қағазы сапалы. Ал, Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбек жалыны» газеті екі санын түгелдей тіл мәселесіне арнап отыр. Басқарма мүшелерінің тізімі жарияланып, кімнің қандай іске жауап беретіні де түгел көрсетілген. Осындай істерді көріп, шынын айту керек, көңілің өседі, қалың қауымның ояна бастағанына қуанасың. Әйтсе де, көңілді күпті етер жайлар да бар. Мәселен, Орал облысындағы үлкен құлшыныспен басталған іс қазір баяулап қалып отыр. Болмаса Қазақ ССР Ғылым академиясының көптеген институттарында бастауыш ұйымдар құрылғанымен, жалпыакадемиялық қоғам құрылмай отыр. Енді, міне жер-жердегі қоғам мүшелерін бір-бірімен тілдестірер, жақсысы мен жаманатын жалпақ жұртқа жария қылып отыратын қоғамның өз үні – газетіміз бар. Менің сұрарым – алдымен газетіміз, ел аралаған тілшілеріміз кедергіні көп көріп, төрешілдік тосқауылды бұза алмай жатқан жандарға көмектессе...

– Редакцияға «тіл тағдыры – ел тағдыры» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей келген жігіттер жиналып отыр ғой... Бірақ газетті басымызда баспана, тіптен отыратын орнымыз да жоқ, үлкен қиындықпен шығарып жатырмыз...

– «Әні-міні береміз, алып қаласыздар» деп отыр ғой. Үйсіз-күйсіздік бізге де оңай түсіп отырған жоқ. Алыс облыс, шалғай ауылдан астанаға жолы түскендердің бізге соқпай кететіні аз. Кейбіреулер тіпті алыстан ат арытып әдейі іздей келеді. Сол кезде қазағының тілін мәртебелі етем, қастерлі етем деп жатқан қара шаңырақ осы дей алмай біз отырмыз. Бірақ бұл мәселе енді ұзаққа созылмас, тез шешілер деп сенеміз.

– Кейбір қазағы қалың отырған ауылдарда «онсыз да қазақпыз ғой, бізге осы қоғамның қажеттігі бар ма?» дегендей бұра тартқан әңгімелер де естіліп қалады. Жаңағы өзіңіз еске алған Жамбылдағы жағдай осыдан туып отырған жоқ па екен? Жалпы біздің қоғам мүшесінің басты міндеті не?

– Байтақ Қазақстанның батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінде, әрине, халық құрамы, ана тілінің ахуалы бірдей емес. Ана тілі туралы алдымен солтүстік облыстарымыз аттандап шықса, ол да объективті жағдай. Бірақ қазағы қалың жердің бәрінде қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған дегенге мен сене алмаймын. Басқасын былай қойғанда, жарты ғасыр жабық жатып, елімен қайта қауышқан арыстар – Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек кітаптарының «пышақ үстінен тарап кетпеуі» көп жайтты аңғартпай ма? Жардың жағасына тірелген ұлттық мәдени деңгейді көрсетпей ме? Ата салт-дәстүрін ұмытқан, өз әдет-ғұрпына жиырыла қарай бастаған ел-жұрттың рухани жұтаңдығы тартылған Аралша сарқыла берері, күндердің күнінде орны толмас өкінішке ұрындырары айқын болып отыр ғой. Өзінің іргетас тіректерінен айырылса, «соңғы қамал – тілдің» де өз-өзінен құлары сөзсіз. Бүгінгі күн тумаса, тілінен жеріген 40 процент 60-қа жетсе, одан селкілдеп 80 келсе, жер бетінен жойылу деген сол емес пе еді. Мен сондықтан да «Қазақ тілі» қоғамы керек емес жер жоқ дер едім. Біз ояндық, айналамызға ашық көзбен, шындық бағамен қарай бастадық. Енді бесігімізді түзеу, іргемізді бекіту, уығымызды тіктеп, шаңырағымызды биіктетуді қолға аламыз. Өзін азаматпын, «ата баласы емес, адам баласымын» деген жан осы топтан табылары сөзсіз. 17 облыс, 50 қала 256 ауданымызда (мен сырт жақты әдейі айтпай отырмын) қоғам түгел құрылады. Оның әрқайсысында белсенді, іскер басқарма сайланса, әрбір басқарма мүшесінің айналысар шаруасы айқын болса, көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар осылардың маңына топтасса, ұйысса, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, небір тауды да қопаруға болады деп ойлаймын. Бір ауыз сөзбен түйіндеп айтсам, «азаматтық санаң қалғымасын, ағайын!» дер едім.

– Қазақтардың 40 проценті өз ана тілін білмейді дегенге күдік келтірушілер де бар...

– Өкінішке орай, бұл – ащы шындық. Бала-немерелеріміздің тілі қаншалықты қазақша, өзінің тілі қаншалықты қазақ екені әркімге аян, әркімнің ішкі есебі өзінде ғой. Жастарымызды жаппай кінәлаушылар көп. Бұл олардың кінәсі емес, қасіреті. Жастарымыз – өзіміз өмір сүрген қоғамның айнасы. Мен сондықтан оларды кінәлаудан аулақпын, бұл тұста үлкен жүрек, бауырмалдық, қоғамның мейірбандығы керек дер едім. Бір кезде өмір айдынына қайыққа отырғызып, жүздіріп жіберген теңізшілеріміздің қолына ескек бермеген біздің кінәміз бағытын түзей алмай, ескексіз адасқандардан зорырақ көрінеді маған. Сондықтан оларды ши түбіне шыққандай сыртқа итермей, «қазағым» деп бауырға тартқан жөн. Әрине, олармен жұмыс жүргізудің өзіндік амал-әдістері таңдалғаны дұрыс. Олар қазақша басылымдарды тұшынып оқи алмайтындықтан, алғашында орыс тіліндегі басылымдарды көбірек пайдалану керек.

– Осы орайда ана тілін үйренуге құлық білдірмей отырған қазақ басшылары барлығын да еске ала кетсек. Әбеке, жалпы ана тілін білмейтін қазақтар бүгінгі таңда елге тұтқа – басшы болмаса өнеге себуші тұлға – өнер адамы, ақын-жазушы, ғалым бола ала ма деп көлденең сұрақ қойсақ...

– Ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алып отырған бүгінгі таңда қазақ басшыларының, зиялы қауым өкілдерінің өз тілін білмеуін құптауға болмайды. Бірақ оларға да мүмкіндік, уақыт берейік. Ар-ұяты мол азаматтар ойланар!

– Шілденің 1-інен бастап Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңы күшіне енеді. Тіл туралы заңдарын жүзеге асыруы үшін Литвия жылына 50 миллион сом, іргеміздегі қырғыз ағайын да 53 миллион сом қаражат бөліпті деп баспасөз бетінен оқып жатырмыз. Осы тұрғыдан бізде жасалып жатқан мемлекеттік дайындыққа көңіліңіз тола ма?

– Басқа республикалар сияқты біздің үкімет басшылығы да Тіл туралы заңды жүзеге асыруы үшін арнайы Мемлекеттік программа дайындап жатыр. Ол туралы хабар жуық арада нақты деректерімен жариялануға тиіс. Оны сол кезде бағалайық, сөз ете жатармыз. Таяуда Қазақ ССР Министрлер Советінің жанынан жер-су аттарын ретке келтіретін тұрақты комиссия құрылмақшы. Анда-санда бір бас қосып, қоғамдық негізде жұмыс істеп келген Мемлекеттік терминологиялық комиссияның статусы да жақын арада қайта қаралады. Біздің көптен айтып жүрген ұсынысымыз қабыл алынса, ендігі жерде ғылымның сан-саласымен шұғылданатын Қазақ ССР Ғылым академиясында терминологиялық орталық болады, әрбір институтта арнайы терминолог маман штаты бекітіледі. «Қазақ тілі» атты журнал шығару мәселесі де шешіледі. Бұлардың бәрі үкімет тарапынан шешімін тауып жатқан шаралар. Сондай-ақ бізге келіп жақтан мыңдаған хаттардың ішінде қоғам қаражаты, жарнадан жиналатын қор туралы да түрлі ұсыныс, пікірлер бар. Мәселен, «жарғымызда жазылғандай жарна қорының 70 проценті жергілікті ұйымға қалдырылып, жоғры жаққа 30 проценті аударылуы қоғам аяғынан тік тұрып кеткенше аздық қылады, ауқымды-ауқымды істер істеу үшін молырақ қаржы бір жерге жиналғаны дұрыс» деушілер де көп. Бұл да көп болып кеңеср, ойласар мәселенің бірі деп білемін.

– Демеуші (спонсор) боламын деген мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, түрлі қоғамдық ұйымдар да қаржы аудара алады ғой...

– Иә, арнайы есебіміз ашылды. Оның мекен-тұрағы: Алматы қаласы. Тұрғын үй әлеуметтік банкісінің Фрунзе аудандық бөлімшесі. «Қаақ тілі» қоғамының есеп айырысатын номері № 700107 есебі, коды 03 МФО 61828.

– Тұсауы бүгін кесіліп, томағасы сыпырылып отырған төл газетімізге тілегіңіз...

– Ана тілдің мәртебесін көтеруді көп болып қолға алдық қой. Тіл байлығы, сөз мәдениеті, жер-су атауларын ретке келтіру секілді толғақты тақырыптарды көтеріп, қоғамдық пікірге қозғау салмай отырған газет-журналдарымыз некен-саяқ. Осы топтың арасында «Ана тілінің» үні ерекше естілсе екен. Туған тіліңді марапаттай біл, тілге құрмет – елге құрмет екенін әлеуметке ұғындыр. Айтар ойың өткір ғана болмай, ғылыми тұрғыдан  дәйекті де болсын дер едім.

Бірнеше айдан соң дүние жүзіндегі қазақтардың саны 10 миллионға толмақшы ғой. Соның кемінде 2-3 миллионы «Қазақ тілі» қоғамына мүше болса, 1 миллионы «Ана тілі» газетіне жазылса екен деймін де...

– Лайым, айтқаныңыз келсін, Әбеке!

 

    Сұхбаттасқан Ғарифолла ӘНЕСОВ.                  

776 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы