• Руханият
  • 29 Маусым, 2023

Қазіргі бала асық жинай ма?

Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби «Жас жеткіншегіңізді көрсетіңіз, болашағыңызды айтып берейін» деген екен. Болашағымыз – балаларымыз, ұрпағымыз. 
Ата-бабамыз болашақ ұрпағының әдепті, инабатты, ибалы, батыл да батыр, ізетті болып өсуі үшін, өнеге көрсетуді, өсиет айтуды, бата беруді әдетке, дәстүрге айналдырып отырған. Ата дәстүрін ардақтау – қазақ халқының ұлттық ұжданы. «Ат тұяғын тай басар» деп, жас ұрпақты ата-бабамыздың салт-дәстүрімен тәрбиелеу қажет. Себебі қазақтың салт- дәстүрінің ішінде бүкіл халықтың мінез-құлқы, мәдениеті, дүниетанымы, тілі мен діні топтасқан. Қазақтың сан ғасырлар бойы жинаған мол мұрасы, салт- дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары – ерекше тәрбиелік мәні бар асыл қазынасы.

Қазақ халқының ұлы ойшылы А.Құнанбаев «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқанындай ойын бала өмірінде ерекше орын алады.
Ұлтымыздың асыл қазынасы бол­ған ұлттық ойындарымызды жо­ғал­­тып алмай, оны кейінгі жас ұр­паққа жеткізу, насихаттау біздің мін­детіміз болуға тиіс.
Қазақтың ұлттық ойындары батыл, епті, тапқыр және табанды болуға баулиды, баланың көзқарасын, мінез-құлқын қалыптастырады.  Сондай-ақ балалардың қозғалу белсенділігінің дамуы, олардың денсаулығының күшеюі үшін, баланың жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттық­тыратын, белсенділігін арттыратын сан түрлі ойындарды ойлап тапқан. Ал бүгінде жас буын сол ойындардың бірін білсе, бірін біле бермейді. 
Мәселен, бір ғана асық ойынын алайық. Асықпен ойналатын қаншама ойын түрі бар. Асық ойынының баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері мол. Ойын барысында жүгіру, иілу, жүру, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату сияқты әр түрлі қимылдар орын алады. Ойында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ қолдағы буын ауруларының алдын алады. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зерек, табандырақ, шыдамды болып келеді.
Қазір асық жинайтын бала кемде-кем. Асық – сойылған қойдың, ар­қардың, серкенің, киіктің асықты жі­лігінен алынады. Оны шикідей де, пісіріп те сіңірінен тазалап, пай­да­лануға болады. Шикі асық салмақты, берік болып келеді. Асықты кез-келген жерге тастай қалсаң,  тұрғаны не алшы, не тәйке, не омпа болады да, жатса не бүк, не шік болады. Жолында омпа тұрған қазақ «жолым болады екен» деп ырымдап жатады, өйткені асық омпасынан сирек тұрады. Сондай-ақ жолы болған жанға «асығы алшысынан түсіпті» деген теңеуді де көп айтып жатады.
Ертеде ата-бабаларымыз асық ойы­нын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей тұра, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған.
Асықты түрлеріне қарай сақа, кеней деп бөледі. Сақаға үлкен ірі қошқар, ісек асықтарының оңқайы алынады. Кеней деген қой, ешкі, киік, қозы лақ асықтарының жалпы аты. Бұлардың өзі арқар сақа, айналсақ сақа, жымпит сақа, тәйпек сақа, қорғасын сақа деп бөлініп жатады. Ал асық ойындарының түрі де жетерлік. Олар ханталапай, хан, көк шолақ, арқалампай, тәйке, шықетер, шыр, бестабан ойындары, айта берсек өте көп. Бұлар бір ғана асықтың төңірегіндегі қаншама пайдалы ойындар бар екенін көрсетеді. 
Қазақ халқының ұлттық ойындары қаншама. Мысалға, арқан тартыс, қол күрес, жамбы ату, ақ серек пен көк серек, бестас (шекемтас), сақина салу, белбеу тастау, ақ сүйек, орамал тастау, асау мәстек, теңге ілу  секілді тағы басқа да ойын түрлері көп.
Бүгінде балалардың қозғалысы өте аз. Әрине, себебі де белгілі. Оларды қазіргі кезде телефондағы, компьютердегі батыстың түрлі атыс-шабыс ойындары көптеп қызықтырады.
Қазақтың ұлттық ойындарын көптеген орыс ғалымдары зерттеп жазған. Ал өзіміздің зерттеушілердің қатарында М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Балғымбаев, Ә.Бүркітбаев есім­дерін атауға болады. Зерттеуші ға­лым­дардың барлығы ойындардың балаларға пайдасының орасан зор екенін дәлелдеп кеткен.
М.Жұмабаев: «Ұлттық ойындарды халық мәдениетінен бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі» деп тұжырымдайды. 
Келешекке адамды тәрбиелеу бәрінен бұрын ойын арқылы жүзеге асырылады. Сабақта және тәрбиеде, яғни балабақшалар мен бастауыш мектептерде ұлттық ойындарды ұтымды пайдаланса, еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндеріне ұлттық ойындар сағатын көптеп ендірсе, болашақ ұрпаққа халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға септігі тиер еді. Сондықтан балаларымыздың ойнап жатқан ойындарына да мән беріп, өскелең ұрпаққа ұлттық ойындарымызды үйрете жүрейік.

Жұмакүл БЕГІЛДАЕВА, 
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр 
орталығының әдіскері

4241 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы