- Руханият
- 29 Маусым, 2023
«Қызымын Тастанбектің атым Сара»

Қолына қаршадайынан домбыра алып, ел намысын қорғап, қазақ даласына даңқы шыққан ақын, әнші, сазгер Біржан салмен айтысып, айтыс өнерінің шырқау шыңына көтерілген, осы күнге дейін асыл мұрасы көркемділігі, мазмұндылығымен дәріптеліп, ел есінде сақталған, айтыс өнерінің ақиығы, өлең сөздің патшасы - Сара Тастанбекқызының туғанына 170 жыл толып отыр.
Сара Тастанбекқызының шығармашылық қыры көбінесе айтыс өлеңдері, «Біржан мен Сара айтысы» тұрғысында көбірек сөз болып келгені мәлім. Сара айтыс өнерінің шебері ғана емес, сонымен қатар қисса, дастан сияқты, әдемі әдеби шығармалардың авторы. Ақынның шығармалары біраз жинақтарда жарияланды. Мысалы: «Айтыс» үш томдық, «Бес ғасыр жырлайды», «Қазақ поэзиясының антологиясы», «Тордағы тоты», «Ақын Сара Тастанбекқызы», «Ақын Сара», «Сара саңлақ». Төл әдебиетімізде өзіндік орны бар кестелі сөз шебері, қазақ қызына тән қайсарлық пен өжеттіктің белгісі бар ақынның шығармаларында, өзіндік көңіл-күй әуендері арқылы жалпы адамзаттың жан жүйесіндегі сыпырылысқан ой ағындарын ол поэтикалық өрімдермен өрнектейді. Оның өлеңдерінің барлығында дерлік лирикалық сыршылдық, автордың өзіндік көңіл-күй әуендерінің сарындары байқалып отырады. Мысалы: «Ашындым», «Ортақ мұң», «Тұзақ» дастанында өз басына жастайынан түскен ауыртпалықты суреттейді.
Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй.
Қазандық, көне алаша, тозған қомша
Жетімсіз, жарлы тұрмыс-іштегі күй,
Әйнек жоқ, терезеге тартқан қарын,
Азынатқан босағадан қыс ызғарын.
Ақын – қоршаған тіршілік қозғалыстарын жан жүйесімен қабылдайтын, соны өлеңмен өрнектейтін өнер иесі.«Арсалаң алдында», «Аққу», «Қарлығаш» атты өлеңдері лиро-эпикалық поэтикалық болмысымен ерекшеленетін шығармалар. Себебі бұл туындыларда арнау және мысал өлеңдердің жанрлық ерекшеліктері тұтаса жырланған.
Мұңымды әнмен айтам, жылай алмай,
Қайғыға солар қосқан шыдай алмай.
Өшетін көрінбейді арман оты
Қоржиған Жиенқұлды құдай алмай.
...Таусылмас сөйлей берсем,
айтар сөзім,
Сүйенген қызыл тілге шын
сорлы өзім.
Шырылдап, шынжырлаған
жас күшіктей
Төрт болар кемге барсам екі көзім.
«Қош бол елім» өлеңінде туған атамекен Ақсу аймағынан аттанарда шығарылған қоштасуы жырланған. Сонымен қатар елін-жерін сүйген, олардың ел сыйлайтын ақиық азаматтарын поэзия күшімен жырлаған.
Балпық пен Ескелдідей кемеңгер де,
Айтуға сөзге жүйрік тереңдер де.
Ақылмен хан, төрені бағындырған
Қадірлі Қарынбайдай зереңдер де.
Дарынды Дарабоздай бәйбіше өткен,
Ақылы асып туған ерлерден де.
«Шымылдық» өлеңінде Жетісу жерінің ақын Сара мекендеген аймағының жазғы жайлауы бейнеленеді.
Өрмелей тау бөктерін өскен қайың,
Бұралып жел қозғаса айтады наз.
Жалтылдап жасыл жапырақ
күн нұрымен.
Ырғала күле қарайд бір қырымен.
Бұтаққа-бұтақ тиісіп, гүл сүйісіп,
Сырласып әрқайсысы өз сыбдырымен, – деп жырлаған ақын Сара Тастанбекқызының лирикалық өлеңдері қазақ поэзиясындағы сыршыл романтикалық-реалистік сарындағы шығармалар. Сонымен қатар ақын өлеңдеріндегі элегиялық сарындарын тікелей танытатын поэтикалық тіркестер шоғыры мол.
Қазақ халқы аманатқа қиянат жасамайтын, өз елінің ардақты ұл-қыздарын қашанда ардақтап, өнерді биік ұстап, ұлықтаған ел. Сара Тастанбекқызы –ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан көркем сөздің белгілі шешені ретінде ел есінде мәңгі қалатыны анық.
Айгүл Әлімбаева,
Ақын Сараның мемориалды
музейінің меңгерушісі
Ақсу ауданы,
Жетісу облысы

4124 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *