• Тұлға
  • 29 Маусым, 2023

«Тентек шоқпар жинайды, ақын – қалам...»

Алматыда көрнекті тұлғалар атындағы музей көп-ақ. Сол музейдің қайсысына кірсеңіз де, міндетті түрде көзге түсетін бір жәдігер болады. Ол, менің ойымша – қаламсап. Цифрланған бүгінгі заманда қолына қаламсап ұстайтындар азайса, азайған да шығар. Алайда қаламсаптың біздің тарихта да алар орны зор. «Қалам алып қолыма жазамын хат» деген халық өлеңінен бастап, талай ақынның өлеңіне арқау болған, талай жазушының өлмес мұрасын жазып қалдырған, талай ғалымның өлмейтін хатын таңбалаған қаламсапқа ескерткіш қойған елдер де жеткілікті. Ал біз қаламсап жинаған тұлғалар туралы пікір жинап көрдік.

 

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы:

«Аққан жұлдызды» жазған...

Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде Сәбит Мұқановтың қаламы сақтаулы тұр. Сәбең ол қаламмен өмірінің соңында Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» кітабын жазған екен. Өкініштісі 1-ші және 2-ші томы жарық көріп, 3-ші томның бірінші беті жазылып басталғанда жазушының жүрегі тоқтапты. Бұл қаламды кім, қай жылы сыйға тартқаны белгісіз. Ақын Мұқағали Мақатаевтың тарихы терең алтын қаламы бар. Қаламның тарихы жайлы ақын өз қойын дәптерінде сөз етеді: Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді. «Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам). (17-наурыз 1973 жыл) Мүсіреповтің Мұқағалиға алтын қалам сый­лауының бір сыры –қазақ поэзиясының дамуына деген ерекше ықыласы екені сөзсіз. Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде Ғабит Мүсіреповтің қыл қаламы мен сия сауыты сақталған. Ғабең оны құжат жазған­да ғана ұстаған екен. Әйтпесе Ғабең қатесі болса өші­руге оңай болсын деп шығармаларының бар­лығын қарандашпен жазған. Сондықтан оның шығармаларының бір ғана нұсқасы болған. Біздің музейдегі қаламдар асыл мұра, өлмес туындылар жазып қалдырған жәдігерлер, сондықтан оның қай-қайсысы да алтын қалам деген атқа лайықты деп білеміз…

 

Құлтөлеу МҰҚАШ, қаламгер:

Қыран қауырсынынан жасалған...

Көрнекті жазушы Сайын Мұрат­бековпен ілгеріде сұхбаттасқанымда қа­ламсап жинауға деген әуестігін былай айтып берген еді: «Қалам зарының әбден өткендігінен ғой. Ал тәуір... тәуір емес-ау, кез-келген қаламсап көрсем, «ойпыр-ай, енді бір жазам-ау, шіркін, алаңсыз!» дегендей қуанып, сатып ала беретін дағды күні бүгінге дейін қалған жоқ. Сөйтсем, ол әдет келе-келе әуестікке ұласып кеткен екен. Іссарапларға шықсам да, кездейсоқ кеңсе тауарлары дүкеніне кірсем де міндетті түрде қалам ала қайтамын. Барған жеріңде де жазушы болған соң қалам сыйлап жатады. Қазір қарап отырсам, бірсыпыра қаламсаптың басы жиналып қалыпты. Санаған емеспін, кемі, төрт... бес жүз бар шығар. Олардың ішінде ерекшелері де көп, әрине. Радиоқаламдар бар. Түбінен тартылған жіңішке желісінің кішкене тыңдағышын құлағыңа тығып, музыка қойып немесе жаңалықтарды естіп отырып та жаза бересің. Қызық қой... Шам қаламдар болады. Онысы тура бас жағында... Батареясын қоса салып, түн ішінде де атып тұрып сүйкектете жөнелесің. Ыңғайлы. Сағат қаламдар, қазір боса-болмаса кез келген жерде толып тұр. Гамбургке барған сапарымда немістер бөлекше бір қалам сыйлады. Негізі­нен, ғарышкерлерге арналған екен. Артықшылығы да сонда, ол ғарыштағы салмақсыздық жағдайында жазбай қалатын жай қаламсаптардай емес, еш бөгелмей жаза береді. Сізге айтайын, сол қалам, міне, жиыр­ма жылға таяды, әлі сайрап тұр! Әрине, ол сирек те пайдаланғандықтан шығар. Ал біздің қалам­дарымыздың сиясы жазсаң да, жазбасаң да, бір жылға жетпей қатып қалады емес пе. Сол сияқты ағаштан, пластмассадан өрнектелген немесе аң-құстардың, жан-жануар­лардың кескіндері бейнеленген қаламдар да жинақталып қалыпты... Тырнақалды туын­дыларымды кәдімгі сиясауытқа матыратын темір қаламұшпен жазғанмын. Тегінде, өзім неғұрлым тез, жұмсақ жазатын, қолды ауыртпайтын қаламдарды жақсы көремін. Сондықтан баяғыдай жазғыш кез болмаса да, Италия сапарынан сондай он бесшақты қаламсап ала келдім...»

 

Ақын ағамыз, марқұм Оразақын Асқар жинаған әлде екі жүз... бәлкім, үш жүздей болар... жалт-жұлт етіп жарқырап жатқан қаламға қарап отырып, ол кісімен де сөйлескен едім. Ол кісіде өте ұзын немесе шынашақтай ғана келетін бір жағы жинамалы кездік, яки тас қараңғы түн ішінде де жаза беруге болатын шам қаламдардың нешеқилысы бар екен. Былай аударсаңыз, ішінен тыр жалаңаш әйел бейнесі көрінетін, кері төңкерсеңіз, онысы лезде киіне қалатын қаламды ұстағанда екеуміздің де езуімізге күлкі үйіріліп еді. Қалам жинауға деген әуестік қашан, қалай пайда болды дегенде білгеніміз: Оразақын Асқар да оны Сайын Мұратбеков секілді жоқтықтың салдарынан қаламдарды тастамай жинай бастапты. «Қолым қалт етсе бау-бақшасын мәпелеген бағбандай, ұқыпты жинау-лы тұратын қаламдарымды қолға аламын. Бұзылғандарын жөндеймін немесе сынғандары болса бір-біріне жалғап, «екінші өмір» беремін. Осыдан рахат табамын, шабыт аламын. Сөйтіп, қаламдар «галереясы» қатары бірте-бірте көбейіп отырады. Өйткені әуестігімді білетін балалар, болмаса, көрші-қолаң, жора-жолдас «сізде мынандай жоқ білем» деп жаңаларын әкеліп беруге асығады...» деген еді сол бір жолы тілдескенімізде. Үйге қайтарымда «Отырар кітап­ханасы» сериясымен шыққан «Тәуел­сіздік тартулары» жинағын: «Өнерде тоғысқан жолымыз ұзағынан болсын!» деп, қолтаңбаны сонау Белжайлау қыранының қауырсынынан жасалған, ұзындығы екі қарыс қаламмен жазып бергені де дәл қазіргідей есте.

Әзірлеген Сая ЖАНСЕИТ

2146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы