• Мәдениет
  • 04 Наурыз, 2009

Жаны жалаулы Жантемір

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын!». Жантемір Батырханұлы өнер мен әдебиет майталмандарына үнемі өзінің қолтабысын тигізіп тұратын меценат. Торғай топырағынан шыққан талантты азаматтар Нағашыбай Мұқатовтың «қазыналы Қайнекей» атты зерттеу кітабы мен композитор Қалибек Деріпсалиннің «Торғай әуендері» атты ән-күй жинағының жарық көруіне, сондай-ақ Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, әнші Ғазиза Жұмекенова, тағы басқа өнерпаздардың шетелдік сапарға шығуына қаржылай көмек көрсеткен еді. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайына жәдігерлер тапсыру кезінде осы мекеменің директоры Райхан Исмаханбетованың «Қайда барсақ та, осы Жантемір Хамзин бауырымыз бәйек болып, қамқорлық жасап жүреді, көліктен, қонақжайдан қысылып көргеніміз жоқ» деп ағынан ақтарылуында ақиқат бар. Қазақтың ұлттық рухы үшін күрескен алыптарымыздың айтулысы Ахмет Байтұрсынұлы екені баршаға мәлім. Жантемірдің рухани ғана емес, ататек бойынша Ахаңмен туысатындығы турасында мағлұматты экономика ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатұлы жеткізді. Одан ары тереңдей түссек, ел басына күн туғанда елдігіміз үшін қолына қару алған апайтөс батыр Шақшақ Жәнібек Жантемірдің арғы бабаларының бірі екен. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді атам қазақ. Жәкең 1982 жылы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдағаннан соң, әскерге алынып, ол жақтан офицерлік шен алып қайтады. 1984-1991 жылдары Қазақ политехникалық институтында инженер, аспирант болады, лабораторияны меңгереді. 1988 жылы кандидаттық, 2006 жылы докторлық диссертациясын табыспен қорғайды. 25 ғылыми еңбек жазып, 15 авторлық куәлік алады, 5 өнертапқыштық патенті өндіріске енгізіледі. 1991 жылдан бастап бүгінге дейін құрылыс компаниясының бас директоры болып қызмет етеді. Ол құрылыс саласына сүбелі үлес қосты. 1980 жылдардың аяғында жастардың «Отырар» тұрғын үй кешенінде еңбек етіп, Алматы қаласындағы «Таугүл-1» ықшам-ауданында 360 орындық балабақша, 2 мектеп, пошта-телеграф, тұрмыстық қызмет үйлері сияқты ғимараттардың бой көтеруіне мұрындық болды. Жантемір – 1988 жылы Кеңестер одағының халыққа білім беру комитетінің ғылым саласындағы сыйлығының иегері. Ол 2006 жылы Мәскеу қаласында М.Ломоносов атындағы орденмен марапатталды. Жантемірдің атасы Хамза Нарымбаев та Торғай өңіріндегі мал-шаруашылығы саласына сіңірген ерен еңбегі үшін 1948 жылы Соцалистік Еңбек Ері атағына ие болып, кеудесіне Алтын Жұлдыз белгісін таққан болатын. Осыдан жарты ғасыр бұрын шыр етіп дүниеге келген Жантемір қазір елағасы деген ардақты атқа ие. Елуді еңсерген Жәкең өткенін саралап, ел алдында есеп берер жасқа да келіп жетіпті. Торқалы той құтты болып, той тойға ұлассын! Қамшының сабындай қысқа ғұмырда айналаңа ізгілік нұрын төккенге не жетсін?! Қайтарымын күтпей жасалған жақсылық қана шын мәніндегі жақсылыққа баланады екен. Жомарттық қазақ қанында бар. Сондықтан бүгінгінің Атымтай жомарты – Жәкеңнің қазақ өнерпаздарына жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын дегіміз келеді. Сағын СЕРІК

3254 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы