- Руханият
- 29 Маусым, 2023
Талай тарихтың куәсі болған «Қазақ»

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақ Медиа Ассоциациясы» ұйымдастыруымен «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толу мерейтойына арналған «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосудың тізгінін «Қазақ Медиа Ассоциациясы» төрағасының орынбасары Өміржан Әбдіхалық ұстады. Жиынға тарихшы, ғалым Светлана Смағұлова, белгілі журналистер Серік Жанболат, Ертай Айғалиұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС Алматы қаласы филиалының жетекшісі Думан Анаш, «Alatau media» ЖШС бас директоры Ержан Төлек, Adyrna.kz бас редакторы Арман Әубәкір, «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева қатысты.
Думан Анаш БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырған жиында сала басшысы Дархан Қыдырәлінің журналистер мен қатысушыларға арнайы жолдаған хатын оқып берді. Сала басшысы жиынға қатысушыларды «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толуымен құттықтай келе «Қазақ» газеті жарық көрген күннен бас-тап ұлттың ең тағдыршешті, өткір мәселелерін қаузады. Халықтың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарын жұртпен бірге талқыға салды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген 2 ақпанды «Ұлттық баспасөз күні» деп атау туралы бастама көтергені белгілі. Министрлік қолдауымен өтіп отырған бүгінгі шараны ұйымдастырған «Қазақ Медиа Ассоциациясы» шынайы ризашылық білдіреміз» деген. Тарихшы-ғалым Светлана Смағұлова «Қазақ» газетінің шығу тарихына тоқталып, «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басындағы журналистиканың нық ұстанымы, бастауы болғанын атап өтті. «Біріншіден, газетті үнемі бақылауда ұстаса да, сол кездің өзінде «Қазақ» бейресми, үкіметтің әкімшілдік, әміршілдігінен ада болды. Екіншіден, басылым қазақтың зиялы қауымын, бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажын көтерді», – дейді ол. Ғалым Светлана Смағұлова «Қазақ» газетінің бейресми энциклопедиялық басылым болғанын, 264 данасы шыққан газеттің М.Қойгелдінің зерттеуімен тағы 2 санының табылғанын, тұтас 266 нөмірі жарық көргенін, сол кезеңдегі жүйенің сойылынан сескенбегенін, қуғындалғанына қарамастан, газет авторлары қоғамның тыныс-тіршілігінен хабар беріп тұрғанын айтты. Бірінші дүниежүзілік соғыс, мұсылманшылық идеясы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы қазақ комитеттерінің құрылуы сынды ұлт тарихындағы өлшеусіз, құнды деректерді жазып қалдырған да осы басылым екеніне тоқталды. Жанұзақ Жәнібеков, Мұстафа Оразаев, Ахмет ишан т. б тұлғалар газеттің басылу һәм шығару, жеткізу жолдарында көп тер төккенін де атап өтті.
Жиында бүгінгі журналистиканың да хал-ахуалы талқыланды. Мәселен, ақпаратты дер кезінде беретін «The New York Times-тың» TikTok әлеуметтік желісінде 7 млн-нан аса жазылушысы бар екенін айтқан журналист Думан Бықай халық блогерлердің маркетингтік курстарына 90 мың теңгесін аямайтынын, ал дәстүрлі баспасөз, медиаға 900 теңгесін қимайтынын алға тартты. Аудитория психологиясын түсіну, оның қажеттіліктерін ұғыну, оқырманмен кері байланыстың үздіксіз орнауы және нарықтан шығын ғана емес, кіріс көзін де табу мәселелерін игеру жолдарын талдап берді. «Алатау-ақпарат» медиа холдингінің басшысы Ержан Төлек: «Дәл қазір заманға сай ақпараттық стратегия қажет. Көптеген басылым сыртын ғана өзгертеді. Мәселе – мазмұнында. Сапалы, өлмейтін, мәнін жоғалтпайтын дүние жариялануы тиіс. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіру қажет. Сол кезде біздегі сапалы контентті әлеуметтік желі алып, тарататын болады», – деп пікір білдірді.
Белгілі журналист Серік Жанболат ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. «Ақпараттық майданда соғыс болып жатыр. Ақпараттық саясатқа бәріміз қатысуымыз керек. Ресейдің ақпарат тасқынынан құтылу үшін там-тұмдап қана әрекет жасалады. Бірақ басталған іс соңына жетпейді. Тәуелсіз ақпарат жүйесін құрамыз десек, соған сай саясат жүргізілуі керек. Басқа мемлекеттер ақпарат кеңістігін бөтенге бермейді. Мәселен, Ресейде шетелдіктер ақпарат құралының 20 пайыздық акциясына ғана ие бола алады. Бізде ше? Ресейдің іргелі басылымдары, қосымшалары елімізде де шығады. Оларда не жарияланып жатыр? Кім қадағалап жатыр? Ақпарат кеңістігін қорғауды Министрлік қана емес, Үкімет қолға алу керек», – дейді ол. Думан Анаш: «Бүгінгі басылымдар – «Қазақ» газетінің мұрагерлері. Қай кезде де мерзімді баспасөз керек. Биыл ақпараттық доктрина қабылданды. «Масс медиа» туралы заң жобасы қаралып жатыр. Қазір қазақ басылымдарының жағдайы мәз емес. Жазылу мәселесін айтып келеміз. Баспахана қызметі, жеткізу құны қымбаттап кетті. Бірақ басылымға жазылу құны өзгерген жоқ. Бұрынғыдай емес, баспасөзге жарнама да көп бермейді. Яғни біз табысқа емес, шығысқа жұмыс істеп келеміз. Сөйте тұра, ақпарат майданы көшінен кеш қалған емеспіз. Заман талабына сай әлеуметтік желідегі арналарымызды дамытуға күш салып жатырмыз», – дейді. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп қазіргі қазақ журналистикасын тәуелсіз деп айтуға келмейтініне тоқталды: «Тиражы өзін ақтаған газетті ғана тәуелсіз деуге болады. Өкінішке қарай, қазіргі жағдай ондай емес». Жиында «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы «Қазақ» газетінің 1916, 1917, 1918 жылдары кітап болып шықпаған нөмірлерінің алдағы уақытта тұтас жинаққа енгізілетінің жеткізді. Дөңгелек үстелде белгілі Adyrna.kz бас редакторы Арман Әубәкір газет-журналдың жағдайы туралы пікір білдіріп, ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін, ең алдымен, тілді қуаттау жолын ұсынды. Жиын соңында қатысушылар қазіргі ұлттық баспасөз мәселелері бойынша тұрақты жұмыс кадрын құру, ұлттық баспасөздің салалық мәселелерін талқылап, оны шешу жолдарын қарастыру, қазіргі ұлттық баспасөздің бірігіп көтеруге тиіс мәселелерінде ортақ көзқарас, ұстаным мәселелері бойынша кеңесу, желілік басылымдар мен мерзімді басылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, 110 жылдық аясында «Қазақ» газетінің 264 санының және газет туралы зерттеулердің электронды қорын сайттарға жариялау туралы ортақ шешімге келді.

4241 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *