• Ақпарат
  • 29 Маусым, 2023

Бесігі қайда балаңның?!.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың бұл сөзі қанша заман өтсе де, көкейкестілігін жоғалтпайды.Өйткені ақпарат пен жаһандық қауіп-қатер өршіп, адамзатты қаумалап тұрған шақта ұлт өзіндік құндылықтары арқылы ғана өзін сақтап қала алады. Рас, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Өркениет дамыған сайын кейбір наным-сенімдер құрдымға кетер. Алайда ұлтқа керекті жойылмайтын нағыз салт-дәстүр, әдет-ғұрып қана халықты сақтап қала алады.Қазақ жаһандық қауіп-қатерге қарсы тұра алуы керек. Ұлттық құндылықтар ғана ұлттың көкжиегін кеңейтеді.

Ал бұл мақаланы жазуға не себеп болды? Жақында Алматы қаласының Желтоқсан-Маметова көшесінің қиылысынан өтіп бара жатып, қоқыста жатқан бесікті көрдім. Кәдімгі бесік. Қазақтың бесігі. Жаным түршікті. Сәбиді қоқысқа тастағандай күй кештім. Қай қазақ бесігін керексіз етіп еді?! Ұрпақ азды ма, дәстүр тозды ма? Кінә кімнен? Үлкеннен бе, кішіден бе? Енді қоқыста жатқан бесікті жас бала көтеріп әкеліп тастамаған шығар. Мәселе – үлкенде. Біз жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек деп жиі айтамыз. Бірақ өсіп келе келе жатқан жас ең алдымен, үлкеннің әрекетінен үлгі алады ғой. Демек, өзіміз жиі айтатын жас ұрпақты тәрбиелеуде олқылық үлкеннен кетіп жатыр. Әйтпесе, қоқыста жатқан бесікті бестегі бала немесе он бестегі жас өскін әкеліп тастаған жоқ қой.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының дана сөзі бар: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп тұр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екіншісі, немересіне ертегі айтып бермейтін әженің азаюынан қорқамын. Үшіншісі, дәмді, дәстүрлі сыйламайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсе кімді болса шауып тастауға даяр. Солардан қорқамын».
Жалпы қазақтың дәстүрінде ықылым заманнан келе жатқан  әдет, сенім бар. Бесікті базардан, не дүкеннен алғанда сатушы мен сатып алушы бір-бірімен көп саудаласпайды. Бесікті жасаған немесе сататын адам бағасын аспандатып, жоғары қоймайды. Ал қазақ бесікті ешқашан керексіз етіп қоқысқа тастаған емес. Тіпті халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы жоралғысын жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған. Қазақ халқы үш нәрсені қасиетті санаған: шаңырақты, бесікті, табалдырықты. Бұл үшеуін ешқашан аяқасты етпеген. Қасиетті үш зат тозып, тым жарамсыз болып қалған жағдайда ғана «аяқ астында жатпасын» деп, өртеп жіберетін болған немесе күлін адам баспайтын жерге апарып көміп тастаған. «Шаңырақты сыйла», «бос бесікті тербетпе». «бесікті жалаңаш қойма», «Табалдырықты керме», «Табалдырықта тұрма». Қанатты сөздер ғана емес, бұл ұлттың бойына сінген қасиетті құндылықтар. 
Ал бесік қашан пайда болған? «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағында бесіктің алғаш пайда болуы туралы тарихи аңыз-әфсана бар. 
«Бесіктің алғаш жасалуы Айдаһар би заманында орын алған деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғаса керек. Мизам баб Айдаһардың әкесі, ағаш егіп, бау-бақша салуды кәсіп етеді. «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағының жазуын­ша, «ағаштың пірі – Мизам баб» деген осыдан қалса керек. Жетісу мен Алтай аумағын мекен еткен Мизам Сарыарқаға көз салған қара қытайларды елге жолатпаған. Жүз жыл жасаған Мизам дүниеден өткен соң, қытайлар бір-ақ күнде бау-бақшаны тегіс өртеп жібереді. Жорықта жүрген баласы Айдаһарға әкесі аян беріп, «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді» дейді. Баласы келсе, орман түгелімен жанып кеткен. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары қалыпты. Осыны алып, аттанып кетеді. Бір күні Айдаһардың баласы тоқтамай, жылай берсе керек. Баласының жылағанына шыдамай, Құдайдан медет тілейді. Осы кезде қызының үні басылып, тыныштала қалады. Қараса, бір адам баланы тобылғының бұтағына салып, әлдилеп отыр екен. Бұл «көктен келген ишарат» деп ұққан би дереу тобылғының бұтақтарынан бесік жасайды. Бесіктің пайда болуы туралы аңыздың түбірі осыған келіп тіреледі. Содан бері қазақ үшін тобылғы қасиетті, киелі ағаш саналады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін айтылған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.
Ықылым заманнан жеткен аңыз осылай сыр шетеді. Ал талбесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырда «сәбидің құтханасы» атанған бесікті аялап өткен ұрпақ едік қой. Ал бүгінде бесікке жатпаған балалар көп. Әсіресе қалада. Кінә балада емес, ата-анада болып тұр ғой. 
Рас, бала – өміріміздің жалғасы. Ал сол баланың бойына біз ұлттық құнарды құя алдық па? Халқымыз қастерлеген қасиетті бесіктің пайдасы көп еді ғой. Ұмыттық па? Бесікке жатқан баланың аяқ-қолы түзу болып өседі. Сәбидің таза, жылы, асты құрғақ, ұйқысы қанық болады. 
Бесік – дүниеге жаңа келген сәбидің ақ отауы. Бесік жырын тыңдап өскен сәбидің тәрбиесі де түзу. Бесік жыры баланың көркем мінезін қалыптастырады. Ал бүгін бесік жырын айта алатын ата-ана бар ма? Біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Алдымен, тәрбие ата-ананың іс-әрекетінен көрінуі керек қой. 
Кешегі заманда көшпелі өмір сүрген қазақ баласын бесікке салып өсірген, тәрбиелеген. Көшіп жүрсе де, бесігін көрінген жерге тастап кетпеген. Ал бүгінгі қазақ туып, өскен жерін алтын бесікке теңеуі де бекер емес. 
Түркістанда өткен Ұлттық құрыл­тайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа аталы сөз айтты: 
– Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жас­тар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. 
Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.
Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді.
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы, ең алдымен, мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс, – деді Президент.
Дұрыс әңгіме, жөн сөз.
Жапон халқында «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген ұлағатты сөз бар. Рас, бала тәрбиесі ұлт таңдамайды. Десек те, ұлт болудың жөні бөлек. Тәуелсіздігін алған ұлттың жаһанданған заманда қазақтың ұтары көп болуы тиіс. Ол – ең алдымен, ұлттық құндылықтарды сақтау. Ал тарихта жоқ болып, жұты­лып, жойылып кеткен ұлттар көп. Оған әртүрлі факторлар әсер еткен шығар. Ал біздің тәуелсіздік – Алланың берген сыйы. Тәуелсіз ел болу да, оны сақтап қалу да оңай емес. 
Ал ұлттық тәрбие отбасынан, ошақ қасынан басталады. Ал бесік – әлдиге бөленген баланың ең алғашқы құтты, қасиетті орны. Ендеше, бесігімізді аялайық. Қазір сәбиін бесікке бөлемейтін, тіпті бесікті керек етпейтін жас аналар көбейіп келеді.Тоқсаныншы жылдардың аяғында белгілі қаламгер, қазіргі сенатор Нұртөре Жүсіп «Бір орыс келіншек бесік іздеп жүр» деп жазып еді. Жайлы болмаса, бесік іздемес еді?!
Қоқыста жатқан бесікті көріп, ойы­ма 20 жыл бұрынғы оқиға оралды. Балаларым ер жеткен соң, Алматыдан олар жатқан бесікті арқалап, қайтадан ауылға, қара шаңыраққа апардым. Сол бесіктен інілерімнің балалары өсті, өнді, ержетті. Бесік тербеткен үйде береке бар.
...Ал Сіздің балаңыздың бесігі қайда?

8418 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы