• Тұлға
  • 06 Шілде, 2023

Көк сеңгір

Азаттығымызды алған елең-алаң тұста Өзбекәлі Жәнібеков «Уақыт керуен», «Тағдыр тағылымы» атты кітаптарын шығару үшін Алматыдағы «Рауан» (бұрынғы «Мектеп») баспасына жиі келіп жүрді. Сонда қыс кезінде басына бөрік, үстіне қалың киімнің сыртынан оюлы қазақтың шапанын, жазда ақ қалпақ пен жеңіл шапан киіп келіп жүрді. Бізге біртүрлі көрінеді. Зейнеткер кезі. 
«Атақты тұлғаның мұнысы қалай, ескіліктің сарқыншағы емес пе?» – деп таңырқап қараймыз. «Жүз ұлттың лабораториясы» атанып, ол санамызға әбден сіңіп қалған ғой. Оның үстіне тәуелсіздікті толық ұғынып бола қоймаған өң мен түстің арасында жүрміз. Көк пен жердің бір тұсынан «КПСС» жылт етіп келіп қала ма деген үрейде жоқ емес. 
Біз солай үркектеп жүргенде ұлттық киім киген Өзағаң нық басады. Осының өзінен-ақ оның ертеңге деген сенімін, халқының кемел болатынына кемеңгерлікпен, көрегендікпен иланатынын – ол кезде біз түсіне де қоймадық, түйсіне де алмадық. Ол кездегі қазақ шапаны бүгінгідей жағасынан ұстасаң тік тұратын, оюы зерленген алтын түсті оқалы емес, олпы-солпы болатын. Сол олпы-солпы шапанның түптің түбінде түзелетінін, игі жақсының иығына ілінетініне, кейін өзі секілді жұрт киіп жүретініне Өзағаң үміт артқан. 

 

Бір партия билеген заманның саяси жағдайын көріп, біліп тұрып, саңылау мен жапсардан-ақ жұрт тірлігін тындырған Өзағаңның өнегесін облыстардағы қолтаңбасынан, министр қызметіндегі қарымды қадамынан, ЦК-ның бөлім меңгерушісі, хатшысы кезіндегі батыл жұмыстарынан көруге болады. Ұлттық бренд саналатын қасиетті Тайқазанды табанды тірлігімен Санкт-Петербургтағы Эрмитаждан құт қонған Түркістандағы орнына әкеліп қою, ұлттық мұражайлар ашу – тізе берсек көп. Алмағайып замандағы сол іс қазір жұрт мақтанышына айналып отыр. Егер Өзекең олай қимылдамаса Тайқазан келер ме еді, келмес пе еді, ондай жәдігерлер жатыр ғой қазір өзгелердің мұражайында. Оны қайтару енді екіталай. Көшірмесін алсақ та көңілге медеу. 
Жарамсақтарға жақпай қалып, бірде «құлап», құлатқандар орнын толтыра алмай тәлтіректеген сәтте алғыр азамат топ жарып тұғырға қонып, қайта өрлеген тұсы аз болмаған. Бұған бір мысал келтіре кетелік. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі Сыртқы саясат бөлімін басқарып жүргенде шет тілін білу талабын көлденең тартып, орнынан босатуды ниет еткендерге қасқайып қарап тұрып: «Бұл қызметке бекіткенде тіл білу, білмеу мәселесі қалай ескерілмеген?», – деп «Ертең Мәдениет министрінің орынбасары тіл білмейді екен, орнына басқа біреуді отырғызу керек» десе, қалай болады?», – деп орындаушыны тығырыққа тірепті. 
Амангелді ауданына барған бір сапарында, ескі мазардың үстінде мал жайылып жүргенін, көлік біткен жаяу адамдар сүйекті басып, ары да бері сабылғанын көріп, аудан басшысына ренішін білдіріпті. Берекесіздік тәртіпке келтірілгенде тұр­ғындар Өзағаңа ризалығын білдіріп, аруақ алдында имандылық танытқанын осы күнге дейін жұрт айтып жүретін көрінеді. 
Ақиқатында, дінсіз деген қоғамда да қазақ дінін ұстаған, әсіресе қарапайым жұрт иманнан айырылмағаны анық. Оны ұлт жақсысы өзінің кітаптарында көрсетіп, мысалдарды дәйекке келтіреді. 
«Мен ешкімнің шотын шапқан емеспін», – деп Өзағаң өзі айтқандай, бұл сөздің астарында да шындықтың жатқаны белгілі. Әсіресе, оның Алаш арыстарын ақтау кезіндегі табанды қызметін замандастары айтып та, жазып та жүр. Дегенмен, көп жағдайда жау жоқ жерде жау іздейтін жат әдетімізге өкініш білдіретін кездері де баршылық. Кезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов тәрізді қоғам және мемлекет қайраткерлеріне қатысты қаулы-қарарларды жіті зерттеуден өткізуді өзі басшылыққа алыпты. 
Өзағаң қазақтың қадірлі ақсақал­дарының айтулысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев туралы естелігінде сұрапыл соғыстың майданында: «Жалғыз ұлының мерт болғанын естірткен ауыл ақсақалдарына ләм деп үн қатпастан, қолына кетпенін алып тысқа шығып кетеді де егістікке барып, кешке дейін тыным таппай жұмыс істеп, үйіне қайтып оралғанда ғана өксігіне ерік беріп, шерін тарқатқан екен. Қандай ұстамдылық десеңізші! Байғұс әке күні бойы не ойламады дейсің, қайғысының өшін қара жерден алатындай кетпенін ұңғысына дейін батырып, шаба берген, шаба берген...», – деп бір қайырып тастайды да: «Өмірінің соңғы кезінде ауру дендеп, көз жұматын сәті жақындай түскенде әдейі барып сәлем бергенімде, атам мені тани алмай, тіпті аты-жөнімді де есіне түсіре алмай, «Бұл қай бала?» деп қайта-қайта сұрай берді. Кейін осы бір кемеңгер ақсақалды есте қалдыру үшін көзі тірісінде қолға алына бастаған мемориалдық музей-үйін аяқтатып, іске қостық», – деген Өзағаң сөзінен оның ерекше кісілігін көруге болады. 
1967 жылы қазіргі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинградта бір алқалы жиын өтетін болып, соған атақты шопан, екі рет Еңбек Ерін алған Жазылбек Қуанышбаевты жібермек болады. Қазыналы қарт енді жүресіз дегенде: «Қаным тасып кетеді. Бармаймын», – деп әлек салыпты. Жетпіске келгенде жас әйелден егіз ұл көрген ақсақалды әрең иліктіргенде ол: «Дәрігеріме рұқсат бер. Бірге барсын», – деп тағы қиғылық салады. Мәскеуге телефон соққанда олар, «Апыр-ау, осы уақытқа дейін корольдер мен президенттер, мұрагер принцтер мен премьер-министрлер ғана өз дәрігерлерімен сапар шегетін еді. Ал шопан дәрігермен бірге жүреді дегенді естімеп едік», – деп әрең келісімдерін беріпті. 
Сонда Жәнібеков өңіріне бір емес, екі жұлдыз таққан батыр қай премьерден кем дегенді іркілмей айтқан. Бұл арада ол еңбек адамының да шенді мен шенеуніктен еш кемдігі жоқ екенін, дәрігер ертіп жүруге құқысы барын дәлелдеп барып орындатқан. Қарапайым еңбек адамын қадірлеудің үлгісі осындай-ақ болар. 
Ұлтымыздың ардақтыларының қата­рында – екі мәрте Еңбек Ері атағын алған ұжымшар төрағасы Нұрмолда Алда­бергенов те бар еді. Еңбеккерлерді ұйымдастырып, ел дәулетін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан ол бір жолы Н.Хру­щевтің қаһарына ілінгенде, жер­гілікті жердегі жандайшаптар төраға­лықтан кәдімгі су жағалап жүретін мұрапқа «құ­латады». Өзекең ессіз би­ліктің есер ісіне қиналысын білдіріп, қадірлі қарттың «түбіне жеткен» шолақ белсенділердің надан­дығына налиды. Азаматтың үлкенін қадірлеген осындай қасиетін біз кейінгіге айтып отырсақ, білместік пен өркөкіректік тыйылар еді. 
Өзекең күбір-сыбырдың кесірінен мәртебелі қызметтен ысырылғанда Фазиля­ Ахметқызы Қонаева: «Апыр-ау, мұны қалай түсінуге болады? Тіпті, сізге де қол көтеретіндер табылады екен-ау!?», – деп көзіне жас алып, «...теріс айналып кетті де, қайтып маған жақындамай қойды. Қайран Факең-ай... қазір арамызда жоқ!», – деп сүйенгені мықты болғанмен, тектілігін жоғалтпаған жанның күйзелісін – «Сол бір сарша тамызда» деген танымдық мақаласында әдемі берген. 
Өзағаңның қай кітабын алып қа­расаң да, қазақ деген халықтың небір қасиетті де, қадірлі дәстүрі жі­бектей есіліп тұратынын қайтерсің. Мәселен, «Би өнері жайлы ой» деген мақаласында қазақ биінің арғы-бергі тарихына тоқталып, қазақта бұрын би болмаған деген сөзді жоққа шығарып, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Бұрын халық арасында ақын-жыршылармен, әнші-күйшілермен қатар, ел қыдырып, ежелгі халық билерін орындаған орте­кешілер, қулар, масқарапаздар да болған», – деген сөзін дәйекке алып, «Т.Пау­лидың 1846 жылы шыққан «Россия халықтарының этнографиялық сипаттамасы» деген кітабында «Дәулет­керейдің үйіндегі думан» деген суретте халық музыка аспаптарының сүйе­мелдеуімен билеп тұрған жігіт бейнеленген екен. 
«Мүмкін бұл би өнерін жете түсініп, оны құрметтей білген атақты күйшінің қадірлі қонақтарының бірі болар», – деп, орыс этнографы Д.Исаевтың 1859 жылы «Русс-кий дневник» деген мақаласынан: «Тойға дайындық үстінде қалыңдықтың замандастары мен құрдастары қолғабысын тигізіп жүрді. Көптеген ән айтылды, күй де орындалды. Тіптен, сауық кештері домбыра мен қобыз сүйемелдеген көпшілік билермен тамамдалып отырған кездері де болды», – деген сөзді мысалға келтіріп, қазақ халқы да мың бұралған биді билегенін алға тартып, Берікбол Көпенов деген Семей өңірінің азаматы екі аяғына бақан байлап алып билейтінін, содан «ағаш аяқ» атанғанын да еске салады. Өткен ғасырдың 60-шы жылдардың ортасында болған бір той үстіндегі оқиғаны былайша көз алдыңа елестетеді. 
«Той қызған кезде жастар билеп жатқан залға барғанымда қабырғаға сүйеніп тұрған бір қарт кісіге көзім түсті. Жұрт «твистке» басқан кезде әлгі кісі ортаға суырылып шығып, бүкіл денесінің буынын, бұлшық еттерін ойнақтатып, бізге белгісіз бір биді орындай бастады. Жұрт ығысып, би ырғағымен қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Би біткен соң қасына барып жөн сұрасқанымызда, ол Павлодар облысынан келген халық ақыны Жүнісбек Жолдинов болып шықты. Ал ақсақал болса, өз қылығын өрескел көргендей: «Қызып кетіп ортаға шыққаным ғой», – деп сөзін доғарды», – дейді.
Сөйтеді де, «Сол кеште қарт биші өзінің «ел қыдырған есер шақта» орындаған «Айқосақ», «Жезтырнақ», «Балабүркіт», «Қазақтың қалмақ биі», «Құсбегі», т.б. билерінің оқиға желісімен, сермеу тәсілдерімен таныстырды», – дей келіп, Орта Азия мен Шығыс Түркістанда «Қоян-бүркіт», «Келіншек» сияқты жұптық билердің бар екенін тілге тиек етеді. 
Халықшыл Өзағаңмен сырлас та сыйлас болған, айтулы ғалым, қоғам қайраткері, ұлт жоқшыларының бірі Мырзатай Жолдасбеков асыл азаматтың өзіне жазған хатын кезінде басылымдарға, сонымен қатар «Өзбекәлі Жәнібеков» деген кітапқа да қосқан еді. Оның тақырыбы «Әзірет Сұлтан» қорығы жөнінде» деп аталады. 
Онда қазақ халқының бай тарихын, соның ішінде Әзірет Сұлтан қорығын қайта қалпына келтіру, ол үшін не істеу керек деген сұрақты төтесінен қойып, оған өзінің уәжін келтіріп, Түркістан қаласы туралы да пікірін білдірген екен. «Соңғы кезде қайсыбір «зерттеушілердің» Түркістан мен Отырарды қазақтан алыстатқысы келіп пікір айтып жүргені (Силипа, Смағұлов, т.б.) белгілі» дей келіп, «Менің бір түсінбейтінім – Қазақ­стан ғалымдарының ұстанған бағыты. Егер ондай еңбектер Тарих, этнология институты арқылы шығып жатса, оларға неге сын көзімен талдау жасамасқа», – дейді. 
Ал қалпына келтірудің жолдарын айтқанда, кесенені реставрация жасау жұмыстарын жолға қою нәтижесінде қол жеткізуге болатынын, мұндай жұмысты өзгелер емес, өз мамандарымыз атқару қажеттігін алға тартады. Түркістан қала­сының мәртебесін көтеру ұлтқа керек екенін де дәйектеп, «Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол – оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт Қазақ хандарының тұрағы – астанасы болған. Онда халқы­мыздың асыл азаматтарының, ең қа­лаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды...», – депті.
«Абылай ханның туған жері де, қайтыс болған жері де – Оңтүстік Қазақстан, оның ішінде осы Түркістан. Ол – ол ма, Бөгенбай батыр, Әйтеке би, Жәнібек-Тархан (Есім хан, Тәуке хан, Тәуекел хан, Жәңгір хан, Ілияс хандарды былай қойғанда) секілді ел алдында еңбегі зор, әрқайсысына зәулім биік ескерткіштер тұрғызуға тұрарлық азаматтардың да мүрдесі жоғалған, сүйегі лақтырылған. Мұнан артық тарих алдында қылмыс бола қоймас. Енді сол үшін кешірім сұрауға міндеттіміз. Оның бірден-бір жолы – Ахмет Иассауидің алдынан Рәбия Сұлтан Бегімнің кесенесінен кем емес, қырлы күмбезді глазурьмен, майоликамен, кашин бұрышпен өрнектелген пантеон тұрғызып (ол міндетті түрде ескі стильде болуы керек), ол адамдардың аты-жөні жазылған плиталар қою», – деп жол сілтейді 
«Мырзатай бауырым! Абылайға қа­тысты Оңтүстік Қазақстандағы жерлердің бірде бірінде белгі жоқ. Түркістандағы хан сарайының орны жоғалған», – деп Ордабасы тауының тасы қопарылып жатқанына ренішін білдіріп, «...тасы қопарылып, тас ұнтақтайтын зауытқа «жем» болғанға ұқсайды. Баспасөзде қанша көтерілгенмен, зауыт әлі де жұмысын тоқтатпапты. Жуырда Шымкенте болғанда мен онда барып едім: ерсілі-қарсылы тас тасып жатқан машиналарды көріп, қайран қалдым», – деп Сайрам ауданының жайына да тоқталып өтіпті. 
Мұндай хат жазу үшін рухың мықты, халқыңа деген ниетің ақ, жеріңе жаның ашып тұратын көзіңде нұр, жаныңда мөлдір бұлақтың суындай тазалық болу керек-ау!
Жақсының сөзі, ғалымның (Өзағаң ғылыми атаққа ұмтылмаған, бірақ ғалымға бергісіз еңбек қалдырған ғой) хаты деген осы деп үлкен мәселені алға тартады.
Иә, Өзекең айтқан болжамдардың кейбірі өзгерді. Көрші елден Әйтеке бидің сүйегі табылды. Басы тұрғызылды. Әйтсе де, азамат ұл меңзеген істің дені қалып қойды. 
Шіркін, аға сөзін сарапқа салып көрсек ұтылмас едік. Оның ішінде бабалар дәстүрін жаңғыртып ұлттық пантеонды Түркістан қаласынан – заманға сай тұрғызсақ, қане! Көп ұлтты пантеон азат қазаққа жараспайды. Ұрпақты адастырмағанымыз ләзім. 
Қазақ радиосының үнжазба қорында сақталған «Ел болам десең...» деген сөзі – бір кездері жарық көрген «Ұлт тағылымы» (1998) атты журналдың бірінші нөмірінде жарияланған еді. Бұл сөзінде Өзағаң өзгерген елдің өзекті мәселесін тереңнен қозғай келіп, «...мен өзім де өзгеріп сала бердім деп айта алмаймын. Оған ешқандай негіз жоқ. Халқым мен Отанымның алдында арым таза. Жасы алпыстан асқанда бұрынғы идеяларын өзгертіп, қайта «түлеп» шыға келетін адам мен емеспін. Тоталитарлық тәртіптен шыға алмай, бірін бірі алмастыра беретін тұрлаусыз басшылар өрескел бұрмалаушылықтар мен қателіктер жіберіп, Коммунистік партияны құзға құлатқан болса, оған оның идеялары айыпты емес. Тегі «кімнің тарысы піссе, соның тауығына айнала қалатындардан» бойды аулақ салған жөн. Өз басым шамам келгенше енді ғана қанатын қомдай бастаған егемен Қазақстанның игілігіне қызмет ететінім хақ», – деп батыл ойын ортаға салады.
Қазақ ұлты өзге ұлттарды топтастыра алмайды-мыс (Бұл «тоғышарға лайық көрбілте пікір») дейтіндер кезіндегі кесепаттан азшылыққа ұрынғанына үстем орталық Қазақ елінің байлығын шикі күйінде тонағанына да өз уәжін келтіріп, «...саясатшылар болса, Қазақстанда «Қазақ мемлекеттігінің бұлжымастығын негізге ала отыра» (Конститутцияның преамбуласында осылай жазылған) ұлттық мемлекет құрылуға тиіс екеніне қарамастан, «азаттық қоғам» дегенді тықпалай беретін болып алды. Шамасы, Қазақстанды көптеген халықтардың ұрпақтары мекендегенмен, олар орналасқан аймақтың тектестік негізін құраған жергілікті ұлты жоқ Америка Құрама Штаттарына, Канадаға немесе Швейцарияға балағысы келетін болу керек», – деп қазақтың жері үшін халқы қай дәуірде де жұмған жұдырықтай тірлік кешкенін атап, кейбіреулердің «қостілділік», «қос азаматтық» деген түсінікті бізге телуге болмайтынын алға тартады. 
Сөйтеді де, біз өзге ұлттарға барлық жақсылықты жасап жатқанымызды, өзгелер біз секілді қандастарымызға мән бермейтінін еске салып: «Ресейде бір миллионнан астам қазақ өмір сүрсе де бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Бірақ одан әзірше ешкім трагедия жасағысы келмейді. Өзбекстанда 2 млн-ға жуық қазақ тұрса да өздері қоныс тепкен жерде өзбек-қазақ мемлекеттік қостілділігін талап етіп жатқан жоқ... Қытайдағы, Моң­ғолиядағы қазақ та қосазаматтықты, қостілділікті талап еткен емес. Ал орыс­тар болса Канадада да, Польшада да тіпті, Австралия мен Финляндияда да баршылық. Олар неге мемлекет орындарынан мұндай «артықшылықты» талап етпейді? Гәп, міне, осында болып тұр. Тағы бір жәйтқа көңіл аудармасқа болмайды. Ол «орыстілділер» деген түсінікпен байланысты... Ау, жетпіс жыл бойы өзбекті «өзбек» деп, татарды «татар», немісті «неміс», кәрісті «кәріс» деп келдік қой. Олар қайдан «орыстілділер» бола қалды? Міне, саясаттағы  қитұрқылық деген осы», – дейді айдай ақиқатты алға тартып. 
Қазақ елінде қазақ тілін білмегені үшін кім қуғын көріп жатыр, қайта орыс тілін нашар білетін қазақтардың халі мүшкіл екенін іркілмей айтып салады. 
Бұдан кейін ұлттық идеологияны заман ағымы дегенге жіберіп, ұлттық бет-бейнеден айырылып бара жатқанымызды да жасырып қалмай ашық айтады. Енді бұрынғы қателіктерді қайталамау сын болып тұрғанын да санаңа сәуле етіп түсіреді. Тіпті, кейбір реформалардың қателікке ұрынып жатқанын да жасырмайды. «Сіз, қалай қарайсыз? – деген сұрақты төтесінен қояды да, – біз осы шұғыл асығыс түрде ат төбеліндей ғана топтың мүддесіне орай жүргізілген экономикалық реформа мен жаппай жекешелендіру саясатының арқасында шектен тыс жүдеушілік пен жоқшылыққа тап болдық емес пе? Жұрттың өзара қарым-қатынасында, наным-танымында, өмірге көзқарасында да моральдік түсініктерге сыйыса бермейтін өзгерістер пайда бола бастады. Сонда біз қайда бара жатырмыз?» деген сұрақты алға тартып, «Мемлекеттік реттеудің жоқтығынан кешегі соғыс жылдарында да осыншама белең ала қоймаған қиыншылықтарды бастан кешіп, жоқшылыққа душар болған елдің бекзаттық, рухани-инабаттылық қасиеттері қырқыла бастаған сияқты. Жағдайды пайдаланып, көктелпектілерден бастап әртүрлі діни-мистикалық ағым­дарға дейін қазақтың жаны мен тәні үшін бүгін кімдер арпалыспай жатыр дейсің. Мұсылмандықтан гөрі әдемі сөзбен баурап алатын, жасанды қайырымдылыққа, тастанды садақаға адамның бойын үйрететін христандыққа, иудаизмге, баптизмге, будданың, кришинаның іліміне иланатын қазақтар да бой көрсете бастады», – дейді. 
Күн туды, мезгіл жетті деп адасып,
Құрылған қараңғыда заңнан қорқам. 
Теңгеріп жарлы байды құрған «ұжмақ», 
Теп-тегіс түгел жеткен заңнан қорқам, – деген Ғұмар Қараш өлеңін еске салып, әр іске, сөйлер сөзге ойланып баруды ұсынады. 
Біз Өзағаңның осы сақтандыруын кейде ескермегендіктен, Отанымыздағы ала-құла діннің жетегіне түрлі жолдармен еретін қандастарымызға мүмкіндік беріп алдық. Бұл түбі қазақты өкіндірмей қоймас. 
Тағы бір тұста, ұлт зиялысы қазақтың қасіретіне айналып бара жатқан сұм­дық­тарды да атаған екен. «Баласы әкесіне қол көтеретін, қызы шешесінің бетінен алатын күн туды. Кісі өлтіру түкке тұрмайтын болып алғалы қашан? Қарттар мен мүгедектер үйлеріне орналасу үшін кезекке тұратындардың арасында жұмыс істейтін ересек балалары бар қазақтар көбейіп келеді. Сәбилер үйлеріндегілердің де көпшілігі қазақ балалары. Ау, сонда «алдыңа түсіп анаңның жүргенін көрген бір ғанибет, бесікте жатқан баланың күлгенін көрген бір ғанибет» дейтін қазаққа не болған?», – деп күйінеді. 
Бұл сұрақтардың жауабы осы күндері толық шешілді дей алмасақ керек. Несін жасырамыз, жат әдеттің кейбірі өршіп бара жатқаны байқалады. Осындай ұлт қасіретін Өзағаң «Ақ түйенің қарны жарылды» деп даурыға бергеннен пайда болмайтынын да тілге тиек етіп кетіпті. 
Сөзінің бір жерінде «Мен Президенттің «стратегиясын» да, экономикалық реформасын да қолдайтын адаммын. Қазақстан егемендігін, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанда, Конститутциясын қабыл­дағанда сол ұлы істің басы-қасында бол­ғанымды өзіме мақтаныш етемін. Бірақ бізге, әсіресе, ауыл шаруашылығын жекешелендіруге асығудың қажеті бар ма? Кеңшарлар ұнамаса, ұжымшарлар бар еді ғой. Бүкіл дүниежүзі, АҚШ-ты қоса, кеңейтілген, ұлғайтылған дағдарысқа, бәсекелестікке қарсы тұра алатын шаруашылыққа көшіп жатқанда, біздің ауыл шаруашылығын негізінен ұсақ, жекелеген қожалықтарға таратып бергенімізге жол болсын», – дейді.
«Кейбір басшылардың өз басының кемшілігін тұтас, бір үлкен халықтың мойнына арта салатын болып алғаны өкінішті. Бақандай бір министрдің газет бетінде «трайбализм» жузовщина – менің халқымның сорақылығы», – деп жазғанын да көрдік қой. Ол өзін шын мәнінде қазақ халқының перзенті ретінде сезінетін болса, оны бұлай мұқатпаған болар еді. Әдетте осылай байбалам салатындардың өзі рушылдық, жікшілдік қасиет бойына сіңгендердің арасынан шығады», – деген байламын алға тартады. 
Тілге келгенде де біраз мәселені қозғап, «Әлде осы жұрт шынымен-ақ орыс тілінің мүмкіндіктерінің он процентіндей де қауқары жоқ қазақ тілін онымен бірдей мәртебеде болады дегенге сене ме екен?!» – деп, қоғам оны сезінбей тұрғанда қазақ тілінің мәртебесі көтерілмейтінін анық білдіреді. Осының бәрі тұрпайы капитализмге өтудің оңай емесін атап айтады. 
Ұлт тілі жоқшысының төмендегі байламдарына да көңіл бөле кетсек артық бола қоймас. Өйткені, ұлт ісі анық жүрсе ұтылмаймыз. Өзағаң: «Президент Н.Назарбаевтың егер қызу күресіп кетсек, он бес жыл мерзімде, қазір мектепке барған бала оқуын бітіріп, оң-солын танитын сәтте қазақ тілі орыс тілінің деңгейіне демеусіз-ақ көтеріледі дегенін естідік. Бұл пікір бәлкім, мемлекеттік тұрғыдан алғанда дұрыс та шығар. Бірақ сол балаға есейгенде қажет бола қоятынына ата-анасының көзін жеткізу үшін де мемлекеттік саясат керек. Бізде заң бар да, саясат жоқ қой. Оны қайда тығарсың. Қоғам сезінбей тұрып, тіл өзінен-өзі мемлекеттік мәртебелі орынға орныға қоя ма?», – деп бір қайырып тастап, «...Мемлекеттік бағдарламаны қадағалаудың жолға қойылмағанына қарағанда қазақ тілі он бес жылда орыс тілінің деңгейіне көтерілудің өзі құрғақ энтузиазм мен жалаңтөс жанұшырушылыққа итермелеу болып шықпай ма?» – дейді. 
Тағы бірде: «Ат төбеліндей ғана іскер таптың, нәрестедей мәпелеп қолдан жасаған «жиендер экономикасының» (фраза үкіметке тәуелсіз баспасөзден алынды) мүдделеріне сай жүргізіліп келген экономикалық реформа мен жаппай жекешелендіру саясатының ащы табы көріне бастады ма, қайдам, қылышын көтерген жоқшылыққа тап болдық. Шашылған-жойылған, талан-таражға түскен шаруашылықты орнына келтіру енді оңайға түсе қоймас», – дейді. 
Өзағаң көп мәселені көлденең тартып кетіпті. Күдігін де, күмәнін де бүкпей айтыпты. Өтірік көлгірсімеген. 
Ұлт ұлы қашанда ақиқаттан аттама­ған. Бұл да соның дәлелі деп білемін. 
Бұл пікірлерді Өзағаң тәуелсіздікке сенбегеннен емес, тәуелсіздікті бекіту, қорғау, сақтап қалу, жемқорлар мен сыбайластардың бодауына жібермеу жолында жіті қимыл жасау керегін білдіру үшін айтып отыр. Сонымен қатар сақтықта қорлық жоқ дегенді де меңзейді. Бұл мәселелер қазір толық шешімін тапты дей алмасақ керек. Ең бастысы, іргеміз бекіді. Бірақ Өзағаң таң­балаған түйткілдер қазір толық шешімін тапты дей алмаймыз және тұтқиылдан айта салған пікір емесі де анық. 
Алматы қаласындағы бұрынғы ­Қазақ­с­­­­­­тан комсомолы ғимаратын сал­дырған Өзағаң екенін айтып, сол ғимараттың қабырғасына белгітас қоюды күні кеше өмірден өткен Зақаш Кама­лиденов өз естелігінде «Ғимараттың са­лынуына басшылық еткен – Өзбекәлі Жәнібеков» деп жазуды, «Бұл – біздің еліміздің тарихы. Тарихымызды ұмыту, ештеңе білмеушілік осындайдан басталды», – деп жақсы айтқан екен. Соны да орындай алмаппыз. 
 
 

Сүлеймен МӘМЕТ 

1822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы