• Ақпарат
  • 13 Шілде, 2023

Жүректе бір сезім жүр лапылдамай...

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
 

ҚАРҒАЛДАҚ ГҮЛІ

1
Қарғалдақ деген бір гүл бар,
Тырмысып шыңға тырбыңдар.
Тамырын тартып жартасқа,
Гүлдейді қыста құрғырлар...

Жел-дауыл оны үзе алмас,
Қия алмас оны мұз-алмас.
Ойпаңнан оны таппайсың
Қыранмен ғана құзарлас.

2
Тұрғандай күтіп алдан бақ,
Жарық жалғанды армандап,
Тамырыменен тал қармап,
Жапырағымен жар қармап,
Жартасты жарып, жармасып,
Қылтиып еді қарғалдақ!..
Қарсы алып оны кәрлі қыс,
Сары аязымен алды арбап.
Құндағы – тастақ, қатқақ,тоң,
Жөргегі – көк-мұз, көн жарғақ.
Бесігі болып қасат қар,
Қарғалдақ өсті жан жалдап!

Әлдиі - боран, үскірік,
Ызғырық желі ысқырып,
Ырғалып еді қарғалдақ,
Гүл жарып еді қарғалдақ,
...Мейірім, рахым, жылудан
Құр қалып еді қарғалдақ...

Ныспысы гүлдің – нәзіктік,
Намысқа толы наз ұқтық.
Қарғалдақ неткен қатал гүл,
Қайсарлықты алған қазық қып?!

Жетіспей күннің күнесі,
Қатқан да шығар сілесі?
Қатайтқан болар қарғамды,
Тіршілік үшін тіресі?
Жеткізді ме екен жеңіске,
Күнкөріс үшін күресі?
...Мейірім, рахым, жылуға
Зәру де болмас гүл осы!?

БАУЫРМАЛ

1
«Үлкейген дейді бауырың!..»
Ұлғайса болар ұлғайған...
Артатын ылғи ауырын
Өмірдің өзі бір майдан.

Бұл бауыр нені көрмеген?
Бүгінгі халі – ауыр хал.
Шөлдемес жерде шөлдеген
Шектен тыс болып бауырмал.

Жатырқау білмес бұл басым,
Құшаққа кірсе келіп кім,
Бауырмал болып туғасын
Бауырға баса беріппін.

Көрмеді нені бұл бауыр?
Ащы мен тәтті қос жақтап,
Көтерген жүгі зілмауыр,
Уды да ішті тостақтап.

Тасбауыр болып кетпеуге
Таразыдайын тартылған.
Өрекпіп жүрген от кеуде
Өкініш-өртке шарпылған.

Тағдырым салған сынаққа,
Төзейік енді, сабыр ет.
Өкпе жоқ менде, бірақ та
Ішімнің бәрі – бауыр-ет.

2
Алматыға Сауырдан кеп,
Аңқылдадым бауырмал боп.
Бауырыма бастым бәрін,
Бостан босқа ауырғам жоқ.

Бауырыма кіріпті әркім,
Жыланды да жылытқанмын,
Бір сұр жылан шағып мені,
Сырын кештеу ұғып қалдым...

Жауындарда, дауылдарда,
Қорғаладым қауымдарға.
Ғадауат қой ғұмыр сүрмек
Ғадамзатта бауыр барда...

ӨЛІ АҚЫНДАР ҚОҒАМЫ

Өмір қалды обалыма,
Қоштасайық, кел, күнім...
Өлі ақындар қоғамына,
Мүше болам мен бүгін.

Күнді түн кеп қаусырғанда,
Ай жүреді жораға.
Өмір дәмі таусылғанда,
Өлім үрер қорада.

Жылап-сықтап, қоштасады,
Жазушылар одағы,
Мені қарсы ап, бас қосады,
Өлі ақындар қоғамы.

Көміп келіп, тарасқандар,
Қол жайғасын дұғаға,
Жұматайлар, Жарасқандар,
Қарсы алар-ау, қуана.

Барғанымда бөсіп, бүрлеп,
Ғұмырды артық-кем сүріп,
«Неге сонша кешіктің?!» деп, –
Кінәлайды-ау, Кеңшілік!

«Жаңа келген кім екен?» деп,
Мағжан, Қасым бет бұрса,
Мұқағали, Жұмекендер,
«Біздің бала!» деп тұрса.

Абай менен Махамбеттер
Сәлемімді алмаса –
Жыр шырағын жаһан-көкте
Жаққаным-ау, далбаса!?.

Мың жасап жүр талай қарға,
Қарғалармен ісім не?
Махамбет пен Абайларға
Сәлем беру үшін де –
Мен тірлікке тоба қылам,
Өлмес болсаң сен, жырым!
Өлі ақындар қоғамына
Мүше болам мен бүгін...

ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ ЕКЕУМІЗ

Жастық шағым екеуміз кездескенде,
Жанымызда болған жоқ өзге еш пенде,
Ол – көз көрген қалпында,
Мен – өзгерген,
Қара үзіп-ақ кетіппіз қозы көш жерге.

Ол мөлдіреп қарады, мен – елжіреп,
Оқ тескендей қан жылап берен жүрек,
Тұла бойдан тоғаяр түр іздедім:
«Қандай болдым мен, міне, көр енді! – деп».

Түк таппадым бойымнан мақтанарлық:
Баяғыдай мінбеймін атқа қарғып.
Баяғыдай қарадай қаным қызып,
Қойып кетіп, түспеймін отқа барлық.

Тауға ұрмаймын басымды, тасқа ұрмаймын,
Жасын түсіп жатса да бас бұрмаймын.
Көлеңдеген көлденең көк аттыға
Көкжалдығын көрсетпес қасқырдаймын.

Баяғыдай... емес қой... баяғыдай...
Жүйрігін-ай уақыттың... аяңын-ай!
Онда қылыш болғанда, мұнда – қалқан,
Сабалақпен кездескен хан Абылай...

Жастық шағым екеуміз жолыққанда,
Жүрдек уақыт жүрекке соғып таңба,
Бұдан былай екеуміз бірге болып,
Бірге аттанып жүрер ме ек жорықтарға!

...Түсіп келем ол шыққан Көктөбеден...
Ол ма, мен бе – тағдырға өкпелеген?..
Ол айтты ма, білмеймін мен айттым ба? –
Үн естілді жаңғырып:
– Кетпе! – деген...

ТОРДАҒЫ ҚҰСТАР

Көк аспанға қараймын әредікте,
Көз ұшынан көргім кеп қара нүкте.
Қанаттының бәріне, маған салса,
Бар аспанды берер ем тәберікке.

Елдің мұңын тайсалмай айтар ұлдар,
Келер ұрпақ жаңғыртып қайта жырлар.
Қанаттының тұғыры қапаста емес,
Көктің құсын көгіне қайтарыңдар!

Көкке қарап көңілі алабұртты,
Еркіндіктің жолында жаға жыртты.
Көктің құсын көгіне қайтарыңдар,
Қанатымен жасқасын қара бұлтты!..

Азу білеп, аспанға айтамын зар,
Айтқызатын арқамда сайтаным бар!
Томаға да, тор да емес сыбағасы,
Көктің құсын көгіне қайтарыңдар!

ӘРИНЕ

Әке-шешемнен маған тигені:
ғұмырым... сонсоң, әрине,
«Есдәулет» деген пәмиле...
бұл Өмір деген тар үйде
мейлі жыла, зар иле,
емшектен басқа не беруші еді, Сәбиге?

Жарық дүниеге туа,
ит жейдемді көз жасыммен жуа,
естігенім дуа:
«Әлди, әлди, әлди-ай...»

Бәріне куә:
Тылсым, қасиетті Түн...
көргенім –
аузын буған Ай,
көзін буған Күн.
Естігенім – өсиетті Үн:
«Әлди, әлди, әлди-ай...»

Көз алдым – көктем,
сиқырлы неткен,
өзімнен өзім өрекпіп
шыққанмын шектен,
Құдай да мені ұмытып кеткен...
рахат!
Жоқ, құдайсыздық – бұл ұлы апат...
бірақ мұны ол кезде қайдан білейін
жүргенде жанымды жын отап...

...Әрине,
біртіндеп ес кірді сосын...
асырдым алға ғұмырдың көшін,
құртқанда тағдыр көңілдің хошын,
үн қатты менің іштегі досым:

«Әрине,
қалғың келмесе тар үйде,
қайғының қарны ашып қалмасын,
қара су бер, жүрегін жалғасын,
шаттыққа шуақ бер – әлемді шарласын,
сезімге әуен бер сарнасын,
мұңға малта бер өзегі талмасын,
сағыныш сәуле ішіп самғасын,
махаббатқа шық бер, жүректерді арбасын...
өкінішке түк берме
өгіздей күшімен
өзі-ақ сүйретер арбасын...
Ал, Уақытты оятпа...
біздерді аямай қамшылар
өзінің ұйқысы қанғасын...
Әрине...
Әлди, әлди, әлди-ай...»

***
Жалғыздық деген бір шеңбер,
Құрсаулап алар – кірсеңдер.
Уайым дәмі – у сойқы,
Уына оның кім шөлдер?!

Уыстан сусып уақыт,
Туысты кетер жылатып.
Монтансып мүрдең жатады
Жасамағандай күнә түк...

Алданып болдың үмітке,
Жан бағып, толдың күдікке...
– Өмір дегенің осы ма?
– Өй, соны итім біліп пе?

КӨБЕЛЕКТЕР КӨРМЕСІ

Кіріп ем
«Көбелектер көрмесіне»,
көбелек қуған күнім келді есіме:
жан бітіп көз алдымда қанаттылар
көрменің толып кетті бөлмесіне.

Cарғайған саналарды сәнге бөлеп,
ұшып жүр түрлі-түсті сан көбелек...
дүние қанкөбелек шыр айналды,
кеудемді кернегендей ән керемет.

Көгалдан көп көбелек бұрқылдаған,
көзіме келе қалды шіркін далам...
ертектей есте қалған ерке күннің
елесін сыйға тартты бұл күн маған...

Жел жұлып көкке ұшырған гүлге ұқсаған,
ғажайып көбелегім, құлдық саған!
Мәңгілік сұлулықпен жаулап алдың
жетсе де бір-ақ күнге тірлік-шамаң...

...Шүкір айт,
күпір ақын,
зікір заман...
нақ жынды көбелек қой бүкіл ғалам...
...қанаты қатып қалған көбелектер
астында әйнектердің жыпырлаған...

Қамсаусыз көңілінің қорегі өлең,
сен де бір көзсіз жүрген көбелек ең...
сенің де қатып қалған қанатыңды
әйнектің астына сап көреді әлем...

ОР МЕН КӨР

Бас жарылып, шеке ісіпті,
Жағаласқан «досым-ай»...
Өмір заулап өте шықты,
Өте шықты осылай...

Мұршаң да жоқ өкінуге,
Не алдық та, не бердік?
Жылдан жылға жетілуде
Ор қазуға шеберлік.

Қайда асқақ арманымыз?
Нені жүрдік уайым қып?
Бізге қазған орларыңыз –
Көр қазуға дайындық...

Шығар төрге шыққаныңша
Жолыңда бір ор жатар.
Өмір мәнін ұққаныңша
Жамбасыңа көр батар...

Қу тағдырдың кереңдігін
Білмей өмір сүріп пе ек?
Ор мен көрдің тереңдігін
Өлшеу үшін жүріп пе ек?...

Көздеріңнің еті өсіпті...
Көңіліңнің хошын-ай...
Көкірегіңнің оты өшіпті...
Екпініңнің жосыны-ай!
Ғұмыр зулап өте шықты,
Өте шықты осылай....
Беу, «досым-ай, досым-ай»...

МИНИАТЮРА. ЭКСПРОМТ 
(2000-2022)

Салмақ...

Құс ұшып жүр қалықтап...
Жеңіл болар қаңбақтан...
Мен құтылам қашан мына салмақтан?

Құс – аспанның ермегі,
Шырқау көкке өрледі…
Мен де қанат қағар ем,
Енді ешқайда жібермейді Жер мені...

Ван Гог

Мендік тағдыр -
Желге ғашық қаңбақтай,
Желден өзге жер бетінде жан жоқтай...
Сенің сөзің – соғыстағы соңғы оқтай,
Менің өзім – оққа ұшқан солдаттай,
Сол жараны өзіме-өзім тілеп мен,
Мұрттай ұштым мұрны тесік жүрекпен,
Өз құлағын өзі кескен Ван Гогтай.

Бәйтеректің көлеңкесі

Көлеңкелеп мен келсем де,
Сен келсең де -
Бәрібір,
Демейді ол ешкімге де «әрі жүр».

Ит-құстан да аямайды ол саясын...
Маңайына тірі жанды жолатпас
Сараңдарды Құдай өзі аясын!..

Ас болсын!

Жақсылық бір біріне тілейді адам...
Деді ме ақ тілекпен тіреу болам,
Өртеніп өкініштен көкірегім,
Оқталып у ішпекке отыр едім:
– Ас болсын! – деді келіп біреу маған!..

Түнгі бақта

Түнгі бақта жатырмын -
Ұйқым қашқан...
Жұлдыздары сығалап,
Сиқырлы аспан.
Сары сабан ішінде сыбдыр-сыбдыр,
Тыншы кеткен тышқандар шиқылдасқан...

Шырылдайды шегіртке бір тынбастан...
Еске түсті бала күн құрт ұрласқан...
Жүрегімнің маңдайын түн сипады,
Көңілімнің көйлегі жыртылмастан...
Беу, неге ұйқым қашқан?..

Жібек құрты

Жұрттан бұрдым бетімді:
Жібек құрты секілді,
Оранып қиялымның талшығына,
Қанығып тіршіліктің бар сырына...
Тоғайып, шыққандай боп тау шыңына...
Түбіне ұлы ұйқының түсіп кетсем...
Ертемен жуынып ап, таң шығына,
Айналып жасыл қанат көбелекке,
Талпынып таңсәріде ұшып кетсем...

Айналып... ұшып кетсем... көбелекке...
Сенемін дәл осы бір кереметке...

Қара қар

Қарақтаймын мұңдана,
Қара түтін - тұрбаға.
Мен тастаған шылымды
Тастамапты бұл қала...

Қылшылдаған қыс келіп,
Қала жатыр тістеніп.
Қап-қара қар жауып тұр,
Көкірегі ыс болып...

***
Жаралғаным – топырақ,
Жамылғаным – жапырақ.
Қосағым боп қабырғам,
Санымды да сан ұрғам...

«Сол жемісті жегенім,
Күнә болды» деп едім, –
Қуылғанда сол бір жаннат бағынан
Ібілістен көріп едім себебін.

Екеумізді Көктен Жерге құлатқан,
Жазадан да ешбір сабақ алмадық.
Ардан безіп қуылсақ та жұмақтан
Жерге келіп күнәмізді жалғадық.
Пәлі, бізге қайдан орын бұйырсын,
Еендесі жоқ пейіштен?
Енді біздің ұятымыз киінсін,
Киіндірсін періштем...

***
Күні келгенде
тартқан да, тәуба, ат басын,
қайтқан да, тәуба,
құрдымның қағып қақпасын...
ауыздық көрмей арқырап өткен ғұмырың
тынымын алсын тылсымның киіп ноқтасын...
арам ұйқыға жем болып жүрген қу нәлет,
арам күлкіге азыққа айналмай тоқтасын.
аруың сонда арулап қойса арман не,
атаусыз қалып, арам қатқаннан сақтасын!

Қателіктер

Өзің өлсең де өлмейді қателіктерің...
Өткен ғасырдан бүгінге әкеліп пе едім?
Ескісі қайсы, білмеймін жаңасы қайсы?
Арқалап жүрмін өзіммен көтеріп көбін.
Күпір бір ойлар кеудеме өлең көмгелі,
Көсегемді де - (көп алдап) - көгертем деді...
Күрішке ылғи күрмек боп жармасатұғын,
Қателік деген қалмайтын көлеңкем бе еді?

***
Иттен күтпе иттікті – адамнан күт,
Кім кінәлі – қашса егер қоғамнан құт?
Бір ойлының татымас тырнағына,
Жаһандағы жиналса надан барлық!

Ит етсең де қасыңа күшік ертіп,
Иттен күтпе жамандық – кісіден күт.
Залымдық пен ғалымдық астасса да,
Саған сана бермеді-ау түсінер түк.

***
Ұмтылдым мәңгілік пен шексіздікке,
Ұстандым жүрегімді бетжүздікке!
Арманның алдамаған бірі бар ма,
Өмірді әлде бекер өткіздік пе?!

Ұмтылдым шексіздік пен мәңгілікке,
Ұрындым сан үміт пен сан күдікке.
Ілікпей уысыма ешқайсысы,
Алданған ұқсап қалдым әңгүдікке.

Аһ ұрмай жүре алады Ақын қалай,
Керек пе жанартаудың атылғаны-ай?
Отынға жасырынған оттай болып,
Жүректе бір сезім жүр лапылдамай...

***
Жүз жыл, әлде,
Бар болғаны бір күндік,
Өмір деген – бізге берген мүмкіндік.
Қанша жерде тайғанақтап, іркілдік?
Қанша үмітті айналақтап, күл қылдық?
Сілкінбейтін жерде келіп сілкіндік...
Жыртылмайтын жерде келіп жыртылдық...

Кім болмақ ем?
Кім боп шықтым мен бүгін?
Дәл мен құсап армандайды енді кім?
Өкініштің өтін ішіп, шерлімін,
Білінгендей қырық үш күндік кемдігім...

***
Тек түсімде ғана –
Бір кезде жылап қалған,
Бала күніме бара аламын.
Әлдеқашан құлап қалған,
Туған үйіме ораламын...

Жұдырықтай тасты машина қып,
Ағаммен ойнап отырамын.
Ағамнан сосын асық алып,
Омпының қатарын опырамын.

Жарып бір шыққан тісім жаңа,
Құртты қаужаймын құшырлана...
Балалығыма барар жалғыз-ақ жол бар,
Ол менің –
Түсім ғана...

ӘРІП

Сен едің ғой жас әріп:
«Болам, дейсің, Бас әріп!»
Әліп саған берер ме
Өз орынын қасарып?!

Мызғи қоймас қасқалар,
Су аққанмен тас қалар...
Әріп болма,
Адам бол
Бас әріптен басталар!

***
Тақырып қып көзқаманды,
Тамызықтап қозға мәңгі,-
Қазақ қылып өсірмесең,
Құдауәндә, өз балаңды –

Өз ұлтыңды – қазақ қанын –
Бір адамға азайтқаның!
Бұдан кейін кімге керек
«Қазақпын!» деп сөз айтқаның?!

***
Ақиқат пен Әділдікті,
Ақылыңмен өрнектесең,
Көтергенде небір жүкті,
Шатқаяқтап кері кетпес ең.

Байламсызға бара көрме,
Қай қырына жолығасың?
Адал болсаң Қара жерге
Көкке шапшып не қыласың?

***
Көн етіктей көңілім қоңылтаяқ,
Тамызбады әбілін әбілxаят.
Өңменіме өлгенше оғын таяп,
Үсті-үстіне жұмсайды өмір таяқ.

Қасаңсыды көңілге тас байланып,
Өмір - өгей, танытты қастай қалып,
Күннен күнге құшағы ыстық тартып,
Өлім деген барады досқа айналып.

Кеше ашқан көзімді жұмам бүгін,
Енді қайта ашам ба – күмәндімін...
Будақ бұлт боп төбемде бұрқырасын,
Күнді ішіне жасырған тұман жырым.

***
Әр нәрсенің болушы еді өз шегі?
Әй, білмеймін...
Соны көңіл сезсе еді?..
Басырдың да қырағысы бар екен,
Мылқаудың да болады екен сөзшеңі.

***
Көбелек – мен, гүлсің сен,
Күйреп қалам күрсінсең.
Қысқа ғұмыр ұзарар
Сеніменен бір сүрсем.

***
Қара жер, қайран, сөзім жоқ,
Менде жоқ, сенде –
Төзім көп...
Бүгінгі шығар төрімсің,
Ертеңгі құлар көрімсің,
Қуылған кезде пейіштен,
Ентелеп келгем өзің деп...

***
Өмір бүгін өзгерген:
Көрмейтұғын Көз берген,
Естімейтін Құлақ берген,
Жанбайтұғын шырақ берген,
Ақпайтұғын бұлақ берген,
Айтылмайтын сөз берген...
Шыдай алмас балық та,
Дәл осындай қалыпқа -
Қалай ғана төзгем мен?!

***
Тоймасқа бердім,
Толмасқа құйдым,
Бұл тірлік сонда құрдым ба?
Өтті өмір зырлап,
Орамал бұлғап,
Мойныңды бір сәт бұрдың ба?

Отқа да салып,
Суға да малып,
Қу жанды бақтым қинап-ақ...
Тауға да соғып,
Тасқа да соғып,
Бұл басты жүрмін жинап ап...

***
Өтермін-ау...
Өмірді сүйіп-қанбастан...
Шеңберім тұйықталмастан...
Жүректегі жүгім еш жеңілдемеді,
Жеңілдер ме жүгім иықтан басқан?..

***
«Қазақия» деген сөзде құдіретті рух бар,
Қасиетін сезін, жаным,
Қазақы өмір сүріп қал!

ӘН

Тыңдай қалса көл дір етер...
Езу тартар таң күліп.
Жүрегіңді елжіретер,
Ән-әуені жаңғырып...

Шырқау неткен ғажап еді,
Өз еліңді ән қылып!?
Қазақ елі!
Қазақ елі!
Қазақ елі – мәңгілік!

САЛАУАТ

Жылымайтын ызғарға,
Ерiмейтiн мұздарға,
Жiбiмейтiн тоңдарға,
Таусылмайтын жолдарға
Қор боп кеткен қуатыма салауат!

Торға талай сүрiндi,
Орға талай жығылды,
Сорға талай ұрынды
Мiнез деген сыңарезу жарау ат.

Ұшқын едiк, от болдық,
Көмiр едiк, шоқ болдық,
Темiр едiк, оқ болдық.
Көрдiк қилы махаббат пен ғадауат.

Аз да болдық, көп болдық,
Аш та болдық, тоқ болдық,
Бар да болдық, жоқ болдық,
Шүкiр, тәуба, барлығына – қанағат!

Айтылмаған әнiмiз,
Ашылмаған мәнiмiз,
Салқындаған жанымыз,
Сарқылмаған қанымыз.
Соңымызда қалар ма сау-саламат?

Иiлмеген басымыз,
Киiлмеген тәжiмiз,
Отырмаған тағымыз,
Бұйырмаған бағымыз –
Бiр құдайға аманат!

8460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы