- Руханият
- 13 Шілде, 2023
Қазақы тәрбиенің бастауы немесе қарапайымдылық қағидасы
Тәуелсіздік қалыптастырған тұлғалардың тұғырлы көшінде абыройлы ғалым, уақыт пен кеңістіктің мәңгілік бірлігінде, қолданбалы механика ғылымының парадигмалық парасатында өзіндік қолтаңбасын салып, теориялық математика мен қолданбалы математиканың ғылыми ашылымдарын дерек пен дәйек тұрғысында дәлелдеуде іскерлік іздерін қалыптастырған Бақытжан Тұрсынұлының ғылым әлеміндегі елеулі еңбегін қарапайым оқырманға жеткізу де күрмеуі қиын күрделі теңдеуді шешкендей болатыны шындық. Сан мен сана кеңістігіндегі ойлау табиғатымыз көп белгісізі бар теңдеудің түбірін табуда есептен қалыс, ғылымнан алыс адамды адастырып кететіні және бар. Мұндайда сөз өнерінің санатындағы пенденің сыпырасы мен ымырасы ғана дәтке қуат.
Осы тұрғыдан келгенде, Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың жеке меншік мамандығының қыр-сырын таныта жазу оңай емес. Математикадағы жеңілден ауырға қарай ұмтылу, кішіден үлкенге қарай ұмсыну тәсілін ұстана, оның егемен жылдардағы елдік мұраттарды еңсеру тұрғысындағы елеулі де ерен іс-қимылдары мен іргелі ізашарлық бастамаларын тілге тиек ете отырып, ғалымдық және азаматтық портретін сомдауда қаламға күш бергеніміз – оған деген көп құрметі мен ықыласының рейтінгін көрсету. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дейді абыз Абайымыз.
Математика ғылымы – тәуекелдің ілімі. Екінің бірінің, егіздің сыңарының қанжығасына байлана бермес мамандық. Абай айтқан арманның жетегінде, мақсатты үміттің желеуінде болып, ғибратты ғұмырын осы салаға арнаған ғалымның ұзақ жылдардағы мемлекеттік, қоғамдық, ғылыми-әлеуметтік, сарапшылық- сындарлық, ұлағатты ұстаздық, дәргейлі дәріскерлік, әлеуетті әдіскерлік резюмесіне оң райлы рең танытсақ, ол артық болмас.
Адамзат жаралғалы алғашқы табиғи дыбыстың өзі сандық санаудың алғышарты болғаны дау туғызбайды. Біздің заманымызға дейінгі қамыс пен қайыңның қабығына жазылған ең алғашқы есептердің ғұмыры 5000 жылдан асып кететіні әлдеқашан дәлелденген. Эволюция мен революцияның арасындағы сан дәуірлік кезеңдерде алғашқы қарапайым пайым бірте-бірте адамның ойлау жүйесінде өзгерістерге түсіп, тасқа қашалған таңбалардағы аң стиліндегі бейнелердің сандық мөлшері қолданбалы өнердің есептік мөлшерін де көрсетті. Шексіз ғаламның сансыз жұлдыздарын санауда аспанға телмірген адам жанары да білмекке құмарлықтың, саусақ бүгіп санамақтың, бас шайқап таңғалмақтың даму кезеңдерінен өтіп, бүгінгі ең жоғары, көп дәрежелі деңгейдегі есептеу машиналарына жетті. Алгебраны дүниеге әкелген араб әлемінің данышпандарын еске алсақ, қарапайым ауыл баласының алғашқы есебі тамызда тамып кетердей болып самсаған сансыз жұлдыздарды санаудан басталса, осы саланы дендеп қуып, дегбірлеп қолға алған Бақытжан Тұрсынұлының алғашқы есеп тақтасы Алла жаратқан аспан болса керек. Сондай жұлдызы жамыраған тамызда өмір есігін ашқан Бақытжанның өмірдегі жұлдызы да талап пен танымның Темірқазығына байланып, ауыздығымен алысқан Ақбоз-Көкбоздың шылбырына ілесіп, Құсжолының ақсүт шаңытында, Сүмбіленің сәулесінде, таң суыған Таразда алысқа жетелеп әкеткен екен. Мектепті үздік бітірген бозбаланың аттестатындағы бестіктер одан кейінгі жылдарда факториалдық үрдіске жалғасты.
Жалпы қызық бір жайт бар, ақындық пен ғалымдық, соның ішінде математика ғылымы поэзияның бір саласы деп қарастырылатынын білеміз. Қарапайым қағидамен айтсақ, қара өлеңнің дәстүрлі он бір буыны мен ұлттық поэтикамызда бар барша ырғақ өлшемдерінің сан алуан үлгілері міндетті түрде бір саздан жаңылыспай, бір саннан ауытқымай, жолынан жаңылмай, қалай басталса, солай келіп түйінделеді. Мұны қарапайым есептен күнде көре аламыз, екіге екі қосқанда төрт болатыны секілді, өлең ырғағы да жаңылмай осы шартпен келе береді.
Әлемдік математика ғылымының атақты ғалымдарының 60 проценттен астамы ақын болғаны белгілі. Әрідегі Хорезми мен Омар Хәйемнің, одан берідегі Софья Ковалевская мен Леонтий Магницкийдің, математика саласы бойынша орыс ұлтынан әзірге жалғыз Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Колмогоровтың, 1924 жылы «Есеп құралы» еңбегін жазып, шығарған Міржақып Дулатовтың математика мен поэзияның ара жігін біріктірген еңбектеріне назар аударсақ, математиканың поэзиямен арақатынасы айқындала түседі. А.Колмогоров тіпті «Өлең құрылысы» туралы көлемді еңбек жазған ғалым. «Ақын болмаған математик ешуақытта өз саласында жоғары жетістікке жете алмайды» дейді атақты математик К.Вейерштрасс. С.Ковалевская «Математика деген фантазияны қажет ететін ғылым, ақын болмай математик болу мүмкін емес» деп тіпті «қатты» кетеді.
Осы сөздерден қуат ала отырып, өзім соңғы жиырма жылдан аса мерзімде әр кезеңдегі мемлекеттік қызметтерінде куә әрі көзтаныс болған кейіпкерім Бақытжан Тұрсынұлының математикалық пайымын, оның ойлау жүйесіндегі нақтылық пен қалыптасқан тәртіптілікті, қоғамдық ортада қалыптастырған қағидалы қасиеттерін поэтикалық біртектілік пен қатаң өлшемге байланған ұстаным деп бағалаймын. Оның өлең жазу мүмкіндігі барын шамалай отырып, шындап кетсе, шайырлық мінезге басатынын сезгендей боламын. Әрине, бұл сөзім оған тосын естілуі мүмкін, бірақ кім біледі, оның жанжазбалық аурасы поэзия орбитасында айналып жүрген шығар.
Әлемдік поэзияның пырағы Александр Пушкин: «ең әрісі геометрияға да шабыт керек» деп жазған. Ырғақ, гармония, тропаның түрлері, ассонанс пен аллитерация, стиль мен сөз сәулесі математика құзырында құлындай ойнайды. Өшпес, өлмес, қайнары тау-сылмас поэзияның бүкіл болмысы математикада дәлелденеді. Сондықтан осы мақаланың барысында екі жаққа да бесенеден белгілі – Теңдеу мен Теңеудің ара жігін құрыштан құйғандай кіріктіре отырып, теңдеу түбірі мен теңеу түбірінің де іргетасы шабыт деген шамырқанған қасиеттен тұратынын айтуға тырыстым.
Әрине, менің мақсатым Бақытжан Тұрсынұлын қалайда ақын етіп шығару емес, бірақ оны жаныма жақын етіп шығару жолындағы ішкі есебім, амалсыз арифметикам. Себебі Бақытжан Тұрсынұлы әл-Фараби атындағы ұлттық универсиетте ректор болғанда, Білім және ғылым министрі болғанда, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болғанда, Парламент Сенатының депутаты болғанда, Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық беру комиссиясында төрағаның орынбасары болғанда, кейінгі кезде жұртшылықпен етене араласып, елгезек шағын көргенде байқағаным: қашанда тәртіп пен жауапкершіліктің, ұйымдастырушылық пен көшбасшылықтың, принципшілдік пен қайсарлықтың, қарапайымдылық пен қайырымдылықтың, ізеттілік пен ілтипаттылықтың, танымгерлік пен талғампаздықтың, әдептілік пен әлеуметшіліктің, сабырлылық пен салиқалықтың, жүрген-тұрған ортада өзін ұстаудың, ұқыптылықтың, жасқа да жасамысқа да бірдей тіл қатыса білудің үлгісін көргендей боламын. Сосын, шынайы математик осылай болатын шығар, Бақытжан мырза соның әлеуметшіл эталоны шығар деп ой қорытамын. Содан келіп, оның ақындық болмысын аңғарамын десем, мұнымды артық көрмеңіз, математик мырза.
Кейіпкерімнің, мүмкін өзі де ұмыта бастаған, кейбір сәттерін де еске түсірдім. Сол кезде мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Ғылым мен техника саласында мемлекеттік сыйлық беру комиссиясын басқарып тұрған тұста сыйлық беру жөніндегі отырыста қатты пікірталас болып қалды. Ғалымдар пікірі екіге жарылды, мәмілеге келу қиын болды. Мемхатшы үзіліс жариялады. Сол кезде комиссия мүшелерімен қызу пікірталасқа түскен Бақытжан Тұрсынұлы лайықты еңбек авторын қорғап және әділдігін саралап, барлық мүшенің көңілінен шықты, Мемхатшы да иығынан жүк түскендей болып жадырап қалып еді.
1993 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қабылданып, ол халықтың назарын қатты аударды. Әр кезеңде осы саланың министрі болған азаматтардың артықшылығы да, кемшілігі де болды. Бақытжан Тұрсынұлы Білім және ғылым министрі болған кезде шет елдерде елімізге етене қажет мамандықтар бойынша оқытудың жүйесін жасап, әсіресе техникалық мамандықтарға зәруліктің орнын толтыруға қатты көңіл бөлді. Өйткені гуманитарлық сала бойынша шет елдерге оқуға барушылардың саны көп болғандықтан, олар бітіріп келгенде қызметке орналасу мәселесінде едәуір проблемалар туындаған болатын. Осы мәселеде Жұмағұловтың жан-жақты іскерлік, принципшілдік, азаматтық болмысы жарқырай көрінді. Елге қажетті мамандықтар кестесі жасалып, бағдарламаның бәсі артып, жас кадрлардың ғылыми-техникалық қатары қалыптасты. Осы үрдісті ұстап қалу мәселесі ойландырады.
Техникалық ғылымдардың, инженерлік істің даму деңгейі — бұл адами капитал сапасының және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Бүгінгі таңда еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа байланысты. Ұзақ жылдардан бері табан аудармастан Ұлттық инженерлік академияның президенті болып келе жатқан Бақытжан Жұмағұлов басқаратын ғылым ордасының ғылыми-техникалық прогресті заман талабына сай жаңғыртудағы ауқымды іскерлік жұмыстары қазіргі таңда, жаңарған Қазақстанды орнықтыру жолында, қамту аясын кеңейтіп, әлемдік өркениеттегі осы саланың озық үрдістерін қазақ топырағына әкелуде барынша ықпалдылық танытуы қажет. Бұл орайда ғалым басқаратын академия жаңалықтары өндіріске кеңінен енгізіліп, оның пайдалы әсер коэфиценті жыл сайын молая түседі деп сенеміз. Ғалымның мұнай мен газ саласындағы ғылыми еңбектері әлдеқашан өндірістік айналымға түсіп, өз үлесін танытып келеді. Докторлық диссертациясының осы аса қажетті салаға арналуы оның ел экономикасын дамытудағы лайықты қолтаңбасы болды. Инженерия жүйесінің тұтқасында тұрған тұлғаның осы саладағы лайықты қолтаңбасы одан әрі басым бола түсуіне де мүмкіндік мол. Инженерлік тұтастық ел ғылымының дамуына тікелей әсер етеді. Олай болса Ұлттық инженерлік академияның қолданбалы қызметі математикалық өлшемдер негізінде өз әлеуетін арттыра береді деген ойдамыз. Осы мақсатты жұмыста оған табыс тілейміз.
Бақытжан Тұрсынұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған тұста оқу ордасының ғылыми-материалдық, тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени-рухани деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Өйткені оның үлкен өмір мектебінен өткен тағылымы, мемлекеттік және қоғамдық өмірде жоғары деңгейдегі лауазымдарда болуы ұйымдастыру және жаңа бастамалар туындату тұрғысында жолын ашып отырды. 2009 жылдың желтоқсан айында заманымыздың заңғар қаламгері, Еңбек Ері атағын енді ғана алған Әбіш Кекілбаевтың, осы оқу ордасының үздік түлегінің, 70 жасқа толу мерейтойын жоғары деңгейде өткізуі, жазушы шығармашылығы, мәртебелі қызметтері туралы жасаған мазмұнды баяндамасы мен жүргізу тәсіліндегі терең таным әлі есте. Әдеби пайым мен математикалық саралау жүйесі қатар өрілген кеште Бақытжан Тұрсынұлы өзінің және бір жақсы қырын көрсетті. Аға мен інінің арасындағы сыйластық көпке үлгі болғандай еді.
Жұмағұловтың басшылығымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызметтің барлық салалары жаңғыртылды. Елімізде алғаш рет халықаралық стандарттар бойынша оқу процесін жаңғырту, әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау және әлемдік рейтингтерге кіру бойынша жұмыстардың жүйелі кешені жүргізіліп, сандық университет үлгісіне айналған бірегей электрондық университет жүйесі құрылды. Қазақстанның ұлттық университеттердің алғашқысы – ҚазҰУ-да әлемдік жетекші трендтерге сәйкес келетін Даму стратегиясы әзірленіп, мерзімінен бұрын орындалды. Толық кредиттік технология, әлемнің үздік университеттерінің деңгейіне бейімделген өз бағдарламаларын іске асыру құқығы және басқа да бастапқы жаңалықтар енгізілді. ҚазҰУ қалашығының екінші кезегінің құрылысы аяқталды. Дәлірек айтқанда, химия, физика және механика-математика факультеттерінің жаңа оқу корпустары, бірегей мұражай және басқа да объектілер салынып, пайдалануға берілді. Бұл өзінің Алма-матерінде басшылықта болғанда жүзеге асырған жарқын істері. Мұндай мысалдар аз емес. Өмір жолдарының әр кезеңінде ол жүрген жерінің бәрінде ізгілікті ізін қалдырып отырды. Өмір белестерінде ол туралы талай рет жазылды, көрсетілді.
Әрине, Бақытжан Тұрсынұлының 50-55, 60-65 жасқа толған кездерінде ел ақпарат құралдарында талай мақалалар мен портреттік материалдар жарияланғанын білемін. Мерейтойлық жарияланымдардың көбінде дерлік өмірбаяндық өрім тізіле беріліп, тізе қағыстырады. Бұдан қашудың да реті жоқ, бірақ кейіпкердің өмір болмысындағы бітімін, тұрмыс-тіршілігіндегі тынысын, ел алдындағы мінезін, халық көкейіндегі бағасын, ғылыми еңбектеріндегі ерекшеліктері мен табыстарын, әулетіндегі беделін, отбасындағы кемелін жеткізу бағытындағы қалам қайырымын қолай көремін. Арамыздағы бір жастың математикалық моделін теңдеу әдісіне салсақ, Түбір астының табылған мөлшері жыл қайырудың 12 айлық мөлшерінде қазақы қағиданың «бір жас – ол да құрдас» деген төл сөзіне қол қояды.
Бақытжан Тұрсынұлының өз ортасында, аралас-құралас ортада әзілге жүйріктігін, астарлы сөзге мергендігін, әзіл-қалжыңға келгенде атқа шапқандай шапшаңдығын, ағысты сөзді қағысты қимылға аударып жіберетінін осы жылдарда көріп те, естіп те білген жайым бар. Былай қарағанда математика саласының маманы туралы олай ойлай бермейсің ғой, «аузында әзілі жоқтың, қолында балтасы жүреді» деген тәмсілді де еске алғандықтан, бұл да азаматтың аржайы да ашық, танымы машық мінезінің бір парасы деймін.
Мінез демекші, Әлихан Бөкейханның: «Халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзіне бақсақ, кейінгі кезде халқымыздың қалжың-қағытпаны, әзіл-оспақты ауызда ойнатқан мінезі жастар бойында сырдаң сараңдыққа, кейде нәті надандыққа бой беріп те қалып жүр. «Сүзеген сөзді» Оспанхан марқұмды қайталау шарт болмас, бірақ ел басқарған азаматтардың елдік мінезді бойынан аулақ ұстауы әралуан ойға батырады. Бақытжан Тұрсынұлы бұл жөнінен өзін жақсы деңгейде көрсетіп келе жатқан тұлға.
Мақала барысында математиктердің поэзияға, әдебиетке құмарлығы мен құштарлығы туралы біршама айттық. Әрине, әлемдік математиктердің бұл саладағы табыстары мен жеткен жетістіктерін әлі де айта беруге болар еді, бірақ сөз біржақты болып кетпес үшін енді ақындардың да есепке енжар қарамайтынына бір ғана мысал келтіре кетейін. Мәскеудің көшесінде бір машина жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен көрінеді. Әп-сәтте адамдар жиналып, әдеттегідей улап-шулап жатқанда полиция қызметкері қандай көлік, нөмірі қандай десе, ешкім жарытып куәлік ете алмапты. Сол кезде осы маңнан атақты ақын Андрей Вознесенский өтіп бара жатыр екен. Сол «машина нөмірінде аққудың мойнындай цифрлар көп болды, соны байқадым» депті. Сол бойынша іздестірген полиция әлгі көліктің иесін тауыпты, сөйтсе оның автонөмірінде 2 саны көп екен. Екінің бас жағы аққудың мойнына ұқсайтыны рас енді. Бұл мысалды да айта кетсек, ақынның көру, қабылдау жүйесіндегі қасиет матемтикаға да жат емес.
Сөз құйылысының сағасында Бақытжан Тұрсынұлының даңқ-дәргейін бұған дейін жарияланған деректер бойынша айта кетейік, өйткені жалпы оқырманның бәрі онымен етене таныс, не болмаса математика-механика ғылымының аймағында жүрген жандар болмас. Қысқаша ғана нақтылай кетсек, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 1993 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті. 1997 жылдан Техникалық мамандықтар бойынша студенттермен алмасу халықаралық қауымдастығының (IAESTE) Қазақстан ұлттық комитетінің президенті. 1998 жылдан Халықаралық инженерлік академиясының бірінші вице-президенті (штаб-пәтері Мәскеуде). 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының мүшесі. 2009–2011 жылдары Дүниежүзілік түркі әлемінің математикалық қоғамының президенті болып сайланды. 2011 жылы Ислам елдерінің Инженерлік академиялары Федерациясының XI Бас Ассамблеясында оның президенті болып сайланды, ал 2013 жылдан бастап FEIIC-тің құрметті президенті. Қазақстанда және шетелдерде жарияланған 400-ге жуық ғылыми жұмыстың, мемлекеттік, қоғамдық өмірдің сан саласын қамтыған, әлеуметтік-қоғамдық, ғылыми-рухани тақырыптарда жазылған мыңға жуық мақаланың және 15 іргелі монографияның авторы. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалып, өз мерзімінде оны абыроймен аяқтап шықты.
Ол «Парасат» «Достық» ордендерінің иегері, «Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан елеулі үлесі, ғылым, технология және білім саласындағы интеграциялық процестерді дамыту бойынша белсенді жұмысы үшін Халықаралық инженерлік академиясының және ЮНЕСКО-ның Үлкен алтын медалімен, Ислам елдері инженерлік академиялары федерациясының «Ғылыми байланыстарды дамытудағы ерекше еңбегі үшін», халықаралық жоғары награда «Инженерлік Даңқ» орденімен, Ұлттық ғылым академиясының Алтын медалімен, Қазақстан Республикасы «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» орденімен және медалімен марапатталған.
Міне, Бақытжан Тұрсынұлының ғылымдағы, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі өмір жолдары мен құрмет-абыройының үлгілі көрсеткіші осындай. Тәуелсіздік тудырған әрі қалыптастырған тұлғалардың қатарында оның есімі құрметпен аталады. Тәуелсіздік – мемлекеттік жауапкершілік деген қасиетті ұғым бар, сол қастерлі ұғымның туын көтеріп, мәртебесі мен мерейін үстеген қайраткерлердің бәріне біз құрметпен қарауымыз керек. Өйткені ол егемен жылдардың ерлері, ел дамуының елеулі белестерінде өздерінің азаматтық, қайраткерлік, перзенттік қолтаңбаларын қалдырғандар. Бүгінгі жас толқын, ғылым мен білім саласындағы жастар алдыңғы ағаларының абыройлы жолдарын жалғауда үлгі алатын, еліктейтін жандар баршылық. Іздену мен тану мақсатында оларға уақыт пен мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жолда оларға бақытын баянды еткен Бақытжан Тұрсынұлы секілді ағалары үлгі-өнеге болады.
Ал осынау кез келген қазақ баласы қызығатындай мерейлі белестерге, абырой асқарына Бақытжан Тұрсынұлы қалай жетті? Ол әуелі қаннан тараған, жаннан балаған, терең тамырлы, сарасы алымды, санасы сабырлы тегінен жеткен тектілік. Ұшқан ұяның, қыран қияның қанатында, әділдік пен қарапайымдылықтың санатында тәрбие көрген Бақытжан жастайынан жарқын мақсатқа, білмекке құмарлыққа, білгенін саралауға, қажеттісін даралауға, ескіні жаңалауға ұмтылды. Сталинградтан бас-тап Кенисбергке дейінгі жеңісті жолды басып өткен әкесі Тұрсын Жабықбайұлының, ауылдың рухани ордасы – кітапхананың өмір бойы меңгерушісі болған анасы Кенжетай Батырбекқызының тәлім-тәрбиесі ататек, ана салтынан жұғысты болды. Тектілік текке кетпейді, тамырын ұрпаққа салып, жапырағын жаяды. Қарапайымдылық қағидасын қазақы тәрбиеден алған бозбаланың өмір айдынындағы желкені адал арманның желімен алға жүріп отырды. Тәуелсіздік тұлғалары осындай текті жерден, көргенді төрден шығып отырды. Сондықтан да оларды тәуелсіздік танытқан тұлғалар дейміз.
Заман зердесінде, өмір кеңістігінде қолданбалы ғылымның қайраткері болып қалыптасқан Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың жеті белеске шыққан кезеңдегі өнегелі өмірбаянын сөз өрімінде кестелей, «мұндай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген Абайдың өлең-ғақлиясын қайталай отырып, бүгінгі жас толқынды осы сөздің байыбына терең бойлауға шақырамыз. Ақынның аты өлмейді, рас сөз, ғалымның хаты өлмейді, бұл да ақиқат. Ендеше сөз қайырымын:
Еңбегін елге берген мұра қылып,
Ғылымның мәңгілігін тұрады ұғып.
Егемен еліміздің қайраткері,
Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов, – деп шегендесек, шындықтан алыс кете қоймаймыз.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты
11324 рет
көрсетілді0
пікір