- Cұхбаттар
- 20 Шілде, 2023
Махмұт Жетенұлы, ұста: ҰСТАНЫҢ СЕРТІ – ТАЗАЛЫҚ

Ұрпақтан-ұрпаққа қан, ататек арқылы қонатын өнердің бірі де, бірегейі – ұсташылық. Ұсталық өнерді өмір бойы серік ету үшін темірдей төзім мен ерен еңбек және қажет. Міне, осы қасиеттерді бойына сіңірген жандардың бірі – Махмұт Жетенұлы. Ағасы Тұрсынжан, інісі Айтберген үшеуі Құлментегі деген атпен сонау 1980 жылдан бері белгілі болған ұсталардың бүгінде үлкені денсаулығына байланысты сүйікті кәсібіннен қол үзсе, Айтберген ұста дүниеден озған. Алматы қаласы Қажмұқан көшесі 75 үйдегі ұстахана мен қарашаңыраққа бүгінде Махмұд Жетенұлы мен баласы Бейбарыс екеуі ие болып қалған. Ағайынды үш ұстаның ұрпақтары арасынан Бейбарыс ғана аталар аманатын жалғайтыны көңілге демеу екенін айтуға тиіспіз. Махмұт Жетенұлының атасы Омар кезінде бүкіл бір аймаққа белгілі болған ұста, тіпті мылтық жасаған шебер екен. Ал әжесі Күнжеке тұскиіз тігіп, текемет басқан ісмер адам болыпты. Өз әкесі Жетен кезінде қызмет істегендіктен бұл өнермен айналыспапты. Бірақ қолы босай қалса ат арба жасап, үйге керекті құрал, саймандарды өзі істеп алатын әуестігі болған. Яғни ол кісінің де қанында ата өнердің дәні болған. Перзенттерінің қолөнерге бейімі барын байқаған Жетен ақсақал «өнерді қалада бағалайды, өнер қалада дамиды, өнер қалада бәсекеге түседі» деп, 1977 жылы Алматыға көшіп келеді. Балаларына ұстахана ашып, бірге жұмыс істеуге кеңес береді. Осылайша, әке батасымен үш ұл кәсіпті бастайды. 1980 жылы қарашаңырақта ұстахана ашқан үш ағайынды ең алғаш «Жігер» фестивалінде жұмыстарын көрмеге қойып, жұртшылыққа танымал болады...
«Батыр Баян» және біздің қару-жарақ
– Ең алғаш соққан көрігіңіз есте ме?
– Әлбетте... Балалық шағымыз Жылысайда, нағашыларымның елінде өтті. Ол ауылда Шайін, Бөжен, Жұмабай, Бәзіл деген ісмер адамдар болды. Бірі ұста, екіншісі етікші, үшіншісі ағаш шебері дегендей керемет жандар еді. Дәуіт деген атамыз ағаштың да, темірдің де ұстасы еді. Өзі домбыра жасап, күй шертетін. Күйдің шығу тарихын, аңызын айтып отырып тартатын өте ғажайып жан болды. Олар бұрынғы аңыз-әңгімелерді, қазақтың этнографиясын терең білетін, көкірек көздері ашық, сұңғыла адамдар еді. Мұсылманша ғана сауат ашса да өмірдің өзінен үйренген, тіршіліктен тоқығандары мол жандар болатын. Міне, біз осы жандардан үлгі алдық. Ұстаның серті адалдық, шыншылдық, тазалық, еңбек ету екенін түйсіндік. Алғаш солардың ұстаханасында көріктерін басып, балғасымен темірлерін соғып беріп, ұсталықтың әліппесін таныдық. Ол ауылда аңшы, саятшы кісілер де көп еді. Бәрі жиналып алып, мылтықтарын тазалап, оқ, дәрілерін сайлап аңға шығатын. Саят құрып келген соң ондағы қызықтарын баяндайтын. Аңшының әңгімесін де сол ауылда тыңдап өстік. Кейде жиналып алып бізге батырлар жырын оқытып, ұйып тыңдап отыратын. Бәрі шетінен тура сөйлейтін, әділ, өр мінезді жандар болатын. Осылардың тәрбиесін көріп өскендіктен де біз де шыншыл, әділдік жағында жүргіміз келеді. Мұның кейін өнерде де пайдасы тиді. Қандай қару-жарақ жасасақ та соның тарихын, шынайлығын зерттеп, нақты көз жеткізіп барып істедік. Бұл ретте академик Әлкей Марғұлан, этнограф Жағда Бабалықұлы, Дәркембай Шоқпарұлының еңбектеріне сүйендік. Омар атамнан қалған үзеңгі, аттың кісені және селебе болды. Бізге үлгі, бойтұмар солар еді.
– Ұсталық өнердегі білімдеріңізді қалай толықтырып, шыңдадыңыздар?
– Алматыға келген соң өнер саласында білімді толықтырдық. Орал Таңсықбаев атындағы Алматы көркем сурет академиясын бітірдім. Ағам Тұрсынжан домбыра жасау класын бітірді. Інім Айтберген Қаскелеңдегі мәдениет колледжін тамамдады. Кейін үшеуміз де Шымкенттегі өнер институтын сырттай оқып бітірдік. Ұсталық өнермен айналыса бастаған соң оның тылсым сыры тым тереңде екенін сезіндік. Бабаларымыз осынша ұланғайыр жерді алпауыт мемлекеттердің ортасында ұстап тұруында осы ұсталар еңбегінің де үлесі бар екенін бағамдадық. Бұл өнерде үлкен қасиет барын түсіндік. Қандай қаруды да терең зерттеп, бұрынғы түпнұсқаларына қарап, дәл жасауға тырыстық. Сондықтан да еліміздегі және шетелдердегі мұражайлар өзге әріптестерімізге қарағанда біздің заттарымызды жоғары бағалады. Тарихшы, этнограф ғалымдар да көрмелерге қойған жұмыстарымызға жоғары баға беретін. Ең алғаш қатысқан көрмеміз – 1982 жылы Алматыда «Жігер» фестивалі болса, одан кейін 1984 жылы Ялтадағы көрмеде лауреат атандық. Бұдан соң әр жылдары Франция, Венгрия, Ресей, Польша, Түркиядағы көрмелерге жұмыстарымыз қойылып, өнертанушылардың жоғары бағасына ие болып, арнайы дипломдармен марапатталдық. Еңбегіміз таныла бастаған соң біз туралы еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жазып, хабарларға шақырып, деректі фильмдер түсірді. Шетелдік БАҚ-та деректі фильмдер түсіріп, жеке хабарлар жасады. Мәселен Германия, Франция, Венгрия, Тунис, Польша, Түркия елдерінің телеарналары деректі фильмдер таспалады. Біздің қару-жарақтарды «Батыр Баян» фильмінде пайдаланды.
Қан қуалайтын өнер
– Ұрпақтар сабақтастығы деген бар. Ұлыңыз Бейбарыс осы ұсталық өнерге ден қойыпты...
– Ағам мен інімнің де ұлдары бар. Алайда олардың ешқайсысын ұсталық өнерге мәжбүрлемейік деп шештік. Қайсысының өнерге бейімі бар, ұсталықты жан-жүрегімен қалайды, сонысы өнерге келсін дедік. Әйтпесе бәрі де ес білгілі осы ұстаханада ойнап, біз қару-жарақ соққанда бәрін көзбен көріп өсті ғой. Есейе келе олар да көрік басты, балалық әуестікпен кішігірім ойыншықтарын өздері жасап, ойнады. Бірақ өсе келе әрқайсысы өз жолын тапты. Заманға сай мамандықтарын игерді. Ал Бейбарыс бала жасынан осы шеберханадан шықпайтын. Кішкене кезінен сурет салды, саз балшықтан мүсіндер жасады. Еңбек сабағына керекті заттарын осы ұстаханада иіп, соғып жасап алатын. Тоғызыншы сыныптан кейін О.Таңсықбаев атындағы Алматы көркем сурет академиясының Темір кескіндеме факультетіне түсіп, оқуын бітірді. Кейін осы мамандығын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында жалғастырып, жоғары оқу орнын тамамдады. Яғни ол қару-жарақтың дизаинын біз сияқты қағаз, қаламмен емес, компьютермен жасайды. Біз тесетін, кесетін заттарды шапқы, балғамен істесек, ол электр құралдармен орындайды. Яғни жұмыс өнімділігі де жоғары, сапасы да жақсы. Алғашқы көрмесін де өткізді. Жұмысында ғылыми жаңалық та бар. Әкесі ретінде разымын. Өнер зерттеушілері де жұмысына жоғары баға беріп жүр.
– Алғаш кәсіби түрде қару жасағаннан бері қанша қару-жарақ жасағандарыңыздың статистикасы бар ма?
– Шынын айтсам соның есебін жүргізбеген екенбіз. Сондай іске көп көңіл бөлмейміз ғой. Бірақ нақты білетінім, жұмыстарымыз еліміздің барлық облысындағы өлкетану мұражайларында тұр. Шетелдіктер қомақты қаржыға сатып алған қаруларымыз да болды. Елге белгілі азаматтардың мерейтойларында өзіміз сыйға тартқан да, басқа азаматтар апарып сыйлаған да қаруларымыз талай азаматтың төрінде қасиетті жәдігер болып ілулі тұрғаны анық.
Дәстүрлі Қару-жарақ палатасын құруға не кедергі?
– Еңбектеріңізге кезінде тарихшы, этнограф ғалымдар жоғары баға беріп, Герольд Бельгер сынды қоғам қайраткерлері қолдау білдіріпті...
– Халықтан айналайын, шынай өнер иесін, шебер жасалған туындыны қай кезде де таниды. Көрме жұмыстарымен еліміздің қай аймағына барсақ та құрмет көрсеткен ел аз болған жоқ. Олардың арасында қарапайым шаруа адамдары да, елге белгілі тұлғалар да болды. Қолында бишігі барлар қолдау білдірмей көңілімізді қалдырса да елдің қолдауы шабытымызды шалқытып, қанат бітірді. Сондай ардақты ағаларымыздың басында елге белгілі тұлға, тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет Қойгелді ағамыз тұр. Халқымыз Гер-аға атанған Герольд Бельгер ағамыз бар. Гер-ағамыз алғашқы Президент Н.Назарбаевқа, сол кездегі Алматы қаласының әкімі болып тұрған И.Тасмағамбетовке хат жазып, үшеуміздің пәтерлі болуымызға көмек көрсетті. «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішов ағамыздың бастамасымен шығармашылығымыз бен туындыларымызға арналған «Темірші» атты альбом-кітап жарық көрді. Алғы сөзін Әшірбек Көпішевтің өзі жазып, ұсталық өнердің өткені мен бүгініне тоқталып, сол кеңістіктегі біздің орнымызға да лайықты бағасын берді. Оларға шексіз разымыз.
– Бұрын әр ауылда ұста, ағаш шебері, зергерлер болушы еді. Қазір ұста деген көнерген мамандыққа айналып барады. Осы ретте өз ұлыңыздан бөлек, шәкірт тәрбиелеу ойыңызда жоқ па?
– Дұрыс айтасыз, ғасырлар бойы бабаларымыздан келе жатқан асыл өнеріміздің біразынан айырылдық. Жойылу қаупі бар өнердің бірі осы ұсталық болып тұр. Кезінде қазақ даласында аты алты алашқа жайылған, асқан шебер, темір өңдеу ісінде небір жаңалықтар жасаған ұста, зергерлер көп болған. Сонау қола дәуірінен басталған осы өнер тарихы жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ–V ғасырларға тереңдеп кетеді. Мәселен, Есіктегі Үйсін қорғаннан табылған «Алтын адамнан» 4 мың әшекей зат шыққан. Бұл бабаларымыздың алтын өңдеу ісін меңгерген ұсталар мен зергерлердің алтын дәуірі еді ғой! Бабаларымыздың адам тұрмақ, атының басынан бақайшығына дейін сауыт кигізіп, жорықта батырын да, «ер қанаты» болған тұлпарын да қорғауды мақсат еткенінің анық дәлелі.
Ұсталық өнерді биік деңгейде меңгерген шеберлерді кеңес үкіметі қудалады. Айтқанына көнгендеріне колхоз, совхозда ат таға, кетпен, күрек және шаруашылықтың басқа да ұсақ-түйек заттарын соқтырды. Көнбегендерінің ұстаханаларын қиратып, құралдарын тәркіледі. Осылайша, дәстүрлі ұсталардың ғасырлар бойы қалыптасқан өкілдерін қызыл империя жойып жіберді. Қару-жарақ, оның ішінде мылтыққа дейін жасайтын шеберлер қалмады. Қазір қару жасаумен кәсіби айналысып жүргендер саусақпен санарлық. Осыны сезгендіктен, ең алғаш 2000 жылы өз шеберханамыздың негізінде Қару-жарақ палатасын құрайық деп Қорғаныс министрлігінен бастап, Мәдениет және спорт министрлігіне, Үкіметке, тіпті сол кездегі Президент Н.Назарбаевқа да хат жазғанбыз. Ешқайсысынан нақты қолдау болмады. Шығарып салма жауап қана келді. Шынайы қолдау білдіріп, ғимарат берсе, шеберханамызды үлкейтіп, бейімі бар жастарды үйретіп тәрбиелейтін едік. Ендігі бірнеше буын шәкіртіміз өсіп шығатын еді. Әлі де қолдау жасаса бұл істі қолға алуға дайынбыз. Құдай денсаулық берсе оншақты жыл сүйікті ісіммен айналысуға қауқарым бар. Ұлым да жоғары білімді, кәсіби ұста. Сондықтан ата өнерді дамытамыз десек бұған Үкімет деңгейінде көңіл бөлу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрболат Абайұлы

3192 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *