• Cұхбаттар
  • 27 Шілде, 2023

Айбын ТӨРЕХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик: «Мал-жан аман ба?» дескен ел едік

Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі Ғылыми-зерттеу институтының басшысы Айбын Төреханов аграрлы ел есебінде мал шаруашылығы саласын да дамыту маңызды мәселе екенін айтады. «Мал шаруашылығын өркендету үшін, ең алдымен, жергілікті мал өсіру ісіне басымдық беру керек, екіншіден, қазақтың мал өсіру тәжірибесіне заманауи технологияларды бейімдеу керек», – дейді ол. Қазақтың дәстүрлі мал бағу тәжірибесінен ажырау, жергілікті мал тұқымын таза қалпында сақтай алмаудың кесірі табиғатпен үйлесімде дамыған мал шаруашылығына тиіп, осы сала тоқырауға ұшыраған екен. Ғалым жергілікті мал генотипін қайта қолдану арқылы малды сақтап қалу жолын қарастыру керегін айтады...

 

 

Мал өсірудің дәстүрлі жолын ұмытпайық

Басқасы басқа, қазақ мал өсіру әдісін ежелден білген. Табиғи жайылымды жылдың төрт маусымында дұрыс пайдаланғандықтан, мал, негізінен, жайлау, көктеу, күзеу мен қыстаудағы жайылым шөбімен қоректеніп, қақаған қыста ғана төрт түлік мал қолдағы жем-шөпке қараған. Осы күні мал шаруашылығын қарқынды дамыту үрдісінде бабалар әдісі ескерілмегені көңілді жабырқатады. Заманында Алаш көсемдері белгілі бір аумақта көп жыл тіршілік еткен халықтың ғасырлар бойы санасына сіңген дәстүрі қолданыстан шықса, халық үлкен тығырыққа тірелетінін айтқан екен. «Тіршілік қаракеті өзгерген соң адамдар қиналысқа түседі, жасиды, оның ақыры бойкүйездікке алып келеді» демей ме Ахмет Байтұрсынұлы? Осы пікірмен толық келісемін. Үйреншікті, жылдар бойы қанға сіңіп, сүйекке біткен тірліктен басқа шаруашылыққа адам бірден икемделіп кете алмайды. Өткен ғасыр басында біз сол әдеттегі тіршілігімізден қол үзіп, жайлау, көктеу, күзеу мен қыстау аралығында көші-қон мәселесін тек аздаған қалыпта ғана ұстана алдық. Жарайды, ол өткеннің ісі, халық тіршілігіне саясаттың араласуы делік, бүгінгіміз ше? Мал өсірудегі баба әдісін қайта қолдануға не кедергі? Осы күні жерлер қайтарылып жатыр. Оны енді Жер кодексі заңының шеңберінде жүзеге асады деп отырмыз ғой. Жайылымға қатысты мәселені шешу үшін мынадай жайттар назарға алынса. Ең алдымен, мемлекеттік бағдарлама қарастырылып, бос жатқан жайылымға мал апару үшін ынталандыру жүйесін қалыптастырса. Ауыл маңындағы немесе инфрақұрылымы бар жер телімдеріне екпелі-ауыспалы көп жылдық жайы-лым ұйымдастырса. Арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында, шалғай жайылым мен ауыспалы жайылымдарды тиімді пайдаланған шаруаларға инвестициялық шығындарын өтейтін субсидия берсе. Елімізде жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыратын тетіктерді қалыптастырса. Диқандар жердің құнарынан азайып­ бара жатқанын айтып алаңдайды, жайылым да тозып жатыр. Осы мәсе­лені ұмытпасақ екен. Жерді емген халықпыз, ендеше, оның тіршілігі тоқтамауы – ең алдымен өзіміз үшін маңызды. Жер қатынастарын реттейтін заңнамалардың талаптары күшейтіліп, жер иеленушілердің (әсіресе, жеке меншікке алған) жауапкершілігін арттыру мәселесін жедел қарастыру бүгінгі өзекті мәселе дер едім.

 

 

Асыл тұқымды мал өсіру мәселесі

Бұрындары сұрыптау барысында, негізінен, малдың өнімділігіне назар аударған еді. Малдың жайылымға бейімділігі ескерілген жоқ. Қазіргі ғылым дамыған заманда мал өсірудің биотехнологиялық әдісі мал шаруашылығын дамытудың басты жолы бола алады дер едім. Биотехнологиялық әдістердің ішінде қолдан ұрықтандыру әдісі кең қолданыста, бұл салада елімізде мамандар да жеткілікті. Мал өсірудің тағы бір әдісі – эмбриондарды салу арқылы төл алу. Бұл әдіс Қазақстанда өркендей алмады, көбінесе ғалымдардың араласуымен, арнайы мамандарды шақыруымен іске асады. Кеңес одағы кезінде малды қолдан ұрықтандыру ісі партия бақылауында болды да, сиыр және қой шаруашылықтарында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол ұтымды әдістен ажырап қалдық. Сүтті сиыр шаруашылығында сиырды қолдан ұрықтандыруымыз керек еді, өкінішке қарай, ол істен қол үзіп тұрмыз. Етті сиыр шаруашылығында, малды қолдан ұрықтандыру ісі де жалғасса мал өнімділігі артар еді. Қой шаруашылығында да қолдан ұрықтандырудың еш қиындығы жоқ, қошқарды күйекке дайындау ғана қосымша шығын, ол шығынның да қайтарымы зор. Міне, мал өсіруде биотехнологиялық әдісті ұтымды пайдалану өзекті. Мал өнімділігінің артуына малды асылдандыру ісіне қатысты мемлекеттік көзқарастың тұрақсыздығы және асыл тұқымды малдың халық игілігі екенін толық түсінбеу дер едім. Қазақстан – аграрлық мемлекет. Ендеше, қолдағы байлықты оңтайлы пайдалансақ. Жайылым шөбінің құрамына, ауа райы ерекшелігіне қарай әр өңірдің әлеуеті ескеріліп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының барлық салалары үйлесім тапса деймін. Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, игерілген егіс алқабы да, табиғи жайы­лымдар да ішкі нарық сұранысын толығымен қамтып, экспортқа өнім шығара алады. Өнімді өткізетін нарық та жанымызда.

 

 

Агротуризм дамыса

Агротуризм – пайдасы зор бағыт. Аграрлық мемлекет ретінде Қазақстан диқаншылық саласында да, мал шаруашылығы саласында да ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптей алады. Ақшаңқан киіз үйлі ауыл қон­дырып, сол ауыл­да қазақтың қонақ күту рә­сімін көрсету ар­қылы ұлттық дәстүрімізді насихаттар едік. Ұлттық тағамдар да туристердің есінде сақталары анық. Алматы маңында түйеқұс, марал, балық өсіру негізінде агротуризмнің алғашқы нышандары байқалып жатыр. Осы бағытта ұлттық дәс­түр­лерімізге орайластырған іс-шаралар қарастырылса. Респуб­ликалық деңгейде сакралды орындар картасы жасалды, енді агротуризм саласын дамытып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу бағытында іс өрбітсек, ол үшін керек жерлердің картасы да жасалса... Ауыл шаруа­шы­лығы саласы табиғатқа етене жақын болғандықтан, биологиялық факторлар әсерінен ұдайы қозғалыста болмақ. Осы қозғалысты игілікке айнал­дыра алсақ етті. Республика көлемінде ауыл­ шаруашы­лы­ғында жасалып жатқан тә­жірибелер көп, олардың қаншасы тиімді – уақыт көрсетер.

 

 

Қазақтың ақбас сиырының саны азаймаса

XIX ғасырда Ресей базарларында қазақ даласында өскен сиыр еті молынан сатылатыны туралы дерек көп. Торғай өңірінде А.И.Добромыслова (1895) бір адамға шаққанда 12,36 бас сиыр өсірілгенін, В.Я.Бенкевич (1879) бір түтінге шаққанда 57 бас сиыр болғанын жазады. К.Д.Дияровтың дерегіне сенсек, Батыс Қазақстан өңірінде бір адамға орта есеппен 8,6 бас сиыр мал өсірілген екен. Кеңес одағында етті герефорд тұқымын жергілікті малмен будандас­тыру жұмысы, негізінен, Қазақстан жерінде қолға алынғаны бекер емес. 1928 жылы 900 герефорд тұқымын Қазақстанға әкелген. Жаппай будандастыру жұмыстарын жандандыру үшін 1931–1932 жылдары 800 герефорд тұқымын қосымша әкелген. 1939 жылы Совхоздар Министрлігінің бастамасымен Англиядан тікелей тағы да 188 бас асыл тұқымды герефорд малы іріктеліп әкелінген. «Қазақтың ақбас сиы­ры» жаңа тұқым ретінде қабылданған соң, Батыс Қазақстан өңіріндегі асыл тұқымды құнажын 475 кг, сақа сиырлар 511 кг салмақ тартқан. Қазақтың ақбас сиырының тектік аясы ауқымды. Осы күні 32-33 аталықтың түрі мәлім. Статистикалық мәліметтерге сенсек 1991 жылы «қазақтың ақбас сиыры» мал саны жағынан артып, 1 370 000 бас болды. Осы кезеңде еліміздегі етті бағыттағы сиыр малының саны 2,5 млн басқа жеткенін ескерсек, ақбас сиырдың үлесі 55%-ды құраған. Қазақтың ақбас сиырының бүгінгі жағдайын, өкінішке қарай, айта алмаймыз. Жаппай жекешелендіру кезеңінде әркім өз үлесін алып, қолдағы малынан барынша табыс алуды мақсат тұтты. Осы кезде, мал өсірудің ұйтқысы асыл тұқымды малдың қадірін ешкім елемеді. Сол уақытта сырт елден «кірме малдар» келді. «Кірме мал» әспеттеліп, қазақтың ақбас сиыры «өнімділігі нашар» мал ретінде сипатталды. Осы бір қадамдар мақтанышымыз болған ақбас сиырдың өрісін тарылтты.

 

 

Ғылым тілі нағыз қазақша сөйлеуі керек

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған, ана тілінде дайындалған бірнеше оқулық шығардым. Ғылым тілі, әсіресе қазақтың төл дәстүрі, тіршілігінен хабар беретін мал шаруашылығына қатысты ғылым тілі нағыз қазақ тілінде сөйлеуі керек деп есептеймін. «Мал өсіру және селекция», «Шалғындық-жайылымдық мал азығы өндірісі», «Ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасын сараптау және бақылау» және «Ірі қара шаруашылығы» оқулықтарында жүзден аса жаңа терминді қолданысқа ұсынған едім. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» демей ме Ахмет Байтұрсынұлы? Демек, ғылым саласындағы әр маман салалық ғылым тілінде қазақ сөзі жоғалмауын өмірлік мұраты қылғаны жөн. Әр терминнің ғы­лыми астары қазақы ұғыммен үйлесімді болуына да мән берген дұрыс. Біз амандық-саулық сұрасқанда «мал-жан аман ба?» деген елміз ғой. Жанымыз аман болуы үшін тіршілік нәрі – малдың да амандығын қоса тілеген елміз. Ендеше, күллі тұрмыс-салты малмен, табиғатпен етене байланысқан елдің ғылымы о бастан қалыптасқан және қазақтың нағыз шұрайлы тілінде қалыптасқан. Сондықтан, басқасы басқа, дәл осы мал шаруашылығы саласында талай термин қазақ тілінде айтылғаны маңызды деп есептеймін.

Әзірлеген Қарагөз Сімәділ

3817 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы