• Cұхбаттар
  • 27 Шілде, 2023

Мәрзия ҒАНИҚЫЗЫ, Орталық мемлекеттік архив директорының орынбасары : Бүгінгі архивті шаң баспайды

ҚР Орталық мемлекеттік архив директорының орынбасары Мәрзия Ғаниқызы архив саласында 30 жылдай қызмет етіп келеді. Бұл мекеме Қазақстандағы тұңғыш архив. Архивтегі құжаттар ХVІ ғасырдан осы уақытқа дейінгі кезеңді қамтиды. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап архив мамандары шетел архивтерінен қазақ халқының тарихына қатысты біраз құжаттарды жинақтап, коллекциялық қорлар құрған. Кеңес одағы тұсында аса құпия болып саналған құжат деректері де бөлек әңгіменің желісі.
Мәрзия Ғаниқызы бізге архив ісінің қыр-сыры мен бүгінгі беталысы туралы әңгімелеп берді. 

 

«Күллі тарих бір орталықта жиналса...»

– Мәрзия Ғаниқызы, әңгімемізді архив тарихы туралы деректерді сөйлетуден бастасақ?
– Қазір Қазақстан Республи­ка­сының орталық мемлекеттік архиві қорында 1 млн 500 мыңнан аса іс бар, сондай-ақ біздің мекеме кеңес дәуіріне дейінгі бірегей құ­жаттардың республикадағы жалғыз қоймасы. Мәселен, Семей кеденінің қорында сақталған архивтің ең ескі құжаттары 1733 жылдан бас­талады және Жоңғария, Қытай, Орта Азия хандықтарымен сауда байланыстарының тарихын баян­дайды. Қазақстан Республикасы ОМА-ның кеңес дәуіріне дейінгі кезеңдегі құжаттарының негізгі ауқымы хронологиялық тұрғыдан XVIII ғасырдың соңынан 1918 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, осы кезеңдегі құжаттардың басым бөлігі ақпараттық толықтығы мен оларда тіркелген деректердің репрезентативтігі бойын-ша құнды және бірегей. Архивте сақталған құжаттар қазақ халқының экономикалық жағдайын, XVIII ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси құрылымының ерекшеліктерін ашып көрсетеді, өлкенің байырғы тұрғындарының бай төл мәдениеті, өмір салты мен тұрмысы туралы мәлімет береді. Архив қорларында география, Қазақстан аумағында тұратын әртүрлі халықтың діни сенім мен ұлттық құрамы туралы, сауда, өнеркәсіп, пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, қалалар мен елді мекендердің құрылысы мен күнделікті өмірінен хабар беретін деректер бар.
– Еліміздегі архив ісі тарихы қалай басталды?
– Қазақстан тарихындағы алғашқы мемлекеттік архив 1921 жылы 1 қыркүйекте Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы – Орынбор қаласында құрылды. Оған Орынбор губерниялық архивінің қоры негіз болды. Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің Орталық өлкелік архиві деген ресми атауға ие болған архив тікелей республиканың Ағарту халық комиссариатына бағынды. Архив штаты бастапқыда 5 адамнан құрылды: архив меңгерушісі, бірінші және екінші дәрежелі архивариустар, іс жүргізуші және күзетші. 1921 жылдың соңына дейін 19 мекеменің архиві Орталық өлкелік архивке сақтауға қабылданып, 2 мекеме есепке алынды.
1922 жылы 24 қаңтарда республи­калық Ағарту халық комиссариатының алқасы Қазақ АКСР Орталық өлкелік архиві туралы алғашқы ережені ресми түрде бекітеді. Осы сәттен бас­тап архив Қазақстан аумағындағы барлық реттелген, жүйелі тәртіпке келтірілген құнды әрі ғылыми-тарихи маңызы бар мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалар архивтерінің бас сақтаушысы мәртебесіне ие болады. Архив материалдарының сипаты бойынша өлкелік архив бірнеше секцияларға бөлінді: революция архиві, революцияға дейінгі құжаттар секциясы, ғылыми-анықтамалық кітапхана.
Осылайша, Орталық өлкелік архивте Қазақстан тарихы жөніндегі құжаттық материалдарды шоғырландырудың негізі қаланды. Алаш қайраткерлерінің архив саласына сіңірген еңбектері зор. 
– Архивтің даму бағыттары мен міндеттері қандай?
– Технологиялық құрал-жабдық­тардың жетіспейтін түрі көп. Қағаз түріндегі құжаттар – қазақ халқының тарихы. Құжатты сақтау – архив саласының негізгі міндеттерінің бірі де бірегейі. Қорымыздағы тарихи құжатты ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізу басты міндетіміз. 
Архив құжаттарын пайдаланып, ізденіп жүргендер қатарында біздің ғалымдар, архив, жалпы әр саланың мамандары бар. Архивтегі құжаттарды алуға шектеу қойылған емес. Архивтің негізгі міндеті – аса құнды қазақ халқының тарихына қатысты құжаттарды сақтаумен қоса тарихи құжаттарды зерделегісі келетін мамандарға жол көрсетіп, құжаттар дерегіне қол жеткізуіне барынша мол мүмкіндік беру.
Ал сұрағыңызға тікелей жауап берсем, архивтің даму бағыттары және міндеттерін іске асыру кезеңдеріне қатысты тұжырымдама бар. Ол жұмысының міндетін үш кезеңде іске асыруды көздейді:
Бірінші кезеңде (2020–2025 жылдар) архив жұмысының нысаны мен мазмұнында сапалық өзгерістер болады; Екінші кезеңде (2026–2030 жылдар) перспективалық даму трендтерін қалыптастырады; Үшінші кезеңде (2031–2035 жылдар) ұзақмерзімді өсудің орнықты үрдісі байқалады деп белгіленген еді. Біз «Архив – 2025» кешенді жоспарының құрылуы мен жүзеге асырылуын қамтамасыз еткен мамандар қатарындамыз. 
– Тәуелсіздік алған кезеңнен бас­тап қандай істер атқарылып келеді?
– Тәуелсіздігімізді алған кезеңнен бастап, архив саласында  көптеген өзгеріс басталды. Архив саласы нақты қазақ халқының тарихын ғана жинақтау жұмыстарын жүргізудің әртүрлі бағдарламаларын ұсынды. Біріншіден, негізінен «Мәдени мұра» деп айтылғанмен, оның алдында «Архив ісін дамыту» бағдарламасы болған еді. Осы бағдарламаның негізінде шетел  архивтері мен кітапханаларында, мәдени орталықтарында сақталған, қазақ халқының тарихына қатысты құжаттарды жинақтау жұмысы жүргізілді. Оның ішінде, араб қолжазбалары мен Мысыр еліндегі қолжазбалар институтынан, Ресей мемлекетінен, Польша, Белоруссияның архивтерінен құжаттар әкелінді. Кезінде жазықсыз қудаланған зиялы қауым өкілдерінің де құжаттарын жинақтау мәселесі қолға алынды. Осылайша, архив қорын толықтыру жұмыстары жүргізілді. «Мәдени мұрадан» кейін, қазір «Архив–2025» кешенді жоспары бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде құжаттарды цифрлы таңбаға көшіру мақсатында заманауи техникалармен жабдықталып, нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр деуге негіз бар. 
Біздегі коммунистік партияның архиві қазір Президент архиві деген атаумен Президенттің әкімшілігіне қарасты мекеме ретінде жұмыс істеп отыр. Кеңес одағы түпкілікті құлады емес пе? Бұрындары президентке еш қатысы болмаған архив орталығын қайтадан жаңғыртып, ҚР Президентінің архиві беделін берді. Ресейлік әріптестердің «Компартия архиві – президенттің архивіне айналып кеткен бірден-бір ел – Қазақстан» сынды сөздерін естіп қаламыз. 
Қазақ халқының тарихын бір орталыққа жинақтау қажет. Мұны, ең алдымен, мемлекеттің болашағы,  яғни тарих қорын сақтау жұмысы үшін қажет қадам деп есептеймін. 

«Архившілер дайындайтын оқу орындары болса, шіркін!»

– Мәрзия Ғаниқызы, архивте заманауи цифрлық технологияларды қолдану жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Тарих қойнауларынан жеткен құжаттарымызды цифрлау үшін жаңа заман құрал-жабдықтары жеткілікті ме? 
– Еліміздегі тұңғыш құрылған қарашаңырақ – Орталық мемлекеттік архивте қазақ халқының XVI ғасырдан бергі барлық кезеңінің құжаттары сақталған. Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңнің, сонымен қатар уақытша үкімет кезеңінің, одан кейінгі Кеңес одағы кезеңінің құжаттары және тәуелсіздік кезеңіндегі құжаттар бар. Яғни құжаттар қоры мол. Осындай құжаттарды цифрлау мәселесі қолға алынып жатыр. Бұған дейін архив саласында сақтандыру қоры іске қосылған еді. Ол – микрофильм түрінде жасалған көшірме, мұны біздің архивтің жанынан құрылған орталық жүзеге асырды. Орталық зертханада сақтандыру және пайдалану қорларын құру жұмыстары жүргізілді. Бұл орталық 2016 және 2017 жылдары түбегейлі жабылды. 
Сонымен қатар құжаттардың жазылуы мен оның әр кезеңдегі басы­луы­ның өзіндік ерекшеліктері бар, осы ерекшеліктерді зерделейтін архео­графиялық орталық та болған еді. 2013 жылдардан цифрлау жұмыстары қолға алына бастады. Әрине, цифрлау үшін жаңа құрал-жабдық алу қажет. Әр мемлекет қымбат құрал-жабдықтарды экономикалық жағдайына қарай және пайда түсіру мәселесін назарға ала отырып алатынын да ұмытпасақ екен дейміз.
Цифрлық көрсеткіштерге көшіру негізінде құжаттар көшірмелерін жасау мәселесінде жұмыстар атқарылып, соның негізінде заманауи жабдықтарға қол жеткіздік. Әрине, орталық мемлекеттік архивтің атауы жай қарапайым болғанымен, қор құжаттарының аса құнды екенін ерекше атап өтуіміз керек. Осыған байланыс-ты, қазақ халқының тарихына қатысты аса құнды құжатты түгелімен цифрлау мәселесі қолға алынып, жүргізіліп жатыр. Бірақ мұндай жабдықтар тек қана бізде заманауи талапқа сай, біздің планшеттік үлкен форматтағы цифр-лау жабдықтары бойынша «сканер» арқылы жүзеге асырылып отыр. 
Мыңдаған құжатты бірден көшіру мүмкін емес. Тиянақтылық, реттілік, ұстамдылық, жауапкершілік – бас-ты рөлге шығады. Бұл жағдайда цифрлаудың бірқатар мәселелері барын еске сақтауымыз керек.
– Мысалы, қордың өзінде бір жарым миллион құжат бар болса, оның ішінде Кеңес өкіметіне дейінгі құжаттар аса құнды, олардың түгелге жуығында  қайырма парағы бар. Ол кезеңдегі құжаттардың көлемі, пішіні әртүрлі, сондықтан оның бар­лығын «цифрлау» қазіргі уақыт­та тез арада шешілетін мәселе емес. Мемлекет тарапынан да, әрине, асыра сілтеушілікке жол бе­ріліп отырғанын байқап отырмыз. Мәселен, бір-екі жабдығымен ғана жұмыс істеп отырған архивтерге ауқымды тапсырманы жоспар түрінде бекітіп қою қаншалықты дұрыс? Ондай жос-парды бекітетін адамдардың өзі архив саласының кәсіби маманы ма? 
Біз қолданатын технологиялардың жарамдылық мерзімі бар. Осыған да назар аударған дұрыс, себебі бұрындары, яғни Кеңес өкіметі жүйесінде сала жабдықтарын сатып алғаннан кейін, мерзімі өткеннен соң, құрал-жабдықтарын қайта жаңартып отыратын еді. Бүгінде осы мәселе де өзекті болып отыр. 
Осындай мәселенің барлығы сарапталса, сонда ғана нәтижелі, өнімді жұмыстарға қол жеткізуге болады. Қазір не нәрсені де жарнамалауға құмар болып алдық. Бүгінгі уақыт PR-ға ғана назар аудармай, мамандармен келісе отырып, заманауи талаптарға сай нормаларды да бір қарап қойсақ керек-ті. Менің ойымша, басымдылықты зерттеу жұмыстарына беріп, ел болашағын ойлау қажет. 
«Цифрлау мәселесінде» де талаптар күшейтілуге тиіс және цифрлау жұмысын жеделдетуге қатысты асыра сілтеуге де жол берілмеуі керек деген пікірдемін.  
Архив саласының, негізінен, өз міндеттері бар. Қорға түскен құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, екіншіден,  түрлі тарихи маңызы бар мекемелер мен ұйымдардан әртүрлі бағдарламалар негізінде қазақ халқының тарихына қатысты келіп түскен құжаттарды толықтыру, үшіншіден, осы жинақталған құжаттарды жарыққа шығару, насихаттау жұмысы. Архив саласының бөлімдері аталған үш міндетті де барынша жақсы атқарып отыр. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы құжаттардың жай-күйін тексеріп тұру – архившілердің негізгі міндеттерінің біріне жатқызылады. 
– Архив қандай бөлімдерден тұрады?
– Ұйымдастыру бөлімі,  заңды және жеке тұлғалардың архивтерімен ведомстволық архивтермен, жұмыс жасау бөлімі және де жеке тектік құжаттармен жұмыс істеу бөлімі бар. Ғылыми-техникалық, ақпараттық бөлімі мен жеке және заңды тұлғалар­дың сұраныстарын орындау бөлімі де жұмыс істейді.  
Ұлттық архивте Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, атап айтқанда, Жоғарғы кеңес, Парламент, Орталық сайлау комиссиясы, Үкімет Аппараты, Конституциялық, Жоғарғы, Жоғарғы арбитражды сот, Бас прокуратура, әділет; транспорттық құрылыс; байланыс; экономика; сау-да; ауылшаруашылық; тұрғын үй мен территориялардың құрылысы; экология мен табиғи ресурстар; білім; мәдениет; денсаулық сақтау; геология; еңбек және халықты әлеуметтік қорғау; өнеркәсіп министрліктері және оларға бағынышты ұйымдардың архив қорлары да сақталады. 
– Менің түсінуімше, қалпына келтіруге тиіс құжаттардың арасын­да жыр­тылғаны да, бүлінгені де болады ғой? Оны қалай қалпына келтіресіздер?
– Қалпына келтіру жұмыстары кеңестік жүйедегі заңнамаларға негізделіп жасалатындықтан, құжаттың бәрі тап-тұйнақтай тігіледі. Ал цифр-лау мәселесінде, 500-800 парағы бар құжаттарды сөгіп, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу арқылы цифрланады. 
Өзге шет мемлекеттердің тәжірибе­лерін қарап, бағамдап, салыстырып, керегін алып, қажетсізін тастап бақылап жүреміз. Архивте істейтін мамандарға біліктілікті арттырып отыру өте маңызды. Шетелге тәжірибе алмасу мақсатында шығып, байқағанымыз, көп елдегідей Қазақстанның архив саласы да жақсы деңгейде қалыптасып, дамып келеді. Қазақстанның кейбір архивтері озық және алда тұрғанына көз жеткізуге болады. 
– Құжаттарды қалпына келтіруші мамандар  шеберліктерін үнемі жетілдіріп, жаңа білім алып, озық технологияларды игеріп, тәжірибе алмасуы керек. Қазақстандық мамандар да заманауи реставрациялық әдістер мен технологияларды игеруге мұқтаж ба? 
– Құжаттарды қайта қалпына келтіру (дереставрация: пайдалануға жарамды құрамы, пішіні мен сыртқы көрінісін қалыпқа келтіру) жұмыстарын тек арнайы дайындықтан өткен мамандар ғана сапалы жүзеге асырады. Қалпына келтіруші мамандардың мақсаты – құжаттың пішіні мен сыртқы келбетін қайта қалпына келтіру. Құжатты қайта қалпына келтіру барысында оны толық бастапқы – «жаңа» күйіне оралту мүмкін емес екенін әркімнің түсінгені дұрыс.
Бұрындары осы мамандықты оқытатын колледждер бар еді. Колледж­ден бұрын құжаттарды қайта қалпына келтіру мамандарын даярлайтын училищелер мен техникумдар да болатын. Қазірде осы мамандықты үйрететін ірі тұрмақ, шағын оқу орындары жоқ. Осы мәселені мемлекет назарға алса екен дейміз. 
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде заман ағымына қарай IT мамандардың тапшылығын байқап жатырмыз. Неге десеңіз, мамандар қашықтан жұмыс істеу сервистерін пайдалану арқылы архив құжаттарына (мәтіндер, бейнелеу құжаттары, тарихи карталар, аудио-бейнеқұжаттар және т.б.) онлайн қол жеткізуі керек. Ақпараттық жүйелерді интернеттің жаһандық ашық желісіне интеграциялау архивтің ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік қызметінің бағыты мен мазмұнын сапалы түрде өзгертеді, жаңа интерактивті ғылыми және білім беру уеб-ресурстарының (әлеуметтік желілер, интернет-форумдар, тақырыптық уеб-сайттар) пайда болуына алып келеді. Деректерді талдау құралдарын белсенді пайдалану қоғамға пайдалы архивтік ақпаратты іздеу мен ақпарат алудың зияткерлік жүйесін – «білім базасын» қалыптастырады.
– Архившілер қандай жоғары оқу орнында не қандай мамандықты оқып келуі керек?
– Архив саласының маманын дайындау ісі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих мамандығының ішіндегі бір бөлімшесі ретінде ғана енген болатын. Архив саласында істейтіндер – тарихшылар, филолог мамандар т.б. Архившілер мен құжаттарды қалпына келтіруші жоғары сыныптағы мамандарды дайын­дап шығаратын оқу орындары болса, шіркін!

Жауапкершілігі зор орта

– Мәрзия Ғаниқызы, архивте құжаттардың барынша жақсы сақ­талғанын байқадық. Ол құжат­тарды  жақсы қалпында сақтаған кімдер? 
– Құжаттарды сақтайтын да, «емдейтін» де – архившілер. Мекемелерде, кітапханаларда архивтер, тиісінше архив мамандары бар. Орталық мемлекеттік архивке 144 мекеме қарайды. Осы мекемелердің архивін толықтырып, кең мемлекеттік сақтауға алу үшін жұмыс істейміз. Құжаттың барлығын құпиясыздандыратын, «емдейтін», түптейтін – архившілер. Маңызды құжаттармен айналысатын мамандардың жұмысы шаш етектен. Бірде тарихшы, бірде филолог, бірде ұстаз, бірде кітапты қалпына келтіруші маман қызметтерін қатар атқаруы керек кездер болады. Қазір қағаз қалпындағы құжаттарды электронды түрге ауыстыру жұмысын реттеп жатырмыз. Өзіңіз білесіз, бұл да ауқымды, тиянақтылықты, шыдамдылықты, ең бастысы, уақытты талап ететін жұмыс. Кезінде архив ұғымы «шаң басқан» деген тіркеспен қатар жүрді. Бірақ ұлт жолында қызмет ететін мамандарымыз бар, міне, сол кісілердің арқасында архив орталығында құжаттарды алуға толықтай мүмкіндік қарастырылған. Қандайда бір құжаттарды алу мен жариялау барысында есте сақтайтын дүние – мемлекеттік қауіпсіздік бірінші орында тұруға тиіс. Міне, сондықтан да архивте істеу – үлкен жауапкершілік. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдат Сұлтанқызы 

3938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы