• Тұлға
  • 03 Тамыз, 2023

Тілді саралаған Сарыбаев

Ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы бастаған М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Қ. Жұбанов, Қ. Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы тәрізді Алаш зиялыларының ізгілікті ізін жалғастырған Шамғали Харесұлы Сарыбаев – ғасырдан астам тарихта қазақ ғылы­мының, қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлесін қосқан, тіл мен оқыту әдістемесінің негізгі ғылыми-әдіснамалық тұжырымдарын сара­лаған ірі тұлға, көрнекті педагог-ғалым, қазақ журналистикасы дамуы­ның бастауында тұрған дара тұлға, қазақ ауыз әдебиетінің дамуына үлесін қосқан әдебиетші, ақын, аудармашы – сегіз қырлы, бір сырлы жан. 

 

Шамғали Харесұлы Сарыбаев 1893 жылы наурыз айының 11 жұлдызында Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында Қарашағыл деген ауылда дүниеге келді. Ауылда сауатын ашып, Алғаш Жәңгір хан негізін қалаған тарихи мектепте хат таныған. 1913 –1916 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын «Хұсайния» татар мектебінде оқыған. 1916 жылы Ибатада (Түркістанға жақын жер) қыстағындағы бастауыш мектепке қиындықпен мұғалімдік жұмысқа орналасады. 
Сол кезеңдегі қиындықтарға төтеп бере алмай, мектеп жабылып, ол жұмыс­сыз қалады. Қазалыға келіп, бірен-саран бала оқытып жүріп, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдас­тырушылардың бірі, БЛКЖО мен Ком­мунистік Жастар интернационалының қай­раткері Ғани Мұратбаевпен кездесіп, достасып, кеңес өкіметін нығайтуда ауылдарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. 
Халық ағарту комиссариатының жұмсауымен Шымкентте уездік халық ағарту мекемесі бастығының орынбасары, кейін басшысы болып қызмет атқарады. Шамғали Харесұлы осы қызметінде жүріп, өзі бас болып тоғыз айлық педагогтік курс ашып, онда өзі тегін сабақ жүргізеді. Ғалымның өзі «...Қаражатымыз болмаса да жергілікті халық үшін бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлауды көздеген тоғыз айлық педагогтік курс аштық»,- деп еске алады бір жазбасында. 
Еңбекқор ұстаз 1920 жылдан бастап ұстаздық қызметін жалғастырады. Ташкентте ашылған алғашқы Қазақ институтында (ҚазИНПРОСС) мұғалімдік қызметке бекітіледі. Ол сондай-ақ белгілі фольклорист, этнограф ғалым Әбубәкір Диваевпен бірге Ташкенттегі Орталық Азия университетінің (САГУ) негізін қалағандардың бірі.
 Алматыға алғаш рет 1921 жылы Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариятының тапсырмасы бойынша Жетісуда мұғалімдер институтын ашу үшін іссапармен келген. Осы оқу орнында жылдың соңына дейін әрі директор, әрі мұғалім болып еңбек еткен. Кейін Ташкентке қайта оралып, Орта Азия университетінде дәріс оқыған. 
Шамғали Сарыбаев 1923–1934 жылдары Ташкентте Орта Азия коммунистік уни­верситетінде ұстаздық қызмет атқа­ра­ды. 1934 жылы Қазақстанға қайтып ора­­лып, Алматыдағы сол кездегі Журналистика институтында 1937 жылға дейін дәріс береді. Жоғары оқу орындарында қыз­мет еткен жылдары оның қаламынан қазақ тілі мен оның оқыту әдістемесінің әр­түрлі мәселелеріне байланысты ғылыми ма­қалалары жарық көреді. Ғалым кейін 1954 жылға дейін Абай атындағы Қазақ пе­­дагогикалық институтында қызмет етеді. 
ХХ ғасыр басы қазақ халқы үшін қасіретке толы болды. Бұл кезеңдегі саяси оқиғалар халықты қатал да аласапыран заманның сергелдеңіне салып, аштықтан, жоқтықтан есеңгіреткен кезеңі еді. Мектеп жүйесінің түбегейлі өзгеруі де осы жылдары Қазан төңкерісінен соң басталған еді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстанда тіл туралы ресми құжаттар жүзеге аса бастады. Алғашқыларының бірі – 1920 жылы қабылданған «Қазақ АССР-і еңбекшілері правосының декларациясы». Мұнда еліміздегі барлық тілдердің тең құқықты қолданылатындығы жарияланса, іле 1921 жылы Қазақ АССР Халық комиссарлар кеңесінің «Республикадағы мемлекеттік мекемелерде қазақ, орыс тілдерін қолдану» жөніндегі Декретте қоғамдық салаларда қазақ және сонымен қатар орыс тілдерін қолдану міндеті көзделді. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесі тұңғыш рет 1926 жылы Қазақ АССР-ның Орталық Атқару Комитеті президиумының «Аппаратты тұрақтандыру жөніндегі қаулысында» қаралады. Мұнда ересектер үшін курстар ұйымдастыру (ерікті түрде) ал екінші басқышты мектептердегі жавропалықтардың балаларына қазақ тілін міндетті түрде оқыту қажеттігі атап көрсетілді. Осы жылдары өзге ұлт өкілдері үшін алғаш бағдарлама, оқулықтар жарық көре бастады. 
ВКП (б) ОК-ның 1932 жылғы «Оқу бағдарламалары мен бастауыш, орта мектеп режимі туралы» қаулысының шешімдерін орындау барысында өзге ұлт оқушылары үшін жүйелі түрде қазақ тілінен оқулықтар шыға бастады. 
1934 жылы ҮШ Қазақстандық өлкелік партия конференциясы өзге ұлт өкіл­дерінің қазақ тілін үйренуін жеделдетуді барлық партия ұйымдарына міндеттеді. Бұл орыс мектебіне арналған қазақ тілі оқулықтарының шығуына жедел қарқын берді. Сол кездері шығып тұрған педаго­гикалық журналдар мен газет беттерінде қазақ әдістемесінің көрнекті өкілдері Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев, т.б. әдіскер ғалымдардың ұлттық мектептегі қазақ тілін оқыту жайындағы ірілі-кішілі ғылыми-әдістемелік мақалалары жарық көре бастады.
Осы кезде халықтың қамын жеген Шамғали Сарыбаев күрес пен ізденісті қатар ала жүріп, мектеп оқулықтарын жазуды қолға алады. Алғашқы еңбектерінің бірі Е. Қожантаев және Ғ. Табынбаевпен бірігіп жазған «Үлкендер үшін әліппе» 1921 жылы Ташкент қаласында жарыққа шыққан. ХХ ғасырдың 20- жылдарындағы сауат ашу науқаны басталған тұста бұл әліппенің қазақ жастарының сауатын ашудағы маңызы ерекше болған. Кейін 1931 жылы Ташкент қаласында қазақтың мақал-мәтелдерін жинап бастыруда үлкен еңбек еткен ақын Ө.Тұрманжановпен бірге «Бірінші басқыш мектепке арналған әліппе кітабы», 1932 жылы Қ.Оспанұлымен бірге «Екпінді күш 1-класс үшін әліппе кітабы», 1933 жылы А.Әлібайұлы, М.Долайұлымен бірге жазған «Ана тілі (Бастауыш политехника мектептерінің 3-4 кластары үшін)» атты оқу құралдары басылады.
Ғалым мектепке арналған оқулықтар жаза отырып, 1928 жылы «Жаңа әліппеші­лердің өлкелік тұңғыш конференциясында сөз сөйлеген. Бірнеше тіл білетін ғалым 1929 жылы «Өзбек емле конференция-сы (кәмперенсіге қатысқан Қазақстан өкілінен)» деген мақала жазады. 
 Ш.Х.Сарыбаев өзінің ұстаздық тәжірибелерінен түйген келелі ойлары мен ұсыныстарын «Жаңа мектеп», «Кедей айнасы», «Еңбекші қазақ», «Еңбек», «Социалистік Қазақстан», «Ауыл мұғалімі», «Қазақ әдебиеті», «Журналист», «Коммунист», «Халық мұғалімі», «Жаңа жазу», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі», «Учитель Казахстана», «Қазақ тілі мен әдебиеті» секілді баспасөз беттерінде жария­лап отырған. Ғалымның «Сауатсыздықпен күресу жолдары» атты алғашқы мақаласы және  «Тіл құралды оқытудағы тәжірибелер» тақырыбындағы мақаласы 1926 жылы «Кедей айнасы», «Жаңа мектеп» журналдарында жарияланған.
Ш.Х.Сарыбаев қазақ мектебінде қазақ тілін оқыту әдістемесін алғаш жазып, оның жүйелі ғылыми негізін қалады. Мұның дәлелі – 1956 жылы жазған «Қазақ тілі әдістемесінің кейбір мәселелері» деген екі бөлімнен тұратын кітабы. Оның алғашқы кітабы 1956 жылы, екінші кітабы 1959 жылы, яғни ғалым қайтыс болғаннан кейін жарық көрді. Бұл еңбектер – қазақ тілін оқыту әдістемесі саласындағы құнды еңбектер.Көптеген зерттеулерде талданып-таразыланып, зерделеніп, өзектілігі айқындалған. Кейінгі жылдары «Жоғары мектептер программалары» (Т.Қордабаевпен бірге), «Қазақ тілі методикасының программасы» еңбектерін даярлайды. 
Қазіргі әдістеме ғылымы тек қана тілі білімі теориясы, педагогика, психология ғылымдарымен қатар, білім берудің онтологиясын, логикасын, аксиологиясын, мәдениетін, әдісін және идеологиясын қарастыратын білім философиясына, жеке тұлғаны тану теориясына, жалпы таным теориясына сүйенетіндігі белгілі. Осы ретте қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін салған көшбасшылардың, жеке тұлғалардың ғылыми-әдістемелік мұраларын зерттеу ісін бастаған Шамғали Харесұлының шәкірті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызы екендігін ерекше атап айтуға болады. Ғалымның жетекшілігімен «А.Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында А.Қыдыршаев (1995), «С.Жиенбайұлының ғылыми-әдістемелік мұрасы» бойынша Л.Ерменбаева (1999), «Ш.Х.Сарыбаевтың қазақ тілін оқыту әдістемесі» тақырыбында А.Орынбаев (1999) диссертациялар қорғады. Бұл еңбектер – қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының даму тарихына қосылған қуатын жоғалтпаған құнды еңбектер.
Ш.Х.Сарыбаевтың түркі тіл білімі үшін ең маңызды саналатын күрделі теориялық мәселелерді көтере, «Грамматикалық мағына деген не?», «Төрт етістік (отыр, тұр, жатыр, жүр)», «Қосылып жазылмайтын сөздер» атты мақалаларды жазуы ғалымның білім сарайының тереңдігін айқындап және оның жан-жақты дарын иесі екендігін танытады.
Шамғали Харесұлына тән тағы бір ерекшелік – ол қазақ мектебінде де, орыс мектебінде де, университеттің қазақ және орыс бөлімдерінде де қазақ тілінен сабақ беруі. Екі тілді мектепте, екі тілді бөлімдерде сабақ жүргізу қазіргі ғылым мен технология дамыған заманда да екінің бірінің қолынан келе бермейтін жайт. Бұл ретте де әдіскер-ғалым өз тәжірибесін жинақтап, баспа бетінде жариялап отырған.
Шамғали Харесұлының қазақ тілін орыс мектебінде оқыту әдістемесіне қатысты «Жаздырып үйретудің әдістері» атты әдістемелік еңбегіндегі жазылымға қатысты ұсынған жұмыстар жүйесі де – әдістемелік құны жоғары ой-тұжырымдар.Осы тұрғысынан әдіскер-ғалымның өз тәжірибесінен жинақтаған еңбектерін оқуы орыс тіліндегі де мектептерде мемлекеттік тілді оқыту ісінде пайдалана білсек, ұтатынымыз – хақ. Ғалымның өз сөзімен айтқанда: «мұғалімдер методикалық қағидаларды ерінбей, жалықпай көп іздену арқылы күнделікті оқыту процесінде түрлі тақырыптарға сәйкестендіріп қолданып отырулары керек».
Қазақ жазуы үш рет өзгеріске түсіп, ағартушыларға көп еңбектенуге тура келді.Осы ретте мектепке арнап оқулық, оқу құралдарын жазу, емлені реттеу, оның негізгі ұстанымдарын белгілеу сияқты күрделі мәселелер ғалымдар алдында тұрған келелі міндеттер болды. Ш.Х. Сарыбаев та мұндай күрделі мәселелерден шет қала алмады.«Емле түрлілігіне қарсы», «Емле жүйелері», «Еңбектің әріптері туралы», «Ы, і-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруіндегі қайшылық» т.б. осы тәрізді мақалаларын ғалым осы мәселеге арнады. 
Ш.Х.Сарыбаев – қазақ тілін орыс мек­тебінде оқыту әдістемесі бойынша дис­сертациялық еңбек жазған тұңғыш ғалым. Ол 1944 жылы «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі» деген тақырыпта ең алғаш диссертация қорғаған.Бұл еңбек қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі қазіргі өзекті мәселелерді қозғауымен, қазіргі кезеңде қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқытудың ғылыми-әдіс­теме­лік негіздерін қалауымен құнды. Осыған орай Ш.Х.Сарыбаевтың ғылыми еңбектерін зерттеп-зерделеу жөнінде әдіс­кер ғалым Ж.Н.Сүлейменова 1992 жылы «Қуатын жоғалтпаған құнды еңбек» атты мақаласында былай дейді: «Жалпы Ш.Х.Сарыбаевтың тіл жөніндегі зерттеулері арнайы зерттеуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл іс әлі күнге жүйелі түрде қолға алынбай отыр.Үлкен көрегендікпен жазылған бұл еңбектердің тіл мәселесі күн тәртібінен түспейтін күрделі әңгімеге айналып отырған қазіргідей кезде құнын жо­ғалтпай, қайта бағасын арттыра түсетіндігі белгілі». Міне, содан бері еліміз егемендігін енші­легеннен бастап, Шамғали Сарыбаев ең­бектері арнайы зерттеу нысанына айналды. 
Ш.Х.Сарыбаевтың 1948 жылы «Халық мұғалімі» журналында жарияланған «Орыс оқушыларын қазақша сөйлеуге үйрету әдісі» атты мақаласында орыс тілді оқушыларға 30 сағаттық сабақта ережені қазақ тілінде түсіндіріп, 100 сағатта сабақты толығымен қазақ тілінде жүргізу дәрежесіне көтеруге болатынын, оны өз тәжірибесінде байқап, дәлелдегенін шабыттана баяндайды. Мұндай нәтижеге жету үшін оқу үрдісінде меңгерілетін лексикалық минимумның оқушының көз алдындағы заттар мен соның қимылының атауы болуы керегін, бір сабақта берілетін сөз санының өлшеулі, яғни 5-6-дан аспауы қажетін, меңгерілетін сөз мағыналық жағынан үйлесімді, ұялас болуы керегін, сөздерді үдетпелі үйрету әдісімен игерту тәрізді алғышарттарды орындау нәтижелі болатынын нақты тәжірибелері арқылы дәлелдеп көрсетеді. Аталған алғышарттар орындалғанда ғана оқушының сөйлеу тілін дамытуда жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады деп жазады автор.
1952–1954 жылдары «Халық мұғалімі» журналында жарық көрген «Орыс оқушыларына етіс категориясын оқыту», «Етістікті оқыту» мақалаларында етіс категориясын орыс мектебі түгілі, қазақ мектебі оқушыларына меңгертудің қиын мәселе екендігін, оның бір төркінінің бұл жөніндегі әдістемелік еңбектердің жоқтығында екендігіне мән береді. Ол етіс тақырыбын түсіндіруде үйретілген етістіктердің мағыналық жағынан ұқсас болуы, көрнекі түсіндірілуі деген тәрізді екі түрлі қағидатты басты тұтқа етіп ұстауды ұсынады. Осыған байланысты етістіктер оқушының тікелей іс-әрекеттері (өздері жасаған) арқылы түсіндіріледі. Қимылды білдіретін сөздерді оқушылардың көз алдындағы заттардың қозғалысы арқылы түсіндірудің тиімділігін нақтылы мысалдармен дәлелдеп, етістікті меңгертуде «сан әдісін» қолданудың түрлі жолдарын көрсетеді. Етістік шақтарын меңгерту үшін оларды үнемі бір-бірімен салыстыра оқытудың және жіктелуін жіктеу есімдіктерімен байланыстыра өтудің маңызы зор екенін айтады.Осы тұрғысынан белгілі полиглот, профессор Д.Ю.Петровтың (Казахский язык. Базовый тренинг. А., 2018.) түркі тілдерін үйрету барысында етістіктердің жіктелуі мен жіктеу есімдектерін байланыстыра оқытуға байланысты тұжырымдары, әдіскер ғалым Шамғали Сарыбаев көрсеткендей, нәтижелі болатындығы тәжірибеде дәлелденген. Бұл тұжырым сол кездің өзінде танылғаны анық. 
Жалпы алғанда, Ш.Х.Сарыбаевтың диссертациялық зерттеу еңбегі қазақ тілін екінші және шет тілі ретінде оқыту әдістемесінің ғылыми-әдіснамалық негізін қалады, ғылыми маңызды қағидаттарын анықтады, тіл үйретудің тиімді әдістемесінің типтік үлгісін көрсетті. 
Шамғали Сарыбаевтың елеулі еңбектерінің бірі «Күнделік керектер»–1936 жылы Қызылордада «Қазақстан» баспасынан шыққан кітап. Кітаптың электронды нұсқасы Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасында (ҚазҰЭК www.kazneb.kz сайтында) сақталған. Еңбек – көпшілік алдында сөйлеу техникасы, жазбаша жұмыстарды орындаудың және кітап оқудың тиімді жолдары жөнінде баяндалған оқу құралы. «Күнделік керектер» оқу құралы бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен, атап айтқанда, көпшілік алдында сөйлеу, тіл мәдениеті мәселелерін қозғаумен аса құнды. Аталған еңбектегі бөлімдердің атаулары: «Тыңдау жолдары», «Баяндамаға қалай даярлану керек», «Қалай баяндамалау керек», «Тезис пен коніспект», «Кітапты пайдалану жолдары». Кітап оқу құралы ретінде ұсынылған. Шаршы топта сөйлеуге даярлау мақсатында әр тақырып соңында бақылау-пысықтау сұрақтары мен аналитикалық тапсырмалар беріліп отырады. Әр бөлім оқырманды қызықтыратын тақырыптарды қамтиды. Мәселен, «Тыңдау жолдары» бөлімінде «Бір қалыпта тыңда», «Тыңдап отырып, демал», «Баяндамашының сөзін тыңдаймын деп өзіңді ұмытпа», т.б. 
Баяндаманы толық түсінуде, ынта-жігермен тыңдаудың маңыздылығына мән бере отырып, сезім мүшелерінің қызметі жөнінде ойын: «Айтылған сөзден «баяндамадан» жақсы әсер алу үшін бес сезім мүшелерін жақсы жағдайда қыл. Бұлай қылғаныңда, сөзден көп пайдаланасың, жадыңда қалады және шаршамайсың», – деп түйіндейді. 
Сонымен қатар баяндамашының даярлығында тыңдаушылардың жас ерекшелігін ескеру, сөйлеу әдісінің дедукция немесе индукция жолын таңдау, тыңдаушылардың айналысатын кәсіптерін ескеру, тіпті алдын ала «тыңдаушылардың тегіне» дейін біліп алу керектіге мән береді. 
«Қалай баяндамалау керек» атты бөлімде «Өзіңмен өзің болып кетпе», «Еліктіре де, тексерте де сөйле», «Тыңдау­шылардың сергек тыңдаулары үшін», «Таныстан жатқа, бөлшектен бүтінге» т.б. тақырыптар қамтылған. Әдіскер ғалымның баяндамашы үшін, өз сөзімен айтқанда, «тыңдаушылардың қандарын қыздыра, арқаларын қоздыра, естерін ала, жүректерін исіндіре, бойларын балқыта сөйлеудің» ойды тыңдарманға толық, жан-жақты жеткізуде маңыздылығына назар аудартады.
Ғалымның баяндама жасауда кездесетін психологиялық, ұйымдастырушылық қиындықтарды жеңу жолдары мен сөз сенімді болу үшін дәлелдер келтіруге, коммуникацияның бейвербалды түрінің ойды жеткізудегі айырықша мәніне, көрнекіліктер мен статистикалық мәліметтерді қолданудың маңыздылығына, оқу техникасы (монотонды оқудың зияны туралы) әдісін көптүрлілігіне (концентр әдісі, индукция, дедукция әдісі, баяндамаға қатыстыру әдісі, топтық, өзін-өзі бағалау, сыни көзқарасты дамыту, т.б.) баса мән береді.
Ш.Х.Сарыбаевтың «Күнделік керектер» оқу құралы бүгінгі көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне қатысты, кітапты аз оқитын қазіргі заманда рухани жан азығы кітап оқуға құмарлықты арттырудың өзекті мәселелерін дөп басады. Қазіргі шешендік сөз, академиялық жазылым, шаршы топ алдында сөйлеу техникасы бойынша өзекті мәселелердің өзегін аталған еңбектен табуға болады. Еңбектің лингвистикалық, тілдік құралдарын қарастырған профессор Қ. Күдеринованың «Күнделік керектер» Шамғали Сарыбаевтың еңбегі хақында мақаласын ерекше атап өтуге болады. Ендеше еңбектің педагогикалық, психологиялық жаңа қырлары мен құнды пікірлерін әлі де зерттеп-зерделеу қажеттігі осыдан туындайды.
Ерекше атап өтетін жайттардың бірі – Ш.Х.Сарыбаевтың сол замандағы ғалымдардың көпшілігін тән қасиет – универсалды білімді игеруі. Осы тұрғысынан Шамғали Харесұлын қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосқан әдебиетші ғалым, ақын, аудармашы ретіндегі еңбектерін ерекше атап өтуге болады. 
Ш.Х. Сарыбаев қазақ ауыз әдебиеті ғылымы дамуының бастауында тұрды. Ол – әдебиеттанушы. Белгілі ғалым Н.Қ. Жүсіпов ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклорының даму туралы «Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші жартысы» атты монографиясында Шамғали Сарыбаевтың еңбегін атап өтеді. (Жүсіпов Н.Қ. Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Монография. 2007). 
Академик Б. Сманов «Шамғали Сарыбаев – көрнекті ағартушы, кемел әдебиетші» атты мақаласында ғалымның қазақ әдебиеті ғылымының дамуына қосқан үлесі туралы зерделеген. Б.Сманов ғалымның 1925 жылы «Терме» журналының №1 санында жарияланған «Қазақ әдебиеті және оны жинау жолдары» атты көлемді мақаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы алғаш тың деректер, жаңа мәліметтер бергені туралы, 1935 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Балалар әдебиеті, оның ерекшеліктері» «Сапалы әдебиет беріңдер» атты мақалалары және 1958 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Жамбыл жайлы тұңғыш дерек» мақалаларының қазақ әдебиетін дамыту бағытындағы құнды еңбектер екендігін атап көрсетеді (akikat.kazgazeta.kz; 21.11.2018). 
Ш.Х.Сарыбаев – дарынды балалар ақыны. Оның «Сара мен Еркін» (1933), «Октябрь және балалар» атты өлең жинақтары халық тағылымында әлі де маңызын жоғалтқан жоқ. 20-жылдары оның ертегілері мен өлеңдері «Қазақстан пионері», «Ақ жол», «Жаңа мектеп» басылымдарында жарық көріп, болашақ ұрпақ қазақ баласының санасы мен ой-қиялын дамытуға, қоғамның белсенді азаматы болуға қызмет етті.
Ш.Х.Сарыбаев – журналист. Ол қазақ журналистикасының бастауында тұрған алғаш журналист. Ташкент қаласындағы «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет етеді. 1934 жылы алғаш Журналистика институтын ашқанда, алғашқы мамандардың бірі болып, «Газет істері» атты кітап жазады. Профессор К.Хамзин Шамғали Харесұлының аталған еңбегін «қазақ журналистикасының тарихи жебеушісі, құнды қазына» деп бағалайды. Аталған еңбектің маңыздылығы академик К.Құрманаәлиев пен Шамғали бабамыздың немересі Майра Шорақызының «Личность и эпоха» мақаласында да көрініс табады. 
Ғалым-педагог қандай қиындықтарды бастан кешсе де, ағартушылық қызметін жалғастыра береді. Жалпы сауатсыздықты жою, рухани-мәдени, оқу-ағарту ісі, қазақ мектептерін ашу, білікті мұғалім даярлау, қазақ тілін оқытуды тиімді ұйымдастырудың педагогикалық тағылымын толғау, тілін сүйген жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру оның өмір жолындағы басты мақсаты болды. Ұзақ та, мол, ізденісті еңбек тәжірибесінің арқасында ұрпағына мәңгілік мұра қалдырды. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері туралы еңбектері өзінің өміршеңдігін бүгінде танытып отыр, оның жолы болашақ маңызды зерттеулерге бағыт бағдар, зерделеуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Ш.Х.Сарыбаевтың ерен еңбегі еленіп, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағымен, «Құрмет белгiсi» орденiмен, бірқатар медальдармен марапатталды.Ол 1958 жылы 5 сәуірде Алматы қаласында ауыр науқастан қайтыс болды.
Бүгінде көрнекті ғалым, ағартушы хақындағы ұрпақ сабақтастығы жалғасын табуда. Қазақ тілі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми негізін іргетасын қалаушылардың бірі, қазақ руханияты мен мәдениетін қалыптастырушы Ш.Х.Сарыбаев ұрпағы – қазақтың ұлы әулеті тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалған бәйтерек тәрізді талай ұрпаққа өнеге, кең байтақ Отанымыздың мақтанышы. 
Сарыбаевтар әулетінің ұрпақ сабақтас­тығы қазақ тарихындағы мәңгілік тұтас дүние болып қала береді. 
Қазақтың дарын иесі Ш.Х. Сарбаевтың ұрпағы, әулеті – ұлт мақтанышы. Ш.Х.Сарыбаевтың ұлы ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Шамғалиұлы – әлемдік лингвистика ғылымының дамуына үлесін қосқан, атақты ғалым, әке мұрасын ұлықтаушы, ұрпаққа жалғастырушы. Шығармашылық шеңберінің кеңдігі соншалық, коллекционерлік жинақтаған материалдарының мазмұнын зерделеу – болашақ зерттеушілер үшін бір төбе. 
Болат Сарыбаев – профессор, өнертанушы, белгілі музыка зерттеушісі, ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеуші, қазақ музыкалық аспаптарын жинақтаушы және олар туралы ғылыми ұстанымдардың негізін қалаушы танымал ғалым.
Немерелері Талғат, Қайрат, Майра, т.б. – елімізге танымал тұлғалар.  
Талғат Болатұлы – белгілі композитор, музыкатанушы, қазақ ұлттық аспаптарында шебер ойнаушы, ата-баба дәстүрін жалғастырушы.
Қайрат Сарыбаев – мемлекет қайраткері, елші, қазақ халқының мақтан тұтар үлгілі ұлы.
Майра Сарыбаева – тілші ғалым, білікті ұстаз, профессор, өмір-өзен ағынымен ата тағылымын ұрпаққа танытушы.
Қилы заманның қыспағында жүріп, ұлттың қамын деген, ұлтжанды саналы ұрпағына мәңгілік асыл мұра қалдырған ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым-педагог, замана тұлғасы Шамғали Сарыбаев қазақ халқының тарихи тұлғасы, ұлағатты ұлы болып ғасырлар ұрпағы санасында қала береді. 

Кәрімбек Құрманәлиев, 
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы
 Жарқынбике Сүлейменова,
 педагогика ғылымының 
докторы, профессор

 

1786 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы