- Ақпарат
- 24 Тамыз, 2023
ТІЛДЕРГЕ ОРТАҚ ТҮБІРЛЕС СӨЗДЕР МЕН ТҮБІРТЕКТЕР

«Ана тілі» газетінің 2021жылғы 48-санында (2-8 желтоқсан) ғылыми көпшілікке арналған «Әлем тілдерінің түбі бір» деп аталатын танымдық мақалам жарияланған еді. Осы мақала да сол ізденістің жалғасы іспетті. Атап айтуымызға тура келеді– қазақ және орыс тілдеріне ортақ түбірлес сөздер, түбіртектер – қазіргі тіл білімінде тұңғыш рет көтеріліп отыр. Салалық мамандар жүйесі бөлек тілдердің, типологиялық жағына болмаса, өзара түбірлестігіне, түбіртектестігіне мән бермейтін, көңіл аудармайтын. Бітім-пішіні, кейбір дыбыстары үйлесетін сөздер назардан тыс қалып отыратын. Алғаш рет қалам тартылғандықтан болар, жоғарыда аталған тақырып осы жолдардың авторын да қатты қызықтырды. Бұл жарияланымды тілші ғалымдар ғана емес, қалың оқырман қауым да сүйсіне оқып, жылы қабылдар деп үміттенемін. Түбіртек тілдік бірлігі туралы қажетті мағлұматтар алғашқы мақаламда баяндалғандықтан, жүйесі бөлек екі тілдегі параллель сөздерді саралап талдауға тікелей көшіп отырмын.
БҰЛТ~ ОБЛАКО. Тұлға-пішіндері әр түрлі болса да, қазақ тіліндегі бұлт (аспанда қалқыған тұман тәрізді қою су буы) атауын, орыс тіліндегі облако (скопление сгустившихся водяных паров в атмосфере) атауын айтсақ, бір ғана ұғымды түсінеміз. Дәл осы кезге дейін тілші ғалымдар да, тұтастай алғанда, зиялы қауым да, тіпті қарапайым адамдар да бұл екі сөзді бір түбірден, бір негізден шыққан деп ойлаған да емес, топшылаған да емес. Жүйесі бөлек екі тілдің екі бөлек лексикалық бірлігі деп қана санайды. Шындығында, бұл аталымдардың ұғымы ғана емес, дыбыстары да, жаңа сипат алған дыбыстардың түпкітегі де біршама үйлеседі. Тіліміздегі «бұлт» зат есімі тілтану ғылымының бір ауыздан берілген анықтамасы бойынша: «Төрт дыбыстан тұратын бітеу құрылымды, белгілі бір лексикалық мағына беретін бір буынды түбір. Одан әрі бөлшектеуге келмейді. Бөлшектеген жағдайда мағынасыздыққа апарады».
XX ғасырдың соңғы жылдарында ашылған ғылыми жаңалық – түбіртек теориясы жоғарыдағы пікірдің жаңсақ екендігін көрсетті. Бұл теория бойынша, белгілі бір сөздің құрамында қанша дауыссыз болса, сонша ұғым, сонша лексикалық немесе грамматикалық мағына болады. Бұлт атауында да үш дауыссыз дыбыс бар. Үш түбіртекке бөлінеді: б +ұл +т. Мұнда бір түбіртек қана – ұл – толыққанды, дауысты сыңары да, дауыссыз сыңары да бар. Екі түбіртек – б мен т – жартыкеш, дауысты сыңарлары жойылып кеткен. Бірақ оларды математикалық формулаларға, математикалық-логикаға, тілдің сан алуан заңдылықтарына, тағы басқа тәсілдерге сүйене отырып, тауып алуға болады. Оқырманға түсінікті болу үшін аталған атаулардың ішкі әлеміне үңілелік.
«Бұлт» атауының құрамындағы толыққанды ұл түбіртегі «ұл» зат есіміне омонимдес болғанымен, ешқандай мағына бермейтін дыбыстар тіркесіне айналып кеткен. Ережеге сүйенсек, ешқандай мағына бермесе, екі дыбыстың жай тіркесімі түбіртек болып есептелмейді. Осы себептен сонор л-ді тарихи даму барысында жаңарған дыбыс деп танимыз. Оның шыққан тегі де, түпкі тегі де – р соноры. Математикалық тәсілді пайдаланып, л-ді р-мен алмастырсақ, ұр түбіртегі пайда болады. Бұл түбіртек – көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде оннан аса мағына беретін көп мағыналы етістіктердің бірі. Әр мағынасы тіркескен сөзіне қарай анықталады.
Енді «бұлт» атауының құрамындағы келесі түбіртекке назар аударалық. Ол – дауысты дыбысын жоғалтқан жартыкеш т. Мұның дауысты сыңарын табуға көне түркі жазба ескерткіштері көмекке келеді. Екпіннің қай дауыстыға түсуіне байланысты қыпшақ тілдерінде – бұлт деп айтылса, оғыз тілдерінде – булут деп айтылған екен. Сонда өзгелік етістің грамматикалық мағынасын беретін ут түбіртегі қалпына келеді. Бұл түбіртек қазақ тіліндегі «сұйық затты бөліп-бөліп жұту, сіміру» мағынасын беретін үш түбіртектен тұратын ұр+ұт+та (ұртта) етістігінің құрамында ұшырасады. «Бұлт» атауының құрамындағы ұр+ұт түбіртектері өз заманында «ұртта» етістігінің мағынасын бергенімен, уақыт өте келе солғындаған. Осы себепті оған қазақ тілінде етістіктен етістік жасайтын -та жұрнағы жалғанып, аталмыш өлі түбірге әбден сіңісіп кеткен. Қазір «ұрт» түбірін ол сөздің құрамынан бөліп алу мүмкін емес.
«Ұртта» атауы сабақты етістік болғандықтан «нені ұрттады?» деген сұрақты туындатады. Бұл сұраққа «бұлт» сөзінің құрамындағы дауысты дыбысын жоғалтқан жартыкеш б ұяң дауыссызы жауап беріп, нүкте қоя алады. Орыс тіліндегі «облако» қазақ тіліндегі «бұлт» атауларының дыбыстық құрамында б және л дыбыстары бірдей болғандықтан, бұл тұлғаларды түбіртектес, бір негізден шыққан зат есімдер деп санаймыз. «Облако» сөзі о дауыстысынан басталады да, б-мен жұптасып, об түбіртегін түзеді. Орыс тіліндегі «об» шылауымен омонимдес болғанымен, талданып отырған мәтінде ешбір мәні жоқ жай дыбыстар тіркесімі. Тілтану ғылымында б дауыссызы фонема болуымен қатар, сөз ортасында эпентезалық (сына, қыстырма) дыбыс қызметін де атқара алады. Олай болса, «облако» атауын о+б+л+ак+о түбіртектеріне бөле аламыз. [Эпентезалық дыбыс мағына бермейді және сөздің мағынасына араласпайды. Екі дауысты дыбыс бірін-бірі ығыстырып жібермес үшін аралығына селбесіп қыстырылатын қосалқы дыбыс. – Б.С.]. Сонда сөз басындағы о – дауыссызын жоғалтқан жартыкеш түбіртек. Кейін пайда болған дыбыстардың бірі болғандықтан, о-ның шыққан тегін, арғы тегін, түпкі тегін іздестіреміз. Бұл жуан дауыстының түпкі тегі – у. «Облако» да, «бұлт» та тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерден халықпен бірге жасасып келе жатқан сөз болғандықтан, жаңа о дауыстысын ежелгі у дауыстысымен ауыстырамыз. Олай болса, «облако» бағзы заманғы у+б+ла+ак+у түбіртектеріне бөлінеді. Көне дәуірлерде сөз басында т және с дауыссыздары элизияға (үнемдеуге) ұшырап, әрдайым жоғалып кетіп отырған. Қалпына келтіргенде, с мен у жұптасады да, «өзен, көл т.б. түзетін түссіз мөлдір сұйық зат» деген лексикалық мағына береді.
Шегініс жасап, «бұлт» атауын талдауды әрі қарай жалғастырсақ, үш бірдей су +б+ ұр+ ұт түбіртегі бұрынғы қалпына келеді және «су ұртта» деген мағына беретін сөз тіркесін құрайды. [Бұл жерде, «бұлт» атауынан жойылып кеткен «су» түбіртегін орыс тіліндегі «облако» сөзінің құрамындағы о дауыстысының көмегі арқылы тапқанымызды байқаған боларсыздар. – Б.С.]. Енді математика-логикалық тәсілді іске қосып, «бұлт» атауының ежелгі мағынасын айқындауға әрекет жасаймыз. Көзге көрінетін зат болғандықтан, бұлттың көкте, әуеде жүзіп жүретіні жалпы адамзатқа белгілі. Олай болса, халқымыздың байырғы ұғымында «бұлт» дегеніміз – «ауа ұрттаған су» екен. Қазіргі ұғымы – жоғарыда айтып өткеніміздей – «аспанда қалқыған тұман тәрізді қою су буы». Басқаша айтсақ, алғашқысы нақты мағына да, соңғысы пайымдық мағына.
Енді қайтадан «облако» атауына оралалық. Екі бөлікке бөлінеді: обл+ако, өйткені ілгері заманда екі сөз бір-біріне сіңісіп, кіріккен. Бұл сөзді, түбіртек теориясына сүйеніп, қайта түбіртекке бөлсек: су+б+ур+?+ак+ун. [Бағзы заманда кез келген есім сөз н дыбысына аяқталғаны ғылыми жолмен дәлелденген. – Б.С.]. Мұндағы ак түбірі көне түркі тіліндегі ақ түбірімен тең. Көп мағыналы етістік. Мысал келтірелік. «Көтеріл» деген мағынада: ай йоқару ағар (ай жоғары көтерілер). «Шық» деген мағынада: Зулқарнайын каф тағына ағды (Зұлқарнайын қап тауына шықты). «Көш», «жөнкі» деген мағынада: булут ағмыш (бұлт көшті). Орыс тіліндегі ак+ун түбіртектері қазақ тілінде «ағын су» тіркесіндегі «ағын» сын есімімен де тұлғалас, әрі мағыналас. Қорыта келгенде, орыс тіліндегі «облако» атауының ежелгі мағынасы: «Ауа жұтқан судың көк жүзінде жылжуы, көшуі». Сонда «бұлт» пен «облако» тарихи тұрғыдан лексикалық варианттар.
ТОЛУН АЙ~ЛУНА. Араб тілінде «қамар», орыс тілінде «луна» атаулары «ай» ұғымын береді. Бұларды түбіртектерге бөліп, әрқайсысын айыра-ажырата зерделеп шыққанымызда, аса ежелгі дәуірлерде «қамар» тұлғасы «кеміген ай», «луна» тұлғасы «толған ай» ұғым-түсінігінде жұмсалғанын анықтадық. Абай атамыз: «Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп», – дейді. Бұл талдауға қарағанда, әр халық айдың белгілі бір сапасына ерекше мән берген сияқты. Біз осылардың арасында «луна» атауының осы формада қалай қалыптасқандығына назар аударғалы отырмыз.
XIV ғасырда жазылған ескі түркі жазба ескерткіштерінің бірі Хорезмидің «Мухаббат-наме» (Махаббат жыры) дастанында құдайдың құдіреті туралы бір бәйітінде: Толун ай дек қылур бір қатра суны (Толған ай сияқты етер бір тамшы суды)», – делінген. Осындағы «толун ай» сөз тіркесі бағзы бір замандарда орыс (славян) және түркі халықтарына ортақ атау болғанға ұқсайды. Оны осы тілдік фактінің өзі дәлелдеп тұр. Қандай да бір сөздің соңғы дыбысы көп жағдайда элизияға ұшырап жойылып кететіндігі – тіл заңдылығы. Сондай-ақ сөз басындағы дауысты, дауыссыз дыбыстар да, тіпті кейбір буындар да осы заңдылықтың әсерінен әрдайым түсіріліп айтылып, бірте-бірте өшіп кетіп отырған. Мысалы, түркі халықтары тіліндегі, оның ішінде қазақ тіліндегі «тостаған» сөзі (ағаштан жасалған кішілеу дөңгелек ыдыс) атауы орыс тіліне тостакан сипатында енген. Мұның ұяңданған достакан формасы орыс тіліндегі көптеген сөздіктерде кездеседі. Бұл сөзден то ~ до буындары түсіріліп айтылып, қазақ тіліне «стакан» (бір нәрсені ішуге жұмсалатын, цилиндр фомалы шыны ыдыс) формасында қайта енген. Осы тост+акан атауынан соңғы екі бірдей буын түсіріліп айтылып, тост (бір нәрсенің құрметіне жақсы тілек білдіре отырып, бокал көтеру) формасы да қалыптасқан. Бұдан үнемдеу заңының көптеген сөздерді адам танымастай өзгертіп жіберіп отыратынын байқаймыз. Жоғарыда әңгімеленген «толун ай» тіркесі де сөз басында то буынын, сөз соңында й сонор дауыссызын жоғалтып, «луна» (ай) сипатына түскен. Демек, түркі тілдеріндегі «толун ай» орыс тіліндегі «луна» бір ғана негізден пайда болса да, даму барысында әр түрлі формаға түскендіктен, алшақтап кеткен. Орыс тілінде лун+ат+ик (человек, страдающий лунатизмом; лунатизм – нервно-болезненное состояние, выражающееся в хождении во сне с бессознательным совершением различных действий) деген сөз де бар. Мұнда қазақ тіліндегі «ай» формасы – ат формасында. Бұл – орыс тілі ең ескі форманы сақтап қалған деген сөз. Планета мағынасындағы «ай» атауы ілгері замандарда түркі тілдерінде «ат» сипатында болуы әбден ықтимал. Өйткені орхон-енисей ескерткіштері тіліндегі адырыл етістігі қазақ тілін айырыл формасында аударылады. т~д~й сәйкестігі түзіледі. Сонда «айдың» өзге жұлдыздардан айырылып тұрғандығы мегзеледі. Қазіргі қазақ тіліндегі «ай» тұлғасын орыс тіліндегі фактіге (лун+ат+ик) сүйеніп, ежелгі дәуірлерде ат тұлғасында болғанын мойындауға тиіспіз. Түбірлес, түбіртектес болғандықтан, бір тілдің материалдары екінші бір тілдің материалдарын анықтап, айқындауға осылайша көмектесіп отырады.
ҮЛКЕН~ ВЕЛИКАН. Қазақ тілінде «үлкен» – «көлемі жағынан аумақты, зор, дәу» деген мағына берсе, орыс тілінде «великан» – человек огромного роста» деген мағына береді. Қай сөзбен тіркесуіне қарай мағына сан алуан өзгеріске түседі. Қалай десек те, бұл атауларда да мағыналық байланыс бар. Ең бастысы үш бірдей дауыссызы ортақ: л, к, н. Сондай-ақ «великий» (превосходящий общий уровень; очень большой) сын есімі қазақ тіліндегі «ұлық» (аса мәртебелі; аса үлкен) сын есімімен мағынасы жағынан да, дыбыстары жағынан да (л, к~қ) үйлеседі. Бұл сөздердің түбірлес екендігіне екінің бірі көз жеткізе алады.
ЗОЛОТО ~ САРЫ ТАС. Бір қарағанда бұл екі тілдік тұлға бір-бірімен мүлдем үйлеспейтіндей көрінеді. Сондықтан да болар ешбір тілші ғалым бұл сөздердің өзара байланысына көңіл бөлмепті. Тіпті осы жолдардың авторы да осы тілдік фактілерді, түбіртектану ілімін меңгергенге дейін, түбірлес сөздер деп ойлаған емес. «Золото» – атау сөз, «сары тас» – сөз тіркесі. Бар болғаны екеуіне т қатаң дауыссызы ғана ортақ. Бағзы заманда «золото» зат есімі де екі бөлікке бөлінген: золо + то. Мұндағы золо бөлегін парсы тіліндегі «зер» (әшекей, сән бұйымдарын жасауға пайдаланатын әдемі сары түсті қымбат металл, алтын тіллә) сөзімен салыстыруға болады. Өйткені орыс тілі де, парсы тілі де үнді-европа тілдері тобына жатады. Жоғарыда атап айтқанымыздай, р – ежелгі фонема, л – жаңа фонема. Олай болса, орыс тіліндегі «золото» сөзіндегі л-ді көне р-мен алмастыруға болады. Бұл лексеманың басқы және соңғы буынындағы о дауыстысы а~о сәйкестігі негізінде, ортадағы (ло) о дауыстысы у~о сәйкестігі негізінде пайда болған. Ал з ұяңы с қатаң дауыссызының ұяңдануы салдарынан тілдік өмірге келген. Айтылған тұжырымдарды жинақтай келіп, «золото» атауын бұрынғы қалпына келтірсек (реконструкцияласақ): сару та. Қазақ тілінде у~ұ~ы формуласы «сару» формасын «сары» формасына айналдырып жібереді. Ежелгі замандарда та түбіртегі осы тұрғанда-ақ «тау» ұғымында жұмсалған. Көптік мағына беретін с қосымшасы, жекелік мән беретін н қосымшасы қосылмаса да, тіркескен сөзіне қарай, көптік те, жекелік те мән білдіре алған. «Сару та» осы тұрған тіркесте «сары тас» деген ұғым береді. Нақты тілдік фактілермен дәлелдеп көрелік. Грек әліпбиіндегі үшінші әріп – дельта деп аталады. «Таудың шыңы» деген ұғым береді екен. Марқұм профессор М. Томанов бір лекциясында орыс және қазақ тілдеріндегі д әрпінің осы «дельта» таңбасынан шыққандығын көрнекі құралдар арқылы ұғындырып берді. Әуелгі кезде таудың үш бірдей шыңы таңбаланған. Тез жазу қажеттігі пайда болған кезде үш шыңның біреуін ғана қалдырған. Ол төбесі шошақ геометриялық үшбұрышқа ұқсайды. Кейін төменгі жағына құйрық жамалып, осы заманғы д әрпі пайда болған. Тарихи даму барысында т қатаң дауыссызы д ұяңын, а жуан дауыстысы жіңішке е дауыстысын тілдік өмірге келтіргені ғылыми еңбектерде баяндалады. Олай болса, «дельта» қалпына келтірілгенде: та+ль+та. Мұндағы ль – артикль, нақтылықты білдіреді. Шындығында, «дельта» – «таудың шыңы». Ерте дәуірлерде жіктеу есімдіктері ман, сан, ан барыс септігінің жалғауы қосылғанда ман+ға, сан+ға, ан+ға сипатында түрленген. Бұл – қазақ тіліндегі ма+ға+н, са+ға+н о+ға+н. Яғни метатеза құбылысының нәтижесінде жіктеу есімдіктерінің соңындағы н барыс септігінің жалғауынан «аттап өтіп», сөз соңына тұрақтаған. Мұндай құбылыс өзге сөздердің құрамында да ұшырайды. Мысалға Қазақстанда Тарбағатай атты тау бар. Шындығында, «тарбағай» деген сөз «тарбиған, жалпақ» деген мағыналарда жұмсалған. й соноры та түбіртегін «аттап кеткендігінен» «тарбаға» және «тай» түсініксіз формалары қалыптасқан. Бұл жерде де та түбіртегі «тау» деген лексикалық мағына береді. Та түбіртегі «тау» деген ұғыммен қатар, «тас» деген ұғымды да білдіргенін жоғарыда айтып өттік.
«Алтын» атауын моңғол халқы алтан, түркі халықтары алтун, еуропа халықтары алтин деп атайды. Үш түрлі аймақта сақталғанымен, бұл лексема түркі-моңғол тілдерінде болған ішкі флексия құбылысынан хабар береді. Өңделмеген, табиғи қалпында табылған асыл тасты түркі-моңғол халықтары алтан деп атаған. Оны өңдеп, қажетке жарайтындай қалыпқа түсірген соң алтун деп атаған. «Алтуннан» сырға, білезік, сақина, алқа сияқты сан алуан сәндік бұйымдар жасалған. Ішкі флексия заңдылықтарын пайдаланып, ата-бабаларымыз оған алтин (яғни алтын бұйымдар) деген атау берген. «Алтин» бұйымдар түркі-моңғол халықтары тарапынан еуропа халықтарына көптеп сатылған. Сондықтан еуропалықтар алтынды қазірге дейін алтин дейді. Сонда алтан (табиғи тас), алтун (өңделген тас), алтин (алтын бұйымдар) сөздеріндегі лексикалық айырмашылықтарды, хамит-семит тілдеріндегідей, а,у,и дауыстылары сездіріп тұр. Енді табиғи тас – алтан атауын түбіртектерге бөліп талдау жасап көрелік: ал+та+ан. Түбіртек теориясының ұстанымдары бойынша, мән-мағына оң жақтан сол жаққа қарай ашылады. Мұндағы ан түбіртегі – есімнен есім жасайтын, жекешелік мән беретін көне жұрнақ. Та – «тас» деген ұғым береді. Бұл түбіртекке көптік мағына беретін ас жұрнағы (түбіртегі) қосылса, та+ас=тас деген форма түзіледі. Араларында (қыстырма) сына дауыссыз болмағандықтан екі а қосылып, бір ғана келте а дауыстысын береді. Бітеу тан буыны да осындай – (та+ан=тан) жолмен түзілген. Ең соңғы ал түбіртегі «жалын» (жанған оттың лапылы, ыстық қызуы) атауының құрамында тұр: ж+ал+ын. Бұл сөздегі ын түбіртегі есімнен есім жасайтын көне жұрнақтардың бірі. Бағзы замандарда аталған жұрнақ қосылмай-ақ жал түбірі жеке-дара қолданылған. Сөз басындағы ж ұяң дауыссызы түсіріліп айтылғанда, ал формасы пайда болған. «Лапылдап жанған оттың қызыл түсіндей қызыл түс» деген мән-мағына берген. Орыс тілінде жал түбірі жар (место, где очень жарко) түрінде жұмсалады. По+жар (пламя, ширако охватившее и уничтожающее что-н.) сөзінің құрамында кездеседі. Бұл жерде р~л сәйкестігі тұр. Сонымен, қорытындылай келгенде, алтан (алтын) атауында ежелгі дәуірлерде «от жалыны түстес қызыл тас» деген ұғым-түсінік қалыптасқан. Түркі-моңғол тілдеріндегі «қызыл тас» орыс тіліндегі «сары тас» қазіргі тілдерде сын есімдік сапасына мән берілмей, бір ғана ұғымда жұмсалады: алтын~золото. Тағы бір айта кететін жайт – «тау» ұғымын біздің дәуірімізде «та» түбіртегі бере алмайды. «Бітеу буын құрап тұрған у ерін дауыссызы қандай жолмен пайда болған?» деген сұрақ туындайды. Ежелгі дәуірлерде есімнен есім жасайтын түбіртектердің бірі ун түбіртегі (қазіргі термин бойынша, ун (ын) көне жұрнағы) «тау» мағынасын беретін та түбіртегіне қосылғанда арасына міндетті түрде сына дыбыс қыстырылған. Әйтпеген жағдайда екі дауысты бірін-бірі ығыстырып жіберіп, мағынасыздық пайда болады: та+ғ+ун. Сөз соңындағы н сонорының көп жағдайда түсіріліп айтылатынын түркологтардың басым бөлегі мойындайды: та+ғ+у. Қыпшақ тілдері сөз басында, сөз ортасында, сөз соңында тамақтан айтылатын қ,к, ғ,г дауыссыздарын айтуды қаламаса, керісінше, оғыз тілдері осы дыбыстарды сақтап қалуға тырысады. Сондықтан қазақ тілінде: та+ғ+у =тау, оғыз тілдерінде та+ғ+у=тағ. «Тау» және «тағ» формалары, міне, осылайша қалыптасқан. Түбіртектану ілімін терең меңгерген жағдайда кез келген тілдің кез келген тілдік фактісін осылайша талдап, зерделеуге мүмкіндік бар.
ҚҰМЫРСҚА~МУРАВЕЙ. Қазақ және орыс тілдеріндегі бұл зат есімдік атаулардың тек бір буыны ғана ортақ. Ол – қу+мыр+сқа ~мур+авей параллеліндегі мыр=мур буындары. Математикалық у >ұ>ы формуласы негізінде мыр =мур буындарындағы ы дауыстысы у түрінде қалпына келеді: мур. Яғни ы-ның шыққан тегі – ұ, арғы тегі -у. Бұл – аса ежелгі дәуірлерде орыс тіліндегі мур бунағы мен қазақ тіліндегі мур бунағы бірдей болды деген сөз.
Енді түбіртекке бөліп, құмырсқа сөзінің алғашқы ұғым-түсінігін анықталық. Бұл сөз былайша түбіртектерге ажырайды: құ+м+ыр+с+қ+а. Есім сөздердің барлығы ежелгі дәуірлерде н сонорымен аяқталғанын жоғарыда айтып өттік. Жартыкеш а түбіртегі ан формасында әдепкі қалпына келе алады. Бұрынғы замандарда да, қазіргі заманда да ан жұрнағы етістіктен есім жасайтын жұрнақ болып есептеледі. Жартыкеш қ түбіртегі – қимыл есім жұрнағының қалдығы. Ерте кезде бару-баруқ, келу- келүк, жүру- жүрүк, туру -туруқ т.б. түрінде айтылған. Сондықтан оны уқ формасында бұрынғы қалпына келтіруге толық мүмкіндік бар. Керісінше, сөз құрамында жартыкеш у сақталып қалса, оны да уқ формасында қалпына келтіру қиын емес. Жартыкеш с түбіртегі – көптік мағына беретін түбіртек. Дауыстысы ерін үндестігі заңына орай анықталады: ус. Келесі толыққанды түбіртек – ыр = ур. Жинақтағанда: қу+м+ур+ус+уқ+ан. «Қыбыр ұрысқан» деген солғын мағына пайда болады. Денотаттық мағынаға және логика, стилистика талаптарына сүйеніп, «ерсілі-қарсылы қыбырласқан жәндік» деген алғашқы ұғым-түсінікті қалпына келтіре аламыз. Орыс тіліндегі мур және авей бөліктері де осы ұғымды біршама жеткізіп тұр. «Құмырсқа» атауының қазіргі қазақ тіліндегі мағынасы – топтанып тіршілік ететін бунақ денелі жәндік. «Муравей» атауының қазіргі орыс тіліндегі мағынасы – перепончато крылое насекомое живущие большими сообществами.
БАЗ ТОҒ ~ ВОСТОК. Бұл жердегі «баз тоғ» тіркесі орта ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштерінен алынып отыр. «Қайта-қайта туу» мағынасында түсініледі. Ахмед Йүгінекидің XII ғасырда дүниеге келген «Һибат-ул хақайиқ» дастанында: «Түнүн кетирип баз йарутур таң-а» (Түнін кетіріп, қайтадан жарық таң етеді) деген бәйіт жолдары бар. Мұндағы «баз» лексикалық бірлігі аталған құбылыстың қайта-қайта болатындығын мегзеп тұр. Қазақ тілінде негізінен сөйлеу тілінде «бәз баяғы» «баз қалпы» сияқты тіркестерде кездеседі де, «тұрақтылық» ұғымында жұмсалады. Йүсүп Баласағунидің «Қутадғу билиг» (Бақыт әкелетін білім) атты дидактикалық көлемді дастанында Күнтоғды (Күн туды) – шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі. Қазіргі қазақ тілінде «күн туды» деп айтылмағанымен, «ай туды» деп әдеби тілде де, сөйлеу тілінде де қолдана береміз. Және көкжиектен айдың көрінгенін пайымдаймыз. «Май айы туды» десек, жаңа айдың басталғанын түсінеміз. Бұл ұғымдас параллельде бір ғана қатаң дауыссызы орыс тіліне де, қазақ тіліне де ортақ. Қалған дыбыстары түгелдей дерлік өзгеріске түскен. Алайда б~в, а~о, з~с, у~о, ғ~к~қ сәйкестіктері негізінде әдепкі қалпына келеді. Сөйтіп, бір ғана ұғым беріп, бір ғана форма түзеді. Орыс тілінде «восток» атауын тілші ғалымдар қауымына белгілі лексикограф С.И. Ожегов былайша түсіндіріпті: «Одна из четырех стран света и направление, противоположное западу; часть горизонта, где восходят солнце». Осы ұғым-түсінік славян және түркі халықтарында аса ежелгі дәуірлерде де, қазір біз өмір сүріп отырған дәуірде де бірдей дәрежеде зерделенеді.
БАТЫС ~ЗАПАД. Екінің бірі көзі жететін түбірлес сөздер. Қазақ тіліндегі «батыс» сөзінің лексикалық мағынасы – «дүниенің төрт құбыласының шығысқа қарама-қарсы жағы, күн бататын көкжиек». Орыс тіліндегі «запад» сөзінің лексикалық мағынасы – «Одна из четырех стран света и направление, противоположное востоку; часть горизонта, где заходят солнце». Бұл екі атауды бірі соңынан, бірі алдынан қосылатын қосымша ғана айырып-ажыратып тұр: Бат+ыс – за+пад. Қазақ тілінде -ыс түбірге сіңісіп кеткен көне жұрнақ, орыс тілінде за бірде қосылып, бірде бөлек жазылатын шылау (приставка). Түбірлері – бат~пад дыбыстары өзгеріске түскен екі тілге ортақ түбірлес формалар. Қатаңдардың ұяңдардан бұрын пайда болғанын ескерсек, б~п, т~д сәйкестіктері негізінде пат формасы бұрынғы қалпына келеді және жоғарыдағы анықтамаға толық жауап береді. Бәлкім, шахмат ойынындағы пат, мат терминдері де осы атаудың әсерінен шығуы да мүмкін.
ТЕРІ~ДЕР+МАТОЛОГИЯ. Екінші сөз – көне грек тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан термин. «Дермотология – отдел медицины, изучающий болезни кожи». «Дерма» грек тілінде «тері» ұғымында жұмсалған сөз. «Дерматология» терминінің бірінші буыны мен қазақ тіліндегі «тері» сөзінің «тер» сипатындағы түбірі лексикалық мағынасы жағынан да, формасы жағынан да толық дерлік сәйкесіп тұр. Айырмашылық т~д сәйкестігінде ғана. Ұяң д дауыссызының қатаң т дауыссызынан пайда болғанын ескерсек, ешқандай айырмашылық жоқ деп айтуға да негіз бар. Тері – дененің адам мен жануарлар ағзасын сыртқы әсерлерден қорғайтын жалпы жабыны. Бұл – «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» атты академиялық сөздіктің берген анықтамасы. Дерматолог дәрігерге көрінген науқастар осы терминнің өз тілімізге де ортақ екенін аңғарды ма екен? Бір сөз болғанымен, бұл термин де «Әлем тілдерінің түбі бір» деген идеямызды құптайды.
Түбірлері ортақ немесе түбіртектері ортақ сөздерді тере берсек, жүзге, бес жүзге, тіпті мыңға жеткізуіміз әбден ықтимал. Түбіртектану ілімін меңгерсе, кез келген ізденуші бұл игілікті бастаманы ақырына дейін жеткізе алатыны күмәнсіз. Шамамен алғанда, осыдан жиырма-отыз мыңдай жыл бұрын түркі және славян халықтарына ортақ бір тіл болған сияқты. Бұл – түбі бір әлем тілдерін алдымен аймақ-аймаққа бөліп қарастыру, зерттеу қажет деген сөз. Тілдің ортақтастығы анықталғанда халықтардың бір-бірімен жақындығы да, туыстығы да, бауырластығы да анықталады. Түбі бір халық бірін-бірі тез ұғынысады. Осы себепті де ғылыми зерттеулерді тереңде беру – өмір талабы деп есептейміз.
Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымының докторы, Халықаралық
Вильгельм Томсен медалінің иегері

7085 рет
көрсетілді0
пікір