• Ақпарат
  • 07 Қыркүйек, 2023

Түнде оқ атылмауы үшін

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында адамзат баласы екі бірдей жаһандық соғыстың алапат соққысына тап болып, оның бейнесі әдебиет, сурет, кино, театр іспетті көркем өнердің түгелге жуық жанрында таңбаланды. Соғыс, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы қазақ қаламгерлерінің де қаламынан тыс қалған емес. От кешіп келген қаламгер солдаттың барлығының шығармасындағы өлім мен өмір, Отан қорғау, бейбітшілік, тыныштық тақырыбы оқырманын бейжай қалдырған емес...

Классик, детектив жанры­ның дарабозы Кемел Тоқаев шығармашылығы да Соғыс және Бейбітшілік тақырыбынан ауытқымапты. Соғыстың бет қаратпас дауылына жастық уыз шағын құрбан еткен өз замандастары секілді Кемел Тоқаев та майдан даласына аттанып, 226-атқыштар дивизия-сында, 7-гвардиялық танк полкінің құрамында Өлім мен Өмірдің арпалысын көрді. Арғы дүниеге аттанар алдында «кеудеден көкала үйректің қош» деп ұшқанына куә болды. Ажалдың оғы бір мезетте бір емес, сансыз адамды қырып салғанының, аза бойыңды қаза қылар қанішерліктің шежіресі жазылып жатқанын түсінді.

Мүсілім Базарбаев, Кемел Тоқаев. 5 ақпан, 1948 жыл. ҚР ОМА. 1-т. 71-іс. 6-п.

Алаш зиялыларын қынадай қырып әкеткен және қалған ұрпақтың біршамасын соғыс жалмап жұтқан кезең де бастан өтті. Өрттен кейін қаулап шығар өртеңнің – әдебиет тілімен айтқанда «алпысыншы жылдықтардың» қолына қалам ұстап, сурет, саз, сөз өнеріне алшаңдай басып кіруі алдындағы уақытта әдебиетіміздің тізгіні қуғын-сүргін мен алапат аштықтың үрейі қан арқылы жүрекке сіңген, сұрапыл соғыстың сұмдығын көзбен көріп, жүрекпен өткізгендердің қолында қалған еді. Олар өмірдің қадірін бізден тереңірек білгендей. Олар уақыттың жоғын бізден де көбірек жоқтағандай. Олар елдің жоғын да бізден көбірек іздеуге тырысқандай көрінетіні бар. Оның дәлелі – азғана уақытта оқу да оқып, журналистік т.б. салада еңбек те етіп, көркем әлемге қызмет те қыла білгендердің дәл соғыс өртін көргендер қатарында көптігі. Сол замандастары қатарында Кемел Тоқаев та соғыстан соң білім алды. Елге барып қызмет етті. Қазақтың кіндік қаласы – Алматыға оралып, әдеби орта тапты. Бірнеше сүйекті басылымда еңбек етті. Ұзақ ізденіс пен сараптауды, талдауды, салғастыра-салыстыра отырып дерек қорытуды қажет ететін детектив жанрында өндірте еңбек етті.

 

 

Эдгар По «Морг көшесіндегі кісі өлімі» атты детектив жанрындағы шығармасын америкалық роман­тизмнің шарықтаған тұсында жазған екен. Ал сұм соғыс пен одан бұрынғы түрлі өткелектен өтіп барып, жаңа бағытқа бет бұрған заманда, яғни социалистік реализмнің қақ ортасында өмір сүрген Кемел Тоқаев детективтерінің ерекшелігі кісі өлімінің себебін іздеуді эстетикалық сауал төңірегінде ғана қарастырып қоймай, өлімді күнә мен кінә тұрғысынан да талдауында жатса керек. Оның қай шығармасында да өлім себебін іздеудің эстетикасынан, романтизмінен бұрын бұлтартпас деректерді қуалай отырып, бұлжымас қағидаларға апаратыны сондықтан. Қаламгер Мәткәрім Әкімжановтың К.Тоқаев турасында «Кәмекең дидарласа қалғанда оқиғалы жанрдың өте ауыр екенін, шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатынын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатынын жиі еске алады» деп естелік қалдырғанына қарап, К.Тоқаев шығармашылығының оқиғалы деректерден құралуының сырын аңдауға болады. Романтизм дегеннен шығады, Кемел Тоқаев қаламынан туған «Соңғы соққы» романының әр тарауы Жаркент пен Алматы арасын жалғаған бұйрық-хаттармен басталатыны бар еді. Ықшам бұйрық-хаттарды оқи сала тараудың мән-жайын ұғынғандай болып, әрі бала күннен таныс өңір – Жаркент атауының кітапта оқиға орталығы ретінде аталатыны ерекше шабыт сыйлап, сол кітапқа қайта-қайта бас қоятынбыз. Өлімнің күнәсінен бұрын адам мен уақыттың романтизмі баурай түсетінін несіне жасырайық. Әрі кейбір шығармалардағыдай ұзын-сонар суреттеулер мен баяндаулардан ада, яғни бірден оқиға бастала кетер деректі стиль де талай оқырманды өзіне тартары анық.

 

 

Жазушы Қалмұқан Исабаев: «Кемелдің кітаптары түгел дерлік дерекке құрылған. «Арнаулы тапсырма» бүгінде ортамызда жүрген, халқымыздың маңдайына жазған қаһарманы, айбынды партизан Қасым Қайсеновтің ерлігі жөнінде. Халқымыздың осы батыр перзенті жөнінде тұңғыш шығарма жазған осы Кемел. Қайсыбіріміз қолымызға түскен «Солдат күнделігін» сол қалпында жариялауға асығамыз. Ал Кемел «Солдат соғысқа кетті» повесінде «солдат күнделігінің» әр күнін даралап, талдап, соғыстың мән-жайын өзінің көруі, сезінуі бойынша жаза білген. «Соңғы соққыда» 20 шақты нұсқау телеграмманың сырын ашып, соларға байланысты жергілікті жерде мақсатқа жету үшін не істеліп жатқаны толық айтылып шығады», – дейді. Айтқандай Кемел Тоқаевтың «Арнаулы тапсырмасының» кейіп­кері партизан Қасым Қайсеновпен бірге Украинаға барып, ол жүрген жолдармен жүріп, айтқан сөзін көңілге түйіп барып повесті толық жазып шыққаны әдебиетшілер тарапынан жиі айтылып, талдануға тиіс-ау деген ойдамыз. Сөз басында айтқан «бұлтартпас деректерден құралатын» жанр ерекшелігі де осындай оқиғалар арқылы байқалмай ма? Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» атты кітабы бар.

 

Кемел Тоқаевтың өмірбаяны. 10 маусым, 1974 жыл. ҚР ОМА. 1-т. 36-іс. 1-3-п.

Детектив жанрында бірнеше кітап жазып, Өлім мен Өмір қадірін саралауды оқырман еркіне қалдырған қаламгер кейде көркемдікпен астасқан деректі шындықтың жүзіне оқырманын тіке қаратқысы келетіндей. «Түнде оқ атылмауы үшін» де адамзат баласы Соғыс пен Бейбітшілік қадірін деректі дүниелерден біле бергені бұрын да қажет еді, қазіргі алмағайып заманда тіптен керек. Сыншы Әмірхан Балқыбектің «Қоғамның кеселi, көлеңке жақтары қылмысты iстер арқылы көрiнiс табатынын ескерсек, сол дерттi анықтап беретiн тамыршы жанр осы детектив болса керек» деген сөзі бар еді. Қоғам кеселін көрсетіп берер жанрда қалам тербеген қаламгер шығармашы­лығы өз уақытының дертін емдеуге тырысқаны анық.

839 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13464

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7802

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7432

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6810

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6759

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6546

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5321

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5313

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы