- Тұлға
- 07 Қыркүйек, 2023
ҚҰРЫШ ТҰЛҒА ТАРАЗИ

Әлия Бөпежанова,
сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Қазақ руханиятында 60-жылғы буынның орны қашан да ерекше. Кеңестік саясаттың бел ортасында өмір кеше отырып ұлттық әдебиетімізде Реннесанс жасаған бұл буыннан алтынның сынығындай, мықты рухтың көзіндей, өткен мен бүгінді жалғастырып келе жатқан бір тұлға бар. Ол – көрнекті суреткер, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім ТАРАЗИ. Туасы прозашы болғанымен, драматургияда, аударма өнерінде үлкен шаруа тындырған, рухани әлемі, шығармашылық аясы кең суреткер.
Тарази прозасы – заманның көркем бейнесі
Әсілінде, заманның көркем бейнесін жасау оңай шаруалардан емес. Өйткені өзің өмір кешіп отырған орта, қоғамның шын бет-бейнесін тану, оның даму заңдылықтарын зерделей отырып, жинақтаулар жасау бірте-бірте, тәжірибемен келетін шеберлік. Әдетте, бұрқырай жазылып, жарияланып жататын прозалық шығармалардың бірталайы бір оқылымнан артылмайтыны осыдан болса керек. Ал, өз прозасында заманының көркем бейнесін оның шын тынысы мен астарлы ақиқаттарын аша отырып өрнектейтін жазушының өнерлі сапары мазмұнды да нәтижелі. Мұның бір айқын көрінісі - жазушы Әкім Тарази шығармашылығы. Жазушының алғашқы әңгiме-повестерi бейнелер динамикасымен, кейiпкерлері сан қырлы көзқарастарға мүмкiндiк тудыра бiлуiмен, бұл ретте қоғамдық-әлеуметтiк факторларды алдыңғы планға қоя алуымен ерекшеленсе, кейiнгі шығармаларында айқындала түскен новеллистикалық сипатты қоса айтқанда, жазу машығы бірден бөлектеу көрiнген. «Құйрықты жұлдыз» повесiнен кейiн Таразидiң қай шығармасы да әдеби ортада пiкiрталастарға мұрындық болып, темiрқазық идеяларын танытатын кейiпкерлерi шығармадан-шығармаға өсiп отырды. Жазушының уақыт шындығы бейнеленген шығармаларының бiрi – «Тасжарған» романы.
Бас кейіпкері Омар – «Құйрықты жұлдыздағы» Сәнжанмен рухтас, бiрақ одан гөрi әлеуметтiк белсендiлігi жоғары, рухани бiтiмi келiскен, түп-негізі мықты кейіпкер. Көпке сыйлы, сегiз қырлы, бiр сырлы Омар аяқ астынан iстi болады. «Бала өлiмiне кiнәлi» деген күдiкке iлiніп, басына күн туғанда көп нәрсеге көзі ашылады. Сан шытырман оқиғаларға да тап болатын Омар, ақыры, үлкен сыннан сүрiнбей өтедi, әдiлдiк салтанат құрады. Жазушы кейiпкерiн көбiне қимыл-қарекет үстiнде көрсетеді. Оқиғаларының географиялық ауқымы кең романдағы тартыс адамдардың дүниетанымдық тартыс-қақтығыстары болып жүлгеленедi. Бүкiл қоғамды жайлаған көз бояу, мансап пен билiк алдында бас ұру; әлеуметтiк топтардың тұрмыс-тiршiлiгiндегi жер мен көктей алшақтық – бәр-бәрi романда қоғамның шағын моделi – отбасылардың тыныс-тiршiлiгiнен аңдалады. Омар – Сәуле, Досым – Ұлмекен, Альберт Исаевич – Валентина, Жексен – Разия, Әли – Әлия, Мұса – Торшолақ, Әбiлез Кенжеевич – Рауза Ахатовна, Мамыржан – Қадиша, Мәтеков – Қаншайым отбасыларының әрқилы мiнез-құлық, ниет-пиғылдары, өзiндiк тағдырлары бар. Жазушы қаламы, әсiресе, тоғышарлық, мансапқорлық, арызқойлық, күншiлдiк, қысқасы, рухани мешеулiктi суреттеуге келгенде жүрдек. Бұл орайда оның кейiпкерлерi тип деңгейіне көтеріледі.
Кейiпкерлерiнiң болмысын өз қимыл-қарекеттерi, психологиясын деталь арқылы да ашуға салмақ салады. Мысалы, қалалық атқару комитетiнiң орынбасары, яғни Омардың орынбасары Әбiлез Кенжеевич Омар шырғалаңға түскенде оның орнынан қатты дәмеленедi. Дәмесiнiң зоры сонша — ол қызының жоғалып кеткенi туралы тiрi жанға тiс жармайды. Әбiлез Кенжеевич отбасының сырты бүтiн, iшi түтiн, оның әйелi Рауза бақытсыз, төрт түлiгi сай тұрмысы баянсыз жан. Оның үнемi балконға шығып, телескоппен жұлдыздарға қарайтыны бар. Басқаша, рухани таза өмiрдi аңсайды. Аяғын жоғары көтерген Әбiлез телескоптың шынысын көлегейлеп тастаған тұста «Миллиондаған жұлдыздарды Әбiлездiң аяғы басып қалды» дейдi жазушы. Әбiлез отбасына байланысты автор деталь ретiнде жұлдызға иек артқанын байқасақ, әйелiнiң «iшкi жұмысына қол сұқпайтын, мәдениеттi» Мәтековтiң әйелi Қаншайым мен Мамыржанның байланысын айғақтайтын деталь етiп кiлттi (шкафтың кiлтi) ойнатады.
Жазушы Ә.Таразидің өзiндiк жазу машық ерекшелiктерiнiң бiрi ретiнде кинематографтық стильдi атау керек. «Әдебиетке кинодан келдім» дегенді өзі де айтады. Ал, жазушының әдебиетке кинодан келуі – өзіне де, ұлттық әдебиетімізге де үлкен олжа салды. Бүгінде жаңа ғасыр әдебиеті ашқан жаңалық ретінде айтылатын – жинақылық, характерлердi бірер штрихпен ашу, оқиғаларды анық-қанық бейнелеу, аз сөзділік, сөздің ішкі қуатын ашу, яғни артық ауыс ой, шұбалаңқы сөйлемдерге жол бермеу – Таразидің сонау 70-80-жылдар белесіндегі шығармашылығының негізгі сипаттарының бірі болды. Кейiпкерлердiң үлкен тобын, олардың бойындағы пендешiлiк пиғыл, қылықтарды сипаттауға келгенде жазушы юморы, әсiресе, ирониясы мен сарказмы қамшы салдырмайды. 80-жылдар бедеріндегі қазақ әлеуметiнiң өмiрiн бейнелей отырып – тоғышарлық, әлеуметтiк бей-жайлық, рухани зерденiң қалғуының тарихи, қоғамдық-әлеуметтiк себептерiн тереңнен іздестіреді...
Жалпы жазушы шығармашылығында бүгiндi кешемен, кешегi уақыт – тарихпен себеп-салдарлы тығыз байланыстарда береді. Айталық, «Әулет», «Ақбердiнiң ауласы» повестерi мен «Бураштың әңгiмелерi» циклы оқиғалық, кейiпкерлердiң қалыптасу-даму жағынан бiр-бiрiмен тығыз байланысты. «Әулет» повесiнiң құрылымдық бiтiмi ондағы оқиғалардың тұтастығына нұқсан келтiрмейдi, керiсiнше, Қараспан әулетiнiң кешегiсi, ал негiзiнен, бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiн қамтитын оқиғаларды шашыратпай жинақтап беруге септiгiн тигiзедi. Әр кейiпкерiне жеке-жеке тоқталып, отбасылық, адамдық қарым-қатынастар негiзiнде әлеуметтiк мәселелерге тереңдейтiн повесте қамтылар оқиғалар ауқымы кең.
«Ақбердiнiң ауласы» повесi мен әңгiмелер циклына автордың басынан өткен кейбiр өмiрбаяндық жайлар да негiз болғандай. Оның кейде жекелiк сипаттары сақтала отырып, өзгеше идеялық-эмоциялық қуат алады. Өзiнiң жазуы мәнерiне сай автор бұл шығармасында да уақыт, әлеумет шындығын нақты, жекелеген тағдырлар – Ақбердi ауласының тұрғындары: бала Хантай, Ақлима, Сапар, Әлiм, Бүбiсара, Шура, Жәдiл, т.б. – арқылы бейнелейдi. Повесте, сондай-ақ «Дүниенiң шетi», «Қара таңба», «Көпесбай» әңгiмелерiнде кейiпкер «менiнде» авторлық «мен» елеулi үлесi болса, «Жүрек пен штык», «Жаңбырлы түндер»,«Шұнақ құлақ», «Батыр болмақ – ойдан-ды», «Сарманқұлда» автор әңгiмешi рөлiн қанағат тұтады. Бiрақ қай шығармасында да, жазушы, сыншы Р.Нұрғалиев атап көрсеткендей, адамның мiнез-табиғатын әлеуметтiк факторлармен тығыз байланыста алады. Кейiпкерлерiн даралауда көркемдiк тәсiлдердi талғап қолданады, түрлi стилизацияға барады; бейнелiлiк кiлтiн контекстен iздейдi.
Таразидiң көркем тiлiндегi iшкi ырғақ, үндестiк-үйлесiм, поэзиялық тыныс шығармаларының өнбойынан тым жақсы сезiледi. Жазушы кейiпкерi Бураш сияқты әр құбылыс-жайға теңеу iздейдi және тым оқыс, жаңа да сәттi теңеулердi мол табады. Мысалы, «мәңгiлiк көзi – Айға» жазушы теңеулерiнен көптеген мысалдар келтiруге болар едi.
Дүниежүзiлiк әдебиетте бiр әулет төңiрегiнде жазыла отырып-ақ өз уақытының қасіреттерін, қоғамдық-әлеуметтiк шындығын өзгешелеу бiр ракурста көрсететiн шығармалар аз емес. Шартты түрде жүйелегенде, Т.Манның «Будденброктар», Д.Голсуорсидiң «Форсайттар хикаясы», У.Фолкнердiң Сартористер әулетi туралы трилогиясын әулеттік романдарға жатқызуға болар едi. Ә.Таразидiң «Кен» романын, аталған шығармалардан көркемдiк принципi, жазылу тәсiлi мүлдем басқа екендiгiне қарамастан шартты түрде әулеттiк роман деуге болады. Жазушының өз сөзiне сүйенсек, «дүниеге өзi әкелген Қараспановтар әулетiмен бiржолата қоштаса алмапты». Бұл романында жазушы өзі айтпақшы, «дәстүрлi романға қарсы соғысып, сюжетке, тартысқа басқаша келген», бұл сипаттар «Тасжарған» романында да қылаң берген-дi.
Шындығында да «Кен» романында тартыс характерi басқашалау; жазушы уақыт қойып отырған сауалдарға жауапты жекелеген тағдырлар, жеке адамдардың болмысы, жан дүниесiне үңiле отырып iздейдi; романда шебер дәнекерленген хронологиялық сюжет жоқ, жазушы ассоциативтi-фрагментарлық суреттеу арқылы көркемдiк жинақтауға, бiртұтастыққа жетеді. Сюжеттерi бiр-бiрiмен байланыссыз жатқандай оқиғалардан, эпизодтардан тұратын романды тұтас оқып шыққанда ғана әлгi оқиғалар, күтпеген жағдаяттар, тосыннан пайда болған кейiпкерлер жинақтала келе белгiлi бiр тұтас картина жасап, көркемдiк-әлеуметтiк жүк көтередi.
Романдағы оқиғалар Қаратау аймағында өтедi. Автор Қаратауды әлеуметтiк-географиялық ұғым тұрғысында алады да, ондағы адамдар тағдырына, сан алуан адамгершiлiк-әлеуметтiк қарым-қатынастарға ден қойғызады. Пiрәли шал мен Ақлима кемпiрдiң от басы-ошақ қасынан, олардың алтын тойын өткiзу қарекетiнен басталатын роман сан тарау оқиғаларда да сол әулет төңiрегiне қайта айналып соғып отырады. Пiрәлидiң қызы, тағдыр талқысына түскен Мәрзияның өлiмiне байланысты өтпей қалған той, төрт жылдан соң, романның соңына қарай өтедi. Осы төрт жыл iшiндегi оқиғалар негiзiнде Қараспан әулетiнiң тарихы, саясат диірменіне түскен кешегiсi, ал негiзiнен бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi, қам-қарекетi, осы отбасына туысқандық, дос-жарандық, жекжаттық, ауыл-аймақтық ретпен қатысы бар кейiпкерлер, олардың да өзiндiк жеке дара тағдырлары – бәрi-бәрi жинақтала келе, жоғарыда айтқанымыздай, үлкен бiр әлеуметтiк орта тынысын береді.
Романда кейiпкерлер көп. Олардың әрқайсысына жеке тоқталып жатпай-ақ, Қараспановтар әулетi, Ботабай және ағайынды Кәкiш пен Мәкiш төңiрегiнде аз-кем пiкiр таратып байқасақ – бұл кейiпкерлер бiр-бiрiмен еш қатынассыз, өз бетiнше күн кешiп жатады. Бiрақ шығармадағы негiзгi тартыс осы кейiпкерлер арасында өтедi. Автор психологиялық-әлеуметтiк параллельге ден қоя отырып, Қараспановтар, Ботабай – Кәкiш, Мәкiш Асабаевтар линиясын роман соңына дейiн шашау шығармай алып шығады. Бұл тартыс – кейiпкерлер дүниетанымындағы, өмiртанымындағы, көзқарастарындағы кереғарлықтар, қарама-қайшылықтар күресi. Романда ерекше бiр көңiл аударарлық бейне бар, ол – Балбала. Мәскеудегі Сауда институтында оқитын, үлкен бастықтың қызы Маринаға үйленген, өз есебiне мықты, iскер, ол өз туыстарынан басқаша, жақсы, еркiн өмiр сүргiсi келедi. Дегенмен де қолы жүрiп тұрған жас жiгiттiң мұндай мақсаткерлігі оқырманын екіұдай ойға қалдыратын. Ал, бүгінгі күн биігінен қарағанда, жазушы осы бейнесімен елімізге келер нарықтық экономика мен оның жағымсыз құбылыстарын осы кейіпкерімен болжағандай көрінеді.
Романның екiншi дәптерiнен бастап аренаға Ботабай, Кәкiш пен Мәкiш шығады. Ботабай – мейлiнше адал, тыныш та қоңырқай тiрлiгiн дәтке қуат етiп жүрген жан. Баладай аңғал, жан дүниесi бай, өмiрдiң қарапайым философиясымен күн кешетiн бұл кейiпкер адамгершiлiк күш-қуаттың трансформаторы сияқты. Шығармада бедерлi суреттелген екi бейне – ағайынды Кәкiш пен Мәкiш. Екеуiнiң негiзi бiр болғанымен мiнез-құлықтары мүлдем басқа. Кәкiш – кезiнде комсомол қызметiнде жолы болмаған, өзi оны кездейсоқтық деп есептеп, ендi тек өмiрден алып қалуды дiттеген, айлалы, өзiнше ақылды жырынды. Ен орманда, тау-тастың арасында еркiн сайраңдап жүрген ағайынды екеу: сырт көзге сыр алдырмайтын, iшкi есебiне мықты Кәкiш пен оның айтқанына көнiп, айдауына жүретiн, ақылы шамалы Мәкiш, сондай-ақ осы Асабаевтар әулетiнiң тағы бiр «жас перiсi» Қайыржан Көпбаевтың өз «философиялары» бар. Жалпы Ә. Тарази қаламы мұндай бейнелердi сомдауға келгенде аса ұшқырлық танытатынын тағы да айту керек.
Романының эпиграфын «Әр адамның жанында ашылмай жатқан кенi бар» деп алған жазушы сол кендi iздейдi, мейлiнше әр қилы мiнез-құлық, характерлер галереясын жасайды. Бұл орайда Таразидiң көркем тiлi, образды ойлау жүйесi көмекке келедi. Жазушы тiлiнде iшкi кеңiстiк, поэзиялық тыныс қуат, көзге ұрмайтын, бiрақ бiрте-бiрте дәм алдыратын әсемдiк, кербездiк бар. Жалпы баяндауға «жаны қас» жазушы ненi айтса да, кiмдi көрсетсе де мейлiнше даралауға, жаңа бiр қырынан ашуға ден қояды. Роман тiлiнен уақыт белгiлерi, көркем тiлiмiздiң қазiргi даму заңдылықтары да байқалар едi. Жалпы, Таразидiң көркем тiлi, образды жүйесi әдебиетшi, тiлшi ғалымдардың заманауи зерттеулеріне жақсы қорек.
Суреткер Тарази шығармашылығының келесі кезеңі күрделене түседі «Жаза», «Қорқау жұлдыз» романдары тақырып сонылығы өз алдына, ізгілік әдіра қалғанда адамды қорлаудың, зұлымдықтың салтанат құру «пәлсапасын» ашады.
Тарази драмалары – уақыт квитэссенциясы
Таланты өз алдына көркем киносценарий заңдылықтарын, теориясын меңгерген Таразидің драматургияға келуі заңдылық еді. Оның алғашқы драмаларының өзі әдеттегі ақ пен қара тартысы емес, көзге көрінбейтін ішкі бір тартыс-қақтығыстарға құрылды, жаңа кейіпкерлерді шығарды. Уақыттың өзекті мәселелерін көтере отырып тартыс ұштығын жеке адамдардан да, қоғамымыздың тарихи даму жолдарынан да iздедi. Ә.Таразидің қаламдас досы Қалихан Ысқақпен бiрiгiп жазған «Апа, апатай», «Жәке, Жәкетай», «Кемпiр iздеп жүр едiк» комедиялары қоғамдық-әлеуметтiк сатира деп тануға лайық болса, өзiнiң «Жақсы кiсi», «Тыныш көшедегi көгiлдiр үй», «Жолы болғыш жiгiт» атты драмалық шығармаларында да қоғамға, әлеуметтiк ортаға деген сыни көзқарасы жүлгеленді. Мәселен, «Жақсы кiсi» пьесасына «жеке бастың күлкiлi трагедиясы», «Тыныш көшедегi көгiлдiр үйге» – «күлмейтiн комедия» деп жанрлық анықтама беретiн автор бұл драмаларында «бүгiнгi қазақ зиялылары» аталып жүрген ортаның қорқынышты болмысына үңiледi. «Жақсы кiсiде» «жақсы кiсi» Ахмет Хазин үшін бастық болу – адам болу, қатарға енумен парапар. Қанша аяныш тудырғанмен де оның «пәлсапасында» өмiршындығымыз бар. Драматург – адам, жеке тұлға бағаланбаған қоғамда оның психология-танымындағы қандай да ауытқулардың рухани бишаралыққа әкелiп соғарын осы Ахмет Хазин бейнесi арқылы бередi. Пьеса соңында тек жүрген, тоқ жүрген Ахмет Хазиннiң бүкiл болмысы, «жақсы кiсiнiң» жақсы өмiрiнiң бағасы сараға түседi. Кроссворд шешкiш көршiнiң: «Ә! Ойлану керек екен-ау, ә! Рас-ау. Ойлану керек. Ойлану, ойлану... ойлану...» деуiмен аяқталатын шығарма Хазиннiң ғана емес, бүкiл әлеуметтiң трагедиясы; кроссорвд шешпек боп бас қатыратын, бiрақ әлеуметi, қоғамы туралы ойлап бас қатырмайтын, мүмкiн оған өресi жетпейтiн ұрпақтың трагедиясы туралы спектакль болуға сұранып тұрған пьеса. «Жақсы кiсiнi» Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында сахналаған сол кездегі бас режиссер Ерсайын Тәпенов те «жеке бастың күлкiлi трагедиясы» деген анықтама берген. Бұл анықтама автор үшін де, театр үшін де цензураны айналып өтудің бір жолы болған сияқты. Әйтпесе көрнекті актер Р.Баймағамбетов орындаған кейіпкер Хазин жеке бастың ғана емес, қоғамның үлкен трагедиясы ғой. Кейініректе Ғ.Мүсірепов театрында көрнекті режиссер Ж.Хаджиев сахналаған драмада да жекелік сипаты басымдау шықты.
Жалпы Тарази пьесаларын кілтін тауып сахналау оңай емес-ті. Бұл драматург стилистикасынан туындайтын қиындық. Бiр қарамаққа диалогтарында – күнделiктi өмiр, тыныс-тiршiлiгiмiз. Мысалы, «Тыныш көшедегі көгілдір үй» пьесасының кейiпкерлерi үшін өзара қарым-қатынастары әбден үйреншікті. Тыныш көшедегі көгілдір үй иесi, өзінше баянды өмiр кешiп жүрген Асанға тыныштығы бұзылмаса болғаны. Ол өз мүддесi үшiн неден болса да, тіпті қаза тапқан курстасының атағын пайдаланудан да тартынбайды. Ал, ең сорақысы - айналасындағылардың оның бұл қарекетiне үлкен адамгершiлiк сипат берiп, қолпаштауында, яғни көзбояу, өтiрiк, жасанды өмiр-тiршiлiкке өздерiнiң әбден бой үйретiп, белшесiнен батып кеткендiктерiнде; бiр сөзбен түйгенде, жалғандықтың, көлгiрсудiң, өз өздерiн алдаудың күнделiктi өмiр нормасына айналып кеткенiнде. Көрнектi режиссер А.Эфросша айтсақ, «Өмiрлерiнiң драмалық мән-мазмұны күнделiктi әдет-қалыпқа айналып кеткен». Сондықтан да мұндай шығармаларды сахналаудағы «сверхзадача» – осы тұрмыс-тiршiлiктiк сипатты емес, оның астарынағы драманы, тiптi трагедияны ашу болса керек.
Комедия соңында тыныш көшедегi көгiлдiр үйде кезектi бiр жауапты сынақта қаза тапқан Сәнжанды еске алу кешiне жиналған топты тағы көремiз. Бұл соңғы сахнада кейiпкерлердiң рухани жадаулықтары мейлiнше анықтала түседi. Әр кейiпкер өзiн, өресiн өз сөзiмен әшкерелеп бiтедi. Көңiл қойсаңыз, осы кеште Сәнжан достарының денсаулығы үшiн де, Асанның денсаулығы үшiн де, Райдың денсаулығы үшiн де арнайы тост көтерiледi. Ал, Сәнжан туралы сөз – осы тостардың экспозициясы ғана. Немесе Асан үшiн Сәнжанның өлiмiнен гөрi Сегiзбаевтың ауырып қалғаны барып тұрған трагедия. Тiптi өздерiн зиялы санайтын осы топта «аздап бас терiсi келiскендеу» жазушы Бұланның өзі Сәнжанды еске түсiру кешiне емес, туған күнге келгендей-ақ қайтарда: «Жақсы отырыс болды. Дем алдық» десе, оған әйелi Руфь: «Сый көрдiк. Үй иесi жалбақтап жатыр», деп қосамжарланады. Драматург сол бір өзінше зиялы ортаны суреттей отырып қоғамдағы ахуалға, адамгершiлiк-имандылық параметрлеріндегі үлкен сынаға шығады. Осыдан жарты ғасырдай бұрын жазылған драмадан бүгінгі ахуалымыз да танылмай ма...
«Жолы болғыш жiгiт» драмасы М.Әуезов атындағы театрда қойылыпты. Спектакльдiң режиссерi Р.Сейтметов болғанын, Асау Бөкен – Танаш – жолы болғыш жiгiт рөлiнде Әнуар Молдабеков ойнағанын театр сыншыларының (Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев) кiтаптарынан оқып, бiлдiк. Спектакль бiрер премьерадан соң жоғарыдан нұсқаумен «жабылып» қалыпты. Драмада тартыс Асау Бөкен мен Асан, ғалым Кiрпiшбай, Алтынсiтердiң, яғни жаңа және ескi көзқарастардың арасында өтедi. Мұның өзi де, түптеп келгенде, көзқарас, концепциялар қақтығысына саяды. Пьеса туралы ғалым-сыншы Рымғали Нұрғалиевтiң пiкiрлерiне негiзiнен қосыла отырып («Телағыс», «Жазушы» баспасы, 1987) Асау Бөкен бейнесiнiң ерекшелiгi неде деген сауал төңiрегiнде ойланып қарасақ, ғалым-сыншы айтқандай, «ноқта, жүген тимеген шу асау, қалтқы, тiреуiш дегендi бiлмеген, басы бос, кеудесi толық, аршынды жас айла-шарғыны ойламайды,.. қулық жасамайды, нысанаға тура тартады». Асау Бөкен екi жердегi екi төрт екенiн дәлелдей алмай пәткерде. Кiрпiшбай, Асандар жазушы-драматургтың дәстүрлi кейiпкерлерi, ал – «халықтың өкiлiмiн» деп байбалам салатын арызқой Алтынтiс бишара, кiрпiштей қатқан сананың көрiнiсi.
Алтынтіс психологиясының шегіне жеткен көрінісі – Әзберген Шерәлиев. Драматургтың ерекше бір шығармасы – «Індет немесе жаңа адам жасаймыз» трагикомедиясының бас кейіпкері. Атауынан көрініп тұрғандай, еліміз тарихындағы рухани індеттің генезисін, қазақ сахнасы үшін тың тақырыпты зерттеген шығарма. Кеңестік большевиктік идеологияның құрбаны болған қоғамның, тұтас бір ұрпақтың трагедиясын берудің көркемдік әдісі сәтті табылған. Жасы сексенді алқымдап қалған Әзберген Шерәлиев – қызыл идеологияның мейлінше берілген әскері, драматургше айтқанда: «партия мен социализмнің төрт бұрышты кірпіші». Оның есі, жады, иманы осы идеологиямен әбден уланған. Ол көрер көзге ешкімге қиянат жасап жүрген жоқ, сондай байсалды, байыпты, салқынқанды жан. Алайда ол жасырын жасаған қара тізім талай атпал азаматтың түбіне жеткен. Тіпті ата-анасын, әйелін, жалғыз қызын өлімге қиған Әзбергенді мәңгүрт, мәңгүрттіктің ең шектен шыққан түрінде бейнелеген автор (оның есімін осылай деп алуы да бекер емес) үлкен ой жинақтауларға барады. 1994 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер Е.Обаев қойған «Індет» трагикомедиясы қазақ театрының үлкен табысы болды.
Таразидің тәуелсіздік кезеңіндегі драмалары деегенде жыр алыбы Жамбыл мен көрнекті ақын Мұқағали Мақатаев туралы пьесалары ойға оралады. «Алатау сынды алыбым» драмасын әріптес-досы Қалихан Ысқақ екеуі бірігіп жазды. Кезінде кеңес жыршысы атанған Жамбыл драмада өзге ракурстан көрінеді. Аурухана палатасында өң мен түстің, жарық пен түнектің арпалысына түскен кейіпкер. Жыр алыбының шынайы болмысын ашуға ден қойған авторлар ақынды белгілі бір тарихи-саяси кезең аясында қалдырмай, шек-шекараға сыймайтын қуатты талантын, халықтық даналығын ашады. Бұл драма Жамбылдың 150 жылдығына орай 1996 жылы М.Әуезов театрында сәтті сахналанды.
«Ақын. Періште. Махаббат...» драмасының басты кейіпкері Мұқағали ақын. Автор мен кейіпкер замандас. Демек, тағдыр әртүрлі болғанымен өмір кешкен заманы, белгілі бір деңгейде арман-аңсарлар мен әлеуметтік-рухани ортада ұқсастық бар. Пьесаның негізгі ұстыны да осы сипаттар. М.Мақатаев өмірінің соңғы кезеңін арқау еткен, көркемдік шарттылығы мол драмада ақынның жан дүниесі қоғамдық ахуал, қоғам мен жеке адам арасындағы ашық та жабық қарама-қайшылықтар арқылы танылады. Сонымен қатар драмада пьеса авторының сол кезеңге көзқарасы, өзінің жан дүниесі бар. «Ақын. Періште. Махаббат...» көп жылдардан бері М.Әуезов театры репертуарында. Режиссер Ә.Рахимовтің қойылымындағы спектакль кейінгі ұрпақтың Мұқағали ақынды тануы, кезеңнің көркем сипаты ретінде бағалы.
Көрнекті драматургтың осы театр сахнасында М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» қойылуына мұрындық болғаны, сахналық нұсқасын жазғаны жақсы есте. Талантты режиссер Қайрат Сүгірбеков сахналаған бұл спектакль театрдың жаңа бір көркемдік-эстетикалық ізденістерге шыққанын анық танытқан туынды болды.
Драматург шығармалары өз уақытының шынайы көркем бейнесі. Сыни көзқарас призмасынан өткiзе отырып тартыс ұштығын жеке адамдардан да, қоғамымыздың тарихи даму жолдарынан да iздейдi. Бұл орайда оның тағы бір қызғылықты драмасы – Қ.Қуанышбаев атындағы театрда қойылған «Үкілі жұлдыз» атты фарс-трагедиясы. Бас кейіпкерлері өмірін сахнаға арнаған қос құрбы Ай мен Би. «Өнерім – өмірім» – кеңестік кезеңде көп мақаланың тақырыбы ғана емес, өмірін өнеге арнаған көптеген актрисалардың өмірлік қағидасы болды. Өнер мен өмірдің аражігін ажыратпаудың трагедиясын драматург Ай мен Бидің тағдырлары арқылы бағамдатып, тағы да қоғамымыз үшін үлкен мәселе көтереді.
Жас кезінен үлкен орта көріп, корифейлерден тәлім алған Таразидің ұлттық кино өнеріне сіңірген еңбегі мол. Ұлттық киноны әдебиетпен құнарландырған, халықпен қауыштырған ұрпақ, 60-жылғылардың бастауында тұрған Тарази көптеген киносценарий авторы. Айталық, оның сценарийлері бойынша кинорежиссер М.Бегалин түсірген «Тұлпардың ізі», Ш.Бейсенбаевтың «Арман-атаман», Б.Шамшиевтің «Қараш-Қараш оқиғасы» фильмдері ұлттық киноөнердің алтын қорына енді. Тарихымыздағы ақтаңдақ тақырыпты көтеріп, көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай туралы фильм түсіру идеясының авторы Ә.Тарази сценарийін өзі жазды. Тағдыры талайлы Алаш зиялысы Мұстафа Шоқай бейнесі кинорежиссер С.Нарымбетов түсіріп, 2008 жылы экранға шыққан екі сериялы фильмде тұлғаланып, халқына оралды. Жазушы киносценариймен шектелмей, Мұстафаның тағлымды тағдыры туралы роман жазуы – суреткерлік-азаматтық борышын орындауы болса керек.
Таразидің аудармадағы дара жолы
Көрнекті суреткер Ә.Таразидің шығармашылығы жан-жақты. Оның бір елеулі саласы – аудармашылығы. Ал, осы саладағы үлкен бір еңбегі - көрнекті қытайтанушы ғалым Н.Бичуриннің «Собрание сведении, о народах обитавших в Средней Азии в древние времена» атты көлемді еңбегінің аудармасы – «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы». Жазушы Н.Бичуриннің «История первых четырех ханов из дома Чингисова» еңбегін де аударған. Қазақш атауы – «Мыңқолдың төрт ханы». Олар – Шыңқұз хаһан, Үкүтай хаһан, Күйүк хаһан, Мөңкө хаһан.
Н.Бичурин Алғысөзінде «...Бұл кітап қытай тілінде жазылған екі шығарманың қажет деп тапқан тарауларынан құрастырылған ғылыми еңбек. Бірінші шығарма Шыңқұзхан әулетінің тарихы. Қытай империясының тарихында Юань деп аталған кезеңді баяндайтын жазбалар. Екінші кітап - Қытай тарихында аса белгілі Түн-Сән-Га-Му кітабының кейбір тұстарынан алынған оқиғалар» деп анықтама береді. Ол өзі жазғанындай, бұл еңбегі де аударма ғана емес, шын мәнісіндегі ғылыми еңбек. Көрнекті шығыстанушы сонау ежелгі замандардағы шым-шытырық тарихты таңбалаған көне дереккөздерді зерттеп-талдаумен қатар ғаламат еңбек жасап, объективтілігі аздау, субъективті көзқарастардан аршып, өзінің пайымдауларымен байытып отырған.
Бұл күрделі еңбекті қазақша сөйлеткенде суреткер Ә.Тарази да Н.Бичурин принципін ұстанаған. Н.Бичурин еңбегін қазақ оқырманы үшін түсінікті етіп, барынша таратып, таразылап, өз зерделемелерін жасап аударады. «Никита Бичуриннің көзі тірісінде, ол дүниеден өткен соң да, «оның кітаптары мыңқолдардың тарихын дұрыс жазбаған, ол қытайларға, мыңқолдарға іш бұрады, сондықтан да ол көп жағдайды жанынан шығарып жаза берген...Шындыққа ұқсамайды, жалған жазылған» деп Никита Бичуринді де, қытай жылнамашыларының еңбектерін де жоққа шығаруға тырысқан мақалалар көп болған...Соны білді ме екен, әйтеуір, жарықтық Никита Бичурин өзі аударған кітаптардағы барлық қала аттарын, тіпті, кішігірім қамалдардың аттарын, соғыстарға қатысқан баһадүрлердің, генералдардың аты-жөнін, тіпті олардың қандай сөздер айтып өз ойын дәлелдегені туралы анық жазған. Сондықтан да, оқуға қиын болса да мен де Никита Бичурин ақсақалдың сол аудармасын әдейілеп «Ган-Му» кітабымен салыстырған тұстарын да мұқият, қиянат жасамай, аударуға тырыстым» дейді аудармашы Ә.Тарази. Еңбектің өнбойында Н.Бичурин өз сынасөзін, яғни өткен тарихи оқиғаларды пайымдап, өзінің таным-түсініктемелерін беріп отырады, мұның өзі оқырманына үлкен көмек. Еңбектен оқырман Шыңғыс әулетінің төрт ханы және олардың тұсындағы күрделі де шым-шытырық тарихтан және өз халқын тарихының ежелгі бастау көздерінен көп мағлұмат алады.
Қазақ тіліндегі «Мыңқолдың төрт ханы», яғни аударма нұсқаның да өнбойында аудармашының, яғни Ә.Таразидің сына сөздері аз емес. Біз бұл тұста аударманың көркемдігі өз алдына, аудармашының тарихи объективті танымға жүгінетінін, халқымыздың кезінде шетел дереккөздерде ғана таңбаланған тарихын толымды, объективті түрде беруге деген құлшынысын көреміз. Аудармашы – әлемге Шыңғыс хан атымен белгілі тұлғаның неге Шыңқұз хан аталатынынан бастап, Жошы, Құбұлай, Төле есімдерінің этимологиясы өз алдына, Наймангүл – Үкүтай хаһанның тоқалы Турахын қатын екені, айта берсе мысал көп, ақыр соңында Ғұндар қағаны болып есептелетін Мөденің есімі Мөде емес, ол– Қараханның ұлы Бота екеніне дейін өз нұсқаларын ұсынады. «Шыршық қаласы деген Ташкент қаласы болу керек, Да-ли қаласы қазіргі Дели» дейді.
Түгелімен танымдық маңызы өте үлкен, оқырманның ежелгі тарихқа деген қызығушылығын тудыратын еңбекте нақты тарихи оқиғалар жыл-жылмен берілген. Мұның өзі жеңіл қабылдауға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Айталық, «1220 жыл. Сол жылдың сәуір айында Шыңқұз хан Бұқараны алды. Маусым айында Самарқандты алды. Қыркүйек айының орта кезінде қоршауда жатқан Отырарды алды. Солтүстікке көшіп барып Есіл өзенінің жағасында жайлауда отырды... 1221 жыл. Сол жылы көктемде Шыңқұз хан Бұқара мен Самарқандты қоршады. Ал оның үлкен ұлы Жолшы Әндіжан мен Баршынды басып алды» сияқты баяндаулардың күйінішті тарих екеніне қарамастан әсері басқаша.
Аудармасының ара-арасында, аудармашы өз сынасөзін қосып отыратынын жоғарыда айттық. Ал, еңбектің, соңғы 60 шақты беті аудармашы Ә.Таразидің өзіндік жеке зерттеулері деуге болады. Мұнда ол Н.Бичурин және оның өмір жолы, ғылыми жолы туралы кеңінен толғай баяндап, тарих жасау ісіндегі саясат туралы да сөз қозғайды. Бұл бөлімдегі ең маңыздысы – суреткер Ә.Таразидің қазақ тарихына деген өзіндік көзқарасы, ой-пайымдары. Ұзақтау болса да үзінді келтірейік:
«Бірнеше жылдан бері өз еркіммен, ешкімге айтпай, білдірмей көне тарихпен шұғылданып жүргенімде, менің бір аңғарғаным, ұлы моғолдар осы Маңылай Іле-су деген сөзге тығыз байланысты ұғым сияқты. Қазіргі қазақ тілі 2500 жылдар бұрын қалыптасқан мыңқол тілінің тарихи кезеңдерде өзгеріске ұшырап, өзінше дами түскен заңды жалғасы болып саналады».
«...19-ғасырда Еуропа ғалымдары тұрұқ халқы деген ұғымды жасанды түрде «түркі» деп өзгертті. Біздің көк тұрұқ деген атымыздан қашырып, алыстатып, адастырып алып кету үшін...»
«Біздің жыл санауымыздан 202 жыл бұрын Қытай тарихшыларының қаламына ілінген күн халқының алғашқы көсемінің аты Бота. Ол Ботаның қасындағы ержүрек жігіттері де өздерін күнбіз деп атады. Яғни, «күнге табынушы» деген мағынада». (Бота – Қараханның ұлы..)
«Никита Бичурин, жарықтық мыңқолдар да, күндер де, сақтар да, үйсіндер де, көк тұрұқтар да, одан кейін тарих бетіне ілінген басқа халықтар да «суть один народ» деп қайта-қайта айта береді. Оған біз мән беріп жүрген жоқпыз. Біз сол мыңқолдарды, күндерді, сақтарды, үйсіндерді, көк тұрұқтарды, осы кітапта аталатын Суандарды, (Бай ұрығын) біз әртүрлі халық деп жазамыз. Ол еш уақытта дұрыс болуы мүмкін емес...»
Аудармашының соңғы түйін зерттеулерінде бұдан басқа да көптеген өте қызғылықты ой-зерделемелері мен ұсынатын балама нұсқалары жеткілікті. Бұған тарихшыларымыз назар аударса құба-құп. Бұл аудармалар өте үлкен білім, жігер мен рухани қуат нәтижесі, бір есептен, Ә.Таразидің тарихқа суреткерлік-тұлғалық көзқарасы деу керек. Ал, ең бастысы – қалың оқырманның тарихи санасын орнықтыра түсуге ықпал етеді және аударма іліміне ден қоятын таланттар үшін жақсы әдіснама. Тағы бір айтарымыз – Ә.Таразидің терең тарихи танымы өз алдына аударма саласындағы осы үлкен еңбегінің әсері соңғы кезең прозасында сезіледі.
* * *
Әкім Тарази руханиятымыздың үлкен тұлғасы. Оның ұстаздық жолы бөлек бір әңгіменің арқауы. Қазақ әдебиеті мен өнерінде алпыс жылдан аса талмай еңбек етіп келе жатқан Тарази заманымыздың көркем бейнесiн жасау арқылы қоғамдық тарихи үдерістерді зерделеу-зерделетуде үлкен биіктерге шыққан суреткер. Оның тереңнен тартатын озық идеялары қоғамның өзін-өзі тануына, жаңғыруына ықпалын тигізсе, тек өзіндік, дара стилі – төл әдебиетімізді көркемдік-стилистикалық жағынан байытты, поэтикасын құнарландырды. Кейінгі сан ұрпақ ұлтымыздың ғасырлар толқынында өзгеру, түлеу, жаңғыру үдерістерін, уақыт идеялары мен қоғам мүшелерінің арман-аңсарларын, жан дүниелеріндегі нәзік қалтарыстарын суреткер Ә.Таразидің бірде байыпты да мөлдір, бірде мысқылды да сыншыл көркемдік әлемі арқылы да таныры анық. Ал, шығармашылығы мен өнегелі өмірі өнер жолына аяқ басуды ойлайтын жас өскін үшін жақсы бағдаршам.
Көрнекті жазушы-драматург Әкiм ТАРАЗИ шығармашылығы туралы бірер сөз
Өнердің үш саласына зор үлес қосты
Бүгінде Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері, қазақтың бір туар қаламгері Әкім Тарази 90 жасқа толып отыр. Әкім Тарази өнердің үш саласына бірдей үлкен үлес қосты: ол – прозаик, драматург, киносценарист. Үшеуінде де жетістікке жетті. «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Кен», «Жаза», «Шер», «Қорқау жұлдыз», «Махаббат жыры», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай» романдары қазақ романын байытты.
Романға бергісіз «Құйрықты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Көкжиек» секілді повестері осы жанрдың мәртебесін көтерді. «Күлмейтін комедиясы», «Жақсы кісісі», «Жолы болғыш жігіті», «Қос боздағы» қазақ драматургиясының табысына айналды. «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы» «Мұстафа Шоқай» фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорына қосылды. Әкім Тарази әдебиетке өз соқпағын сала келді. Өзі өмір сүріп отырған дәуір адамдарымен де, өзінен кейінгі ұрпақпен де сырласа алатын, ұғыныса алатын кесек характерлер қалыптастырды. Небір терең ойлы, тағылымды әңгіме, хикаят, роман, пьесалар жазды. Осы жолда батыл қадамдарға барды, жаны күйзеліп, жүрегі сыздады. Бір ғана Мұстафа Шоқай туралы романын жазуға оншақты жылын сарп етіп, өзінің кейіпкерімен бірге алысып, бірге арпалысып, ұлты үшін азапқа да, тозаққа да түскенін біздер жақсы білеміз.
Әкім Тарази – ақиқатты бүкпесіз, ашық айтудан айнымаған, жалтақтауды, жалпақтауды білмейтін; дақпыртты, даурыққанды, желпініп желіккенді жек көретін, өзімен-өзі оңаша болғанды ұнататын; Бауыржан, Шерхан ағалары секілді ашығын айтып, ақ сөйлейтін, әділін бетке айтатын, қынабынан суырған қылыштай кесіп айтатын, шығармашылық өнерге, оның көркемдігіне аса жауапкершілікпен қарайтын, жалған жаза алмайтын, өлмейтін туындылар тудырған дара суреткер; оның көзге көрінбейтін, бірақ жанына тыным бермейтін, күндіз-түні қасынан қалмайтын, қия бастырмайтын, үнемі қамшылап отыратын Бүлкілбайы бар жазушы.
Әкім Тарази – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, терең ойдың адамы, философ жазушы. Ол - терең зерттеуші, тағылымды тарихшы, көне мұраларымыздың бітігшісі. Әкім Тарази қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын, өз стилін, өз мінезін қалыптастырды, тағдыры шым-шытырық, өмірі шырғалаңға, түрлі оқиғаларға толы, болмыстың өзінен алынған өз кейіпкерлерін әкелді. Әкім Таразидың сырттай момақан боп көрінген келбеті де, аңдап басқан жүрісі де, ойдың тұңғиығына батқан кескіні де, ешкімге ұқсамайтын табиғаты да шешілмейтін жұмбақ, ашылмайтын ақиқат сияқты болады да тұрады. Сырттай қарағанда қуана алмайтындай болып көрінгенімен, іштей елжіреп тұратын, мейірімді, жаны жұмсақ, таза адам. Оның тұла бойынан кісілікті де, баяғы ұлы бабалардың асыл қасиетін де көргендей боласың. Кісінің шын қарапайымдылығы – ұлылығынан, ал ұлы болуы тектілігінен дейтініміз де, ұлық болсаң кішік бол дейтініміз де осы болуы керек. Ол кісінің жұбайы – Роза Мұқанова. Мен сыйлайтын, қадірлейтін, жаны нәзік, сезімтал жазушы.
Тойыңыз құтты болсын, Әкім аға!
Мырзатай Жолдасбеков,
қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымының
докторы, профессор
Тарази мектебі
Қаламгердің қалың көпшілік әлі күнге жете біле бермейтін бір қыры, ерекше еңбегі бар. Ол – Әкім Таразидың ұстаздығы. Яғни, Әкім ағамыз сонау тоқсаныншы жылдардан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаз болған. Одан кейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық Өнер университетінде болашақ кинотеледраматургтерге тәлім-тәрбие берді. Жас шәкірттерге білім беріп, жол-жоба көрсету жақсы шығарма жазып, белгілі қаламгер атанудан қиын болмаса, ешқандай да оңай емес.
Қазіргі кезде түрлі мамандық беретін жоғары оқу орындары барынша көбейген. Ол оқу орындарында өздеріне қатысты мамандықтардың қыр-сырын теориялық жағынан жетік игерген білгір де білімді ғалым-ұстаздар жетіп артылады. Бірақ олардың арасында Әкім Тарази сынды ұстаздардың алар орны ерекше. Өйткені, бұл ұстаздар өздері оқытып, тәрбиелейтін мамандықтардың бар құпиясын теориялық жағын ғана емес, практикалық тұрғыдан да жақсы біледі, оның қыр-сырын жетік меңгерген. Мұндай ұстаздар әсіресе, өнер саласында өте қажет. Соған орай, өнер оқу орындарында болашақ режиссерлерге танымал режиссерлердің, болашақ актерлерге атақты сахнагерлердің, суретші болатындарға белгілі қылқалам шеберлерінің ұстаздық жасауы ежелден қалыптасқан жақсы дәстүр. Әр жылдарда Әкім Таразиден тәлім-тәрбие алған Данияр Саламат, Мәдина Омарова, Қарлыға Сейсен, Қарлығаш Алпысбаева, Жәнібек Оразалы, Ардақ Қонақбаева сынды жастар бүгінгі таңда әдебиеттің, кино мен театрдың әр саласында жемісті еңбек етуде. Дүниеден тым ерте өткен ақын, әнші Ермұрат Зейіпхан да Әкім ағайының шәкірті еді. Ал Әкім ағайынан кинотеледраматургия мамандығының қыр-сырын төрт жыл бойы оқып үйренген Ұларбек Нұрғалым мен Динара Бөрібаева ұстазының ізін басып, жас толқынды тәрбиелеуде.
Қаламгердің 2003 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Тәж» атты эсселер мен сыр-толғаулар жинағында ұлттық әдебиетіміздің, театрымыз бен киномыздың өсіп-өркендеуі мен бұл саладағы жас толқынды тәрбиелеу жөнінде көптеген өзекті мәселелер көтерілген. Жинақтағы «Дән мен қауыз» атты эссесінде автор «Ұйымдастырушылық қабілеті бар, жап-жақсы әкім болып кететін жігіттердің жазушы болып, дарынсыз жазушы болып, адасып жүргендері аз ба? Жап-жақсы бухгалтер болып кететін алғыр жігіттердің артист болып шатасып жүргендері аз ба?» деп жазады.
Әкім Тарази сонау 2001 жылы «Киноның халі қинайды мені» деген тақырыпта проблемалық мақала жазып, жариялады. Мақалада автор «кино жарықтыққа жиырма жыл өмірін қиып бергенін» айта келіп, бұл саладағы ең өзекті мәселе кино өнеріне қадам басатын жас толқынға дұрыс бағыт-бағдар беру екендігін атап көрсетеді. Бұл ой-пікірлерін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын кино саласы бойынша бітіретіндерге арналған комиссияға төраға болғандағы көрген-білгендеріне сүйеніп айтады. Соған орай, «Бардан-жоқтан құрап сюжет жасайтын, бардан-жоқтан ұрлап идея құрайтын кәсіпқой мамандар жетіп жатыр, ондайлардан біздің қазақ киносы да ада емес; шала-жансар дүниелер жылдан жылға көбеймесе азаяр түрі жоқ» деген кімді де болса ойландыратын, ащы шындыққа толы пікір білдірді.
«Әдебиет жоқ жерде кино да жоқ» деген мақаласында қаламгер «Киноның алтын өзегі – әдебиет. Әдебиет жоқ жерде кино да болмайды. Он жерден тыртаңдаса да әдебиет жоқ болса, ештеңе шықпайды. Кинорежиссер деген сол әдебиетті экран тіліне аударушы. Режиссердің өзі жазамын деп тыраштанған фильмдердің бәрі – баланың ойыншығы секілді» деген мәселе көтереді. Қысқасы, Әкім Тарази шығармалары да, киноға, өнерге қатысты ойлары да, ұстаздығы да бәрі қосылып бүтіндей бір мектеп.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, Т. Жүргенов атындағы
Қзақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері
Қара нар қаламгер
Абыз ақсақалымыз, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази туралы болғандықтан қаламгерді өзінің ортасынан бөліп қарамай, оны сол өзінің қанаттас, қатарлас жазушылармен бірге қарастырған жөн болар.
Мен үш жыл болды, Алматыға қоныс аударып, тау жақта тұрамын. Өзімнің жұмыс кабинетімнен қараған кезде Алатаудың Найзақара деген шыңы көрінеді. Осы Найзақара шыңын күнде таңертең немесе кешке қарай көрген кезде Әкім Тарази және оның дос, құрдастары Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаровтар еске түседі. Кезінде қазақ прозасының лирик қаламгері Сайын Мұратбеков тау жақтан үй салған кезде Әкім Тарази ағамыз қызметтен кетіп, үйінде шығармашылықпен айналысып жүрген екен. Сол үйдің бір бөлмесінің терезесін сол Найзақара шыңына қаратып, «Әкім осы жерге келіп тұрады, осы жерде өзінің шығармашылығымен айналысады» деп, үйінің сол бөлмесін тарту еткен екен. Міне, осы бес құрдастың сол кездің тілімен айтқанда «бес тапалдың» бір-біріне деген риясыз көңілі достық көңілдердің барлығы әлі күнге дейін аңыз болып кейінгі ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Бұл бес прозашының басқалардан ерекшелігі, олар әдебиетке өздерінің терең білімі, ақыл, парасатымен келді. Жазушы әкім Тарази өзінің шығармаларында, мысалы «Бұлтқа салған ұясын», Мемлекеттік сыйлық алған «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат» шығармалары, Мұстафа Шоқайдың өмірін дендеп зерттеп, саралап жазған «Мұстафа Шоқай» еңбегі бар, осылардың барлығын қараған кезде Әкім Таразидың қаламгерлік қасиеті оның сөздің бояуының қанықтығы, ойдың анықтығы, сосын ұлттың тілінің ұлағатты, ұлық түрде жеткізілуі, жазып отырған шығармасына жауапкершілігі, ең бастысы айтар ойының ұлтқа жақын болуы қаламгер шығармаларына тән ерекшелік.
Әкім Таразидың мерзімді басылымдардағы мақалаларын оқысаңыз, ол кез келген мақалаға тереңнен байыптап, өзінің дерегін, дәйегін тереңнен саралап, көркем тілменен, кең мағынасындағы ойлармен баурап жазады. Бұл енді қаламгердің жан-жақтылығы, білімдарлығы, сонымен қатар оның шығармашылығындағы ең үлкен алтын арқау, қай шығармасын жазса да өзінің ұлтына деген өзекжарды ойлары анық көрініп отырады. Әкім ағамыз кезінде Мәскеуде оқып жүрген кезінде сол елдің әдеби ортасымен де жақсы танысып, өзін мойындатқан. Соның нәтижесі болу керек, 1962 жылы «Литературная газета» басылымының Қазақстандағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған. Міне осы кезеңнен бастап ол сол кездегі одақтың оқырман мен қаламгерлерге де жақсы таныс болып, өзінің деңгейінің өсуіне көптеген жақсы әсер алған.
Кейін ол кісі «Қазафильм» киностудиясының бас редакторы болды. Сол кезде оның қаламынан туған «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш, Қараш», «Мұстафа Шоқай» туындылары біздің қазақ киносының танымдық, тарихи деңгейін жоғары көтерді. Сонымен қатар, Әкім ағамыздың тарихи тақырыптарға барған «Төрт ханның тарихы» деген шығармасы бар. Бұл жоғары оқу орындарында оқытуға дайын тұрған лекция деп есептеймін.
Жалпы Әкім Тарази 90 жыл ғұмыр кешіп отыр. Бұл үлкен бір мазмұнды, алысқа ағатын арқайым өзен сияқты жас ғой. Міне осы кезеңнің барлығында күні бүгінге дейін ойлау парасаты, қалам тербеуі, өзінің алдыңғы ағалары немесе ұстаздары туралы жазған шығармаларының барлығы шынайылығы, жанды баурайтын шыншылдығы және өзінің көркем стилімен ерекшеленеді. Міне осы тұрғыдан келгенде Әкім аға біздің қазақ әдебиетінде, оның ішінде қазақ прозасында үлкен бір көшті бастап келе жатқан қара нар секілді қаламгер.
Өтеген Оралбайұлы,
ақын, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

1731 рет
көрсетілді0
пікір