• Ақпарат
  • 07 Қыркүйек, 2023

Шаньдундағы әріптестермен шынайы қатынас

«Қазақ газеттері» ЖШС алматылық басылымдарының басшылары Алматыдағы Достық үйінде ҚХР Шаньдун провинциясынан келген әріптестермен кездесті. Қытай делегациясын Шаньдун партия комитеті ақпарат министрінің орынбасары Си Яньчунь бастап келді. Делегация құрамында Шаньдундағы ең ірі медиа холдинг саналатын «Dazhong Newspaper Group» ком­паниясының оннан аса өкілі бар.


Алыстан келген қонақтарды қарсы алған «Қазақ газеттері» ЖШС бас дирек­торының орынбасары – Алматы қаласы басы­лымдарының жетекшісі Думан Анаш еліміздегі ең ірі газет-журналдарды топ­тастырған серіктестік құрамында 10-нан аса басылым, 3 интернет-портал бар екенін жеткізіп, аталған ақпарат құрал­дарында Қазақстан-Қытай байланыстары да шығыстанушы ғалымдардың қатысуы ар­қылы жан-жақты сарапталатынын атап өтті.
«Қытай – Қазақстанның ең жақын көршісі әрі маңызды серіктестерінің бірі. Екі елдің басшылары екіжақты әріптестікті дамыту туралы бірқатар нәтижелі келісімге қол жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл осы елге сапары барысында Қытаймен қарым-қатынаста Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның үлесі жоғары екенін айтқан еді. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Әріптестегіміз осы байланыстарды мәдени қырынан дамытуға әрі жан-жақты насихаттауға сүбелі үлес қосады деп сенемін», – деді Д.Анаш.
Си Яньчунь Қытай мен Қазақстан елдерінің баспасөз құралдары арасында байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, екіжақты әріптестікті тереңдетуге бейіл екенін жеткізді және «Қазақ газеттері» серіктестігінің өкілдерін Шаньдунға арнайы қонақ болып келуге шақырды. Оның айтуынша, елдің шығысында орналасқан Шаньдунда Қытай халқының 14 пайызы тұрады (100 млн адам) тұрады, экономикалық дамуы тұрғысынан өте үлкен әлеуетке ие.
Ал «Dazhong Newspaper Group» бас редакторы Чжао Няньминь кәсіпорын мен оның еншілес басылымдары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, кәсіпорын 2000 жылдың қыркүйегінде құрылғанымен, оның ең басында тұрған «Dazhong Daily» газеті 1939 жылдың 1 қаңтарынан бастап шығып келе жатқан Қытайдағы ең ірі басылымның бірі саналады. Қазір бұл газеттер тобында «Qilu Evening News», «Rural Dazhong», «Peninsula Urban Daily», «Economic Guide» сияқты 10-нан аса басылым, «Dazhong Net», «Poster News» және «Qilu One Point» веб-сайттар мен тұтынушылар порты бар. Газеттің жалпы таралымы әр санына 3 млн-нан асады, ал жаңадан қосылып жатқан медиатұтынушылардың жалпы саны 460 млн-ға жетеғабыл. Топтың табыс көрсеткіштері де таңғаларлық, яғни газет, жаңа медиа, БАҚ-ты қаржыландыру, мәдени парктер, құрылыс экономикасы, өнер көрмелері және т.б. бағыттардағы негізгі салаларды құрайтын «Internet Media Group» және Мәдени индустрияның инвестициялық тобы секілді 54 компанияның енуі арқылы бұл компания елдегі газет индустриясындағы ең үздік ұлттық топқа айналып отыр.
Өз кезегінде «Қазақ газеттері» құрамын­дағы басылымдардың бас редакторлары сөз алып, газет-журналдарды таныстырды. 
Жүздесу соңында тараптар екіжақты әріптестікті дамыту туралы меморандумға қол қойып, кәдесыйлар алмасып, естелік суретке түсті.
 

687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы