• Ақпарат
  • 07 Қыркүйек, 2023

Армысың, адал азамат!

Адалдық деген не? Адал азамат қандай болуы керек? Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттің бірі. Адалдық – шыншылдық, айнымастық, әділдік сияқты игі қасиеттер. Қазақ пайымында адам бойындағы  адалдық – ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді, тағы басқа асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. 
 

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – дейді Абай. Данышпан Абай адам баласын бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырады. Ал адал азамат болу кез келгеннің қолынан келе ме? Ондай асыл қасиет бүкіл адам баласына тән болғанымен, сол ізгі мұратты біз өн бойымызға сақтаймыз ба, жүрекке, санаға сыйдыра аламыз ба? 
Расында Абай айтқандай «толық адам» болу деңгейiне көтерiлу ұзақ және күрделi жол. Бұл адамның бiр деңгейден екiншi деңгейге бiртiндеп көтерiлуінің эволюциялық жолы. Бірақ бүгінгі қоғамға ізгілік керек, адалдық қажет. Ал ізгілік әр адамнан көрінуге тиіс. Тоқетерін Абай айтқан: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»... Ал адам баласын «бауырым» деп сүйген адам, жан жағына, бауырға, тіпті жұмыстас, қызметтес ортаға құрмет, сүйіспеншілікпен қарайды. Адалдық жолы – тура жол. 
Қоғамды құратын – халық, жеке тұлға. Ақиқаты, әділетті қоғам орнату үшін алдымен адам адал болуы керек. Бір адамның адалдығы қоғамға аздық етеді. Бүкіл қоғам әділетті болса, заң үстемдік құрады. Заңның алдында қара да, хан да бірдей. Сондықтан «Әділетті Қазақстанды» «Адал азамат» қана дамыта алады.
«Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жем­қорлыққа жол берілмейді, ел мүд­десіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осыны айтты. 
Уақыт қазір ғарыш жылдамдығы іспетті. Ай айналып, жылға жетер. Өркениет көші тоқтамайды. Озығы алға жылжиды. Тозығы қалады. Елдің, ұлттың дамуы да солай. Ал біздің әлемдегі орнымыз қандай? Ол немен айқындалады? Бұл ең алдымен, ұлттың сапасына байланысты. Адам баласына тән адалдық әр азаматтың бойынан көрініп тұрса, ұлттың сапасы сонда ғана көрінеді. Заманауи көштен қалған ұлттың, елдің өндірісі де, экономикасы да дамымайды. 
Ал адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Қоғамды, қоршаған ортаны кінәлау артық. Тәрбие басы – тіл, отбасы, мектеп. Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Ал «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». 
«Адамшылықтың, адалдықтың, тұ­рақтылықтың, тазалықтың түп қа­зығы ұят», – дейді Әзілхан Нұршайықов. Ұятты, арлы болайық. Тәуел­сіз­дік жолында ұлт мүддесі үшін ұйыс­қан абзал. Біз жаңа кезеңге аяқ бастық. Ұлы жолда ұтылмауымыз керек.
«Ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиетті бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні осы. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымы егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды», – дейді мемлекет басшысы.
Дұрыс пайым. Қорыту керек. Қабыл­дау қажет. Таразылау ләзім. Адалдықтың жолы әрқашан түзу. 

2147 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы