• Ақпарат
  • 14 Қыркүйек, 2023

Әйелмен әңгіме – әдемі

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Отбасы құндылығын қалай түсінеміз?

Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі еліміз бойынша Отбасы күні аталып өтіледі. Бұл мереке елімізде 2013 жылдан бастап тойланады. Мемлекет бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отыр. Биыл бұл  мереке 10 қыркүйекке сәйкес келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады», – деп атап көрсетті. 
Ал қазір қоғамдағы жағдай қандай?

 

Аруға артылған жүк ауыр

90-жылдары ел экономикасын ауыр ала дорбаны арқалаған әйелдер кө­тергені жасырын емес. Қазіргі қиын шақта кейбір отағасы дағдарысқа, компаниялар мен кәсіпорындардың карантинге жабылғанына, бизнестің тұралағанына шыдамай жүнжіп кетті. Сондықтан болса керек, отбасы үшін нан табуды қайтадан нәзік жыныстылар өз қолына алуда. Дәстүрлі түсінік бойынша ер адам – басты асыраушы, әйел – шаңырақтың берекесін сақтаушы. Десек те, нарық заманында әрі ұлттық валютаның құн­сызданғанының үстіне құнсызданып жатқан шағында екі адамның тең табыс табуы сияқты, отбасындағы күйбең тірлік те екіге бөлінуі керек емес пе?
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зом­былық мәселесі қоғамда жиі көтеріледі. Ұрып-соғуға шыдаудың бір себебі – осы экономикалық тәуелділік болуы әбден мүмкін. Себебі жылдар бойы күйеуіне алақан жайып келген әйел өздігімен ақша табу туралы ойлауға батпайды. Соған байланысты шыдап жүре беруге келіседі. Мұны бір жағы экономикалық зорлық десек болатын шығар. «Асырап жатырмын, артық сөйлеме» деп даусы өктем шығуы да ғажап емес. Сондықтан отбасында баланс сақталуы үшін екі жақтың да қаражат тауып, бірлесіп берекені молайтқаны жақсы шығар. Осы нұсқаны да әу басында, отбасы құрғанда келісіп алған жөн.  Мәселенің байыбы да осында. Әйел жұмыс та істеу керек, бала да табу керек, туған-туысқа да жағу қажет. Бұл туралы жуырда ғана психолог-консултант дипломына қол жеткізген Назира Бұрханова кеңінен тарқатып айтып берді.
«Біздің қоғамда әйел адамға, қыз балаға қатысты өте көп шектеулер бар. Қоғамдық қысым деуге келетін, «қыздар былай болу керек» деп кішкентай кезінен бастап тұрмысқа үйретіп өсіреді. «Нан жая алуың керек, әйтпесе күйеуіңнен таяқ жейсің» деген сияқты. Кішкентай кезінен «өмірдегі миссияң қазан-ошақты ұстау» деп үйретеді. Дүниеге келгеннен қыз балаға жауапкершілік көп артады бізде. Одан бөлек, тағы бір байқайтын дүнием, «асықтай ұл тауыпты» деп айтады, үлкендер бата бергенде де «ұл тап, қарағым» дейді. «Қыз тап» дегенді естімеппін. Жалпы, отбасында кез келген жұмыс, тұрмыстық мәселелер ер мен әйелге ортақ болуы керек. Мысалы, бала тәрбиесі ма, ол әйелге де, еркекке де қатысты. Ал бізде баланың сабағын оқытатын да, мектепте жиналысқа баратын да, баланың түрлі шараларына да қатысатын – анасы. Ауырған баласын жетектеп жүрген де әйелдер. О баста отбасын екі адам құрды ғой, демек жауапкершілік екіге тең бөліну керек. 
Жақында «Түпсана» деген фильм шықты. Барлығын әйел адамға артып қою, бірақ ол қалыпты сияқты көрсетіледі. Кино – ол жауапкершілік. Бір жағында өз жұмысы, бір жағында өтпелі кезеңдегі баласы, ішетін күйеуі мен қолдамайтын енесі, тұрмыс құрмаған қайын сіңілісі бар. Бұл әрине, қоғамның шындығы. Алайда киноны идеология деп қарағанның өзінде, мұндай нәрсені қалыпты деп емес, бұрыс екенін көрсетсе, құба-құп болар еді. Отбасында бір нәрсе дұрыс емес пе, оған әйел кінәлі деп көрсетеді. 
Әрине, әр адам өзінен бастауы керек. Бір нәрсе ұнамай ма, оны өзгре­тетін өзің. Бірақ сен кінәлісің деген дұрыс емес. Біздің психологтардың біразы (бәрі емес) дәл осы кинодағыдай айтады. «Өзің кінәлісің!». 
Әйел адам басын тауға да, тасқа да соғады, тығырықтан шығатын жолды іздейді. Бір қызығы, отбасында бір нәрсе дұрыс болмаса, неге әйел кінәлі және неге әйел ғана өзгеруі керек?», – дейді Назира Бұрханова.
Оның айтуынша, әйелдердегі көп проблемалар – өзіне көп алып қою. Бізде қыздарды мықты қылып өсіруге тырысады. «Сен карьера да жасауың керек, бала да табуың керек, күйеу мен енеге жағуың керек, дене бітіміңді мүсіндей сақтауың керек» деген бейнероликтерді, журналдарды көріп алған әйелдің өзіне деген сенімі жоғалады. Әйелдер барлық жаққа үлгеремін деп тұрмыстың тауқыметіне жұтылып қалады. Өз өмірін басқаларға арнаған әйел өз арманын балаларына тықпалауы мүмкін, бұл да балаға «травма» әкелуі мүмкін. 
«Бізде бәрі әйелмен әуре. Әйел қандай болуы керек, не істеу керек, не істемеу керек деп бас қатырады. Министр министр болғаны үшін кәсіби біліктілік көрсетіп жыламауы керек. Жылау ол әлсіздік деп түсінеді. Шынтуайтына келгенде, Зүлфияның жылауы ол эмпатиясын көрсетті. Ол кісінің жұмысына қатысты баға беретін маман емеспін, жылауына қатысты психолог ретінде ішкі сезімін сыртқа шығара алды деп едім. Әйелге тиісе береді. Неге әркім өзінен бастамасқа? Әйел ешкімге ешнәрсеге міндетті емес түптеп келгенде. Әйел тек бақытты болуға міндетті.
Негізі, психологияда мынау жақсы, мынау жаман деген дүние жоқ. Тек таңдау бар. Таңдауыңа қарай нәтижесін көресің дейді. Сосын біз ненің жақсы, ненің жаман екенін көрмей білмей­тініміз тағы бар. Өмір болған соң ағы да қарасы да болады ғой, әрине. Дегенмен, не нәрсенің де артында жауапкершілік тұрғанын ұмытпау керек», – дейді психолог Назира Бурханова.

«Келіншегіңнің арманы күйеуге тию ме?»

Жуырда журналист Марғұлан Ақан­ның «Әйеліммен әңгіме» атты кітабы жарық көрді. 
«Отбасындағы зорлық-зомбылық, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастың шиеленіскен кезеңінде өмір сүріп жатырмыз, үй ішіндегі береке мен ынтымақты сақтау үшін алдымен коммуникация, дипломатиялық қатынас түзелуі керек» дейді автор. Дәл осы мәселелер практикалық негізде көрініс берген, аталған кітап көпшілік оқырманға арналған.  
«Кітапты жазуға шынымен де әйеліммен әңгіменің өзі арқау болды. 2021 жылдың күзі. Ұлымыздың дүниеге келгеніне екі ай болған. Келіншегім босанғаннан кейін көп өзгеріске түсті: қылығы, мінезі, сөзі, өзін ұстауы, тез оталатын ашуы, болмашы нәрсеге жылай салу секілді. Ер азамат ретінде мұны қабылдау, оған көну оңай болған жоқ. Дәл сол тұста шешем біздің үйде жатып, химиотерапия қабылдап жүрген кезі. Былайша айтқанда, екі әйелдің гармонындағы өзгерісті ортада жүріп қабылдауға, бар еркеліктерін, мінездерін көтеруге тура келді. Сол күні кешке келіншегім екеуіміз шай үстінде біраз әңгімелестік. Мен барынша түсінуге  тырыстым. Кенет қайдан келген ой екенін білмеймін, оған: «сенің арманың не?» деп сұрақ қойдым. Сұраққа күлді, бірақ үнсіз қалды. Қайта сұрадым: «сенің арман-мақсатың жақсы бір азаматтың етегінен ұстап, күйеуге тию емес болар, маған дейін бір жеткің келген жетістік болған шығар?» деп қайта сұрадым. Сұрағымның шын екенін енді түсінді. Содан кейін көсілді. Бұл туралы кітапта: «Келіншегімнің арманы маған күйеуге тию емес» деген тақырыппен бердім. Яғни оның арманы шетелде білім алып, ата-анасына көмектесу, ағылшын тілін жетік меңгеріп, үлкен табысқа қол жеткізу болған. 
«Екеуара болған әңгімені адамдар қалай қабылдар екен?» деп инстаграм парақшама пост ретінде салдым. Тақырыпты сұрақты қалай қойдым, солай бердім. Ол кезде оқырманын 5 мыңға жетер-жетпес еді. Пост жарияладым да, телефонды өшіріп, ұйықтап қалдым. Таңда тұрсам, оқырман саны 8 мыңға жеткен және жекеме келген хаттардың саны 100-ден асып кеткен. Бір түнде бір ғана постты 3000 адам бөлісіп үлгерген. Шынын айтқанда, қазіргі оқырманым жазылған сол бір пост арқылы келді. 15 мыңға жуық оқырман 4 күнде жиналды. Сол посты 700 мыңға таяу оқырман көрген екен. Ең қызық, бәлкім, ауыры ол емес, жекеме келген хаттардың саны 300-ге таяды. Не хаттар дейсіз ғой, ол жерде жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар, қазір күйеуге тиген, бірақ күнде таяқ жейтін, күйеуінің ішіп келетініне көндігіп, баласы үшін ғана тірі өлік болып жүргендерін жазғандар еді», – дейді Марғұлан Ақан.
Автор жекеге келген хаттарды оқы­мас бұрын жігіттерді қорғайтын болған. Бір еркектің қылмысы үшін бүкіл қазақ жігіттеріне күйе жағуға болмайтынын айтып жүрген. 
«Елімізде зорлық-зомбылық кө­бейіп, БАҚ жарыса жазған кездер болып еді ғой, 2019 жылдары. 2020 жылы көрсеткіш өсті. Сол кезде басқаша ойда едім. Жекедегі хаттарды оқып отырып, жүрек ауырды. Парақшаларына кірсең, әп-әдемі жұптар. Суреттерін салып, «ұлымның әкесі» деп жазады да, жекеме келген кезде олармен қарым-қатынас жоқ екенін, ерте күйеуге тиіп өкініп қалғандарын, мүлде таныс емес адамның алып қашып кетіп, сол үйде ұяттан аттай алмай қалып кеткендер бәрі-бәрі бар. 
2021 жылдан бастап осы тақырыпқа шындап кірістім. Ойдан бірдеңе ойлап тауып, идеал отбасын жасаған жоқпын, тек эксперимент ретінде бәріне өзімді араластырып отырдым. Ұрыс-керіс болатын, сол кезде ашуымды басқаруды үйрендім. Дұрыс сөйлесуге тырысуды, кез келген конфликт кезінде мәселені талқылауға асығатын болдым. Сөйтіп жүріп отбасымда көп нәрсенің жақсы жаққа қарай бұрылғанын көрдім. Бір сөзбен айтқанда, өз өмірімдегі практиканы жаздым және ұсынып отырдым.
Алғашында негатив көп болды. Әсі­ресе, ең көп агрессия көрсеткен ер азаматтар еді. Тіпті жанымдағы жақындар, достарым да реніш білдірді. Эстрада жұлдыздарының да жекеме жазғаны бар. Себебі әйелдері мендегі постарды бөліскен екен. Былайша айтқанда, мен қазақтың отбасындағы ұрып-соғуды, боқтауды, ойына келгенін істей алатын, әйелді меншіктеп алуды норма деп санайтын, өздері «бабаларымыз солай болған», «дәстүріміз солай» деп қабылдап алған орта үшін соқырішек болдым. Алғашында қиын болғанымен, уақыт өте келе маған теріс пікір айтқан жігіттер жекеме кеңес сұрап шықты. Себебі ажырасудың алдында тұрған жағдайға тап болған екен. Алайда мен кеңесті «осылай істе» деп ұсынбайтын едім. Коуч, психолог не басқа бір осы саланың маманы емес, өмірде қалай бар, солай жазып жүрген соң, кесірім де тиіп кетпесін деп аттың басын тартып отырдым»,  – дейді Марғұлан Ақан.
Сонымен қатар, кітап авторы отбасы құндылығы туралы да өз ойымен бөлісті. Дәстүр – біздің құндылық. Біз кей құндылықтарды мүлде өзгертуге, тиісуге болмайды деп қабылдаймыз.  Алайда, оның да тозатын кезі, жаңа қоғамға бейімделетін формасы болады ғой. Қоғам өзгерген сайын дәстүрдің де ескісі модернизацияға түсіп, жаңаруы тиіс. 
«Мәселен, «Қыз алып қашу» деген дәстүр де бар, солай бәрі бақытты болып кете алады деп санадық. Қазір бұл – қылмыс. Себебі біреудің тағдырын жолдан келіп ұрлап әкетуге кім рұқсат берді? Ақ жаулық таққанша ғана ғой қазір, одан кейін ақ жаулық астындағы қыздың тағдыры не болды, қалай боп жатыр ешкімді қызықтырмайды. Әрине, отбасындағы мәселе интимді тақырып. Дегенмен адам өмірі, тағдыры бәсте тұрса ше? Оған жігіттің өзі, ата-анасы болып араласа алмай отырса, керісінше, нормаға салып отырса, қызды кім қорғайды? «Қайтып келген қыз жаман» дедік. Жөн. Солай да шығар, дәстүрге салып, аталы сөзге тоқтасақ. Дегенмен барған жерінде күнде таяқ жесе, сөз естіп, ең ақыры келін емес, күңнің күйін кешіп кетсе ше? Өзінің ата-анасы ұят деп қабылдамаса, мына жақтағы жұрты күң қылып отырса, ол қыздың таңдауы қандай болады деп ойлайсыз? Не ажырасып тынады, не өзіне қол салады. Үшінші жолы бар, күйеуі өлтіреді. Енді айтыңызшы, осы әділетті ме? 
Отбасындағы құндылық – түсіну. Отбасының қандай менмін деген мүшесі болмасын, бір-бірін түсінуі тиіс. Басқа жолы жоқ. Түсіну деген нәрсе де көну, не мақұлдай беру емес. Жағдайға қарай саналы түрде ақылмен баға беру. Адамдар арасындағы коммуникацияның өте маңызды екенін интернетке кірсеңіз, кітап оқысаңыз, қаншама жетістікке жеткен кәсіпкерлер айтып, жазып жатады. Бекер емес. Тек сол коммуникация бизнесте ғана керек деп кім айтты? Оның бастауы сол отбасы ішіндегі ер мен әйел арасындағы қарым-қатынаста басталады. Кейін бала мен әке арасында, бала мен ана арасындағы коммуникация болып бөліне береді», – дейді М.Ақан. 

Адам қателесуге құқылы

Кейіпкерімізге «Отбасындағы ер мен әйелдің қарым-қатынасы қандай болу керек?» деген сұрақты жастар жағы көп қоятын көрінеді. Ондайда жас маман жігіт пен қыз болып жүрген кездегі қарым-қатынасты естеріне салады екен. 
«Күліп-ойнап, қалжыңдасып, бірге уақыт өткізіп, қыдырып, жақсы әңгімелер айтып, өзара тіл табысып, болашақты ойлап тұратын едік. Алайда қалай үйленеміз, солай бетпердеміз шешіледі. Көп жағдайда осы. Содан кейін «бір-бірімізді танымаған екенбіз», «менің адамым емес екенін кеш білдім» деген әңгіме басталады. Мұның бәрі меніңше, алғаш сөйлесіп жүрген кездегі шынайы болмаудың кесірі. 
Сана биігінде жолығу туралы Мұхтар Шахановтың айтқаны бар ғой. Сол секілді екі адам бір-бірінің эмоцияға қарай бағытталған сезімдері тақымдай алуы тиіс. Бұл дегеніңіз ендігі адамның ең алдымен өзімен тұлға ретінде жұмыс істеуі. Үйленбей тұрып, ақылмен де шешім қабылдаған дұрыс. Отбасы өмірі тек екі адамның бір-біріне сүйсініп қарап отыра беруі емес қой. Ол деген өздері үшін, ұрпақ үшін күрес жолындағы бір белес. Тыныштық пен береке, жылы ұя, жаныңды түсінетін жер. Олай болатын болса, онда ер де, әйел де өздеріне керек жайлы жерді сырттан да тауып ала алады. 
Отбасы болғаннан кейін ер мен әйелдің қарым-қатынасы өте жиі сөйлесуге құрылуы тиіс. Бір нәрсе айтайын, сөйлесу басқа, сөйлесе алу деген басқа мәселе. Әйеліңізбен, еріңізбен басқалармен сөйлесе алғандай сөйлеспейсіз. Онымен өте жеңіл тілде, қарапайым, түсінуге тырысатын, ортақ мүддеге қарай ойысып отыратын тілде сөйлесесіз. «Мен» дегенді ұмытып, «біз» дегенге көшесіз. Үйді сатып алып, әйелді ақшаңызға асырап, көлігіңізге отырғызып, бала-шағаңызбен қыдырған кезде де «менің алғаным» деген әңгіме болмайды. Еркек адамның жауапкершілігі – отбасын асырау. Асырау деген көмектесу дейтін, жанашырлық танытатын сезім емес. Ол әйел, бала-шаға, ата-ана алдындағы жеке бөлінген, аса маңызды жауапкершілік. Ол міндетті атқарған жолда эгоизмге орын жоқ. Құндылық ортақ мүддеге қарай болуы тиіс. Ер адам өз эгосын көрсеткен күні, әйел де көрсетеді. Ал бізде қалай? Бізде әйел адам жеке ойын айтса, кеңесін ұсынса, «жаман қатын» дейтін статусқа өтеді. Өйткені қазақтың дана әйелдері сөйлемеген, үндемей бәрін қатырған дейтін аңыз-әңгімеге арқа сүйеп алдық. Құдай-ау, заманға қарай икем болуы керек қой», – дейді Марғұлан Ақан. 
Оның айтуынша, адам қателесуге құқылы. Онсыз практика болмайды. Сол секілді отбасындағы ер мен әйел идеал бола алмайды. Ол қателік жасап жүріп, піседі. Мәселе, идеализация жолына түспеу. Ол жетпейтін биік. Тек тырысамыз. Ал тырысу дегеніңіз – жаңағы қателесу. Байқап көру. Сынап көру. Сондықтан менің айтарым, өзара қарым-қатынас түсінуге, көп сөйлесуге, талқылауға құрылғаны жөн. Еленбей қалған адамнан асқан қорқынышты нәрсе жоқ негізі. Ол бар екенін сездіру үшін бір күні аса ауыр қателікке баруы мүмкін. Соған жеткізбеген абзал. Ал «отбасындағы әйелдің орны қандай болуы керек?» дегенге кейіпкеріміздің жауабы мынадай болды: 
«Бір нәрсені түсініп алайық: әйел адам – өзге ғаламшарлық емес. Ол – тұлға. Кәдімгі жеке тұлға. Еркектің бойында бар бүкіл сезім де оның бойында бар. Қайғырады, мұңаяды, жылайды, еркелейді, жақсы көреді, қиналады, жауапкершілік арқалайды, сенеді және т.б. 
Мораль құндылығын дұрыс қалып­тастырған, дәстүрлі қоғамның үлгі­сінде өскен ұл да, қыз да өскен сайын қоғамдағы өз орнын айқындай бастады. Оған оны үйретіп, күштеп жеткізудің қажеті жоқ. Агрессия болған кезде ол кері реакция береді де, жанжал туындайды. Яғни ерге де, әйелге де өз орындарын көрсетудің қажеті шамалы. Әйел адам өзінің ас үйдегі тірлігін, бала туған соң оған деген жауапкершілігін, күйеуге тиген болса күйеуінің алдындағы міндетін, өзінің сол үйдегі негізгі функциясын біледі. Меніңше, әйелдің отбасындағы орны анау-мынау деп сілтей берудің қажеті жоқ.
Күйеуге тиген әйел ең бірінші келін емес, сол жігіттің әйелі. Содан кейін барып сол үйдің келіні. Бізде бұл тізбек керісінше жүреді. Содан кейін жігіт те уақыт өте келе өзінің әйелін «келінім» деп қабылдайды. Яғни меншіктеу синдромы, ата-анасы келінге қалай қарайды, сондай мінездер жігіттің бойында пайда болады. Әйел адамға бұл ауыр келетінін айтпаса да түсінікті деп ойлаймын», – дейді М.Ақан. 
Спикердің пікірінше, әйел өзінің ойын айтуға, кеңесін ұсынуға, еркін болуына, шын қалап тұрған дұрыс жұмысты істеуіне, қоғамға қарай бейім­делуіне, жақсы әдетті қалып­тастыруға тырысып жатқан мінезіне жол ашуға жағдай жасау керек. Төрт қабырға ішінде қамалып қалып, тек күні-түні баламен уақыт өткізетін әйелдің баласына заманға сай білім бере алуы қиын. 
«Оқымаса, дамып отырмаса, сыртпен байланыс орнатып, көзін ашпаса, ұрпағына не үйретеді? Еркек адам «баламды өзім тәрбиелеп алам» деп айтар, бірақ оның уақытының көбі түзде өтеді. Ендеше әйел адамның да білімге құштар болуы, талабын шыңдауы маңызды.
Бізде кей ер азаматтар әйелінің жұмысқа барғанын қаламайды. Ендеше шағын кәсібін немесе айналысатын бір ісін жасап бергені дұрыс. Себебі адам баласы адаммен сөйлесуі керек, жаңа ортамен байланыс орнатуы тиіс. Өзіңмен-өзің қалған сайын жалғыздық жұтып қояды. 
Отбасы болғаннан кейін ердің де, әйелдің де ортақ бір мүдде жолында дамығаны, табыс тауып, айналасындағы ата-анасын, ағайын-туысын аяқтан тұрғызуға көмектесуге мотивтері болуы тиіс. Әрине, алдымен өз отбасының ішін қалап, қабырғасын берік қылу керек. Ал ата-ана және ағайын-туыс деген мотив олардың бірге селбесе отырып тіршілік етуіне, сенім жолында бірге болуына үлкен күш береді», – дейді Марғұлан Ақан. 

 

Некелесу неге азайды?

Отбасы – қоғамның негізгі элементі. Оның рөлі туралы зерттеушілер мен қоғам қайраткерлері де жазған. Отбасы құрудан әрқайсымыздың өміріміз басталады, онда тұлғаның негізі қаланады, отбасы ұрпақтар арасындағы өзара әрекеттестік орталығы болып табылады. Отбасы қоғаммен бірге өзгереді, бірақ әрқашан қоғамның өзі құрылатын құрылыс материалы болып қала береді.
Ұлттық статистика бюросы Отбасы күніне орай соңғы 10 жылда отбасын құрғандардың санын және осы көрсеткіш жағынан бірінші орында тұрған өңірді жариялады. 
Салыстырмалы түрде қарасақ, бұдан он жыл бұрын тіркелген некелердің саны әлдеқайда көп болған. 2012 жылы 164 мыңнан астам неке тіркелсе, 2022 жылы 128 мыңға дейін азайған. Некелесу коэффициенті де төмендеп отыр. 2012 жылы 1000 адамға 9,81 жұптан келсе, 2022 жылы 6,54 жұпқа дейін төмендеген.
Бүгінде некелесудің ең жоғары коэффициенті Астанада тіркелді, 1000 адамға - 8 жұп. Ал ең төменгі көрсеткіш Ақмола мен Абай облыстарында – 6,1.
20 жылда некеге тұрушылардың ең жоғары көрсеткіші 2012-2013 жылдары байқалды. Мәселен, 2002 жылы некелесу коэффициенті 6,6 болған. Оның да өзіндік себебі бар.
«Мәселен, 2010 жылдары 1985-1990 жылғы ұрпақ некеге тұрды. Ол кезде бала туу көрсеткіші жоғары болды. Ал 2020 жылдан кейін туу көрсеткіші төмен болған 1995-2000 жылдары дүниеге келген ұрпақ отбасын құра бастады», – дейді бюро мамандары.
Қазақстанда ерлер үшін некеге тұрудың орташа жасы – 28, әйелдер үшін – 25,2 жас.
 

 

1105 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы