• Ақпарат
  • 14 Қыркүйек, 2023

«Ауыл аманаты» жобасы халықтың тұрмысын түзейді

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған ­Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі туралы атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай ширату керек деп атап көрсеткені белгілі. Осыған байланысты «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта қалай орындалып жатыр? Біз осыған байланысты Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға бірнеше сауал қойған едік. 

–Мемлекеттік «Ауыл аманаты» жобасы бір сәтте қолға алынған шаруа емес. Қазір халық қалаға көшуге бейім болып бара жатыр. Себебі, біріншіден, ауылда жұмыс жоқ. Екіншіден, ауыл қызметкерлерінің табысы аз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, орташа жалақының мөлшері -308 000 теңге. Ал Ақтөбе облысында халықтың орташа жалақысы -185 000 теңге шамасында. Ал аталған бағдарлама ауыл халқының жағдайын, әл - ауқатын көтеру, оның күнделікті табысын арттыру, жұмыссыздықты азайту, ауылдан қалаға көшуді тоқтату үшін қабылданған. Бағдарламаға барлығы 7 трлн теңге ақша қарастырылған. Биылғы жылға бөлінгені – 100 млрд теңге. Осы бағытта Ақтөбе облысына бұйырғаны –12 млрд теңге. Қазіргі таңда 6,5 млрд теңге түсті. Қаражатты игеріп болып қалдық. 4 млрд 400 мың теңге 1118 қатысушыға берілді – дейді Құсайын Сәрсембай.
 Рас, жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік көмек алушыларға, жұмыс­сыздарға, өзін- өзі қамту­шыларға және ауылдың тағы басқа тұрғындарына арналған. Тек қана мемлекеттік қызмет­керлерге, зейнет жасындағы адамдарға берілмейді. Ал аталған бағдарламаны жүзеге асыру қалай жүргізілді?
– «Ауыл аманаты» жобасын бас­тардың алдында ауылдағы әр тұрғын­ның әлеуметтік жағдайына талдау жасадық. Берілген несие нәтижесінде бүгінгі күнге 103 мың құс өсіріп, сататын 403 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 179 жоба жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ұзын саны 68 жылыжай ашылды. Осылайша, «Ауылға аманат» жобасы бойынша кәсібін дөңгелентіп отырғандар баршылық. Сонымен қатар 34 ет өң­дейтін шағын цехқа, 44 наубайханаға, 210 адамға шаштаразы кәсібі үшін несие берілді -дейді Құсайын Сәрсембай.
 Облыста бұдан өзге «Тауарлық несие» атты жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы ,«Тауарлық несие» атты жаңа жоба ауылда тұратын кепілдікке мүлкі жоқ, көп балалы аналар, басқа да осал топтарды қолдауға арналған. Жасыратыны жоқ, ауылдағы халықтың көбісінің несиесі бар. Кепілге мүлкін қойғандары да бар. Одан бөлек кепілі жоқ, бірақ ынтасы бар «жұмыс істеймін» деген азаматтарды осындай бірегей жоба арқылы қолдау жүріп жатыр. 
Бұл жөнінде Құсайын Сәрсембай былай дейді: «Тауарлық несиенің» ерекшелігі сол, ауылдағы жағдайы бар кәсіпкерлер (шаруа қожалықтарының иелері) өздерінің ауылдастарына малды 5 жылға дейін, 7 жылға дейін келісім шартпен береді. Оның үлкен ерекшелігі, ешқандай үкіметтің, бюджеттің қаржысы жұмсалмайды. Екі адамның ортасындағы келісімшартпен алған адам ол малды төлеммен қайтарады. 1 жыл демалысы (каникулы) бар, 2 - жылдан бастап, өзінің алған төлінің 40-50 пайызын қайтарып отырады. Әрине, келісіміне байланысты. Сонда, 5 жылдың ішінде алған малын қайтарып береді. Қалған малдың бәрі өзінде қалады. Екіншіден, оның күнделікті сүтін сатуға болады. Өнімдерін пайдалана алады. Осылай есеппен біз 335 отбасыға 4700 - дің үстінде мал тараттық. Осының бәрін қосқанда, бүгінгі таңда, 1300-дей адам жеке кәсіпкер болып тіркелді. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз жұмыссыздардың санын 41, 4 пайызға азайтамыз деп отырмыз. Сөйтіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 39 пайызға азаяды, ауылдағы отбасының орташа табыс көзін 182 000 тг ден 354 000 теңгеге дейін 2 есеге жуық көтеру жоспарда бар». 
Қысқасы, «Ауыл аманаттымен» тек облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ғана айналысы отырған жоқ. Бұл бағдарламамен бүгінгі күні ауылдағы әкімшілік маманынан бастап, ауыл әкімі, аудан әкімі, ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі бәріміз шұғылданып отыр деуге болады. Арнайы чатқа кез келген адам өзінің шеше алмай жүрген шаруасын айтады. Сол жерден өзіне керекті кеңес алады. Мысалы, ауылда кредит алғысы келген адам орталыққа келіп іуре болмайды. Ауылдық әкімшілікке барады. Сол жерде бүкіл құжаттарын көрсетеді. Дұрыстайды, бәрін жинақтап болғаннан кейін келіп тапсырады. Бәрі оңтайландырылып жасалған. 
Ең басты мәселе – ауыл халқының қалаға көшуін тоқтату. Қазақстан халқының шамамен 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Демек, «Ауыл аманаты» жобасы сол халыққа жұмыс тауып беру, кәсіпкерлікпен айналысуына жәрдемдесу, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге ықпал ету болып табылады. Осы орайда еліміздің барлық өңіріндегідей ақтөбеліктерде «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп жатыр десек. артық айтпағанымыз. 

181 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы