• Ақпарат
  • 14 Қыркүйек, 2023

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ: ҚАЛА ЖҰРТЫНА ҚАЙТА ОРАЛУ

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Алматыдағы Біріккен ұлттар ұйымының ғимаратында «Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжіри­белік семинар өтті. Семинар қонақтары, Қазақстан және шетел ғалымдары ортағасырлық Талғар (Талхиз), Рақат қалашықтарымен және «Есік» музей-қорығының экспозициялық залдарымен танысып, Есік көліне барды. Семинар Алматы қаласындағы БҰҰ ғимаратында, ЮНЕСКО-ның Кластерлік Бюросында жалғасты. 
 

Талғар – бейбітшілік шекарасы

Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген тарихи орынға Талғар қала­шығын қорғау және зерттеу бөлімінің  же­текшісі, археолог  Борис Железняков бастап барды. «Талғар қалашығы он екі жарым ғасыр бұрын іргесі қаланған ортағасырлық қала мәдениетінің ескерткіші. Алатаудың солтүстік баурайында гүлденген қолөнер мәдениеті мен дамыған сауда-саттығы бар, егіншілігі жайқалған қала болды. Бірақ, қала бес ғасырға жуық уақыт, яғни XIII ғасырға дейін тіршілік етті. Бізге Талғар туралы бір ғана дерек жеткен. Белгісіз парсы саяхатшысы еңбегінде бұл қаланы Ұлы Жібек жолының халық жиі жүретін тоғыз жолының торабында орналасқаны туралы деректі 982 жылы жазған. Осы жазбасында бұл мекенді «Бейбітшілік шекарасы» деп атаған екен. Талхиз түрік тайпалары чигілдер мен қарлұқтар шекарасындағы таулар арасында орналасқан. Бұл тайпалардың тұрғындары әскери өнерді меңгерген жауын­гер, ержүрек және олар қаланы жау шапқыншыларынан қорғауға талай бас көтеріп шыққан көрінеді», – дейді Борис Железняков.
Археолог-ғалым қазба жұмыс­тары кезінде қалашықтың орта қабат­тарында құнды жәдігерлер мен құрал-саймандар, Баласағұн қаласында со­ғылған 1060 жылдарға жататын бір­неше монеталар табылғанын атап өтті.
«Шамамен осы кезеңдегі басқа монеталар Тараз бен Шығыс Түркістаннан табылған. 1037–1043 жылдар аралығына сәйкес келетін 15 күміс монета бар көмбе қазір «Есік» музей-қорығында сақталған. Бұл қалашық Шығыс Қарахан қағанаты кезеңінде сауданың дамыған орталығы болғанына дәлел. Кейінірек қаланың сауда жолынан сырт қалуына байланысты жоғарғы мәдени қабаттар біртіндеп қаңырап бос қалған. Қолөнершілер басқа қалалар мен елдерге жер ауған немесе олардың еңбегін қанап, басқа жаққа алып кеткен. Ауылшаруашылық өнімдерден де пайда түспеген сыңайлы. Осы орайда жергілікті халық мал шаруашылығымен айналысуға жан-жаққа көшуі мүмкін», – деді ол.

Рақат тұрағы – «Алтын адам» өміріне куә мекен

Талғар қалашығына жасалған экскурсиядан кейін делегация Рақат кешеніндегі археологиялық ескерткіштердің қазіргі жай-күйімен танысты. Рақат тұрағы – кешенді ғылыми зерттеу басталған және одан әрі жалғастырылатын, Қазақстанның бүкіл оңтүстік-шығыс аумағы бойынша кейінгі палеолит дәуіріне тиесілі екінші мәдени қабаттағы ескерткіш. Археологтер Ұлы жібек жолының бойындағы өркениетті талқылады. Соның ішінде, көне қалалардың орнына тұрғын үй салу, жол салу ісіне тосқауыл қою мәселесі де айтылды. Талғар маңындағы жердің жекеменшікке өтіп, заңсыз іс-әрекеттердің көбеюі де назар аударуды қажет етеді. Мұндай келеңсіздіктер бабалардың жерлеу ғұрпын зерттеуге, Азияның жоғарғы палеолит өнеркәсібінің (мәдениеттердің, кешендердің) пайда болуы мен дамуының жергілікті әлде неғұрлым ауқымды кезең­делу үлгілерін жасауға кедергі келтіреді.
Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын аралап көрген делегация мүшелері ондағы сан ғасырдың куәсі болған экспонаттармен танысып, ежелгі тарихымыздың материалдық мәдениетін тамашалады. Мұнда тек Қазақстанның археологтары ғана емес, Қытайдың Шанши облысы археологиялық институтының мамандары да жұмыс істейді. Қазақстан тарапынан аға ғылыми қызметкер Төрәлі Төлегенов бастаған, Қытай жағынан өз елінің археология саласындағы үздік маманы саналатын Динь Янь мырза жетекшілік ететін 5 археолог, қазақ-қытай бірлескен археологиялық қазба жұмыстарын зерттеу ісімен айналысады.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова: «Сиань институтымен, Шаньсиньдегі археологтермен 2016 жылы зерттеу жұмыстары туралы келісімге келдік. 2017 жылдан бастап Рақат қалашығын қазу жұмыстарын бастап кеттік. «Алтын адамды» алғаш ашқандардың бірі, 1999 жылы, көзі тірі кезінде атақты археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов – Бекен ата бұл жерді сақтардың Ақ ордасы, Алтын адамның шыққан және жерленген жері деп атаған еді. Дәл осы қорғанда Алтын адамды шығарып алды деген тұжырым да айтқан. 
2017–2019 жылдар аралығында Қытай археологтарымен біріге археология­лық қазба жұмыстарын жүргіздік. Бүкіләлемдік пандемия басталғанда жұмысты өзіміз жалғастырдық. Жалпы алғанда, бұл кешенде 77 жыл бойы қазба жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Зерттеу жұмыстарының аясында осы жердегі тіршілік ежелгі тас дәуірінен бастап орта ғасырларға дейін болғанын болжап отырмыз. Бұл мекеннің сол кездегі адамдарға қоныс не цитадель, қалашық не тасаттық беретін жол торабы болғанын нақты айта алмаймыз, себебі зерттеу әлі де жалғасуға тиіс. Рақаттың алып жатқан аумағы – 5.2 га жер. Ал қазба жұмыстарынан кейін бұл аумақ 3 есеге дейін едәуір кеңейе түсті. Жыл сайын жалпы көлемі 250 шаршы метр және одан да көп қазба жұмыстарын жүргіземіз. Әр жыл сайын бұл мөлшер зерттелетін аймақ пен алға қойған мақсатқа қарай өзгеріп тұрады. Қазір қазба жұмыстары 3 жерде жүргізіліп жатыр. Талғар қала жұртында археологиялық жұмыстар 70 жылға жуық, ал осы Рақат кешенінде 7 жыл бойы жүргізіліп келе жатыр. Бірлескен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қосымша 67 қорған таптық. Шэньси институтының зерттеушісі Динь Янь мырза бізге жұмыс көлемін одан әрі кешенді түрде жүргізуді талап етіп, өзіне де бізге де жауапкершіліктің жүгін арқалатып отыр», – дейді. 
2020 жылы Қытайдың Шэньси про­винциясының археологиялық ғылыми-зерттеу институты 2019 жылы Қазақ­стандағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен ежелгі Рахат қаласын қазу бойынша ынтымақтастық үшінші кезеңге өтті деп мәлімдеген еді. Трансшекаралық археологиялық бағдарламаға қатысқан зерттеуші ғалымдар 980 шаршы метр қазғанын, 2019 жылы Рақат бөлігінің тағы 500 мың шаршы метрін зерттегенін хабарлағаны есімізде. Болашақта бұл орыннан әлемді елең еткізер құнды жәдігерлер табылып, қазақ тарих ғылымына төңкеріс жасауы да бек мүмкін.
«Негізі Рақаттағы қазба жұмысымыз 2017 жылы басталды. ҚХР-ның Шаньси провинциясындағы Сянь археологиялық институтымен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Қазір қайта 5 жылға келісім шартқа отырдық. «Алтын адамды» алғаш тапқан Бекен атаның ғылыми тұжырымына өзіміз ғана сеніп қоймай, Қытайдағы ғалымдарды да осы жобаға тарттық. Ең біріншіден, біз бұл орынның табиғи емес, адам еңбегі жасағанын дәлелдедік. Екіншіден, бұл елді мекеннің тас дәуірінен ортағасырлар аралығына дейінгі уақытта адамдар мекен еткенін анықтадық. Үшіншіден, 2018 жылы түрік кезеңіне тиесілі арнайы жерлеу кешенін таптық. Аттың, адамның, мал жануарларының сүйектері табылды. Олар белгілі бір тәртіппен жерленген. Тағы бір ғылыми жаңалық – «шаруашылық шұңқырлар», бұл ұғымды әзірге осылай атауды жөн көріп отырмыз. Сол шаруашылық шұңқырлардан табылған әр затқа зертханалық сараптама жасап, ғалымдардың талқылауына салуымыз керек, сөйтіп түбегейлі қорытындыға келеміз. Әр жылда әртүрлі археологтер жұмыс істейді, шетелден де келетін ғалымдар бар. Бірі бұл жерді соғды мәдениетімен, кейбір археологтер зороастризм дінімен байланыстарады, манихей дінінің де бір ілгегі бар болуы мүмкін деген тұжырымдар айтылып жүр. Ұлы Жібек жолындағы тұрақтың бірі де болуы мүмкін, себебі қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлердің, трофейлердің сырттан тасымалданғаны анықталып жатыр. Бұл мекеннің алда болашағы зор, әлі де кешенді зерттеу жұмыстарын талап етеді. Сондай-ақ, ҚХР археолог-ғалымдарына алғыс айтқымыз келеді, себебі өзара тәжірибе алмасып келеміз. 2019–2023 жылдар аралығында өз тарапымыздан 5 жыл, қытай ғалымдарымен 4 жыл, ортақ есеппен 7 жыл бойына қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Гүлмира Мұхтарова.

Нұрмұханбетовтің арманы

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов: «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қай заманды алсаңыз да, тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қызметін атқарған. Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым. Біз Рақат кешенінде 2017 жылдан бері қарай зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ерте ортағасырлық қала жұртының орнына зерттеу жұмыстарын таудың етегінен бастадық. Рақатты археологиялық кешен деуіміздің себебі бар, ол бірнеше хронологиялық ескерткіштерден тұрады; тас, қола, ерте темір дәуірі мен ортағасыр аралығы. Рақат қала жұрты деп отырғанымыз, IX–XI, XII–XIII ғасырлардағы бабалар мекені еді. Қазіргі жаңа ізденістер негізінде қыш ыдыстардың, жан-жануарлардың (жылқы, сиыр, қой, бұғы т.б) сүйектерінің қалдығы табылды. Жануарлар адамға жесе – еті, ішсе – сүті, кисе – киімі болды. Қазба жұмыстары нәтижесінде қазылған жарқабақтан тас дәуірі – жоғары палеолит кезеңі аршылды, оны біз ресейлік ғалымдармен бірге қаздық. Одан бергі қола дәуірінің ізі бар. Одан төменірек алқапта ерте темір дәуірі іздері жатыр. 
Жыл сайын көктемде барлау жұмыс­тары жүргізіледі. Бұрын-соңды белгілісі, белгісізі бар археологиялық мекендерге: қала, ескерткіш орындарына шолу жасаймыз. Негізінен, обаны «қорған» деп жатады. Бұл орыс тілінен тікелей аударма жасалып, тілдік қолданысқа еніп кеткен сөздердің бірі. Археологиялық қорған дегеніміз – сыртындағы дуалы, үлкен әскери бекінісі. Ал «қорғанды» – оба деп атау керек. Археологиялық қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін кітап шығару ойымызда бар», – деді. 
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы­ның орталығы Есік қаласына барған деле­гацияға қорық-музейдің бөлім жетекшілері ақпарат берді. Есік қаласына кіреберіс күре жолдың оң жақ қапталында ежелгі Сақ қорғандары бар. Есік маңы ескі қорғандарға өте бай. Кемел Ақышев 1970 жылы осы қорғаннан тапқан «Алтын адам» – дүние­жүзіндегі ең құнды тарихи жәдігердің бірі. 
«Есік» музей-қорығының кіреберісіндегі сызба нысандарына кіретін мұражай ғимаратымен қоса «Есік қорғандары» қорымы, ежелгі сақтардың Өрікті, Рақат қалалары, орта ғасырдағы Талхиз қаласының сызбасы көрсетілген. Қорық-музейдің жалпы аумағы 422 гектардан асады. Қорымда 80-нен аса оба бар. Олардың көбі бұған дейін бірнеше рет (әсіресе XVII–XVIII ғасырларда) қазылып, тоналған. 
Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың арманы 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында қорғандар аймағында «Есік» музей-қорығы құрылған кезде орын­далды. Нұрмұханбетов музейдің негізін қалаушылардың бірі болды. 2013 жылы музей-қорықтың күзет аймағының аумағы 422,7 гектар болып бекітілді. Оның құра­мына 80-нен аса қорған, сондай-ақ ежелгі сақ қоныстары Рақат пен Өрікті кірді. Музей қоры үш мың археологиялық экспонаттан тұратын коллекциялардан тұрады. Келушілер төрт экспозициялық залды: сақ тайпаларының тарихы мен мәдениеті залы, Алтын адамның ашылу және зерттеу тарихы залы, Қазақстан археология залы, көрме залы және мемориалдық кеңсені тамашалай алады. 
Өкініштісі, Есік қорымындағы әйгілі «Алтын адам» табылған қорған сақталмаған. Ол жерге тарихи жәдігер табылған тұста құрылыс түскен. Кейіннен белгі қойылған. 

«Есік жазуының» сыры әлі ашылмады

«Есік» музейінің археолог-маманы Әсем Кембаева музейдің әрбір жәдігері туралы келушілерге толық айтып берді: 
«Бастапқы кезде музей экспозиция­ларының жартысы Бекмұханбет Нұр­мұ­ханбетов жинастырған жәді­гер­лерден тұратын. Мысалы, олардың арасында «Алтын адам» табылған қорғаннан шыққан ыдыстар да болған. Бұл қорғаннан шыққан заттардың әрқайсысы әр жаққа кеткен. Алтын бұйымдар қазір Астанада. «Есік» музейінде тек тұрмыстық зат-бұйымдар ғана бар. Музей қоймасында жақында Алматыдан кездейсоқ табылған «Алтын адамның» сүйектері сақтаулы тұр, ал бас сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. «Алтын адам» қорымынан табыл­ған белгілі заттардың бірі – сыртына 26 таңба екі қатар жолға ойылып жа­зылған күміс тостаған. Алақанға сыйып кететін кішкене ыдыстағы жазу­дың мағынасы туралы осы уақытқа дейін жиырмаға тарта түрлі болжам жасалғанымен, жазудың сыры әлі күнге толық ашылмаған. Табылған орнына байланысты бұл жазу үлігісін «Есік жазуы» деп атайды. Сырттай қарағанда ол көне түркі жазба тарихи-мәдени ескерткіші – Орхон-Енисей жазуына ұқсайды. Осындай жазу үлгілері археологтер Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан жерлерінде тапқан қыш ыдыстарда да кездеседі». 
Семинар жұмысы Алматыдағы Біріккен ұлттар ұйымының ғимаратында «Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова халықаралық семинардың мән-маңызына тоқталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Тарихи-мәдени басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева бұл жобаның Қазақстан және дүниежүзілік мәдени-тарихи құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқаратынын айтты.
Қытай ғалымы Ли Ерву «Дәйекті қа­сиеттердегі компоненттің қауіптілігін ескере отырып, қауіп төніп тұрған әлемдік мәдени мұраны зерттеу», Борис Железняков «Талғар және Қаялық қалашығы: зерттеудің негізгі нәтижелері, сақтау тәжірибесі және танымал ету», С.Иванов, Клаудия Чанг, Тоуртелоттэ Перрилер (АҚШ) «Біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықтағы ерте кезеңге дейін орта ғасырлар», Масуд Самибаев (Өзбекстан) «IV–VI ғасырлардағы соғды өнерінің қалыптасуындағы Ұлы Жібек жолының рөлі», Ганбат Нямдайн, Батцоож Батсуурийн (Монғолия) «Ұлы Жібек жолы және көк фарфор: өрнектер мен пішіндер», Чен Вей (ҚХР) «Ұлы Жібек жолы білікті тәжірибе ретінде», Қырым Алтынбеков, Элина Алтынбекова, Дана Алтынбекова «Ортағасырлық Құлан қалашығы бекіністеріндегі ішкі сазды оюды сақтау және қалпына келтіру», Лариса Плетникова (РФ) «Археологиялық артефактілерді ұсыну: тенденциялар, қиындықтар, мүмкіндіктер», Бақыт Аманбаева, Чынарбек Жолдошов (Қырғызстан) «Ұлы Жібек жолындағы Чанъань–Тянь-Шань» дәлізі: ортағасырлық Шу қалашықтары Қызылөзен, Ақ-бесем және Буран», Әзілхан Тәжекеев, Сұлтанжанов Жетесби, Ләззат Бейсембаева «Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалық мәдениет ескерткіштерінің зерттелуі мен сақталуы», Марат Оралбайұлы «Жетісудағы үйсіндер: уақыттың өзара байланысы», Динь Янь (ҚХР) «Қытайдағы Хань әулетінен шыққан Император Уди дәуірі мен Қазақстандағы сақ дәуірі», С.Саидзода (Тәжікстан) «Ұлы Жібек жолындағы Тахти Сангин ескерткіші – Әмударияның маңызды дәлізі» және Гүлмира Мұхтарова «Талғар қалашығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра нысаны ретінде: мәртебесі, мәселесі, шешу жолдары» атты тақырыптарға баяндама жасап, талқылаулар жүргізді. 

Тарихи орындарды сақтау өте маңызды

Нью-Йорктан келген археолог-ғалым Тоуртелоттэ Перри: «Шағын қалалар, елді мекендердің жойылып кету қауіп жоғары және жойылып кетуі де ықтимал. Ұлы Жібек жолында әрбір елді мекен белгілі бір заңдылық және реттілік бойынша орналасқан. Қандай да бір қалашыққа қауіп төнсе не зақымданса, екінші, үшінші қалашықтарға кері ықпалын тигізеді. Тарихи орындарды сақтау мемлекеттік деңгейде қарастырылуы керек және іс жүзінде жүзеге асырылуға тиіс», – дейді. 
Қытайлық археолог-ғалым Ли Ерву Тал­ғарды алғаш көргенін айтады: «Талғардың бірегей нысан екенін атап өткім келеді, себебі ол өте құнды тарихи-мәдени орын. Талғар қала жұртында өркениетті елдер өзара байланыс орнатты, Еуропа мен Азия арасындағы техникалық ынтымақтастық жүзеге асырылды. Біздің басты парыз – бабалардың мәдени байланысын сақтау және келешек ұрпаққа осы жәдігердің бәрін аманаттап жеткізу». 
«Жетісудағы үйсіндер: уақыттың өзара байланысы» атты тақырыпта баяндама жасаған міржақыптанушы, Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы, тарих ғылымының докторы, профессор Марат Оралбайұлы тарихи-мәдени кешендердің сақталуы, қорғалуы сынды мәселелердің көтерілуі маңызды екенін айтады. 
Семинарда ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне енген ескерткіштердің қазіргі жағдайы, сақ­талуы, нысандар бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы баяндалып, шетелдік және отандық ғалымдар тәжірибелерін ортаға салып, пікір алмасты. Жоба шеңберінде «Есік» музей-қорығында семинар аясында музей ісі бойынша семинар-тренинг өткізілді. 

Алтын адам табылған мемлекетте радиокөміртекті зертхана міндетті түрде болуға тиіс. Ғылыми конференцияның барысында ғалымдарымыздың  бұл істе Германиядағы Макс Планк институтына, АҚШ-қа жүгінетінін түсіндік. 
Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды және баба дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі.
Мойындауға тура келеді, еліміздің археологиялық салада қазба жұмыстарының жүргізілуінде кем-кетіктер бар. Мәдени мұраға аса сақ болған абзал. Көршілес Қытай мемлекетінің ғалымы айтқандай, әрбір мәдени жәдігер көздің қарашығындай сақталуы аса маңызды. 

P. S

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ортағасырлық Талғар қалашығын зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жумай Гүлмира шетелдік қонақтармен тікелей байланыс жасап хат жазысқан іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі. «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ – «Талғар және Қойлық қалашықтары Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің құрамдас бөлігі ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарының ақпараттық серіктесі.

231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы