- Ақпарат
- 14 Қыркүйек, 2023
ЖҮЙЕЛЕУДІҢ ТИІМДІ ТҰСЫ

Кейінгі жылдары су мәселесі ушығып тұр. Әсіресе, жазда шаруалар су тапшылығынан қиналады. Одан қалса таза ауызсуға жарымай отырған ауыл-аймақ тағы бар. Мәселен, Президент Жолдауында халық саны да, экономика да өсетінін, салдарынан 2040 жылдарға қарай елімізде су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екенін атап өтті. Трансшекаралы су көзіне тәуелді мемлекет екенімізді, сол үшін геосаяси жағдайды тең ұстап, жан-жақты ойластырылған су саясатын ұстану керегін қосты. Жолдауда айтылған мәселелерді жұрт жөн десіп, сарапшылар тарқатып әкетті.
Иә, су мәселесіне келгенде тосылып қалатынымыз бар. Егістік маусымы бастала салысымен оңтүстік өңірлер су жоғын, беріле қалса да аз екенін алға тартады. Мемлекет басшысы жыл сайын Жолдауында да осы мәселені көтеріп, шешу жолын ұсынып жатыр. Мәселен, биыл жеке Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды ұсынса, одан бөлек жоғары оқу орындарындағы гидрология факультеті түрленуге дайын отыр. Талапкер таңдауы аз түсетін мамандық бүгінгінің басты мәселесін шешуге барынша ден қоймақ.
«Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», – деді Президент Жолдауында.
Ал сарапшылар осыған дейін Маңғыстауда, одан кейін Жамбыл облысында болған су мәселесін Су ресурстары комитеті мен Экология министрлігі жұмысының олқылығы деп отыр. Эколог Азаматхан Әміртай БАҚ-қа берген сұхбатында Су министрлігі міндетті түрде керегін, су дипломатиясын ұстанып, геосаясаттың кем тұсын түзетуді ұсынған. Оның айтуынша, су ресурстарының толық есебін жүргізіп, зерттеу мен анализ жасау керек. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен трансшекаралық су мәселесі турасында қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов Орталық Азия мемлекеттерінің консорциумын құру керегін атап өткен.
Одан бөлек, Президент тариф турасында жаңа суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керегін айтты. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуы керегін, тіршілік нәрін нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі қажетін нұсқады.
Аталған тариф мәселесі мен оның әсері туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ атқарушы директоры Нұрбек Серіков барынша түсіндіріп берді. Сарапшының айтуынша, тарифті жүйелеу бойынша инвестиция тарту жолға қойылған. Қаладағы коммуналды қызметтің жартысы тарифті инвестицияға айырбастауға көшкен.
«Тарифті инвестицияға айырбастау бізге не берді? Біріншіден, ТКШ секторындағы жұмысшылардың айлық табысы аз. Сондықтан осы тұста инвестициялаудың артықшылығын байқады. Жалақы көтерілді, жұмыс сапасы жақсарды. Инвестициялау арқылы құрал-жабдықты ауыстыруға, жөндеу жұмысын жасауға қор жиналды. Айта кету керек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізеді, яғни сумен жабдықтау, су бұру жұмысын, салу және қайта құру жобаларын іске асырады. Шынтуайтына келгенде, мемлекет инвестициялауға барынша көңіл бөліп отыр. Мысалы, биыл республикалық бюджеттен сумен жабдықтау жұмысына 270 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы ауыл мен қаладағы 452 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Президент айтқан жаңа тариф жүйесінің артықшылығы көп. Мәселен, табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізу көзделді. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады.
«Тарифтік реттеудің екі әдісі бар. Олар: шығынды және ынталандырушы. Шығынды түрі қазір кеңінен қолданылады. Ал екеуінің қандай айырмасы бар? Шығынды тариф түрінде барлық шығын есептеліп, соған қарай инвестиция тарту көзделеді. Осылайша, тариф жүйеленеді. Мұның ынталандырушы түрі де бар. Мысалы, кәсіпкер болсам, қазіргі жарнаны есептеп, алдағы бес жыл ішінде бес пайызға азайтуды ойластырамын. Бұл менің активтерді қамту коэффициентім. Яғни, компанияның қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілетін бағалауға мүмкіндігін көрсеткіш арқылы есептеймін. Оның көмегімен компанияның міндеттемелерін жабу үшін жеткілікті активтері бар-жоғын білуге болады. Сондықтан ынталандыру әдісі сумен жабдықтау секторындағы инвесторларға тиімді», – дейді ол.
Сондай-ақ ол сумен жабдықтау саласындағы құрал-жабдықтың ескіргенін, әсіресе цифрландыруға көшу керегін атап өтті. Нұрбек Серіковтің айтуынша, датчиктер жұмысын бақылауды да қолға алған жөн. Авария ықтималдығы, су көлемін де цифрландыру керек. Құрал-жабдыққа келсек, оның айтуынша, әлі де ортақ құрал арқылы су көлемін өлшейтін көппәтерлі үйлер бар. Бұл – тұрғынның қалтасына түсетін шығын. Егер осы жүйеде автоматтандыру жүретін болса, цифрландыру іске қосылса, шығынды біршама азайтуға болады. Тіпті, сумен жабдықтау жүйесі республикалық бюджетке алақан жаймай-ақ дамуына болады. Ол үшін Президент Жолдауында тапсырған жұмысты орындап, жауаптылар жіті қадағалауы керек. Сонда жұрттың тарифке төлеген ақшасы ел игілігіне жұмсалады.
Айбике ЖАНАСЫЛ

324 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *