- Ақпарат
- 14 Қыркүйек, 2023
СЕРІК НҰРМҰРАТОВ: «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНЫН» АҢСАУ
Рухани кемелдену жолындағы кез келген тұлға үшін әдеттегі қасиет – адалдық. Адамгершілік сипатына үстірт қарайтын жан адал бола алмайды, тіптен «бәсекелестік өршіп тұрған кезде, адалдық – есеңді жіберу» деп түсінетіндердің де қатары, өкінішке қарай артып келеді. Прагматизм қағидаттарын басшылыққа алған қазіргі заман азаматы әділетті ысырып, өз мүддесін жоғары қоя бастағанын байқамай да қалады. Абай айтқан «Адам бол!» немесе Шәкәрімнің «Ұждан» атты бағдарлары осылай тасада қалып тұр. Адам рухани әлсіз тұсын әлеуметтік жағдайдың қисындарымен барынша ақтап алуға тырысады да, соның салдарынан өзімшілдік ұстанымдары қоғамда көбейе түседі.
Адамзат тарихының эволюциясында мұндай мінезбен күрестің екі жолы бар. Кез келген мемлекет ішкі құрылымын сақтап қалу үшін құқықтық негізге сүйенеді, яғни заң көмегімен жемқорлыққа, сыбайластыққа қарсы тұруға ұмтылады. Көптеген мемлекетте қылмыстың осы түріне барынша қатаң жаза қолданылады. Мәселен, Қытайдың құқықтық практикасы өте қатал екенін білеміз. Қоғамда адалдықты алдыңғы қатарға шығару дегеніміз – барлық саладағы ашықтық пен жауапкершілікті нығайту. Ел байлығын өзара бөліп алған олигархтар ашықтықтан, іс-әрекеттеріндегі мөлдірліктен алшақтайды. Қоғам ұзақ жыл бойы осындай жағдайға көз жұмып келді. Енді олардың шетелдегі активтерін қайтару деген мардымсыз іспен айналысып келеміз. Біршама уақытты құрғақ идеяларға, стратегия мен үндеулерге құртып алдық. Нағыз адал азаматтардың еңбегін насихаттау ісі азайды. Оның орнына спорт пен өнер адамдарын ғана БАҚ кеңістігінде дәріптеу жолын таңдадық.
Күрестің екінші жолы – азаматтарды адалдық қағидаттарына ерте жастан тәрбиелеу. Барлық тәрбие мен білім институттары осы игілікті іспен шынайы сипатта айналысуы шарт. Сонда ғана қоғамда адалдық құндылығы алдыңғы қатарға шығады. Адалдық жолына қоғам болып бет бұруымыз шарт. Мектептегі білім беру ісінде жас ұрпаққа ғылыми ақпаратты жеткізуді ғана мақсат тұтпай, адал азамат болып қалыптасудың барлық мүмкіндіктерін айқара аша алсақ игі. Тәрбиенің төресі адал тұлғаның ғұмырын насихаттау, оның адалдық жолындағы күрес жолын баяндау. Осы іске кеткен уақыт халқымыздың болашағы үшін күрес болар еді.
Адал адам әр уақытта өзгелерге құрметін кемітпейді. Руханилықтан алыс, өзімшіл азамат халықшыл емес. Сондықтан қомақты қаржы мен меншікке жауапты азаматтар үнемі халық алдында, заң алдында есеп беріп отырғаны жөн. Өйткені, адал болудың өзі қарапайым тұлғалар үшін оңай емес.
Философия ғылымындағы адалдық – рухани кемелдіктің негізгі категорияларының бірі ғана емес, маңыздысы да. Философияның ғылым ретіндегі терең пайымдарын қоғам өміріне араластырып отырсақ, ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Себебі, рухани кемелдік – қай қоғамның да ең биік арманы дер едік. Баршамызға таныс «Қайырымды қала тұрғындарының» да сипаты рухани кемел, адал азамат ұғымынан шықпайтын ба еді?
Қазір кәсіби білім өндіріске тиімді пайдасын тигізе алмай келеді. Жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары арасында серіктестікке негізделген шынайы, адал және әділ қатынастар орнамаса қоғамдағы, экономикадағы пәрменді даму, жаңғыру мен жаңарулар болмақ емес. Осы сипаттағы сапалық және сандық көрсеткіш оқу орнының маңызы мен қаржыландыру көзін анықтауға тиіс. Әртүрлі деңгейдегі басшы мамандардың жеке жауапкершіліктерін арттырмай, «Қайырымды қала тұрғындарын» аңсай беретініміз анық.
834 рет
көрсетілді0
пікір