• Ақпарат
  • 14 Қыркүйек, 2023

Мемлекет пен бизнес мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс

«Ақорда» резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Президент өз сөзінде Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды.
– Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бас­тамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады.  Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды.
– Бұл шарттың мәнін былай  сипаттауға болады: Мемлекет бизнестің дамуы үшін ба­рынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю,  жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді мін­деттерді адал орындайды, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заңгерлер және кәсіп­керлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кас­сациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілгеніне назар аударды.
– Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі аталған мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін арттыруға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі.  Бұған қоса мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Осыған байланыс­ты Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасап,  оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауды келесі басымдық ретінде атап өтті.
– Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шара­ларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағыт­талған. Яғни, бұл –  шын мәнінде, қоғамдық келісім актісі. Түптеп келгенде, бұл шара эконо­микамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдар арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал  бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуетті кәсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажет екенін тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.
– Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыз көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Жалпы, бізде салық қызметі мейлінше тиімді жұмыс істейді. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
 Президент салық түсімдерінде елеулі сәйкессіздік бар екеніне тоқталып, салық саясатын жетілдіру қажеттігін айтты.
– Еліміздегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзеу керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады және азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда бес миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясында түсімдердің  6 пайызын  ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, тексеруші органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету – келесі маңызды міндет. Президенттің айтуынша, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар шағын бизнес кәсіпкерліктің аса маңызды саналатын орта буынына көшу үшін ынталандыру жұмыстары жетіспейді.
– Орта кәсіпкер, біздің бақылауымыз бойынша, әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді. Иә, соңғы 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыз­дан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде әлі күнге дейін ешқандай ерекше жағдай жасалмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін еске салды. Атап айтқанда, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек.
Бұдан бөлек, Президент Үкіметке  қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырды.
Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметіне қатысты мәселелерге арнайы тоқталып, Палата бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогтың негізгі өзегі болуға тиіс екенін атап өтті.
– Палатаны одан әрі трансформациялау, оны корпоративтік басқару сапасын ай­тарлықтай арттыру қажет. Палата кәсіп­керлердің ортақ пікірін толық жеткізіп, әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілететін ұйым болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы