- Ақпарат
- 14 Қыркүйек, 2023
Бір адам қазған құдықтан, мың кісі келіп су ішер

Ағартушы Алтынсариннің (Ыбырай) «Дүние қалай етсең, табылады?» деген әңгімесі бар. Ал мазмұны қалай? Әңгіменің айтары не?
Әңгіменің әлқиссасын «Мұны француз жұртының бір білімді адамы жазады», – деп бастайды Алтынсарин.
Әңгіменің кейіпкері университетке бара жатқан жолда үнемі қайыр тілеп отырған бір жасты көреді. Кейіпкердің аты – Антон. Ол жұмыс істемейді. Үнемі қайыр тілеп жүреді. Бір күні тоқтатып, оған басты кейіпкер ақыл-кеңесін айтады. «Жассың, жұмыс істеуге қуатың бар. Мен де кедей едім. Бірақ ешкімге тіленіп, қайыр сұраған жоқпын. Жұрттың ескі-құсқы матасын жинап, фабрикаға өткіздім. Ақша жинап, арба сатып алдым. Арбамен ел араладым. Ескі маталарды жинадым. Саттым, жеті жылда он мың франк ақша жинадым. Сөйтіп, қағаз фабрикасын сатып алдым. Ерінбей еңбек еттім. Байыдым. Сен де машақаттан қашпасаң, бай боласың».
Антон бұл сөзді естіген соң, терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып тұрып қалды.
Жиырма бес жыл өткен соң, әлгі бас кейіпкер кітап дүкенінде жұртшылықпен жылы амандасып, қызметкерлеріне бұйрық беріп жүрген бір жігітке кездеседі. Түрі таныс сияқты. Жылыұшырап амандасты.
– Сен Антонбысың?
– Рас, мен тіленші Антонның өзімін. Тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім. Ісіме нық, малыма күтімді болдым. Ақырында, мінекей осы зор дүкеннің иесі атандым».
Ал Ыбырай не айтқысы келді? Еңбек қана мұратқа жеткізеді. Қысқа әңгіменің түйіні осы. Ал біз бүгін жан-тәнімізбен, беріліп жұмыс істеп жүрміз бе? Қара жұмыстың да өз несібесі бар. Адал еңбекпен тапқан нанның дәмі бөлек.
«Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ», – дейді Бауыржан Момышұлы.
«Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Еңбек еткенді ел ескереді», – дейміз біз.
Өйткені еңбек еткеннің тірлігі өнбек. Елімізде Еңбек күні деген мәртебелі мереке бар. 27 қыркүйек Еңбек күні ретінде тойланады. Президент Жарлығымен 2013 жылы қараша айында жұмысшы мамандығына құрмет көрсету дәстүрін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында осы күн арнайы бекітілген. Қазақстанда осы күннен бастап «Еңбек ардагері» медалі, ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» марапаты беріледі. Мұндағы мақсат не? Мақсат – қоғамдағы еңбек адамының абыройын арттыру.
«Еңбек ардагері» медалімен экономиканың әртүрлі саласының қызметкерлері және жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан астам, оның ішінде кемінде 10 жыл бір салада жұмыс істеген, сондай-ақ еңбек қызметінде ең жоғары нәтижеге қол жеткізген зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар марапатталады.
«Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежесі Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырылады.
Әрине екінің бірі «Еңбек Ері» атана алмас. Бірақ кез келген адам еңбек ардагері болуға лайықты. Еңбек еткендерді қадірлейік. Өйткені бір адам қазған құдықтан, мың кісі келіп су ішеді.
...Еңбек ете білейік!

517 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *