- Cұхбаттар
- 21 Қыркүйек, 2023
ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА: ҮМІТ КӨП, ҚОЛДАУ АЗ

Ермұхамет МӘУЛЕН, спорт комменаторы
Футболсүйерлер арасында Ермұхамед Мәулен есімі кеңінен танымал. Комментатордың тауып айтқан мақалы, құрастырған тіркесі келесі күні ел аузынан түспейді. Оған қоса маманның футбол турасындағы ақпараты мен влогын асыға күтетіндер көп. Қазір ол ҚФФ президентінің кеңесшісі, Ұлттық құраманың бет-бейнесі. Ермұхамед Мәулен қызмет еткен үш жыл ішінде жанкүйер мен құраманың арасындағы көрінбейтін аралық бітелгендей әсер қалдырады. Мұны көпшілік түсінбей әлек. Сондықтан құрамадағы құбылыстың жай-жапсарын өзінен сұрап білдік.
– Ермұхамед, жауапты екі ойыннан кейінгі әсеріңіз? Қалай ойлайсыз, Еуро–2024-ке жолдама аламыз ба?
– Өте қиын сұрақ. Бәрі Еуропа чемпионатына жолдама алу турасында сұрайды. Бас бапкер екі ойын нәтижесінде төрт ұпай жинауды көздеген. Алайда бұл мақсатқа қол жеткізбедік. Өйткені Финляндияға есе жібердік. Сол матч тең нәтижемен аяқталғаны дұрыс еді. Бір қателік кесірінен қақпаға гол кіріп кетті. Тура сондай қателікті Солтүстік Ирландия жіберді. Біз есеп аштық. Футбол деген осы, қателік жібермей ешкім ұпай алмайды. Финляндиямен ойындағы қателікті Асхат Тағыбергенге, Еркін Тапаловқа, одан қала берді Марат Быстровқа да жабуға болады. Солай тізбекті жалғай берсек, түбі шабуылшы кінәлі болуы мүмкін. Шабуылшыны дер кезінде ауыстырмаған бас бапкерге де кінә артуға болады. Ойыншыларды матчқа дайындап шығаратын екінші бапкер кінәлі шығар? Дене даярлығының бапкері Ерлан Ыбрайымнан қате кеткен болар? Футболшының өзі аяқкиімін дәл таңдай алмады ма? Бәрін уақытында дайындамаған ұйымдастырушы кінәлі ме? Әлде осының бәрін жұмысқа алған федерация президентін кінәлаймыз ба? Іздей берсең – кінәлі көп. Жанкүйерлерге салсаң, кінәні бір адамнан іздеуге құмар. Мұның бәрі команданың жұмысы. Бір гол жіберілді ме, демек жүйеден қате кетті. Ал Солтүстік Ирландиямен ойыннан соң кеудеде үміт оты пайда болды. Жалпы, турнирлік кестеде 12 ұпай жинадық. Ұлттық құрама бұрын-соңды мұндай нәтиже көрсетпеген. Еуропа чемпионатына шығу турасына келсек, алда сырт алаңдағы үш кездесу күтіп тұр. Үшеуі де фаворит команда. Мысалы, Словения да қазір мықты. Осыдан екі жыл бұрын «Словенияны сырт алаңда ұта аламыз» деп айтуға болар еді. Қазір аталған құраманың деңгейі өскен. Одан кейінгісі – Финляндия құрамасы. Олар алдына «Еуропа чемпионатына шығумыз керек» дейтін берік мақсат қойған. Дания рейтиңі жоғары, әлемдегі топ-20 құраманың қатарына кіреді. Топ 100-дің қатарына кірмейтін команданың Данияны жеңуі сенсацияның шыңы. Білесіздер, Қазақстан құрамасы Данияны өз алаңында ұтты. Бұған ерік-жігер мен намыс себеп болды. Әйтпесе, осы топта шеберлігі жағынан Данияның алдына түсетін құрама жоқ. Бұл құраманың ойыншылары «Манчестер Юнайтед», «Барселона» мен «Реалда» доп тебеді. Сондықтан Данияны оп-оңай жеңеміз деп ешкім айта алмайды. Тіпті, бұлай мәлімдеме жасауға Бразилия құрамасының өзі тіксінеді. Күнтізбеге зер салсақ, ұлттық құраманың жағдайы қиындау. Сырт алаңда Сан-Марино немесе Солтүстік Ирландиямен кездесу күтіп тұрса мүмкіндік бар-жоғы туралы сөз қозғауға болады. «Үмітсіз шайтан» деген бар. Еуропа чемпионатына шықсақ деген арманмен әр ойын сайын алға ұмтылып келеміз. Соған сай құрама жігіттері қасық «қаны қалғанша» қырқысып ойнап жүр. Бұрындары командамыз мұндай ерік-жігер көрсетпейтін. Бір гол жіберген соң «шама шарқымыз осы» дегендей ары қарай ілбіп жүретін. Намыс жоқ, жігер жоқ, алға ұмтылыс пен жалын жоқ-тын. Қазір бәрі бар. Бірақ шеберлік құрғыр жетіспей тұрғаны білініп-ақ тұр. УЕФА мен ФИФА-ның рейтиңін қарасаңыз, топтағы соңынан санағандағы екінші командамыз. Жеребе бойынша Дания бірінші, екіншісі Финляндия, үшіншісі Словения, төртіншісі Солтүстік Ирландия, Қазақстан бесінші, одан кейін Сан-Марино түсті. Сан-Мариноны екі ойында да ұттық. Енді бесінші орындағы команда Солтүстік Ирландияны қалай жеңеді? Көрдіңіз бе, осы жерде бәсекелестік пайда болады. Негізгі қарсыласымыз Солтүстік Ирландия. Былай қарасаңыз, төртінші орынға таласуымыз керек. Бұл құраманы сырт алаңда да, өз алаңымызда да жеңдік. Демек, толықтай төртінші деңгейлі командаға айналдық. Одан кейін Словения құрамасын Астана аренада ұтып тұрып, жеңіліп қалдық. Алда сырт алаңдағы ойын түсініксіз. Финляндиядан ұтылдық, алдағы ойын аяқ алысы беймәлім. Бірақ осы топтағы Данияны ұттық. Іріктеу кезеңіндегі ең басты сенсация осы. Іріктеу біткен соң басқа топта «таңғажайып» байқалмаса, «жыл сенсациясы» аталымын алайық деп отырмыз. Еуропа чемпионатына жолдама алу турасындағы үміт – 15-20%. Біздің тактика Солтүстік Ирландияның ойын мәнеріне ұқсайды. Олар да біз сияқты қорғаныста жүріп, қарымта шабуылдан мүмкіндік қарастырады. Осы қарқыннан танбасақ, алда әлі талай жарқын жеңістер күтіп тұр. Мысалы, ұлттық құрамада төрт легионер ойыншы бар. Әліп «Зенитте», Зайнутдинов «Бешикташта», Оразов «Коперде», Марат Быстров «Ахматта» ойнайды. Осындай ойыншылар қатары 7-8-ге жеткенде жақсы ойын өрнегін көрсете аламыз. Ол кезде Финляндиямен тең ойнағанымызды жанкүйер трагедияға балайтын болады.
– Алғаш рет Астана-аренаға 30 мың жанкүйер жиналды. Осы жолдағы табанды еңбек туралы сөз қозғасаңыз.
– Стадионға осынша жанкүйер жинау оңай шаруа емес. Біріншіден, ұлттық құрама жақсы ойнап жүр. Жеңіс тіркеп, үміт сыйлап жүр. Ұлттар лигасы аясында қолдауға 13-14 мың жанкүйер жиналатын. Содан аталған лигадағы матчта бірнеше рет жеңіске жетіп, қолдаушылар саны арта түсті. Екіншіден, стадион толтыру турасында бірқатар жұмыс атқарылды. Жарнама жасау, акция ұйымдастыру, футболшымен фотосессия, жанкүйермен кездесу, әлеуметтік желідегі жұмыс күшейді. Баспасөз қызметінің еңбегі зор. Оған қоса федерация басшылығы ауысты. Маркетинг бөлімі, жанкүйерлермен жұмыс бөлімі де қайта жасақталды. Осылайша, ұлттық құрама жайында жазылатын ақпаратты қазақшаладық. 1991 жылдан бері орыс тілінде шығатын журналды қазақшаға аудардық. Қала берді стадионда қазақша музыка қостық. Жанкүйерлермен жұмыс ана тілінде жүрген соң, стадионда 90% қазақ отырады. Білерім, ұлттық құрама жеңіс санын көбейткен сайын сенім арта түседі. Иә, бұрын матчқа келген қолдаушы екінші ойынға қала бермейтін. Оның үстіне құрамамыз да нашар ойнады. Осы күні стадионға тұрақты түрде 30 мың жанкүйер жиналады. Қазір тек матчтың уақыт-сағатын хабарлаймыз. Кейінгі ойынға Президенттің өзі келді. Осыны көрген басқа да беделді тұлғалар әр ойын сайын стадионнан табылады деп ойлаймыз.
– Көп жерде жанкүйер мәдениеті жоғы айтылады. Мәдениетті жанкүйер дегеніміз кім?
– Футбол жанкүйерлерін екіге бөледі. Фанзонада отыратын шынайы жанкүйер бөлек, көрермен бөлек. Ұлттық құрамаға келгенде бәрі жанкүйер деңгейіне көтерілуі керек. Ал жанкүйер мәдениеті дегенде айналасына қоқыс тастамай, бейәдеп сөз айтпай, ойынды тамашалап, алаулатып-жалаулатып жүретін адам. Иә, ойыннан соң көпшілік ішкен-жегенін сол күйі тастап кетеді. Көрген адамға сүйкімсіз көрініс. Мұны да әр матч сайын айтып жатырмыз. Нәтиже болар. Ойынның 30-ыншы минутында «Атамекен» әнін айтайық дегеніме біраз болды. Неліктен 30-ыншы минут? Себебі тәуелсіздікке 30 жыл қарсаңында әлеуметтік желіде үндеу тастадым. Фанзона жігіттеріне өтініш ретінде айтып едім, қолдай кетті. Олар ойын ортасында «Атамекенді» бірдеммен бастап келе жатқанда құрама шабуылы күшейіп, жанкүйер шуылы басып кетті. Екінші матчта бір футболшы алмасып, диктор дауысы әнді естіртпеді. Оның үстіне фанзонаға қарама қарсы трибунаға хормен ән шырқайтын 30 әнші шақырдым. Олардың дауысы сол трибунаға естілді. Акустика басқа болған соң дауыс қатты шыққан жоқ. Жанкүйер әлі күнге «Атамекеннің» сөзін жаттай алмай жүр. Ұлттық құрама ойынының өзіндік спецификасы бар. Мысалы, сіз бір ойынға келіп тамашалап қайтасыз, келесі жолы сол орында басқа адам отырады. Айталық, «Астананың» жанкүйері стадионға әр матч сайын келіп, бір жыл ішінде клуб гимнін жаттап алады. Ұлттық құрамаға келгенде жағдай басқа. Өткен ойынға Шымкент, Тараз, Қызылордадан қаншама қолдаушы келді. Олар ойын аяқталған соң пойызға мінді де, кетті. Келесі ойынға келу-келмеуі белгісіз. Оның орнына басқа адам келеді. Сондықтан осындай насихатты үзбей жүргізуіміз керек. Мұндай перформанс керек. Болашақта Еуропада ойнап жатсақ, бізді «Атамекен» арқылы танитын дәрежеге жетсек деймін. Әрбір құраманың өзіне тән әні, болмысы болады. «Ливерпуль» десе You’ll never walk alone әні ойға оралады. Ұлттық құрама мен «Атамекен» әні осылай біте қайнасып, рухты көтерсе ғажап емес пе?!
– Елімізде де ойын алдында қала қарбаласып, жанкүйер шерулетіп, көше көк тудан көрінбейтін сәт қашан келеді деп ойлайсыз?
– Әрине, Астана қаласының әкімдігі рұқсат берсе, неше түрлі нәрсе істеуге болады. Десе де жанкүйерлер шеруді де, басқасын да қолынан келгенше жасап жүр. Осы орайда менің бір өтінішім бар. Мәселен, елордада не көп, ірі компания көп. Біреуінде төрт мың, біреуінде үш мың адам жұмыс істейді. Мысалы, ұлттық құрама ойыны кешкі сағат 20:00-де десек, сол күні аталған компаниялар жұмыс уақытын қысқартса. Нәтижесінде, қызметкерлер матчқа ертерек қамданады. Бірі стадионға уақытынан бұрын келсе, ендігісі бала-шағасын балабақшадан алып, шаруасын ыңғайлайды. Осылайша, компания басшылары «Бүгін ұлттық құрама Сан-Мариноға қарсы кездесу өткізеді. Жұмыстан бір сағат бұрын қайтып, стадионға барыңыздар немесе теледидардан тамашалаңыздар» десе қандай ғанибет? Қызметкерлер де «Теледидардан болса да көрейін» деп ұмтылар еді. Бұл – бір. Екіншіден, жол-көлік мәселесі. «Астана» клубының матчынан соң әкімдік түнде де қатынайтын автобустар даярлап қояды. Ойыннан соң Қабанбай мен Тұран даңғылында қандай көлік кептелісі басталатыны айтпаса да түсінікті. Сол үшін әкімдік ұлттық құрамаға бір күнін арнап, автобус мәселесін шешіп берсе деймін. Жоғарыда айтылғандай, жанкүйерлер стадионға сағат 17:00-ден бастап келсе, аталған көшелердегі көлік кептелісін біршама реттейміз. Билетпен кіргізу кезіндегі қарбалас та біраз реттелер еді. Одан кейінгі мәселе – бюджет. «Самұрық-Қазынаға» қарасты Sport Qory құрама игілігіне 430 миллион теңге бөлеміз деп отыр. Айта кетерлігі, ұлттық құрама ел бюджетіне алақан жаймайды. Сондықтан «Салықтан күн көретін команда неге барын салып ойнамайды» деудің қажеті жоқ. Құраманың жол шығынын, тағы басқасын УЕФА тарапы көтереді. Осындайда мен деген компаниялар құрама игілігіне деп неге демеуші болмайды?
Қазақстан-Финляндия арасындағы матчқа Нұрлан Қоянбаев 20 мың ту әкелді. Ол кісіге ешкім «сен былай істе» деген жоқ. Өз еркімен әдемі перформанс жасағысы келген екен. Мұндай бастаманы әрқашан қолдаймыз. Кейінгі жылдары Мәдениет және спорт министрлігін спорттан хабарсыз министрлер басқарды. Шынтуайтына келгенде, олардың құрамаға сөзі жүрмейді. Өйткені ұлттық құрама министрлікке бағынбайды. Сондықтан жауапты ойын кезінде, Президент матч көруге келгенде жанына құрама жағдайынан хабардар адамды отырғызу керек. Сөз арасында команданың хал-жағдайын, аяқ-алысын сұраса статистикадан хабарсыз министр не деп жауап береді?
– Жұрт Telegram-да, Youtube-та жариялайтын ақпарат-видеоларыңызды асыға күтеді. Арасындa футболдың айналасындағы былықты да жасырмайсыз. Сіге ықпалды адамдардан қой дейтін белгі келмей ме?
– Әзірге ешқайсынан анау айтқандай қорқытып-үркіткен хабарлама келген жоқ. Арасында «жазбаңды алып таста, келісеміз» деп ақша ұсынатындар бар. Өз басым оңайлықпен жазбамды өшірмеймін. Тек адам өміріне, тағдырына зияны тиетіндей болса ойланамын. Мәселен, ішкі чемпионат турасында бір-екі ауыр тақырып бар. Тереңнен қозғасаң, басқаға зияның тиіп кетуі мүмкін. Адамның ары қарайғы өміріне, жұмысына әсер ететін факт. Сондықтан влогымда атын атап, түрін түстеуді қойдым. Барынша астарлап, қазақы қалыппен жеткіземін. Десе де пікірге бәрін тәпсірлеп жазып кететін жанкүйерлер жетерлік. Содан-ақ көзіқарақты жұрт бәрін біліп отыр деп түйемін. Осылайша, жанкүйерлердің көзі ашылады, деңгейі көтеріледі. Кейде осының бәрін доғарып, басқа дүниемен айналысқым келеді. Бірақ мұндай ақпараттың ел құлағына жетуі маңызды.
– Еліміздегі стадиондардың жағдайына тоқталсаңыз. Өйткені еуростандартқа сай тек екі алаңымыз бары рас.
– Қазақстанда төбесі жабылатын, 30 мың жанкүйер сыятын бір ғана стадион бар. «Қайраттың» стадионы төртінші категориялы алаң. Халықаралық матч өткізуге жарамды екі ғана стадионы бар, нашар инфрақұрылыммен «Еуроға қашан шығамыз?» дейтіндерге таңғалам. Тіпті, доп тебетін тәуір алаңы жоқ облыстар бар. Петропавлда стадион бар ма? Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп жауап береді. Оны стадион деуге ауыз бармайды. Шығыс Қазақстанда да стадион жоқ. Мемлекет көңіл бөліп, депутаттар мәселе етіп көтермесе бұлай жалғаса береді. Айналып келгенде, ұлттық құраманың жеңіле беретінін алға тартады. Ал мұндай инфрақұрылыммен қай елдің футболы дамиды? Меніңше, әр облыста бір менмұндалаған стадион салу керек. Бірінші кезекте Еуропаның территориясында орналасқан Атырауға стадион соғу керек. Әсіресе, халықаралық матч өткізгенге тиімді. Шетел футболшылары да оп-оңай ұшып жетеді. Мысалы, Солтүстік Ирландияның командасы Қостанайға ұшып келді. Айдала, қарсылас командадан ұяласың. Инфрақұрылым да ақсап тұр. Сондықтан Орал, Атырау, Ақтауға 40-30 мың адам сыятын заманауи стадион керек. Министрлік тапсырыс беріп, облыс әкімдіктері әрекетке кіріссе дейсің. Әйтпесе, ұлттық құрама «тақыр жерге гүл еккендей» әрекет етіп жүр.
– Түйіндей келе комментатор болу, соның ішінде өзіндік қолтаңбасы бар маман атану турасында сөз қозғасаңыз.
– Футбол жанкүйері ретінде Амангелді Сейітханның сөзін құлағыма құйып өстім. Сол кісіден тәлім алу мақсатында әдейілеп «Хабарда» жұмыс істедім. Еліктедім, ағаның сөзін бұрмалап, айтып жүрдім. Қазір «жеңісті күндерде жүздескеншені» әр матч сайын айтамын. Ел ұмытпаса екен, осы тіркесті естіген сайын «Сейітхановтың сөзі ғой» деп есіне алса деймін. Өзім ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқыдым. Майталман ұстаздардан тәлім алдым. Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішов, Бақытжан Майтанов, Талғат Сайрамбаев, Берікбай Сағындық, Нұрлан Сағындық, Шоқан Шортанбаев және тағы басқалар сабақ берді. Әсіресе, жыраулар поэзиясы комментаторға көп пайдасын тигізеді. Жыраулар, жыршылар, ақындар шығармасын бойға сіңірдік. Осындай білімнен кейін комментатор ретінде толықтым. Қарапайым адамдардың фамилиясынан ұйқас құрастырдым. Жалпы, филфакта айтысты да біршама кемірдім. Бірінші кезекте комментатор тіл маманы болуы керек. Қазақ сөзге, құрылымға қарайды. Қазақ тілін тереңінен түсініп тұрмасаң бәрі бос. Мысалы, бір мақалды дұрыс айта алмасаң, ертеңінде әлеуметтік желіде сен туралы «повесть» жазылады. Бірде әріптесіміз «бір жағадан жең, бір жеңнен қол, бір қолдан бас шығарып» деп қателесті. Былай қарасаң, тікелей эфирде осы мақалды айтсаң тілің күрмеліп, шатасарың хақ. Сол кісіні қаралап, Facebook-те әбден сыбап алды. Сондықтан әрбір айтылған сөзге мән беріп, абайлау керек. Оның үстіне қазақ тілін технология тілі шұбарлап жатыр. Мысалы, «оппорник» дейтін сөзді қазақша ешкім аудармаған. Қиын сөз, мағынасын бәріміз білеміз, бірақ қазақша баламасын таппаймыз. Оған жаңа сөз ойлап табу да қисынсыз. Қарапайым жолын тауып, ағылшын тіліндегі нұсқасын қазақшалай саламыз. Бүкіл әлем бұл позициядағы ойыншыны центрбэк дейді. Лефтбэк, уингер, форуард деп жалғаса береді. Әрине, сол қанатта ойнайды, оң қанатта ойнайды деп қосамыз. Елімізде 20 шақты ғана комментатор бары рас. Оларды күреске де, дзюдоға да, футболға да салып жатады. Өз басым мұндайды құптамаймын. Кезінде өзім де бірқатар спорт түріне комментатор болдым. Расын айтайын, қажисың, энергияң таусылады. Оған қоса саланы жетік білмейтінің бір жақтан қысады. Сол үшін әркім өз ескегін ескені дұрыс. Қазір ЕҰУ-да спорт факультетінде сабақ беріп жүрмін. Дүрәлі Дүйсебай ағамыз бастаған істі орта жолда қалдырмай, сөз келтірмей жалғастыруды жөн көрдім. Болашақта сапалы маман даярлауға бар күшімізді саламыз. Бір топ спорт журналисі осыған күш саламыз. Шынтуайынына келгенде, спорт журналистикасын, журналистерін шеттеткісі келетіндер бары рас. Мысалы, «Ақордадан келген ақпарат бар, сюжетің кейінге қалды» деп талай рет гриммен үйге қайтқан кезім болды. Газет-журналда да спортқа соңғы бетті арнайды. Жаңалықтарда да ауа-райының алдында екі-үш минут спорт тақырыбы қозғалады. Ал мәселе шаш-етектен. Меніңше, спортты, салауатты өмір салтын дамытамыз, халықаралық додадаларда бақ сынаймыз десек инфрақұрылымнан кейін спорт журналистикасының мәртебесін көтеру керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айзат Айдарқызы

2252 рет
көрсетілді0
пікір