- Cұхбаттар
- 21 Қыркүйек, 2023
Қуандық Түменбай, жазушы: ТІЛ – ЖҮРЕКТІҢ БАРАБАНЫ

Сөзді кие деп ұғатын, сөз өнерін өнердің шыңы деп бағалайтын қауым үшін әдебиеттің орны бөлек. Оқырманның көңіл пернесін дөп басатын, қоғам түйткілдерін астарлай отырып әшкерелейтін, жүректі қозғап, сананы жаңғыртып, ойдан ой туғызып, рухани шөлді қандыратын шынайы шығармалар еш уақытта сұраныстан түскен емес. Белгілі жазушы, Махмұт Қашқари атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Түменбай – осы үдеден көрінетін кітаптардың авторы. Қаламгермен қазіргі әдебиет пен қоғамдағы үрдістер және жаңа туындылары жайында сұхбаттасқан едік.
– Қазіргі цифрлы дәуірде көп дүние өзгерді. Ол әдебиетке де ықпал етіп отыр. Технологияның дамуы интербелсенді жанрларды дүниеге әкелді, уақиғаны баяндаудың жаңа формалары пайда болды. Тіпті, кейде әдеби шығармаларда гибрид секілді бірнеше жанрдың элементі қабаттасып жүреді. Қуандық аға, сіз әдебиетіміздің кеңестік дәуірінің де, тәуелсіздік кезеңінің де куәсісіз ғой, бүгінгі қазақ әдебиетінде қандай жаңа үрдістер бар? Жалпы әдебиетті қадағалап отырасыз ба?
– Шамам келгенше, қадағалап отырамын. Газеттерді, әдеби-мәдени порталдарды қараймын. Электронды кітаптарға да анда-санда көз жүгіртіп қоямын. Цифрланудың шыңына шыққанмен, бұның әдебиетке тигізіп отырған пайдасы аз. Көп жұрт қазір әдеби шығармаларды интернет пен сайттан оқитын болды, жапон Муракамидің «Норвег орманы» деген романының кейіпкері: «Ютуб көрсем, кітаптың иісі мұрныма келеді» дейді. Біз де сол иіспен рақаттанған ұрпақпыз. Аға буын қағаздың иісін иіскемесе тұшынбайды, «компьютерден қағазға шығарып алып оқимыз» дейді. Әлбетте, заман көшінен қалып қоя алмайсың. Бірақ, осы цифрландыру науқаны әдебиетті табиғи шынайылықтан айырып жатқан тәрізді. Жазушының өзін көрмесең де, кітабын кітапхана сөресіне қоясың, бұл да құрмет.
Ал енді «интербелсенді жанрлар» деп айтып қалдың. Қазір жанр жоғалып кетті. Қаптаған эссе. Эссе дегеніміз – үлкен дүниенің бастауы, шағын әдеби жанр. Қазір естелік жазса да шекесіне эссе деп ен тағады. Әңгіме деп атаған дүние газет материалының деңгейінен аспай қалады, оның өзінде очерк пен корреспонденцияның іздері жатады. «Гибрид» деп айтып қалдың ғой, бұл сол жанр табиғатын сақтамаудан туған әрекет. Журналистік сарынға салып, Хемингуэйше жазамыз деп жүргендер бар, бірақ шығарманың шешімі де Хемингуэйше болуы керек емес пе? Қазіргі асығып жүретін адамдарға оқиғаның нәтижесін жылдам жеткізіп, «зымыран ұшып, зенитшілер атып түсірді» деп хабарлама жасауға болар, бірақ зымыранның қалай құлдилап, зенитшілердің қалай қобалжығанын көрсетпесе, ол көркем дүние бола ма? Қазір робот та бір бағдарламаға бағынбай бұлқынып тұрған заман.
Жақында «Қазақ әдебиетінен» Асхат Өмірбайдың «Қарақұрт» деген әңгімесін оқыдым. Нағыз осы заманның әңгімесі, жедел баяндауы да, ақпараттық хабарламасы да бар. Көркем суреттеуі де жетерлік, кейіпкер тебіренісі жаныңды дір еткізеді. Ең бастысы, проблема бар. Қазір жедел заманның әңгімесі жедел жазылғанмен, шығарманың орындалуы, көркемдік шешім деген концепциялар сақталуы керек.
– Қазір оқырмандар ұзын-сонар романдарды оқуға ерінеді немесе уақыты жоқ. Неғұрлым қысқа туындылар өтімді. Сіздің шығармашылығыңыз бұрыннан осы қырымен ерекшеленеді. Шағын әңгімемен қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп, оқырманға ой салатын дүниелеріңіз көп. Бұл жанрды жалғастыра бересіз бе, әлде...
– «Бекеттегі бейкүнәлар» деген жалғыз романым бар, он жыл жаздым. Роман жазу үшін эпикалық қарым мен төзім керек. Оң жамбасыма келетіні – хикаяттар мен әңгімелер. Флобердің бір жазбасын оқып қалдым, «әңгіме жазудан қорқып, роман жазып жүрмін» депті. Демек, әңгімені қолынан келген жазады. Иә, батысты қайталайтын дәуірден өтіп кеттік, біздің де төрт аяғын тең басқан әдебиетіміз бар. Шағын жанрды әлеуметтік желі мен порталдар қағып алады, іле-шала иілген бас бармақ пен «ұнады» деген жалғыз ауыз лебізді көреміз. Жалпы, әдеби шығармаға бұрынғыдай терең талдау жоқ, баяғы рецензиялар жоғалып кетті. Бұған, әрине, уақытты кінәлаймыз. Ал жалғастыруға келсек, әрине, қоғамның «көзі мен құлағы» болып отырған соң жалғастырмай қайтеміз, қолдан басқа не келеді? «Талтүсте өткен той» деген әңгімемді «Мәдениет» порталында бір сағатта 250 адам оқыса, «Қоңырауы бар адамға» әлеуметтік желіде көп оқырман бармақ басты.
– «Бармаққа» бай болсаңыз, қаламақы жағы қалай?
– Біз тегін жазатын жазушылармыз. Жапонияға барғанда «Қанша агентің бар?» дегенде, аузымды аша алмадым. Біздің санамызға 37-нің агенті сіңіп кеткен. «Еңбегіңнің жемісін жемейтін қандай жазушысың» дегенді көздерінен оқыдым. Шағын шығарма, әрине, қазіргі бір нүктеге бағынған асығыс адамдарды шаршатпайды. Егер Буниннің «Легкое дыхание»-сі мен Чеховтың «Человек в футляре»-сіндей әңгіме жазсақ, ел-жұрт соңымыздан еріп жүрер еді.
– Жазушының жеке сезімі, көңіл-күйі, алған әсері өз туындыларында көрініс тауып жатады. Жалпы, сезіммен жазылған дүние өтімдірек болатыны неліктен?
– Тамақ ішсе де, жаттығу жасаса да, ән айтса да адам бір рақат сезімге бой алдырмай ма? Ал жаныңнан көркем туынды туғызғанда бойыңда сезім деген бір апиын ағып жатпаса перзентің кеміс болып тумай ма? Сен біреудің мінез-құлқын жасап, біреу болып сөз сөйлейсің. Жапырақты жырлаған ақын жерде жатқан жапырақты былш еткізіп басып өте берсе сезімді қозғаған өлең туа ма? «Аспанға қарағанда тек жұлдыз көрсең, сен жазушы емессің» деген екен сарабдал сыншы Қалжан Нұрмаханов. Мен білетін Аманхан мен Есенғали жапырақ көрсе жанын беретін. «Сарғайып кетіпсің ғой, қай желдің өтінде қалар екенсің?» деп күбірлеп, әбігерге түсетін. Ал «Жапырақ-жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын» деген Мұқағалиды қайтеміз?
– Олар ақындар ғой...
– Проза «қара жұмыс» болғанмен, оны жазып, образ шығаратындар да шетінен қара шодыр емес. Лирикалық тұрғыдан болсын-болмасын, реализм, сюрреализм, сентиментализм, модернизм, постмодернизм дегеннің бәрі де сезіммен сусындаған ағымдар. Басыма бәле болған «Адам» деген әңгіме туралы айтайын. 1984 жылы «Комсомольская правдадан» Ауғанстанда екі қол, екі аяғынан айрылған мүгедек жігіт туралы оқыдым. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» да осындай болады екен-ау деп көрмеген кейіпкерімді аяп жүрдім. Кейін лейтенанттық курсқа шақырып, саяси жетекшілік кәсіпке баулығанда әлгі ойымнан кетпей жүрген жігіттің шын тағдырына қанықтым. Дұшмандар қол-аяғын кесіп, өз жерімізге тастаған екен. Жанымды қинаған осы тағдыр «Қазақ әдебиетіне» әңгіме болып шығуы мұң екен, баспасөз қаралап, биліктегілер ақыл айтып, «кеңестік өмір шындығын ендігәрі бұлай әшкерелемеймін» деп «үш әріпке» ант беріп, қол қойып қайттым. Жарасхан ағам «Мопассан сынды мәңгіге, Қалам деп, бәлкім, ойлады, «Адам» деп жазып әңгіме, Сотталып кете жаздады» деп эпиграмма жазып, бәріне нүкте қойды. Осы жан сезімім жалпақ жұрттың ішкі дүниесімен астасып, аудармасын оқыған өзге ұлт оқырмандары авторға ара түсті. Бейімбеттің «Күлпашы», Сайынның «Жусан иісі», Тынымбайдың «Қош бол, атасы» неге ұмытылмайды? Мұнда біреудің жан сезімі екінші біреудің көңіл пернесін қозғап, өмір сүруге құлшындырып тұр.
– Нарық заманында әр жазушы өзіне-өзі менеджер бола білуі керек деген пікір бар. Кітаптарыңыздың таралуына көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды. Біз бұрын саудагер деп өзбекке күлетінбіз, олар «орыс болу үшін әуелі қазақ болу керек» деп бізге күлетін. Жалпы, менеджерлік деген таза сауда ғой. Оған табиғи болмыс керек. Шыққан кітабымды ешкімге сатқан емеспін, «Қазына» кітап үйіне өткізем, бірен-сарандап алып жатады. Ал өзім жұртқа қолтаңба бергеніме мәзбін. Рас, бұл заман талабына сай тірлік емес, өзіңе-өзің менеджер болмасаң саған ешкімнің жаны ашымайды. Бір жақын таныс: «Әуелі 5 мыңыңды бер, кітапты сосын аласың», – деді дәл бір ақысын төлемей қашып кететіндей күдіктеніп. Ол «Тәшкен көрген» бала еді, оныкі дұрыс, еңбегінің өтеуін сұрап тұр. Бұл – құн заңының құдіреті. Туған жеріме барып кітабымды сата алмаймын, бетімнен басам, бұл енді таза қазақы көңіл-күй. Көрімдік беруді білмеу де кітапты құрметтеу емес, «үлкеннен дәметпеген, Құдайдан дәметпейді» деген мәтел көкіректе атой сап тұрады. Жалпы, бүгінгі жазушы анда-санда той-томалаққа шақырып, «біздің жерлесіміз» деп таныстырып өтетін көрнекі құрал сияқты. Қазір еккен егініне су жеткізе алмай жүрген диқандарға, өртке оранып, түтінге тұншығып жатқан қандастарымызға «мен жазушы едім» деп қиыла қараудың өзі карикатуралық көрініс секілді. Кітапты байлық деп санайтын кәсіпкер де сирек.
– Сіз әдебиетте ғана емес, журналистикада, мемлекеттік қызметте де жұмыс істедіңіз. Осы кезеңдегі түрлі уақиғаларға куә болып, айтулы тұлғалармен қызметтес болдыңыз. Мемуар жазу ойыңызда бар ма?
– Қазір мемуар жазу деген үрдіс пайда болды, өйткені әдеби цензура жоқ, баспахана көп. Мемуар жазғасын Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебіндей», Толстойдың «Детство»-сындай қылып жазу керек. Дүниеге аяқ-қолсыз келген Ник Вуйчичтің «Өмірде шектеу жоқ» деген кітабын оқыдым, бұл жеке бастың күйініші емес, қоршаған ортаға деген сергек көзқарас.
Журналистік – негізгі мамандығым. Соңғы кездері жазған «Жапон, жапон дегенше...» (Алматы мен Осаканың арасындағы ой), «Алтынбекті неге айтпаймыз?», «Құрметтің құны қанша?» деген проблемалық мақалаларым біреуге жақса, біреуге жақпады. Жақпай қалса қуанамын, әркім өзін танып шарқ ұрса, бұл – автордың жеңісі. Еленбей қалса, автордың осалдығы.
Журналистика саласында өзім көріп-білген екі адамды айтар едім. Бірі – Нұрмахан Оразбек, бірі – Алтынбек Сәрсенбаев. Нұрекеңмен «Қазақстан» баспасында қызметтес болдым, ол – директор, мен – бас редактор. Өте принципшіл еді, өзінің курстас достарын жұмысқа тартып, көздерінше: «Жасына қарама, ісіне қара», – деді. Солай еттім. Нұрекеңнің КСРО-да бірінші боп ГКЧП-ны әшкерелеп жүргені де осы қасиеті мен саяси сауаттылығынан ғой. Білікті аудармашы болатын. Қазіргі журналистер Нұрмахан Оразбеков мектебінен көп тәлім алуы керек, журналистика факультеті тәжірибесін насихаттау керек.
Екіншісі – кәдімгі Алтынбек. Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде ол бірінші басшы, мен ақпарат құралдары бас басқармасының бас редакторы болдым. Ол ә дегеннен «мен журналистерге жағдай жасаймын, сіз сөзге жауап беріңіз» деген нұсқау айтты. Бір күні: «Осы жазушы қауымның аузы құрғап жүр ғой, ақсақалдарға бір құрмет көрсетейікші» деп Әбділда Тәжібаев бастаған бір топ қаламгерді шақырып, қаржылай көмек жасады. «Менің де сіздер сияқты әкем бар, сіздер біздің тірегімізсіздер», – деді шығарып салып тұрып. Бұның ар жағында «Әке көрген оқ жонар» деген көрініс тұр. Әттең, өмірі қысқа болды.
Айтулы тұлғалар деп қалдың, Әлкей Марғұланмен жиырмадан енді асқан шағымда көрші тұрдым. Тоқсанға тақаған кәрі бүркіттей тарамыс тұлға әңгімесін «Қарағым, сен де жас емессің» деп бастайтын. Қазір үлкендігін алға салып, жолыңды кесуге дайын тұратындарға таңғалам. Үлкен кішіге қанат бітіріп, қолтықтан демеуі керек емес пе? Сосын партия қызметкері болған Асанбай Асқаров деген көршімді көрген сайын «Өткінші өмірдің бағасы не осы?» деген сауал көкіректі тепкілейтін. 30 жыл Орталық Комитеттің мүшесі, 30 жыл Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кісі төрт жарым жыл тар қапастың дәмін татып келді. Ол кісі әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын, Есенинді айтпағанда, Әбділда мен Мұқағалидан бастап, Аманхан мен Есенғалиға дейін жатқа білетін. Осының бәрі қазір тарих.
Біздің баспасөз Шерхан Мұртазаның кезіндегі алпауыттығынан айрылып қалды. Баспасөз азулы емес, біздің баспасөзге қасқырдың азуы керек боп тұр. Ол үшін тасқа басылған жазуға құрметпен қарап, белсенді журналистерді қолтықтан демеу керек.
– Жазу шеберлігін ұштап, қаламгерлік жолға түскісі келетін жас жазушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Экзюперидің «Кішкентай ханзада» деген повесінде «Странные люди эти взрослые» деген сөз бар. Үлкендердің де мінез-құлқы әртүрлі. «Жас өседі, кәрі өшеді», қолдан келсе қамқор болғанға не жетсін. Осы жерде Сайын Мұратбеков еске түседі. «Қазақ әдебиетінде» бас редактор кезінде, ол кезде студентпін, нөмірден түсіп қалған әңгімемді қайта салдырып, мені танымаса да тырнақалды туындымды бағалап, мерейімді өсірді. Біз жастарды қолтықтан демеуіміз керек. «Қазақ әдебиетіндегі» «Жас тұлпар» қосымшасын қолдаймын. Кеңестік идеология қылышынан қаны тамып тұрған шақта республикалық әдеби басылымға шығу жастар үшін арман болатын. Жазушылар одағына кіре қалсақ, жүрегіміз дүрсілдейтін.
Жастар үшін әдеби семинар мен байқауларды көптеп ұйымдастыру қажет, бірақ шашасына шаң жұқтырмас жүйріктер ғана бәйгеден келуі керек. Талантты Құдай береді, білім ізденіс арқылы келеді. Жастар, әсіресе, проза жазатындар шетел әдебиетіне жетік, ал «Айт күндері» мен «Күлпашты», «Жусан иісі» мен «Көкорайды», «Тасбақаның шөбі» мен «Көкек айына» келгенде мүдіре береді. Өз қайнарыңды қанып іш, сонан кейін басқа құдыққа қауға сал. Шетел әдебиетін білген, үйренген дұрыс-ақ, ал өз топырағымызда Бейімбет пен Тәкеннің, Сайын мен Әбіштің көмбелері жатқан жоқ па? Бұлардың бәрі озық әдебиеттің үлгісін жасағандар. Қысқа да нұсқа жазып, ой түйіндеуді батыс пен шығыс әдебиетінен үйренуші жастар аз емес. Бірақ, олар әрдайым Әуезовтің суреткерлігі мен тіл құнарын ескеруі керек. Тіл – ұлттық байлығымыз, мұнаймен мақтана алмасақ та құнарлы тіліміз бар деп жүрген халық емеспіз бе? Әдебиет қана тілді сақтап қала алады. «Барабан – оркестрдің жүрегі» десе, тіл – жүректің соққан барабаны. Әр халықтың өз шеруі, өз барабаны бар.
Цитат айтқыш екен деп қалма, Лев Толстой Лермонтов туралы «Егер осы жігіт тірі болғанда мені де, Достоевскийді де пысқырмас еді» депті. Көкірек әркімде бар, бірақ болмай жатып болдым деу, піспей жатып Жазушылар одағына мүшелікке кепілдеме сұрап қиылып тұру жараспайды. Тәкен Әлімқұлов сияқты аузыңмен күй тартып, өзіңмен өзің шахмат ойнасаң да, әркім өз талантын тәрбиелегені жөн.
– Сіздің «Сиырдың бөлмесі» деген әңгімеңізде урбандалған қазақтың бейнесі бар және ондағы астарлы ойды, әр кейіпкердің образын түрліше түсінуге болады. Ал өзіңіз қалай тәпсірлер едіңіз?
– Урбандалған талай қазақты көзіміз көрді, өзіміз де сол ортада өстік. Кемелденген социализм дінімізге шабуыл жасап, талай құқайды көрсетті. Сиыр сүтіне шомылғандарды оң құлағымызбен естіп, баспасөзден оқысақ, араққа нан турап жеген мұсылман баласын көзіміз көрді. Бірақ, солардың ақыры жақсы болмады. Кемелденген социализм тарап кетіп, билік басындағылар 37-нің әдісіне салып, бірін-бірі көрсете бастады, яғни адам психикасы өзгерді. Бұл Октябрь төңкерісінен бері қайталанып келе жатқан құбылыс. Өзгермей қалғандар некен-саяқ. «Сиырдың бөлмесі» әңгімесі сол «Көкте Құдай, жерде өзім» деген менмен санамен уланған қала қазақтарының бейнесі. Осы әңгіме шыққанда Тұрысбек Сәукетай қаламдасым бірінші болып құттықтап, «Тақырыбыңды тауыпсың» деді.
Өзің айтқан урбанизациялық кезеңде біздің ұлтымыз жойылып кетуге шақ қалды. «Ауыл – қаланың анасы, анасын ұмытпайды баласы» деген Жарасқан жазған «Ауыл» партиясының ұрансөзі далада қалды. Ана тіліміз құлдырап, қазақ мектептері жабылып, урбандалған қазақ ауылдан шыққандарды «колхоз» деп кемсітті, қазақша сөйлегендерді «мәмбет» деп қағытты. Ең биік эшелондағы элита урбанизацияның шырқау шыңына шығып, үйде «сүтке» шомылды. Қазақ ақты бәрінен биік қояды. Урбанды сана мұның бәрін белінен бір-ақ басты, ал осыны көріп өскен олардың ұл-қыздарына не дейміз? Бұл әңгіме де біраз дау-дамайға ұласты, бірақ ешкім аузын ашып, элитаға дәнеңе дей қоймады.
– «Саябақтағы классикалық әуен» деген әңгімеңіздің кейіпкерлері де жаңа кезеңді қабылдай алмай жүрген сияқты.
– Қазақтың басынан не өтпеді? Социалистік революциядан кейін коллективтендіру, аштық, репрессия, соғыс, тың игеру, кемелденген социализм, қайта құру, рухани жаңғыру.., қазақ осының бәріне төзіп келеді. Кейіпкер Сұраған «рухани жаңғыру» деген жалаң науқан мен жаңа Қазақстанның арасындағы тұлға. Жалаң сөз бен жадағай ұрандар, алабажақ плакаттар кәрі адамның көңілін жылыта қоймайды. «Суын ішкен құдығына түкіріп жүрген» ескі достарынан да теріс айналады. Саябақта ойналған бір классикалық әуен ғана оның жанын жадыратып, білегіндегі тық-тық еткен сағатына қарайды. Адам уақытқа құл ма, жоқ тұлға боп қала ма? Әңгіменің айтары осы.
– Қуандық аға, қаламгер қауымның тілеуі қашан да ел мүддесі ғой. Әдебиет әлеуметтің алдындағы борышын адал атқарудан тайған емес. Қазір қазақ қоғамы үлкен өзгерістерді бастан кешіп жатқанын өзіңіз көріп отырсыз. Ендеше, шығармашылық адамы ретінде Жаңа Қазақстанның әділетті азаматтарына айтар тілегіңіз?
– Ең алдымен қазақ тілі ғылым тіліне айналсын деген концепцияны іске асыру керек. Ғылымсыз ештеңеге жете алмаймыз. Мемлекеттік тіліміз әлі төрт аяғын тең басқан жоқ. Біз өзі шүкіршіл халықпыз ғой, жиналыстың жартысы қазақша, жартысы орысша өткеніне мәз боп жүрміз, енді түгел қазақшаға ауысу керек. Тіл күнкөріс құралына айналмаса болмайды. Қол шапалақты да азайтқан жөн, бәленің бәрі осыдан басталады. Жазушылар одағына деген жақсы көзқарас бар, «Халық жазушысы» атағы қайта берілетін болды. Жалпы, жазушы болсын, суретші мен музыкант болсын, шығармашылық адамдарының еңбегі жанса деген оң ниет бар.
Хат тасушы пошта жәшігіне бұрынғыдай күнделікті газет тастап кетсе, оқырманның көбейгені. Айта берсе, көп-ақ. Жаңарсақ жаңарайық, бірақ ескінің де асыл қасиеттерін ұмытпайық. Адамзат бір-бірін аялай білсін, томаға-тұйықтық тоқырауға ұрындырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЙ

5887 рет
көрсетілді1
пікір