- Ақпарат
- 21 Қыркүйек, 2023
АЙТЫЛЫМ МЕН ЖАЗЫЛЫМ
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,
«Ana tili»
Кез келген тілдің айтылымы мен жазылымы яғни орфоэпиясы мен орфографиясы аса маңызды мәселелердің санатында. Жер бетіндегі тірі, дәлірегі – қолданушысы бар тілдердің барлығы бұл мәселені айналып өте алмайды. Басқаның әліпбиін пайдаланар, бірақ өз тілінде бірдеңе жазғысы келген барлық пенде, ондай мәселелермен бетпе-бет келетіні анық. Ондағы басты қиындықтың бірі – ғылым-білім ерте дамыған Еуропада да Ахмет Байтұрсынұлы айтты дегендей «ит деп дыбыстап, шошқа деп жазатын» тілдер бар.
Ауұздұқ – ауыздық
Ал сол Ахмет Байтұрсынұлындай ұлы ағартушының өзінің есімін, айтылым сөздігіне бүкіл ғұмырын арнаған, марқұм Мырзабектен Сапархан ныспылы белгілі ғалым Ақымет деп жазатын. Біздіңше дұрыс. Ал өңінде орысты да, оймауытты да көрмеген, өмірі тек қалың қазақтың ішінде өткен менің бір шүйкедей шешем, біз Гауһар деп жазатын адам есімін Кәукәр дейтін. Гауһар мен Кәукәрдің арасы сол шешелеріміз үшін біраз «жер» деуге болар. Себебі олар тіріліп келсе, Гауһар деген өзінің Кәукәрі екенін түсінбеуі де мүмкін. Бірақ Сапархан ағадан сабақ алған біз, ұяң г-нің қатаң к-ге, жуан а-ның жіңішке ә-ге айналғанын түсінеміз.
Оны айтасыз, қазақша білген, тіпті қазақ тілінің грамматикасын жазған делінетін Платон Мелиоранский төрөлөрдүң, таудұң, күйөудүң, ауұздұқ деп жазады. Сонда ХIХ ғасырдың соңындағы, турасы – 1890 жылдарғы қазақ осылай сөйлеген. Неміс текті тағы бір атақты түркі тілдерін зерттеуші (Фридрих-Вильгельм) Василий Радлов жолаушұ, дәурөн, дәулөт, әуө, ал миссионер Николай Ильминский ауұл, ауұз деп хатқа түсірген.
Бұлардың бәрін неге айтып жатырмыз? Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен (№32, 11 тамыз, 2023 жыл) «Емлеге әркім өзінше тәжірибе жасамауы керек» деген мақаланы оқыдық. Авторы Н.Әміржанова есімді ғалым. Көтеріп отырған мәселесі дұрыс. Расында әркім бекітілген, орныққан ережелерге бағынбай өзінше жазса не болмақ? Қойыртпақ жазылым пайда болуы мүмкін. Н.Әміржанова: «1929-1938 жылдары шеттілдік сөздерді «сындырып», «қазақшалап» бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке жазу нормасы болған. Сөздер қазақ тілінің айтылым заңдылығына бағындырылды. Сөйтіп, фонетикалық принцип негізгі қағидат болғандықтан әркім өзінше естіп, өзінше жаза беретін болды» – дей келіп, (пұркұурор, пырокұурор, пүркералл, пүркерел) нақты мысалдар келтіріпті. «Халықаралық тіл деп танылған ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, бірақ небәрі 26 әріппен барлық сөзін таңбалайды. 44 дыбыстың бас-басына әріп арнамайды. Орфографиясы мен орфоэпиясы өте алшақ болса да, әлемдік аренада үздік, өміршең тілдердің басында тұр» – деген уәж айтыпты. Ғалымдардың бәлен жыл тер төгіп жасаған жазылым ережелерін, ғалым қорғағаны жөн.
Бірақ Н.Әміржанова есімді ғалым «жазылым әбден орныққан бүгінгі күнге дейін неге айтылыммен жазатын адамдар бар?» деген сауалға жауап іздемепті. Ол сынап отырған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың осы «Ана тілі» газетіне де осы күнге дейін шыққан мақалалары өзінің ережесі бойынша немесе әр сөздің айтылымымен жарық көріп келеді. Н.Әміржанова өзі келтірген мысалдардағы: ашұулары, тартұу, тұуралы (1932-1933 жылдарғы «Сатсыйалды құрылыс», «Сатсыйалды Қазағыстан» газеттері) сөздерін, Бексұлтан ағамыз қазір де осылай айтылуымен жазар еді.
Себебін ағамыз өзі де айта жатар, біздіңше неге олай істеп жүргенін әріден іздеу керек. Ілкіде айтылған Мырзабектен Сапархан ағамыз «Қазақ тілінің айтылым сөздігі» (2001 жыл) атты кітабының алғысөзінде: «1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының сессиясында жасаған баяндамасында жас академик Н.Сауранбаев орыс графикасына негізделген қазақ жазуының артықшылықтарын айта келіп: «Сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтық біржола жойылды» – деп хабарлады».
Осы түсініктің көбесі сөгілмей, күні бүгінге дейін: «Қазақ тілінде сөздер қалай жазылған болса, солай оқылады» – түрде қайталанып келеді» – деп жазыпты.
Большевиктік ұраншылдық заманында, ұлттардың барлығы теңдікке жеткенде, олардың тілдерінде де ешқандай кереғарлық байқалмауы керек болды. Ұлы халықтың арқасында басқа ұлттардың тілінің де төбесі көкке жеткені айтылуы тиіс делінді. Демек жас академиктің сөзі түсінікті. Сол ұранның жаңғырығы бүгінгі күнге жеткенін әрқайсымыз сезінеміз. Себебі қалай жазсақ, солай сөйлейміз. Асфальтта өскен баланы қойып, көшпелі өмірдің көзін көре қалған менің замандастарымның кейбірі (Мелиоранский жазып алған) жүгеннің ауұздұғұн, ауыздық деп айтуға көшті. Бұл ілгерілеу ме, кері кету ме? Әрине кері кету. Осылай большевиктер жеткізген жетістікпен алға шаба берсек, қазақ орфоэпиясы деген ұғымды ұзамай біржола жерлеуіміз мүмкін. Ал мұндай ұлт үшін орны толмас шығынмен тек Бексұлтан Нұржекеұлы емес, барлық қаламгерлер, халқына болсын дейтін кез келген азамат келіспейді.
Бәлкім, әлі күн қалмай келе жатқан кеңестік жаны сірі заңдылықтарға деген қарсылығы Бексұлтан Нұржекеұлына айтылыммен жазуға итермелейтін шығар. Оны да ағамыз өзі айта жатар. Алайда Бексұлтан Нұржекеұлын сынаған Н.Әміржанова А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істейтін, ең ұлтын сүйетін мекеменің қызметкері ретінде орфоэпия үшін де күресетініне күмән келтірмейміз. Сыны да орынсыз дей алмаймыз. Өз кезегінде, болмаса бір жазушы, қазақ сөзінің айтылымы бөлек екенін еске салып жүргені де біздіңше керек. Ал тіл үшін керектің бәрін істеуіміз қажет. Дәлірегі – қажеттілік.
Айтылымды халық жасайды
Аталған қайшылықты сөз еткенде, мәселенің маңыздылығын аша түсуді көздеген едік. Ары қарай айтылым мен жазылымның ерекшеліктерін сөз етпекпіз. Кеңес дәуірінде орфографияда даулы мәселелер болғанмен, негізінен біріздендірілді. Баспасөз бен мектептің арқасында жаппай бірдей ережемен жазу іске асырылды. Ғалымдардың өз арасында пікір алшақтығы болғанмен, олар да айғайлап айтпады. Былайғы жұрт тіптен пікір білдіруге қақы болмады десек артық айтқандық болмас. Кеңестік өмір салтында тіл мәселесіне тікелей ұлттар көсемі Сталин өзі араласқандықтан да «ат үркетін» тақырыптың біріне айналған болатын.
Қазақ орфографиясы табысқа жеткендей көрінгенмен, орфоэпияға онша бас қатырмады. Әсіресе қазақ секілді халықтың тілі кеңестік ғажайып жазуға негізделу керек болды. «Қазан төңкерісінің арқасында көзіміз ашылды» дегенді күніне бәлен мәрте айтпаса, ас батпайтын, ұйқысы қанбайтын қоғамда басқаша болуы да мүмкін емес еді.
Қарапайым қисынға салсақ та сәби алдымен жазуды емес, сөйлеуді үйренеді. Адам баласы өмір бойына бір-біріне жазбайды, өзара сөйлеседі. Жазу қалайда екінші кезекте тұрады. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп мақалдататын себебі де содан. Айтылымды бәлен ғасыр бойына халық жасайды. Ол халықтың өмірлік іс-тәжірибесі арқылы қалыптасады. Сөйлеудің, дыбыстаудың дамуының бір көрінісі – жазу. Бірақ жазуды тұтас халық жасамайды, жекелеген адамдар түзеді.
Әрі мыңдаған жыл қалыптасқан айтылым теңдессіз жүйе құрады, заңдылықтар қалыптастырады. Сондықтан бізге туысқан халықтардың тіліндегі дыбыстық ерекшеліктер олармен сөйлескенде бірден білінеді. Себебі сөз немесе дыбыс сол тілді ерекшелендіреді. Қырғыз ағайындармен сөйлесе қалсаң «ш» әрпінің, өзбек туғандармен шүйіркелессең «о» әрпінің екпінін байқайсың. «Оларды өзге түркілерден ерекшелеп тұрған сондай дыбыстары» деседі тілші ғалымдар. Бізге ең жақын, бірге туысқан делінетін қарақалпақ (Әлкей Марғұланның пікірі) немесе ноғай жұртының тілінде онша айырмашылық болмаса, расында тегіміздің жақындығын білдірсе керек.
Ұлы Ақаң, Ахмет Байтұрсынұлы анықтағандай, тілімізде 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбыс бар. Қазақ тілін тіл қылып тұрған осы 28 дыбыс. Сан мәрте айтылғандай кеңес дәуірінде зорлықпен дауыстылар 15-ке, дауыссыздар 26-ға жеткізілді. Ұлттың бүтіндей дыбыстау жүйесі бұзылды. Ол жөнінде ұзақ толғануға болады. Енді латын әліпбиіне көшкенде қалай болатынын әрине, тағы да ғалымдар шешеді.
Қара тіл мен әдеби тіл
Ахмет Байтұрсынұлы «ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиіс» – дейтіні бар. Ал шын мәніндегі ұлы ғалымның бірі Халел Досмұхаметұлы: «Жазба әдебиет жоқтық бізді сақтады» – дейді. Мұндай пікірді оқығанда ойланып қаласың. Ары қарай оқи түссек: «Елдің тілінің бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады.
Оқығандар өздеріне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішінде жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің заңымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді; сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады» – депті.
Байтұрсынұлы одан да анығырақ: «…жат тілмен жазып, өз тілінен айырылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанымызды мақұл көрмейміз» – деген екен. Шүкір, жазба тіл қара тілге жақын шықты. Абайдан бастап ұлы тұлғаларымыз әлгі қауіпті анық түсінгенін көреміз. Халел мен Ахмет аталарымыздың айтып отырғанына бір түрік халқының әдебиеті де мысал бола алады. ХIХ ғасырдың екінші жартысына дейін түрік халқының Физули бастаған небір керемет ақындары араб-парсы, түрік сөздерін араластырып жазып, бүгінгі ұрпағына түсініксіз болғанын аталарымыз білген. Әлішер Науаи да түпнұсқада бізге түсініксіз. Сондай жолдан сақтандырды. Керемет дамыған ауыз әдебиеті жазба әдебиеттің бірден қарқындап дамуына ықпал етті. Дегенмен сол әдебиеттің тілі тоқсаныншы жылдары құлдықтан айтылым-сүйегін сүйретіп, зорға шыққаны анық. Себеп ілкіде сөз етілген сөздердің айтылуы мен жазылуының арасындағы айырмашылықты жойғаннан.
Қайтіп-тің лаңы…
Қазақ тілінің ең үлкен заңдылығының бірі сөз жоқ үндестік заңы немесе сингармонизм. Халел Досмұхаметұлы: «Қазақ тілінде сингармонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ» – деп кесіп айтыпты. Олай айтуы өте орынды. Шын мәнінде ғалымдардың пайымдауынша, үндестік заңына көнбей жүрген жалғыз сөз бар екен. Ол «қайтіп» сөзі. Мырзабектен Сапархан ағамыздың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» еңбегінде аталған сөздің қайтіп, қайтып, кәйтіп деген үш нұсқасы да кездеседі. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, қай түбіріндегі «а» дыбысы жуан болғандықтан оған жалғанатын буындағы дауысты жуан болуы керек. Үндестік заңы дегеніміз осы. Қайтіп-тегі «і» жіңішке және көбіне сол қайтіп қолданылады. Яғни жуан түбірге жіңішке буын жалғанып тұр. Ол үндестік заңына қайшы. Сондықтан қайтыпты, не кәйтіпті қолданған жөн. Мырзабектен Сапархан өйтеді, бүйтеді, сөйтедінің ізімен кәйтедіні қолдануды ұсыныпты. Әрине дұрыс ұсыныс дер едік.
Қазақ тілінің үндестік заңы делінетін ең басты заңға қайшы әрекетіміз бұл ғана емес. Екі мыңыншы жылдардың басына дейін кінәлы, кінәсыз деп жазып келсек, біздің қолымыздағы 2007 жылғы «Орфографиялық сөздікте» кінәлі, кінәсіз болып түзетіліпті. Қалған бұл саладағы ғалымдарға белгілі: кітап, мұғалім, қазір, ділда, ләззат, қате, қажет, халі, қауіп сөздерін күні бүгін осылай тіл табиғатына кері келетін түрде жазып келеміз. Айтылым сөздікте бұл сөздер: кітаппазары, кітәбдүкөнү, яғни кітәп, мұғалым, кәзір және қазыр, ділдә, ләзәт (ілезет), қата (кәте), кәжет//қажат (әжет), қалы, қауұп деп көрсетіліпті. Осындағы қауұп-тан басқасын жазылымда айтылым бойынша қолдана беруге болатын секілді. Ал қауұп-ты қауып болғызып жазуға болады деп ойлаймыз. Тұжырып айтсақ, егер аталған сөздерді кітәп, мұғалым, кәзір немесе қазыр, ділдә, ләззәт, қата, қажат (әжет), қалы, қауып болғызып жазылымда қолдансақ, деген пікірге, тілші ғалымдар өз уәждерін айтар деген үміттеміз.
Үндестік заңының күштілігі тіркескен сөздерді де өзіне бағындырып жіберетінінен көрінсе керек. Атап айтсақ, бері таман – бермен, бұл күн – бүгін, сегіз он – сексен, бел бау – белбеу болып өзгеріп қалыптасқанын, біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Біз негізінен дауысты дыбыстарға қатысты жайларды тәптіштеп отырмыз. Ғалымдардың пайымынша, дауыссыз дыбыстардың қолданысында да қайшылықтар жоқ емес. Ұяң – б, г, ғ, д, ж, з дыбыстары тек ұяң дыбыстармен, қатаң – к, қ, п, с, т, ш дыбыстары тек қатаң дыбыстармен тіркесіп келуі керек. Алайда біз төменде келтіретін сөздерде олай емес. (Тіркескен әріптерді дефиспен бөліп көрсеттік). Мәселен, ра-қм-ет, А-хм-ет, са-хн-а, о-бл-ыс, ма-қр-ұм, ғи-бр-ат, қы-зм-ет, я-ғн-и, ре-см-и, мә-сл-ихат, ша-шл-ык, кас-тр-өл, ме-др-есе секілді біршама сөздерді жазылым, айтылым сөздігін жасаушылар тіл заңдылығына сәйкестірмегені әріптестері тарапынан сыналуы орынды көрінді.
Сол секілді араб-парсыдан енген сөздердегі: маха-бб-ат, а-лл-а, ғи-зз-ат, кү-лл-і, жа-нн-ат, сү-нн-ет, мү-дд-е, құ-дд-ы сөздеріндегі Халел атамыз айтқандай екіленіп қолданылған дыбыстар, қазақ тіліне жұғысты болмапты. Бір жаулаушыдан кейін екінші басқыншы келгенде, турасы – мұндай қайталанған дыбыстарды араб-парсы дәуірінен бері бәлен ғасыр айтып келген қазақ, енді орыс тілінің екпінін тез үйренуге ғана септігі тиген сыңайлы.
Қалыпқа түсіру…
Тілдегі ең үлкен мәселенің бірі – кірме сөздер. Орыс әліпбиіне негізделген қазақ жазуында дәл осы кірме сөздер мәселесін дұрыс шеше алмадық десек, ғалымдардың көңіліне келмейтін шығар. Бұл да айтылып-айтылып әбден шаңы шыққан мәселе. Әрине орыстар барлық дерлік термин атаулыны еуропалық тілдерден алды. Алғанда да көбін өз тілдеріне ыңғайластырып қолдануда. Ал біз өз тілімізге сәйкестендірмей, орысша қалай жазылса, солай айтып, жаздық. Яғни біздікі «әзір асқа – тік қасық». Әрі құлдың тірлігі. Рас, қазақ тәуелсіздігін қайта қалпына келтірген жылдарда бұл бағытта ізденген ғалымдар аз емес. Біраз нәтиже бар. Дегенмен жеткіліксіз.
Обалы нешік, бастабында Алаш зиялылары дұрыс бағыт-бағдар берді. Кірме сөзді «жаншып, өз тілінің қалпына түсіру» ісінің басында, осы сөзді айтқан Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Халел атамыз да оны қолдап былай дейді: «Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.
Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпей жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады». Әрине атамыз қайтсін, осылай деп шырылдағанда, құлдықтағы халқының ең соңғы қорғаны – тілі екенін білгендігі ғой.
Тек Мәскеу деген атау емес, Алаш зиялылары біршама кірме сөздерді тілімізге ешқандай заңдылығын бұзбай, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», өте жатық етіп енгізіп берді. Олардың кейбіреуін тізбелесек: сәбет, перме, әртел, бәлшебек, бірійгәдір, кәзет, радыйо, зауыт, пәбірік, редәктір, қалхоз, сапқоз, өктәбір, үністет, ініспектір, кәнсерт, кәмүнійзім, әрмійе, дәкүмет тағы басқа. Мұндай сәтті талпыныс Алаш зиялылары атылып кеткен соң тоқырағаны белгілі.
Егер әліпби ауыстыру мәселесі Қазақстанда шынымен қолға алынса, (былай айтып жатқанымыз, басында белсенді басталған бұл шаруа, кейінгі кезде саябырсығандай көрінеді), дәл осы кірме сөздерді Еуропа тілдеріндегі немесе дүниедегі ең үстем ағылшын тіліндегі тұлғасында қолданамыз ба, деген сауалмен міндетті түрде бетпе-бет келеміз. «Ғылым-білімнің дамуына байланысты күнде пайда болып жатқан кірме сөздер топанын, өз тілімізге басқа тілдердегі тұлғасынан қазақыландырамыз ба, жоқ әдеттегідей орыс тіліндегі нұсқаларын тұтынамыз ба?» дегенге біздің ғалымдар әзірге жауап бергенін оқымадық. Әлде бұл бағытта ғалымдардың өзара келісілген, ақылдасып тоқтасқан ұстанымы бар ма? Жоқ латын қаріптерін қалай қолданатынымыз шешілмей, ол жөнінде сөз қозғамай тұра тұрамыз ба? Осындай сауалдар аз емес, оларға ғалымдар қалайда жауап іздейтініне күмән болмаса керек.
Өзгеретін және өзгермейтін әріптер
Бұл мақаланы жазу кезінде негізінен Мырзабектен Сапарханның «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» (2001) қолдандық. Бірақ оған дейін Қ.Неталиеваның «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (1977 жылы), М.Дүйсебаеваның «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1981 жылы), М.Серғалиевтің «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996 жылы) жарық көрген екен.
Ғалымдардың пайымдауынша, айтылым кезінде ә, й, л, м, ң, о, ө, р, т, у, ұ, ү әріптері (барлығы 12 әріп), өзгермейді. Ал 16 әріп өзгереді. Олар: а, б, г, ғ, д, е, ж, з, к, қ, н, п, с, ш, ы, і әріптері. Енді осындағы а – кітәп, ділдә сөздерінде ә, б – арап, бап секілді сөздерде п, г – ақкүл (ақ гүл), көккүл (көк гүл) тіркестерінде к-ге айналып кетеді. Сол секілді жасқалым (жас ғалым), әдетқұрып (әдет-ғұрып), үштәптер (үш дәптер), жастәурөн (жас дәурен), өлөң (өлең), өкпөлі (өкпелі), әуөлөт (әуелет), әуөс (әуес), үшшол (үш жол) үшшыл (үш жыл), төртчүз (төрт жүз), шетчер (шет жер), ійтчанды (итжанды), сөссүз (сөзсіз), сессе (сезсе), божжорға (бозжорға), Қыжжібек (Қыз Жібек), көгала (көк ала), қарагөк (қара көк), Ағмола (Ақмола), қарағой (қара қой), Жамболат (Жанболат), омбір (он бір), дебеді (деп еді), ойлаботұр (ойлап отыр), башшы (басшы), кешші (кесші), патча (патша), атчаптырым (ат шаптырым), ійтчіле (итшіле), жұлдұзұ (жұлдызы), дауұлұ (дауылы), орұн (орын), дәуүрү (дәуірі), күлкүсү (күлкісі), екеуү (екеуі) болып айтылады.
Бұларға қоса қар ала (қара ала), сар ала (сары ала), мақабат (махаббат), секілді бір-бір әрпі түсіп, немесе қызымет (қызмет), еміле (емле), мақұрұм (мақрұм) болып бір-бір әріп қосылып айтылатын да сөздер бар. Ең аяғы барады, келеді деген етістіктер айтуда барат, келет болып шығады.
Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып жатырмыз? Дамыған елдер орфоэпиясын жұтатпауға, қалпын барынша сақтауға тырысады. Осы мақаланың басында ағылшын тілінің айтылымы мен жазылымының алшақтығы айтылды (Н.Әміржанова). Бірақ алшақ екен деп ағылшындар айтылымын ақсатпайды. Біз де айтылым мәселесіне селқос қарамауымыз қажет. Өйткені қазақ тіліне ең жақын түркі тілдерінің өзінен біздің тіліміздің ерекшелігі сол айтылымда, дыбыстауда. Ілкіде Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырға тілімізді аздырмай, асыл қалпында жеткізгеніміз жөнінде айтқанын келтірдік. Кеңес дәуірінде тіліміздің дыбыс жүйесі қатты өзгерді. Оны қалпына келтіру үшін, қазақ тілінің айтылымын жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне ғана емес, қазақша сабақ беретін барлық пән мұғалімдеріне үйрету керек дер едік. Өйткені мектептегі мұғалім, айтылым ерекшелігін сақтап сөйлегені маңызды. Сол секілді мектептегі қазақ тілі пәніне орфоэпияны енгізген жөн демекпіз. Журналистика факультеттерінің студенттері мен телеарна, радио дикторларының да қолынан «Қазақ тілінің айтылым сөздігі» түспеуі тиіс. Өйткені бұл ұлт тілінің қамы. Қазақ тілі біздің ең соңғы қамалымыз болып қалады.
1032 рет
көрсетілді0
пікір