• Cұхбаттар
  • 28 Қыркүйек, 2023

Әйнел ӘМІРХАН, подкасшы: ТЫҢДАРМАНДЫ ТІРНЕКТЕП ЖИНАУҒА ТУРА КЕЛДІ

Қазақстандағы аудиоподкаст, әсіресе қазақ тіліндегі аудиоподкаст – тыңдаушылар қарасы көбейіп келе жатқан әлем. Осы әлемнің тыңдаушыларына қазақша қызмет етіп жүрген белгілі подкасшылар санаулы дегенімізбен де, салмағы зор. Онлайндағы қазақ сөзінің артуына үлес қосып жүрген подкасшыларға арналған жақсы жаңалық – «Үркер» ұлттық сыйлығына енді «Үздік подкаст» аталымы да енді.

Подкаст туралы ақпараттандыру аса маңызды 

– Әйнел, «Үркер» құтты болсын! «Үздік подкаст», қателеспесек, биыл қосылған аталым. Осы орайда сұрақ туады: подкаст, оның ішінде қазақ ауди­ториясына арналған подкаст жазудың, яғни қазақ тіліндегі подкасты тыңдайтын аудиторияны табудың, оған өнімді ұсынудың ерекшелігі қандай?
– Көп рақмет! Расында да, «Үркер» Ұлттық байқауына биыл  бірден үш жаңа номинация қосылды. Олар: «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік YouTube арна». Еліміздегі подкас­тинг саласы туралы кітап жазып жүрген адам ретінде байқау механизмдерін түсіну қызықты тәжірибе болды. Сондықтан сауалдаманы толтырып жібердім. Кейіннен шорт-параққа ілініп, «Үркер» Ұлттық байқауында «Үздік подкаст» номинациясының жеңімпазы атандым. Мен үшін бұл күтпеген, бірақ сонысымен ерекше құнды қуаныш болды. 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факуль­тетін тәмамдағаннан кейін ұзақ уақыт PR маманы қызметін атқарып, 2019 жылы медиа саласына әуесқой подкастшы болып оралдым. Сондағы бар мақсатым – өзіме қызық, маңызды тақырыптар аясында тәуелсіз, балама көзқарас ұстанатын сарапшылармен әңгіме құру, көкейімдегі сұрақтарға жауап табу. Ал 2022 жылдың күзінде фрилансқа кеткенде, осы саланы өзіме толыққанды жұмысқа айналдырдым. 
Сүйікті жазушымның бірі Харуки Мураками «Жазушылық мамандық ретінде» кітабында «жазушы болу үшін көп кітап оқу керек» деген ойды айтады. Сол сынды мен де подкаст жасау үшін көп және түрлі форматтағы подкаст тыңдау керек деген қағиданы ұстанамын. Подкаст саласына да тыңдарман ретінде келген адаммын. Басында ағылшын тілін жақсарту мақсатында ағылшын тілінде түрлі подкасттар, кейіннен орыс тілінде, сосын қазақ тіліндегі подкастарды іздеп тыңдай бастадым. Сонда қазақ тілінде тұрақты түрде шығып тұратын подкастардың жоғына көзім жетті. OY-DETOX солай дүниеге келді. 
2019 жылы  «Мен подкасшымын» де­генде елдің көбі «подкаст деген не?», «подкасшы деген кім?» «оның YouTube-тан не айырмашылығы бар?» деген сынды сұрақты көп қоятын. Сол кезде подкаст жасаумен қатар, қалың көпшілікті подкаст туралы ақпараттандыруымыз қажет деген ойға қалдым. Қандай да бір талқылауларға қатысып, сұхбат беріп, өзім де материал жаза бастадым. Маған тыңдаған қиын, көрген ыңғайлы деген адамдардың ығына жығылып, YouTube форматта да шықтым. Мұның бәрі подкаст туралы білетін және оларды тыңдай бастайтын адамдардың қатарын кішкене болса да көбейту үшін жасалған қадамдар еді. Не керек, тыңдарманды осылай тірнектеп жинауға тура келді.  Дегенмен, подкаст – RSS арқылы тарайтын, онлайн тыңдауға және жүктеп алуға болатын, жүйелі түрде шығатын аудио форматтағы жазба екенін ұмытпайық.

Тыңдарманды популистік ой емес, өмірлік тәжірибе қызықтырады

– Подкаст, оның ішінде аудиоподкаст біздің елде қаншалықты дамыды? Қазақ аудиоподкастын тыңдаушылар, негізінен қай тақырып­қа көбірек «құлақ қояды»?
– Подкаст әлі де басым аудитория үшін түсініксіз дүние. Бұл сала дүниежүзінде соңғы 20 жыл бойы қарқынды дамып жатқанымен, біздің елімізде жасындай жарқ етпесе де, өз жылдамдығымен, баяу болса да дамып келе жатқан сала. Сондықтан болар, әлі күнге дейін подкаст туралы нақты түсінік те жоқ, оны тыңдайтын аудитория да қалыптасып үлгермеді деуге болады.
Адам болған соң оны өмірде болып жатқан барлық тақырып қызықтырады. Ол бала тәрбиесінен бастап жеке басының мәселелерін шешуге дейінгі тақырыптар болуы мүмкін. Жеке тұлғаға елімізде, дүниежүзінде болып жатқан саяси, әлеуметтік мәселелер де өз әсерін тигізбей қоймайды. Пандемия, соғыс, экология мәселелері, көрші елдердегі қақтығыстар, мұның бәрі адам бойында мазасыздық сезімін тудырады. Осы себептен, бір жылдары қаржылық сауаттылық туралы тақырып сұранысқа ие болса, қазір психология, рухани даму сынды тақырыптардың алдыңғы қатарға шыққанын көріп отырмыз. 
OY-DETOX эпизодтарынан да байқайтыным, сұхбаттасушының кәсіби біліктілігінің жоғары болуымен қатар, жалпылама, популистік ойлардан гөрі шынайылығы, өмірлік тәжірибеден көрген мысалдарды келтіруі, тереңдігі тыңдарманды көбірек қызықтырады. Бұл өте қуанарлық жағдай.  
Бір байқағаным, осы уақытқа дейін еліміздегі подкаст саласы әуесқой подкасшылардың жеке қызығушылығы мен сарқылмас ерік-жігерімен дамып келсе, қазір бұл салаға кәсіби журналистер де, БАҚ та, сонымен қатар, түрлі сала мамандары да бет бұра бастады. 
– Осы саланы білетін, зерттеген маман есебінде қандай да бір ста­тистикалық, әлеуметтік зерттеулер жүргізіп немесе жүргізілген зерттеулермен танысып көрдіңіз бе? Қазақ тіліндегі аудиоподкастардың бола­шағы қандай болмақ?
– Дәл қазір еліміздегі подкасшылар саны мен тыңдалым бойынша статистика, оны монетизациялау жолдары туралы нақты ақпарат жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2022 жылы мен және подкасшы-әріптестерім Бэлла Орынбет, Талшын Тоқыжанова, Бақытгүл Салыхова тыңдармандар мен подкасшылар арасында шағын зерттеу жұмыстарын ұйымдастырдық. Зерттеу барысында екі түрлі сауалдама жүргіздік: біріншісі, подкаст тыңдаушыларға, яғни көпшілікке арналған онлайн сұхбат; екіншісі, подкаст жасаушылармен жеке кездесу барысында, не телефон арқылы жүргізілген сұхбат. Зерттеу нәтижесі жуырда Бақытгүл Салыхова екеуіміз подкаст туралы шығаратын кітапта жарияланады. Бірақ зерттеу нәтижесінде туындаған мына мәселеге тоқталғым келіп отыр: қазақ тілінде шығатын подкастардың да ғылыми-танымдық деңгейі өсуі керек. Подкаст тек сұрақ-жауап, не әңгіме, сұхбат түрінде емес, кәсіби тәжірибе, философиялық тұжырым, ғылыми жаңалықтар мен гипотезаларды талдау алаңына айналғаны маңызды.

Подкасшылар құрылтайы

– Қазақ тіліндегі ең көп тыңдар­маны бар аудиоподкастардың авторларымен таныссыз ба? Өзара қауым­дастық құрып, ортақ мәселелерді бірге талқылауға, шешуге қатысты іс-шаралар өтіп тұра ма?
– Бір салада жүргеннен кейін қазақ және орыс тілді подкасшылар бір-бірімізбен мүмкіндігімізше араласып тұрамыз. Бұл ретте, әріптесім Елдар Құдайбергенов отандық подкас­шылардың басын қосу мақса­тында 2022 жылдан бастап жылына бір рет подкасшылар құрылтайын өткізіп жүр. Сондай-ақ, қазақстандық подкастар қорын жасақтап шығарды.  
Бір-бірімізді өз аудиториямызға таныту мақсатында бір-біріміздің эпизо­дымызға қонаққа барамыз. Мәселен, осылай мен өзіме «Тамаша жыл» подкасының авторы Талшын Тоқыжанованы, «Ата-ана сағаты» подкасының авторы Бақытгүл Салыхованы, Qazaqsha подкасының авторы Бэлла Орынбетті шақырдым. Өзім «Книгометр», Tuime,  Qaz Podcast подкастарына қонаққа бардым.
Өзім де подкаст тыңдаушыларымен өткізетін офлайн OY-DETOX TALQY форматындағы кездесулерге әріптес­терімді шақырып тұрамын.

Көзге көрінбейтін әйелдер

– Әйнел, сіздің «Тасадағы әйелдер» жобаңыз бірталай жазылушының көңілінен шықты деп ойлаймыз. «Тасадағы әйелдер» – біздің қоғамның ашылуға тиіс тақырыптарының бірі ғой. Жалпы гендер тақырыбы бізде тереңінен қозғалып, мәлелелер дұрыс айтылып, шешімін тауып жүр ме? 
– «Тасадағы әйелдер» – менің журналистік ізденісімнің бір жолы. Подкаст саласынан бөлек YouTube форматта қандай да бір жоба жасап көру идея­сы ойымда о бастан болатын. Бұл жобаның туындауына британиялық журналист Кэролайн Перестің Invisible Women: Exposing Data Bias in a World Designed for Men (Көзге көрінбейтін әйелдер. Неге біз еркектерге ғана ыңғайлы әлемде өмір сүреміз?) деген гендерлік мәліметтерге негізделген кітабы әсер етті. Перес кітабында түрлі саланы талдап, гендерлік деректер көбіне ер кісілерді негізге алып жиналатынын айтады.
«Тасадағы әйелдер» жобасы аясында бес видео, OY-DETOX подкастының үш эпизодын дайындап, шығардық және бір офлайн талқы өткіздік. Ол жерде «Дін және әйел», «саясаттағы әйелдің орны», «ақы төленбейтін үй жұмысы», «Әйелдерге тыйым салынған жұмыстар» және тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыптары қарастырылды. Оның бәрі менің YouTube арнамда сақтаулы тұр. 
Жалпы мен сұхбаттарда жиі айтатын бір ойым бар. Өкінішке қарай, әйел құқығы мен еркіндігі, оның қоғамдағы орны туралы үлкен мінберлерден сөйлеп, сөз жүзінде қолдау білдіретін феминист, либерал ерлер де іс жүзінде оларды қолдауға дайын емес. Бір жағынан біз ғасырлар бойы бойымызға, санамызға тереңдеп сіңген стереотиптермен күрессек, екінші жағынан мансабымыздың дамуына кедергі келтіретін «шыны төбе», «шыны жартас» деген қоғамдық кедергілерге тап болып жатамыз. Гендерлік теңдік туралы айту популистік трендтен шынайы трендке айналғанда ғана бұл мәселеде алға жылжимыз деп сенемін. 
– Жүгіргенді ұнатасыз. Жүгіру – саламатты өмір салты ма, әлде өзіңізбен жарысу ма? 
– Жүгіру – мен үшін терең философия. Байқағаным, жүгіргенді емес, жүгіргеннен кейінгі күйімді жақсы көремін. Ұзақ қашықтықта жүгіргенде басымдағы сансыз ойлар бір арнаға түсіп, қандай да бір мазасыздықтан арыламын. Жаңа идеялар туады. Қандай да бір нәрсемен 21 күн қатарынан айналыссаң, ол сенің өмірлік әдетіңе айналуы мүмкін деген түсінік бар. Ал менің жүгіріп жүргеніме жеті жылға жуық уақыт болды. Сондықтан бұл менің  әлі де жалғаса беретін өмір салтым. 
– Сұхбатыңызға  рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ

6007 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы