• Қоғам
  • 04 Наурыз, 2009

Нұрлы жан

Әңгіме Мәуліт ан-Наби-сәуір айының таң шапағы Сыр бойында ерекше бір нұрға малынып атып келе жатты. Мүлгіп тұрған «Майемір» маңы шар ете қалған сәби үнімен селт ете түскендей болды. Айқын ана әлемге ай маңдайлы, торсық шекелі ұл әкелді. Анадан жалқы боп туылып, оның үстіне бір перзентке зар болып жүрген Балғабай ұста сүндеттеліп туылған сом алтындай ұлын көріп, «Алла, бергеніңе шүкір», — деп күбір етті. Әке жүрегі мына сәбиінің тегін еместігін сезді. Нәрестенің нұрлы жүзі жүрегіне жып-жылы нәр құйғандай ма? Әке нарттай нұрланып, жанары жарқырап монтиып жатқан баласына бір, айналадағы арайланған алтын нұрлы шапаққа бір қарай берді, қарай берді... Иә, осы киелі де қасиетті Нұр есімін аты аймаққа танымал әулие ұста Балғабай 1840 жылы таң шапағымен таласа туылған балпанақтай ұлына азан шақырып Нұрлыжан деп ат қойды. Нәресете дүниеге келген күннен бастап, қырқынан шыққанша әншейіндегі түнек түн айналаны жап-жарық қып тұрды. Баланың тегін еместігін сезген қайран әке-шеше енді оны тіл көзден қорғаштап бақты. Сөйтіп қара табан боп жүгіріп кеткенге дейін ол үйде жас сәби бар екені байқалған жоқ. Нұрлыжан, — десек, сөз бен көз тиер, — деп бала бертін келе Нұржан аталып кетеді. Бес айлығында тәй-тәй басып, жеті айлығында тілі шығады. Негізінде Балғабай ұста пәрменімен пірлер ұстаған. Ауыл-аймақтың тұтынатын заттары зауыттан шыққандай ғып соғылатын болған. Қирап-сынған, тесілген дүниелерін әкелген ауылдастарына үй алдындағы қос көрікті ұстаханасын нұсқап: «Ішіне апарып тастай сал», — дейтін көрінеді. Балғабайдың өзі үйде отырса да сәлден кейін ұстахананың ішінде көрік қызып, сарт-сұрт тірлік басталып кетеді екен. «Ата-балаға сыншы». Ұстахананы айналсоқтап шықпайтын бес жасар Нұржанға әкесі: — Бұл сенің қолың емес. Сенің жолын — дін-ислам, — деп баласын ауыл молдасына береді. Бір күні жеті шақырым жерге қатынап оқып жүрген Нұржан үйге келмей қалады. Ана жарықтық үйге бір кіріп, бір шығып, қолымен көзін күннен көлегейлеп жолға қарағыштап қамығады. Сөйтіп үш күн өтеді. Отағасына айтайын десе бата алмайды. «Жә, неғып тықыршып кеттің? Балаң жын-перілерге еріп кетті. Отыр. Өзі келеді». Көп сөйлеп көсемсімейтін, істің адамы Балғабай ұста осылай қысқа қайырды. Шынымен де, сол күні екі кештің аралығында бала үн-түсіз үйге кіріп келді. Байғұс ана құшағына алып көзін сығымдап жатыр. «Тәйт әрі, жетіге келген зіңгіттей жігітті жаман үйретпей!» Әке үні қатал шықты. — Отыр қасыма. Қайда жүрсің? — Өздері ғой жібермейді. Қашып кеттім. Бала әке жүзіне тура қарамай қырынан қарап сөйледі. Ашулы әке қайрап отырған пышағын баланың сан етіне кірш еткізіп, суырды. Бала мыңқ еткен жоқ. Бөз шалбардың пышақ тескен жерінен шып-шып қан көрінді. Балғабай бала жүзіне барлай көз тікті. Үш күннің ішінде балада бір өзгеріс бар сияқты ма, қалай? Е жыламай, е ауырсынбай тас мүсіндей мелшиіп отырған Нұржанның қасы-қабағы қалыңдап, бет ажары кесектеніп кеткендей ме? Әкесі оны бір аптадан соң Бұқараға жол тартқан кірешілерге ілестірді. — Аға-ау, қаршадай баланы ту-у-у-у жердің түбіне жібергеніңіз қалай? Жолшыбай жазым болса не істеймін? Бұқарада бұған кім еге болады? — Балам барғанша бағдаршамың болады. Сапарыңның сәттілігіне сене бер! Аймаққа аты мәлім Балғабай әулиенің қысқа да нұсқа сөзі манадан тызақтап тұрған керуенбасының үнін өшірді. Қызыл барқытпен көмкерілген үшбұрышты тұмарды әкесі тас-түйін тұрған баланың мойнына тақты. — Раббыма аманаттадым. Жолшы атаңның әруағы желеп-жебеп жүрсін! Сөйтті де, қатал әке өмірде істемегенін істеп, оң қолымен баласының маңдайынан сипады да, тез бұрылып кетті. Керуенбасы Тәшкенге талай кіре тартып, қанар-қанарлап астық пен қақпыш балық тиеп апарып өткізіп, оның пұлына тай-тай мата, көздің жауын алатындай әшекей бұйымдар, басқа да тұрмыстық тауарлар тасып дәніккен тісқаққан, пысықай саудагер, жанкешті кісі. Бес уақыт намазын қаза етпейтін тақуа адам. «Қызылқұмның» жол торыған қарақшыларының талай торуылына түсіп, кей кездері бар дүние-мүлкінен сымпиып, қарақан басы әзер құтылған кездері де болған. Сөйтсе де, қу дүниесі құрғыры кәсібін қойдырар емес. Бұл жолғы кірешілердің құрамы мол. Өзбек ағайындарға алып бара жатқандары да бағалы заттар. Сыр бойының әр ауылынан әдеттегісінше жолай суырылып-суырылып қосылып жатқан кірешілер былай шыға бере, ана шеті мен мына шеті ат шаптырымдай боп көбейді. Әрине, керуенбасына кірешілердің көп болғаны —табысының молайғаны. Бірақ, оны алаңдатып, жан-жағына жалтақтатып келе жатқан қаскөй қарақшылар қай тұстан атойлап шыға келеді деген үрей. «Қызылдың» құмына ене бере күн еңкейе кірешілер жолдан бұрылып, ойлау жерге орналасып, қону қамына кірісті. Сырдан шығарда Балғабай ұстаның табыстаған қара торы өңді тұйғындай томаға тұйық бала қара қоспақтың бұйдасын тас-түйін ұстап, жол бойы жақ ашқан жоқ. Көпшілікке да қосылмай қоржынынан наны мен шалабын алып қаужаңдап, қас қарая түйе жазысын жастанып, көнетоз кенеп шапанын жамылып жатып қалған. Түннің бір уағында керуенбасы құманын алып түзге шығып келе жатты. Жағалай қалың ұйқыда жатқан кірешілердің шығыс жағынан жылт-жылт жарықты байқағандай болды. Түн ортасында ұйықтамай от жағып, алыстан қарақшыларды шақырғандай боп отырған кім өзі, — деп ашуланып жарыққа жақындай бере состиып тұрып қалды. Балғабай ұстаның баласы жастанған түйе жазысынан сәл төмен ысырылып, шалқасынан түсіп, екі қол екі аяғы екі жақта ұйықтап жатыр. Бас жағында бір сәуле жарқырап тұр да, оның жарығы баланың бетіне ғана түсіп тұр. «Жазы үстінде бір нәрсе жанып тұр ма», — деп керуенбасы жақындап еді, әлгі жарық сәуле жоғарырақта ауада ілініп тұрғандай болды. Жарық ерекше бір сәулемен баланың бетіне ғана түсіп, жүзін нұрландырып тұр. Сөйткенше болған жоқ, қалың кірешілердің шетінде құм төбенің етегінде жатқан баланың екі жағында қарайған-қарайған бір нәрселердің сұлбасы байқалды. — Е, түйенің жүктерін жан-жағына жинап, ортасына жатқан екен ғой, — деп бұрыла бергені сол еді, әлгі қарайғандар қозғалғандай болғаны. «Бұл қай кірешілер екен, баланың қасына келіп жатқан», — деп жақындай түсті. О, Жасаған! Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан баланың оң жағында екі, сол жағында екі жолбарыс бастарын жерге салып жіберіп, құлақтарын қағып қойып жатыр. Керуенбасы: «Бисмиллаһ, Биссмилаһ», — деп таңданысы мен қорқынышы қатар кеп, кері шегінді. Енді оның көзі ілінбей, аят-дұғаларын оқып, қайта-қайта басын көтеріп, бала жаққа қарап-қарап қойып, таңды көзімен атырды. Сол күннен бастап әлгі төрт жолбарыс төртке бөлініп оқ бойы керуеннің алдында, артында, екі қапталында, межелі жерге жеткенше жүрді де отырды. Жолай жол торыған қарақшылар да, қаңғыған бәдәуи-диуаналар да кездеспей, аман-есен, Бұхараның алып күмбездері көрінгенде жолбарыстар жым-жылас болды. «Мына бала не болғанда да тегін болмады. Енді жеті жастағы мұның жат елде жағдайы қалай болады екен?», — деп келе жатқан керуенбасы Бұхараның қақпасынан шыға өздеріне қарай құйғыта шапқан ақбоз аттыны көрді. Жетегінде ер-тұрманды жайдақ ат келе жатыр. Айналасын ақ шаң ғып ақбоз атты жас жігіт кіренің алдында келе жатқан керуенбасына ат тұмсығын түйістіре тоқтады. — Ассалаумағалейкум! Әлей болсын! — Уағалалейкумуссалам!? — Іштеріңізде алыстан келе жатқан жеті жасар бала бар ма? — деп енді әлгі жігіт үзеңгіге қос табанын тіреп, ерден көтеріліп, керуен ішін көзбен сүзе бастады. — Мен мұндамын. Саңқ ете қалған дауысқа дүйім жұрт жалт қарады. Қара қоспақтың бұйдасын алдында тұрған нарға байлап қоржынын иығына ілген, басында қоңыр тақиясы, үстінде өзіне құйып қойғандай ақшыл бөз шапаны бар бала керуенбасыға жақындады. — Қызметіңіз, Алладан қайтсын! Осылай десе де ол керуенбасыға көз тігіп тура қарамай, назарын қиғаш салып тұр. Жанарлары жарқ-жұрқ етіп, тура қараса өңменіңді өтіп кеткендей ме, — деп керуенбасы тіксініп қалды. Ақбоз атты жігіт баламен көрісіп қауышты да, жетегіндегі аттың тізгінін ұстатты. Бала жирен қасқаға жеңіл ырғып мінді де, ер үстінде қаққан қазықтай боп, қос аттылы шәһар қақпасын бет алып құйғыта жөнелді. Аман СҰБХАН-БЕРДІ Дәрігер-журналист

3620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы